2 «Қазақ әдебиеті» газетіндегі тақырыптар
2.1 «Қазақ әдебиеті» газеті толғандырған тақырыптар
Қазақ публицистикасының кеңестік дәуірін байыптылықпен зерделеп, ой елегінен өткізер болсақ, мынадай нақты түйін жасауға болар еді: Рас, публицистер материалында кеңестік қоғамның кінәратты келеңсіздіктері мен көлеңкелі тұстары сыналып, оларды болдырмаудың жолдары айтылып жатты. Социалистік құрылысқа жан-тәнімен берілген жағымды кейіпкерлердің жарқын бейнелері, кей тұста олардың қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсылықтары мен күресі бой көрсетіп те отырады. Үлкен өкінішке орай, бұлар негізінен таптық, әлеуметтік тартыс шеңберінде ғана қалып қойды, қаһармандар ұлт-азаттық күрес биігінен көріне алмады. Бұған әбден дендеп алған социалистік догматизмнің ырық бермеуі заңдылық болатын. Дәл сондықтан да қазақ публицистері социалистік қоғамдық құбылыстарды ұлттық мүдде тұрғысынан таразылап, зерделеуге, ой елегінен өткізуге дәрменсіз еді. Кеңестік қоғамның арқыраған ағымы, әлемге ең кедей адамдар тұратын бай да құдіретті мемлекет ретінде танылған ұлы державаның гиганттық адымдары, бой көтерген жаңа қалалар мен завод-фабрикалар, өндірілген қазба байлықтар, көтерілген тың, бесжылдықтардың қарышты қадамдары, тағысын-тағылар публицистер еңбегінің негізгі сюжеттеріне айналды. Осылайша кеңестік отаршылдық әркеттер сыналған заман басталды.
1960-90 жылдар аралығында «Қазақ әдебиетінде» тарихи тақырып ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттар тарихына жасалған тұсау алынғаннан кейiн қазақ жазушылары елдiң тәуелсiздiгi мен бостандық идеясын тарихи материалдарға сүйене отырып, көтеруге мүмкiндiк алды. Бұл тұрғыда I.Есенберлиннiң («Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда»), Ш.Мұртазаның («Қызыл жебе»), М.Мағауиннiң («Аласапыран»), Ә.Кекiлбаевтың («Үркер», «Елең-алаң») Ә.Әлiмжановтың («Жаушы», «Ұстаздың орлауы», «Махамбеттiң жебесi»), А.Жүнiсовтiң («Ақан Серi»), С.Сматаевтың («Елiм-ай») тарихи романдары қазақ әдебиетінің қомақты табыстарына айналды. Тарихи романдар үлгiсi бүгiнгi күн тақырыбына шығарма жазушылар үшiн де мектеп болды. Б.Соқпақбаевтың, Қ.Жұмадiловтiң, З.Қабдоловтың, Тоқтаровтың, Ысқақовтың, Таразидiң, т.б. жаңа романдары дәуiр шындығының қайшылықты жақтарын кең ашып бейнелеуде, оқырманға заман мен адам туралы ой салуда едәуiр әдеби-көркемдiк жетiстiктерге ие болды. Осы жылдарда театр сахналарында Т.Ахтановтың «Әке мен бала», «Жоғалған дос», С.Әбiшевтiң «Нұрлы жаңбыр», А.Жүнiсовтiң «Ай тұтылғанда», Ә.Ысқақтың «Таңғы жаңғырық», Д.Исабековтiң «Әпке», «Мұрагерлер», М.Хасеновтiң «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтiрiк бөрiк астында», Н.Оразалиннiң «Шырақ жанған түн», Р.Сейсенбаевтың «Түнгi диалог», «Нартәуекел» пьесалары табыспен жүрдi.
1980-жылдардың соңына қарай, қазақ жазушылары бұрын айтылмай келген халық басынан кешкен аштық, қуғын-сүргiн оқиғаларын жазуға мүмкiндiк алды. Соңғы он жылдықтағы әдеби құбылыстар тақырыбы бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қозғауымен, тарихи ойымен, психологизм мен әлеуметтік iшкi өзара байланысымен, адамның iшкi жан дүниесiне, мiнезiне үңiле назар аударуымен, экологиялық урбанизация, ғылыми-техникалық жетiстiктер көкейтестi, т.б. жайларға көңiл аударуымен ерекшеленедi.
Тәуелсiздiк жылдарының рухани нәтижесi Нұрпейiсов («Соңғы парыз»), З.Қабдолов («Менiң Әуезовiм»), Ш.Мұртаза («Ай мен Айша»), М.Мағауин («Сары қазақ»), А.Жүнiсов («Аманай мен Заманай»), Ә.Нұршайықов («Жазушы мен оның достары»), Ә.Ысқақ («Ақсу туралы аңыз»), Тоқтаров («Абайдың жұмбағы»), С.Сматай («Жарылғап батыр»), С.Елубай («Тағзым»), С.Мұратбеков («Ай туар алдында»), Д.Исабеков («Ай-Петри ақиқаты»), Ә.Тарази («Қара жұлдызға сапар»), Қ.Жұмадiлов («Тағдыр»), А.Жақсыбаев («Тiрек»), Қ.Исабаев («Шоң би»), Д.Досжан («Құм кiтап»), Б.Мұқай («Өмiрзая»), Ә.Сарай («Едiл-Жайық»), О.Сәрсенбай («Шеңбер»), т.б. көрнектi жазушылардың роман, повесть, әңгiмелерiнде көрiнiс тапты. Осы туындылар да «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көру арқылы алғаш өз оқырмандарымен қауышты.
Әдеби онжылдықта қазақ әдебиетінің дәстүрлi жанры поэзияда ұлттық үн мен азаматтық әуен жоғары деңгейге көтерiлдi. Барлық уақыт қабаттарына барлау жасау, поэтикалық қиялдың ауқымдылығы, лирикикалық, баяндаушылық, публицистиктік және сыншылдық көңiл-күйдiң байлығы, суреттеу тәсiлдерi мен құралдарындағы батыл iзденiстер осы жылдар поэзиясына тән болды. Мүшайра, айтыс, әдеби-поэтикикалық байқаулар шығармашылық iзденiстердiң молаюына түрткi болды.
ХХ ғасырдың 90-жылдарында ұлттық драматургияның ең басты нысанасы болған Ә.Кекiлбаевтың «Абылай хан», Ш.Құсайыновтың «Томирис», М.Байсеркеновтың «Абылай ханның ақырғы күндерi» тарихи драмалары ендi ғана тәуелсiздiк алған елдiң егемендiгiн сақтап қалудағы қиын күрестiң тiрегiн iздеудiң ерекше түрi iспеттi болады.
Қазақ әдебиеті өзiнiң бүкiл даму барысында күрделi де қайшылықты жолдардан өттi. Бүгiнгi қазақ ұлттық әдебиетi өсiп-өркендеген көп салалы, көп жанрлы, көрнектi авторлары бар, әлемдiк әдебиет деңгейiне көтерiлдi.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ рухани мәселелер кеңінен көтеріле бастады. Қазақ тілі, оның тарихы, қайта жаңғыруы, мемлекет құрушы халықтың «Мен қазақпын» деген сана-сезімінің көтерілуі сынды ұлттық құндылықтар бірден алға қарай шықты. Тәуелсіздігіміздің нышанын тарих қойнауында кетіп, есімі елге белгісіз болып қалған батырларымыздың халық арасында қайта жаңғырып, олардың құрметіне тұрғызылған жүздеген ескерткіштерден байқасақ болады. Тіпті, сол кездері халық: «Ойбай-ау, батырларымыз көбейіп кетті ғой», – деп әзілге сала бастады. Жер-су аттарының қайта қалпына келіп, қазақшалану үрдісінің жүргенін тағы атамасқа болмайды. Бұлардың бәрі – халықтың өзін-өзі түгелдей бастауының бүтін бір көрінісі еді. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толса да, бұл құндылықтар әлі де өзекті.
Тәуелсіздік алған мемлекеттердің негізгі құндылығы – деколонизация. Яғни, бодандық, құлдық санадан арылып, ұлттық, мемлекетшілдік сана-сезімді қалыптастыру. Көрші мемлекеттер бұдан тез өтіп кетсе, өкініштісі, бұл үрдіс біздің мемлекетте әртүрлі себептермен әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сірә, Ресейге жақын, көршілес жатқандықтан, ұзақ жылдар бойы осы елге тәуелді болғандығымыздан, елімізде орыс халқының санының көптігінен шығар, қазір де тіл, ақпарат, демография жағынан тәуелділігіміз байқалады.
Айталық, Балтық жағалауы елдері, Кавказда орналасқан бұрынғы посткеңестік елдер бұл үрдісті жылдам өткерді. Біз болсақ, әлі осы құндылықтардың төңірегінде жүрміз. Сөйтіп, қазақ тілді қауым өзінше біржақты, орыстілді қазақтар өзінше біржақты дамып келеді. Бірліктің тұрақты құндылықтардың бірі екенін ұмытпайық. Кеше ұлтаралық бірлік туралы айтып жүрдік. Бүгін ұлтаралық емес, өз қазақтарымыздың арасындағы бірлікті ойлау қажет сияқты. Халық тілге, дінге бөліне бастады. Мынау бүгінгі ланкестік сипаттағы жағдайлар қазақ қоғамын алаңдатуы тиіс. Әсіресе, қазақ зиялы қауымын. Өйткені, біз бұл әрекеттердің шын мәніндегі себептерін анықтай алмай отырмыз. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін «Желтоқсан» оқиғасына қорытынды жасап, бұдан былай құқық қорғаушы мекеменің қарапайым халыққа қол көтермеуін, халық пен полиция қызметкерлері арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін арнайы насихаттық жұмыстар жүргізілген-ді. Мұның бәрі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында көтерілген құндылықтардың әлі де өз өзектілігін жоғалтпағанын көрсетсе керек.
«Қазақ әдебиеті» газеті ұзамай-ақ жазушы-публицист Бексұлтан Нұржекеев жариялылық рухына сәйкес тарихшыларымыз бен әдебиетшілеріміз атқарар биік міндеттер төңірегінде пікір өрбіткен ой-толғамдарын ортаға салды [26]. Жазушы-публицист дегеннен «Республикалық баспасөздің жай-күйіне қарағанда, біз әлі кешегімізге де, бүгінгімізге де ашық баға беруден тайсақтап, жариялылыққа әлі бел шешіп батыл кірісе алмай келеміз», – деп, батыл үн көтере келе, қалың жұртшылыққа бұрын беймәлім болып келген бірқатар жайлардың шетін шығарады. Алдымен академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Біздің Тұрар» атты мақаласындағы жайларға тоқталады. Осындай соны серпілістен кейін ұзамай-ақ тағы бір танымал публицист-жазушы Смағұл Елубаев отыз екінші жылы қазақ басынан өткен алапат қырғынға ден қойып, Ф.И.Голощекиннің қолдан жасаған аштығының кесапатын терең ашып көрсетеді.
Кезінде кеңестер одағын ғана емес, күллі әлемді дүр сілкінткен, қылышынан қан тамған Мәскеу тоталитарлық жүйе алпауыттарының кесапатымен ғасырдың ағысы сынға түскен 1986 жылғы қасіретті Желтоқсан оқиғасы да бағасын ала алмай жатты. Ұлт намысын алаулатқан бұл тарихи оқиға жөнінде алғашқы жылдары одақтық, республикалық басылымдарда түрлі көзқарастар білдірілген жарияланымдар басылып жатты. Осындай бей-берекеттік белең алған тұста халықтың адал ұлы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, КСРО халық депутаты Мұхтар Шаханов орталықтың адам төзгісіз әділетсіздігін айтып, жалындата көтерумен болды [27].
Ақын-азамат КСРО халық депуттарының бірінші съезінің мінберінен Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты берілген бағаны қайта қарау туралы Мәлімдеме жасады. Осы Мәлімдеме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Арнаулы комиссиясын тезірек құруға себеп болды. Сондай-ақ осы тұста Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Михаил Есенәлиевтің тарихқа айнала бастаған Желтоқсан дүрбелеңі туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Прездиумына депутаттық қозғау салуы да қолға алынған іске үлкен ықпал тигізгені анық еді. Осы жайлар жөнінде аталмыш Арнаулы комиссияның төрағасы, ақын Қ.Мырзалиев ашық айтып, комиссияның жан-жақты жүргізіп отырған жұмыстарына қалың бұқараны хабардар етеді [28].
Ұлт мүддесі жолында еңселерін тіп-тік ұстап, азаматтық танытқан халықтың адал ұлдарының, зиялы қауымның арқасында әділет салтанат құрып, Желтоқсан оқиғасына лайықты баға берілді. Ұлт намысы үшін бастарын қауіп-қатерге байлап, тоталитарлық биліктің қанды шеңгелінде болған қазақтың талай-талай ұл-қыздары ақталды. Желтоқсан тақырыбын «Қазақ әдебиеті» тұрақты көтеріп, халықтың көзін шындыққа жеткізді.
Ғалым-публицист, ұлттық мүдде тұрғысындағы ой-пікірлері үшін елуінші жылдардың аяғында қуғын, қысастық көрген Тұрсынбек Кәкішовтың газеттің екі нөмірінде жарияланған мақаласы [29] ерекше назар аударады. Осы материалдан кейін 1989 жылдың соңында әдебиет пен өнер мәселелерінде тоқыраушылық тежеу салдарын батыл түрде жою мақсатымен төмендегі партиялық құжаттардың күшін жою қажет деп тапты: ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстан теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хаты (10.01.1932 ж.), сондай-ақ Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» (21.01.1947), «Қазақстан Совет Жазушылар Одағының жұмысындағы үлкен қателіктер мен кемшіліктер туралы, оларды жою жөніндегі шаралар туралы» (17.08.1951), «Социалистік Қазақстан» газетінде «Көпеев – ұлтшыл, діндар ақын» деген атпен жарияланған мақала туралы» (10.12.1952), «Қазақ әдебиеті антологиясының жаңа басылымы туралы» (07.01.1953) және «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысы туралы» (01.08.1953) қаулылары.
Қайта құру және халықты демократияландыру, ұлттық сана-сезімнің өсуі жағдайында ғана қазақ журналистері мен жазушылары «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жарияланымдары арқылы ұзақ жылдар бойы ұлт зиялыларының адымын аштырмай, қуғын-сүргінге ұшыратуға басты себепші болып келген қазақ әдебиеті ұлтшылдықпен айыпталып, қаламгерлердің төбесінде «саяси соқырлықтың» найзағайын жарқылдатқан қаны сорғалаған партиялық құжаттардың күшін жоюға батыл қадам жасады.
Екіжүзділік етек жайған, тоқырауға душар болған коғамда көшбасшы саналатын партияға әділ де лайықты баға берілуі тиіс болатын. Қалың бұқара өздерін сарсаңға салып қойған партияның кім екеніне айқын көз жеткізуі керек еді. Халық алдындағы бұл парызды жазушы-публицист Оралхан Бөкеев орындады. Публицист-жазушы жалпы партиялық басшы органға бірыңғай халық шаруашылығы саласындағы мамандардың көптеп тартылып келгенін, олардың өз мамандығы шеңберінде ғана шектеліп, жан-жақты білімі таяз болғандықтан, саяси істе шорқақтық көрсеткендіктерін, бұл іске филологтар, журналистер, заңгерлер, философтар, ғалымдардың аз мөлшерде тартылып келгенін ашық айтты [30].
Республика тәуелсіздігінің табалдырығында тұрған тоқсаныншы жылдың басында қоғам өмірі дүрбелеңге тола болды. Әміршілдік-әкімшілдік жүйенің бүкіл тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын өз уысында ұстап, өзі белгілеп отырған партия ел алдындағы абырой-беделінен біржолата айырылып тынған еді. Осындай аса күрделі кезеңде «Қазақ әдебиеті» газеті партияның кадр саясаты, оның халық алдындағы беделі, коммунистер мен партия қайраткерлерінің ой-мақсаты тұрғысындағы сан алуан сауалдарға нақты жауап іздеумен болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ қоғамы бұрын-соңды болмаған күрделі жағдайды бастан кешірді. Ұзақ жыл адамзат көшінен көз жазып, азаттық, еркіндік дегеннің, иелік, қожалық дегеннің не екенін ұмыта бастаған ұрпақ ойламаған жерден империяның казармалық бұғауынан босап, бостандық әлеміне шыққанда, қайда бет аларын білмей абыржып қалғаны анық.
Осындай қиын кезеңде Президент Н.Назарбаевтың жарық көрген «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деп аталатын тұғырнамасы сол олқылықтың орнын толтыратын, өтпелі кезеңді жан-жақты сипаттаған, болашаққа бағыт-бағдар сілтейтін аса маңызды еңбек болды [31]. Осы тұғырнама тұрғысында жазушы-публицист Қабдеш Жұмаділов тереңнен ой толғап, көкейде жүрген кейбір өзекті мәселелерді ортаға салды [32].
Сол тұстағы Қазақстан туралы ой-тұжырымдарды саралай келгенде, оларды негізінен екі топқа жіктеуге болар еді. Бірінші топ – Тәуелсіз қазақ елінің келешегіне, кең байтақ қазақ жерінің байлығы мен халқымыздың бойындағы потенциялық қуатқа шексіз сенетіндер. Ал, екінші топ, керісінше, Қазақстанды, жеке Қазақстан емес, кеңестік империяның бұғауын үзген Орта Азиядағы басқа мемлекеттерді де өз алдына дербес дамуға күш-қуаты жетпейтін, болашағы бұлыңғыр, дәрменсіз халық деп бағалайтындар. Екіжүзділік, сатқындық танытып жүрген ондайларға батыл тойтарыс беріп, мәселенің мәнін қарапайым халыққа кеңінен түсіндіру тәуелсіздік талабы болатын. Бұл өзекті де күрделі міндетті еліне, жеріне, жан-жүрегімен берілген қазақ публицистері ғана атқаруға тиіс еді.
Бұл орайда публицист-әдебиетші, академик Рахманқұл Бердібайдың «Көзқамандар кімдер?» атты мақаласына [33] назар аударған жөн. «Тәуелсіз қазақ елінің көзқамандары кімдер?» деген сауалға «Бұларға Тәуелсіздік деген қасиетті сөздің киелі мағынасы түсініксіз. Қарны тоқ болса, барлық мұраты орындалғандай көрінеді, азаттық, теңдік деген сөздерді көңіл үшін айта салатын нәрсе деп біледі» деген жауап айтады.
Қазақ публицистерінің маңызды міндеттерінің бірі өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтын осындай көзқамандармен аяусыз күрес жүргізу болып табылады.
Ұлт алдындағы бұл асқақ парызды «Қазақ әдебиеті» газеті орындап келеді. Елді елең еткізіп, терең ойларға жетелеген сондай материалдардың бірі «Көзқамандар мәңгүрттерден де қауіпті» деп аталады [34]. Публицист Қуанбек Жұмаханұлы Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңның негізінде қазақ тілін қолдану аясын ұлғайту жөніндегі өзекті мәселелерді негізге ала отырып, қазіргі ел жағдайында ықпалды орындарда отырған кейбір қазақпын деген азаматтардың өз тілін, салт-санасын мансұқ етуден тайынбайтындықтарын нақтылы дәлелдермен әшкерелейді.
Қорытындылай келе, «Қазақ әдебиеті» газеті 80 жылдық тарихында әдебиет, мәдениет, өнер саласының өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, ұлттық рух, ақын мен жазушының ұлтына деген сүйіспеншілігі, тәуелсіздікке жеткізген құндылықтар, тіл, дін, бірлік мәселесін ұдайы көтеріп отырғандығының куәсі болдық.
XX ғасырдың соңында тәуелсіз қоғам, әсіресе, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, идеологиялық хал-ахуал дағдарысы, ұлттық сана-сезімдегі селкеулік қазақ публицистерінен қалам қарымын талап етті. Мұны терең түсінген, ұлт мүддесі жолында ештеңеден де тайынбайтын «Қазақ әдебиеті» газеті ел Тәуелсіздігінің алғашқы қадамдарынан бастап, өзінің ежелгі биігінде келе жатқанын айту керек. Сонымен бірге осыны терең түсінген ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын танымал публицистер, ғалымдар «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы жар салып жатты. Мысалы, «Ұлт мүддесінен ұлық ештеңе жоқ! Қазақстан Парламентінің назарына. Публицист-қаламгер Адам Мекебай, Әмірхан Меңдеке және Мейірхан Ақдәулетұлының ұсыныстары» (Қазақ әдебиеті. – 1999. – 25 маусым), профессор Ғарифолла Есім «Дертті қоғам диагнозын далбасалап қоймау керек» (Қазақ әдебиеті. – 1999. – 2 көкек), Манаш Қозыбаевтың «Ұлт намысы үшін» (Қазақ әдебиеті. – 2000. – 3 наурыз), Аманхан Әлімнің «Ұлтымыз интелигенциядан не күтеді?» (Қазақ әдебиеті. – 2000. – 18 тамыз), Аманхан Әлімнің «Патриотизм және мещандық» (Қазақ әдебиеті. – 2000. – 29 қыркүйек) т.б.
Ұлт мүддесінен сомдалған «Қазақ әдебиеті» газеті өз тарихында талай-талай қиын-қыстау кезеңдерді өткізіп, өзінің ежелгі биігінде келе жатқанын сүйіспеншілікпен айтуымыз керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекемдене түсуі жолында өз ұстанымы мен өзіндік үнін айқын танытып келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газеті қазақ публицистерінің ұстаханасына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |