анартрия деп аталатын ең ауыр үшінші дәрежесі бұлшық еттерінің қатты зақымдануы мен сөйлеу тілі мүшелерінің мүлдем жұмыс істемейтіндігімен сипатталады. Анартрияға шалдыққан баланың бет – түрі өлі бейнеге ұқсас болады. Астыңғы иегі салбырап, аузы әрқашан ашық жүреді. Тілі ауыздың ішінде жалпағынан созылып, қимылсыз жатады. Еріндері болар – болмас қимылдап, шайнауы мен жұтуы қиындайды. Сөйлеу тілі мүлдем жоқ, кейде жекелеген бір дыбыстарға ұқсаған үн шығарады.
Ақыл – ойы жақсы жетілген анартриялық балалар да сөйлеу тілі қатты бұзылған арнайы мектептерде оқи алады, сонымен бірге арнайы логопедиялық тәсілдердің жәрдемінің арқасында жазуға дағдылануды және жалпы білім беретін мектептің оқыту бағдарламасын ойдағыдай меңгереді. Жалған сопақша ми дизартриясына шалдыққан балалардың барлығына тән қасиет сөздің құрамындағы дыбыстарды айтылуында алмастырғанымен буындардың реттік санын және екпінін сақтайды. Қағида бойынша олар екі – үш буындық сөздерді айтуды меңгереді, ал төрт буындық сөзді жалпылама үстірт қана қайталайды.
Баланың сөйлеу тілін сөздің құрамында қосарланып келген дауыссыз дыбыстардың айтылуы қиындық туғызады. Бала бұндай сөздерді айтқанда бір дауыссыз ( алтын – атын ) немесе екі дауыссыз да ( семсер – сер ) түсіп қалады. Сөйлеу тілі мүшелерінің қозғалуының қиындығынан айтылуында бір буыннан екіншісіне өткен кезде сол буынға ұйқастырып буынның тұлғасын өзгертіп айтатын жағдайлар да кездеседі.