Г) Бақылау, өзiн-өзi бақылау және өзін-өзі бағалау әдiстерi.Тәрбие үрдісін басқарудың нәтижелі болуы - оны бақылау, өзін-өзі бақылау және өзін-өзі тәрбиелеу әдістеріне байланысты болады. Тәрбие үрдісінің тиімділігін бағалау үшін оқушылардың іс-әрекеті мен іс-қылықтарының мәдени деңгейін бағалау керек. Тәрбиенің тиімділігі дегеніміз - қойылған мақсаттың іске асырылу деңгейі.
Оқушылардың тәрбиелік көрсеткіштері - оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай негізгі іс-әрекеттерге (ойын, оқу, еңбек, қоғамдық, т.б.) қатысуы және соның нәтижелі болуы.
Оқушылардың тәрбиелік деңгейінің көрсеткіштері: олардың өз жолдастарымен, үлкендермен қарым-қатынасы, ұжымдық қарым-қатынасы. Тәрбиелік ықпалдың нәтижесінен оқушылардың өзара қарым-қатынас деңгейі мен іс-әрекеттерінің сипаты қалыптасады.
Оқушының тәрбиелік көрсеткіштеріне олардың адамгершілік, мәдени, эстетикалық, т.б. ақпарат көлемін меңгеруін жатқызуға болады. Аталған тәрбиелік көрсеткіштері оқушы санасын, әрекетін, іс-қылықтарын, қарым-қатынасының бірлігін айқындайды. Сондықтан да тәрбие әдістерін жіктеу мен бағалау шартты түрде екенін ескеру қажет.
Педагогикалық үрдісті жалпы талдауда оның жетекші жүйелерінің қызметіне назар аудару керек. Тәрбиеші іс-әрекетінің дұрыстығын, оқушымен қарым-қатынасын, мәдени деңгейін, оқушылардың өздік әрекетіне түрткі тудыруын, өз ойларын оқушылардың ашық білдіруінен көруге болады. Тәрбие үрдісінің барысын талдау, оған баға беру, тәрбие ісінің тиімділігін арттырады.
Педагогикалық бақылау әдісіне: оқушыларды бақылау; тәрбиелік деңгейін анықтау үшін әңгіме жүргізу; сауалнама (анкета, ауызша) жүргізу; қоғамдық пайдалы әрекетке талдау жүргізу; оқушылардың өзін-өзі басқару қызметін талдау; тәрбиеленушілердің мінез-құлық, іс-әрекеттерін бақылайтын ситуация тудыру жатады.
Педагогикалық бақылау - жеке тұлғаның іс-әрекет, қарым-қатынас, іс-қылықтарын тұтастай қабылдап, оның өзгеру барысын бақылау. Бақылау түрлері – тікелей және жанама бақылау, ашық және жасырын бақылау, үздіксіз және қысқа мерзімді бақылау, монографиялық және тұлғаның жеке бір қырын ғана бақылау. Жеке тұлғаның дамуын бақылауды тиімді жүргізу үшін нақты мақсат қойып, тұлғаны зерттейтін бағдарлама жасап, тәрбиелік деңгейін бағалау өлшемдерін ескеру керек. Бақылау үнемі күнделікке тіркеліп немесе бақылау картасына жазылуы тиіс.
Тәрбиеленушінің тәрбиелік деңгейін анықтау үшін әңгіме жүргізу - олардың адамгершілік қалыптары мен өлшемдері туралы ой-пікірлерінің ауқымын анықтап және түсініктерінің дұрыстығын тексереді. Сонымен бірге тәрбиеші оқушылардың пікірлерін, өзара қарым-қатынасын, бірін-бірі жақсы көріп, құрметтеуін немесе араларындағы қайшылықтарды байқап, ескереді.
Сыныпта көбінесе психологиялық сұраулар жүргізіледі. Оның мақсаты тәрбиеленушілердің өзара қарым-қатынасын, жолдастық-достық қатынасын немесе бірін-бірі ұнатпауы сияқты қатынастарды анықтауға көмектеседі. Психологиялық сұрауларды құрастырғанда белгілі ережеге сүйену керек. Ондай жағдайда жанама сұрақтар қойып, берілетін жауаптар бірін-бірі тексеріп отыруы тиіс.
Тәрбие ісін бақылау - оқушылардың тәрбиелік деңгейімен қатар, тәрбиеші мен мектептің тәрбиелік әрекетін бағалаумен шектеледі.
Мұғалімнің тәрбие жұмысын бағалауда оның қазіргі тәрбие әдістерін, формаларын, құралдарын осы заманғы талаптарға сай таңдай алуын, тәрбиеленушілерді саралап тәрбие жүргізуін, олардың түрлі іс-әрекеттеріне талдау жүргізіп, негіздеп баға беруін, мұғалімнің еңбек тәрбиесіне ықпалы мен кәсіби бағдар беруін, мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесу сипатын ескеру көзделеді.
Тәрбие жұмысының нәтижелік көрсеткіштері: оқушылар дүниетанымының негіздерінің қалыптасуы, еліміздегі және шетелдердегі оқиғаларға баға бере білуі; мораль негіздерін меңгеруі, құқықтық заңды, оқушы ережесін қадағалауы; қоғамдық белсенділік, ұжымшылдық, оқушылардың өзін-өзі басқаруына қатысуы; бас көтеріп, жаңа бастамаға мұрындық болуы; эстетикалық және дене мәдениетін меңгеруі.
Тәрбие формасы – тәрбие процесінің сырттай көрінісі; тәрбиелік жұмыстардың сырттай көрінуін қамтамасыз ететін ұйымдастыру тәсілдері мен тәрбиелік шаралардың бірлікті жиынтығы; тәрбиеленушілердің ұжымдық және жеке, дара іс-әрекеттерін жоспарлы ұйымдастыру жүйесі. Тәрбие жұмыстары формаларын түрліше топтастыру мүмкіндіктері бар. Бір форманың басқаларынан ерекшеленуі төмендегі шарттарға тәуелді:
- уақыт ұзақтығы:
қысқа мерзімді (бірнеше сағат, минут);
ұзаққа созылған (бірнеше күн, апта);
- тәрбиеленушілер қызметтерінің түрі: оқу, еңбек, спорт, көркем өнер;
- педагогтың ықпал жасау тәсілі: тікелей, жанама; - жалпы тұжырым жасау тәсілі: тікелей, жанама;
- нәтиже: ақпарат алмасу, жалпы тұжырымға келу, қоғамдық мәнді өнім;
- қатысушылар саны: жеке-дара (тәрбиеші-тәрбиеленуші), топтық (тәрбиеші-оқушылар тобы), жаппай көпшілік (тәрбиеші-бірнеше топ) формалары.