Саяси жүйе келесі жүйешелерден құралады: институционалдық, нормативтік және коммуникативтік



Дата15.04.2022
өлшемі19.66 Kb.
#225202
Байланысты:
Политология 23.02
Тест сұрақтары, Волейбол добының салмағы, РГР 1

Саясаттанудың аса маңызды категорияларының бірі саяси жүйе болып табылады. «Саяси жүйе» термині ғылыми айналымға ХХ ғасырдың 50-жылдарында американдық әлеуметтанушы Т. Парсонстың қоғамды жүйелік талдау теориясының арқасында енгізілді. Т. Парсонс қоғамда өзінің атқаратын қызметтеріне қарай бір бірінен ажыратылатын экономикалық, саяси және рухани жүйелерді бөліп көрсетті. Ал американ саясаттанушысы Д. Истон болса алғаш рет саяси жүйе теориясына бүге-шігесіне дейін талдау жасады. Оның еңбектерінде саяси жүйе өзін-өзі реттейтін, өздігінен дамитын, сырттан келетін дабылдарды сезініп қана қоймай оған жауап қайтара алатын тұтас ағза ретінде көрінеді.

Саяси жүйе бірімен бірі өзара тығыз байланысқан, біріндегі өзгеріс екіншісіне ықпал ететін бірыңғай тұтастық құрайтын көптеген элементтерден тұрады. Сонымен қатар саяси жүйенің оны басқа ортадан бөліп тұратын белгілі шекарасы бар. Сыртқы ортамен қарым-қатынас кері байланыс «кіріс» және «шығыс» принциптері бойынша жүзеге асады. «Кіріс» дегеніміз саяси жүйеге талап қою және қолдау (саясатты қолдау, саясатқа қатысу) немесе қарсылық білдіру (күрес, қолдамаушылық). «Шығыс» - бұл саяси шешімдердің қабылдануы мен саяси іс-қимылдардың орындалуы. Яғни, саяси жүйе «кіріс» жолы арқылы ақпарат, талаптарды алады, оны шешім қабылдау үшін «өңдейді» және соған сәйкес шараларды ұйымдастырады. Саяси жүйенің басты мақсаты – ортаның өзгермелі талаптарына бейімделу, әрі оған белсенді ықпал ету жолымен өзін-өзі сақтау.

Осылайша саяси жүйе – қоғамның көп бөлігін байланыстыратын және биліктің қалыптасу, жұмыс жасау механизмін қамтамасыз ететін күрделі де көпқырлы құрылым.

Саяси жүйе келесі жүйешелерден құралады: институционалдық, нормативтік және коммуникативтік.

Институционалдық жүйеше – қоғамның саяси құрылымын, саяси биліктің қызметін қамтамасыз ететін саяси және саяси емес органдардың, ұйымдар мен мекемелердің жиынтығын білдіреді. Саяси жүйенің негізгі институты – ашық, егемендігі бар мемлекет. Осыған байланысты мемлекет өз аумағының ішінде және оның ішінде саяси жүйенің басқа элементтеріне қатысты алғанда жоғары билікке ие. Мемлекеттен басқа саяси құрылымның элементтеріне саяси партиялар, қоғамдық және қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстар, түрлі қысым көрсетуші топтар (лобби топтар) кіреді. Саяси жүйенің маңызды институтына қазіргі кездегі мемлекеттерде қоғамдағы «төртінші билік» деп жиі аталып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары (теледидар, радио, баспасөз, интернет) да кіреді. Дәл осы БАҚ саяси ақпаратты жасайды, таратады, қоғамдық пікір және билік туралы түсінік қалыптастырады, сөйтіп, билік пен халық арасында делдалдық қызмет атқарады.

Кейбір елдерде егер биліктің қызмет етуіне ықпал жасайтын болса шіркеу де саяси жүйенің элементі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Нормативтік жүйешеге қоғамның саяси өмірін айқындайтын әрі реттейтін саяси және құқықтық ережелер мен дәстүрлер жиынтығы кіреді. Нормативті жүйешенің негізгі элементтері мыналар: құқықтық ережелер (конституция, заңдар, нормативтік актілер), қоғамдық ұйымдардың қызмет ережелері, тап осы қоғамда қабылданған жазылмаған әдет-ғұрыптар, дәстүрлер және моральдық-этикалық ережелер.

Жоғарыда айтылғандай, жүйе элементтердің жиынтығын ғана емес, олардың арасындағы тұрақты өзара байланыс пен өзара тәуелділікті де белгілейді. Бұл міндетті индивидтер, таптар, ұлттар, әлеуметтік топтар мен жіктер орындайды. Ал олардың саяси билікті дамыту мен жүзеге асыруға қатысуын өзара іс-қимыл нысандары мен қатынастар жиынтығы болып табылатын саяси жүйенің коммуникативті жүйешесі қамтамасыз етеді. Коммуникативтік жүйешенің қызметі бір жағынан өмір сүріп тұрған саяси құрылысты қорғау мен нығайтуға бағытталса, ал екінші жағынан оған қарсы - оппозициялық жақтың, болмаса сол саяси құрылысты батыл (радикалды) өзгертуге бағытталған іс-әрекеттерді болжайтын саяси қатынастарды қамтиды.

Саяси өмір күрделі және әр алуан. Солай болғандықтан, саяси жүйе бірнеше міндеттерді жүзеге асырады:


  • саяси әлеуметтену (азаматтарды саяси қызметке тарту процесін білдіреді);

  • мүдделерді біріктіру, яғни талап-тілектерді жинақтау әрі қорыту және оларды бір саяси көзқарасқа, бағдарламаға айналдыру. Бұл міндетті саяси партиялар, қоғамдық-саяси ұйымдар мен қозғалыстар атқарады. Олар өздерінің саяси платформалары мен бағдарламаларын жұртшылыққа таныстырады, мәлімдеме жасайды;

  • мүдделердің әрекеті, басқаша айтқанда саяси шешімдерді әзірлеушілерге талаптар қою. Бұл талаптар жеке адамдармен қатар топтар арқылы да ұсынылуы мүмкін.

Саяси жүйенің негізгі қызметтерінің бірі – қоғамды интеграциялау, оның құрылымының түрлі компоненттерінің өзара әрекеттестігін және бірлігін қамтамасыз ету. Бұл міндеттің жүзеге асырылуы саяси жүйенің қоғамда орын алған қарама-қайшылықтарды басу, алып тастау, шиеленіс ошақтарын сөндіру, таратпау, тоқтату қабілетінің бар болуына байланысты болады.

Саяси жүйе қызметінің тиімділігі көбінесе келесі факторларға байланысты: 1) іс-әрекет стратегиясын айқындауға және шешім қабылдауға әсер етуші ақпараттардың толықтығы және сапасы; 2) ішкі ортаның ықпал жасауына жүйенің жауап беру жылдамдығы; 3) жүйенің келіспеушілікпен қатар әрекет

алу қабілеттілігі. Қоғамдағы келіспеушілікті, шиеленісті басып-жаныштау – бұл саяси жүйенің әлсіздігін, тұрақсыздығын, солқылдақтығын көрсетеді, сонымен қатар әлеуметтік тепе-теңдік пен азаматтық әлемді қолдау механизмдерінің дамымағандығын дәлелдейді.

Саяси жүйенің қалыпты қызмет жасауы үшін оның құраушы элементтерінің арасында өзара берік байланыс, оңтайлы үйлесімділік болуы қажет. Егер мұндай өзара ықпалдылық пен тәртіп жоқ болса, онда бұл қоғамды құлдырауға дейін апарады, адамдардың қауіпсіздігіне қатер төнеді. Нәтижесінде мемлекет азаматтардың қолдауы мен сенімінен айырылады, олар мұндай саяси жүйеден бас тартып оған баламалы басқа жүйе іздейді.

Саяси жүйенің тұрақты қызмет етуі үшін саяси қауымдастық мүшелерінің көпшілігінің құптауымен қабылданған жалпы құндылықтардың, саяси рәміздердің, дәстүрлер мен саяси сенімдердің болуы шарт. Егер жалпы саяси құндылықтар болмаса, онда қауымдастық пайда бола алмайды, ал егер олар жоғалатын болса, онда өмір сүріп тұрған қоғам құлайды. Айта кеткен дұрыс, дәл осы себептер қоғамдағы ішкі жанжалдарды түсіндіруге жиі мүмкіндік береді. Кеңестік тоталитарлық саяси жүйенің негізі адамдарды бірыңғай саяси, идеологиялық және адамгершілік құндылықтармен байланыстырған маркстік-лениндік идеология болды. Қайта құру нәтижесінде саяси плюрализм курсының жариялануы өмір сүріп тұрған құндылықтар жүйесін үзді және ескінің қиратылып, орнына жаңа құндылықтардың әлі қалыптасып үлгермеуі адамдарды бағытынан адасуға, дағдарысқа әкелді. Ақыр аяғында кеңестік саяси жүйенің құлауы мен қоғамның тұтас ыдырауына себеп болды.

Саяси жүйе өзінің бағалау өлшемдерінің әр алуандығымен ерекшеленеді. Мысалы, формация түрі, өндіріс тәсілі және әлеуметтік-экономикалық құрылым сипаты сияқты өлшемдерге сүйене отырып құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік саяси жүйелер ажыратылады.

Саяси режим бойынша саяси жүйені демократиялық, тоталитарлық және авторитарлық деп бөлу кеңінен таралған. Демократиялық саяси жүйенің сипаттамалары сайланбалы (өкілетті) билік органының болуы, биліктің бөлінуі және заңды көппартиялық болып табылады. Тоталитарлық саяси жүйе үшін іс жүзінде мемлекетпен ұласып, бірігіп кеткен және саяси жүйенің барлық қалған элементтерін өзіне бағындыратын басқарушы партияның үстемдігі тән. Авторитарлық саяси жүйе тұрақты және қарқынды дамуды қалпына келтіру үшін ел басшысының сенімі мен қолдауына ие болған барлық күштердің төңірегіне топтасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақсыздық жағдайында қалыптасады.

Саяси жүйе дәстүрлі және модернизацияланған деп те жіктеледі. Дәстүрлі жүйеге азаматтық қоғамның дамымауы, саяси рөлдер саралануының әлсіздігі, биліктің харизматикалық тәсіліне сүйену тән. Ал жаңғыртылған қазіргі заманғы саяси жүйелерде дамыған азаматтық қоғам, биліктің рационалды тәсілі бар болады.

Әсіресе, американдық саясаттанушы Г. Алмонд ұсынған саяси жүйелердің жіктелуі аса қызығушылық туғызады. Саяси мәдениет ерекшеліктерін негізге ала отырып Г. Алмонд саяси жүйені англо-американдық, континентальды-европалық, индустрияға дейінгі және тоталитарлық деп төрт түрге бөледі.

Англо-американдық жүйе (АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия) либерализм талаптарына неғұрлым жақын, сәйкес болады, онда жеке адамның бостандығы, қауіпсіздігі мен жақсы тұрмыс жағдайы барынша толық қамтамасыз етіледі. Бұл жүйе биліктің бөліну принципіне сүйенеді, тұрақтылығымен, орнықтылығымен сипатталады.

Европалық-континентальдық түрдегі саяси жүйе (Франция, Италия, Германия) бұрынғы көне дәстүрлерінің сақталуымен, жаңа мәдениетке ескі мәдениеттің элементтерінің араласуымен сипатталады. Әйтсе де, мұның барлығы заңнан аттамайды, либералдық құндылықтарға сүйенеді, атап айтқанда, жеке тұлғаның еркіндігін, оның құқығы мен бостандығын сақтауды көздейді. Мұндай жүйеде қоғамға маңызды ықпал ете алатын көптеген саяси партиялар жұмыс жасайды.

Ал индустрияға дейінгі және жартылай индустриялық саясижүйе батыстық құндылықтар мен этникалық, діни дәстүрлердің қосылуынан тұратын аралас саяси мәдениеттің болуымен сипатталады. Оның айрықша ерекшелігі жеке авторитаризм, бірпартиялық билік, армия мен бюрократиялық аппараттың елеулі ықпалы болып табылады. Мұндай саяси жүйе Азия мен Африканың және Латын Америкасының көптеген елдерінде орныққан.

Тоталитарлық (немесе идеологиялық) саяси жүйе қоғам мен азаматтардың өмірі сол немесе басқа жоғары идеяларға бағындырылады. Билік басындағы партия мемлекеттің саяси жүйесін құраушы барлық бөліктерін бақылауда ұстайды. Бұл жүйеге шектен тыс орталықтандыру, күш қолдану және жоғары деңгейдегі зорлық-зомбылық тән.

Ортамен өзара байланыстылығына қарай саяси жүйені ашық және жабық деп те бөлуге болады. Ашық жүйе деп сыртқы ортамен кеңінен өзара байланысқан динамикалық құрылым аталса, ал жабық жүйеге – ортамен байланысы аз, қатаң шектелген, өзімен өзі томаға тұйық өмір сүретін саяси құрылым жатады.

Тұрақтылық дәрежесіне қарай қалыптасқан тәртіпті қолдайтын және сақтайтын консервативті саяси жүйе және реформа жүргізуге бейімділігі әрі қарқындылығымен ерекшеленетін өзгермелі саяси жүйе болып бөлінеді. Өзгермелі саяси жүйенің түріне Қазақстан Республикасының саяси жүйесін жатқызуға болады.

Қазақстандағы демократияландыру КСРО-да 80-жылдардың екінші жартысынан басталды, дегенмен саяси жүйені реформалау түпкілікті тек 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Заңның қабылдануымен байланысты жүзеге асты. Бұл процестің негізгі кезеңдері мыналар: саяси партиялардың, қоғамдық-саяси қозғалыстардың пайда болуы мен дамуы, 1993-1995 жылдардағы Конституцияның қабылдануы, сайлау туралы заңның қабылдануы, бүкілхалықтық Президент және Парламент сайлаулары. Қазақстан Республикасының саяси жүйесін демократияландырудың маңызды кезеңі саяси партиялардың биліктің іске асырылуына қатысу мүмкіндігін кеңейткен Қазақстан Республикасының Конституциясына 1998 жылғы 7 қазанда және 2007 жылғы 21 мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтырулар болды.



Аталған оқиғалардың барлығы Қазақстан Республикасында демократиялық түрдегі жаңа, сапалы саяси жүйенің қалыптасуына септігін тигізді. Ол институционалдық түрде рәсімделген және мемлекетті, саяси партияларды, қоғамдық ұйымдарды, қоғамдық-саяси қозғалыстарды, бұқаралық ақпарат құралдарын қамтиды. Қазақстан Республикасының саяси жүйесі институттарының қызметі мен өзара іс-қимылы ҚР Конституциясы, сондай-ақ партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттің саяси өміріне қатысуын реттейтін заңдар негізінде жүзеге асырылады. ҚР саяси жүйесінің ерекшелігі – саяси қызметке тіркелген және қатысатын барлық саяси партиялардың ішінен халықтың абсолютті қолдауына ие болуына байланысты «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы басым партия болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының саяси жүйесін рәсімдеу процесі толығымен аяқталды деп айтуға болмайды. Қазақстандағы демократияға бет түзеген саяси жүйенің өзгерісі саяси партиялардың, қоғамдық-саяси қозғалыстардың одан әрі дамуын, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамытуды қажет етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
Сабақ жоспары
бағдарламасына сәйкес
бағалауға арналған
Реферат тақырыбы
жиынтық бағалауға
Қазақстан республикасы
рсетілетін қызмет
арналған тапсырмалар
сәйкес оқыту
Жалпы ережелер
білім беретін
бағалау тапсырмалары
бекіту туралы
республикасы білім
оқыту мақсаттары
жиынтық бағалаудың
қызмет стандарты
тоқсанға арналған
Қазақстан республикасының
мерзімді жоспар
Қазақстан тарихы
арналған жиынтық
болып табылады
бағалаудың тапсырмалары
арналған әдістемелік
жалпы білім
Әдістемелік кешені
нтізбелік тақырыптық
Қазақ әдебиеті
пәнінен тоқсанға
Мектепке дейінгі
Зертханалық жұмыс
республикасының білім
оқыту әдістемесі
Инклюзивті білім
туралы хабарландыру
білім берудің
Жұмыс бағдарламасы
туралы жалпы
қазақ тілінде
Қысқа мерзімді
тақырыптық жоспар
пайда болуы
пәнінен тоқсан