КІРІСПЕ
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағының органы болған, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер газеті – «Қазақ әдебиеті» өзінің сексен жылдан астам тарихында қилы-қилы кезеңдерді бастан кешіре отырып, халықтың асыл арманын, көкейіндегі ойын терең ұғына білді, әрдайым ақиқаттың жаршысы, әділдіктің төрешісі болуға ұмтылды.
«Қазақ әдебиеті» ұлт мүддесі жолында қоғамдық сананы қалыптастыру мен дамыту жолын, ұлттық мәдениеттің жүгін өрге сүйреу мақсатын ұстанды. Республика тарихымен бірге жасасып, саяси, әлеуметтік өмірдің қайнаған ортасынан табыла білді. Газеттің арқасында ел тағдырына байланысты қыруар мәселелер шешімін тапқанын ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Осы орайда есте ұстар ең басты ақиқат сол, кешегі кеңестік дәуірде қылышынан қан сорғалаған коммунистік партияның қаһарынан ықпастан, ұлт мүддесін асқақтата көтеріп, ақ-адал сөйлеуді ең қасиетті борыш санады. Сонау елуінгі жылдардың ортасынан бастап, сексенінші жылдарға дейін басылымның бас редакторларының тұрақтамағаны сондықтан болса керек. Газет басшылығына келгендердің барлығы дерлік өздерін нағыз ұлт азаматы екендіктерін танытқан асыл жандар, көрнекті ақын-жазушылар, публицистер болатын. Ұлт басылымында әр кезеңде жалынды публицистердің үлкен шоғыры тәрбиеленді. Газет туған халқының жарқын болашағы, ұлттың асыл мұраттары жолында семсер сөздің құдіретін паш етумен келеді.
Мерзімді басылымдардағы материалдар қоғамдағы өмірдің өткені жайында құнды мағлұматтар беретін дерек көзі бола алады. Оның мәліметтері әр алуандылығымен ерекшеленеді және бұл мәліметтерді әртүрлі салалардағы мамандар пайдаланып, өзінің зерттеу объектісіне қолдана алады.
Еліміздің егемендік алуымен коммунистік идеология ықпалынан арылып, мерзімді басылымдардың гуманитарлық, демократиялық қағидалар мен жалпыазаматтық құндылықтар бағытында дамуы мәселені жаңа көзқараспен бағалауда кең мүмкіндіктерге жол ашты.
Тақырыптың өзектілігі. «Қазақ әдебиеті» - халықтың газеті. Қазақстан жазушыларының тыныс-тіршілігі мен жаңа шығармаларын таныстырумен ғана шектелмей, сан салалы өміріміздің толғағы жеткен көкейкесті мәселелерінің барлығын қамтуға тырысады. Әсіресе, қазақ халқының тар жол тайғақ кешулі тағдыры мен сан рет бұрмаланған, көрінгеннің қолжаулығына айналып жұлмаланған тарихын, құрғақ саясаттың саудасына түскен тілімізді, дінімізді, ділімізді қайта жаңғыртып, ел мен жеріміздің тұтастығын қорғайған басылымның тарихын зерттеу диплом жұмысы тақырыбының өзектілігін көрсетсе керек. Халықтар достығын мадақтай отырып, ұлтымыздың ұранын, мүддесін бірінші орынға қоятын газеттің қалыптасу тарихы мен даму жолының өзіндік ерекшеліктерін, басылым көтерген тақырыптардың маңыздылығын, ақпараттық, талдамалы жанрлардың тәсілдерін қарастыратын зерттеу жұмысын жазу барысында публицистика жанрларын зерттеушілер: Т.Қожакеев, Т.Амандосов, М.Барманқұлов, К.Қамзин, Б.Жақыптардың зерттеу еңбектері негізге алынды [1]. Сонымен бірге диплом жазу барысында ғылыми тұжырымдар жасауға көмектесті.
Достарыңызбен бөлісу: |