Әлеуметтік перцепция құрылымы – адамның сыртқы келбетін қабылдау арқылы оның тұлғалық психологиялық ерекшеліктерін бағалау, талдау және оған орай өз эмоциялық қатынасын анықтау, соның негізінде бақыланушының іс-әрекетін болжау. Назар алатын жәйт: сыртқы бейнесіне қарап біз бақыланушының ішкі дүниесін «оқып», түсінгендей боламыз, оған байланысты өзіміздің сезімдеріміз арқылы іс-әрекетімізді анықтаймыз. Жалпы айтқанда, әлеуметтік перцепция барысында өзгеге эмоциялық баға беріледі, оның әрекеттерінің себептерін түсінуге тырысымыз, тәртібін алдын-ала жоспарлаймыз, өз тәртібіміздің бағытын белгілейміз. Мысалы, кімге сынақты қалай тапсыруға болатынын, кімге пара беруге болатыны, кімге дауыс көтеруге болатынын алдын-ала сеземіз.
Әлеуметтік перцепцияның қызметтері:
өз-өзін тану;
ортақтасу серігін тану;
түсінісу негізінде өзара іс-әрекет ұйымдастыру;
эмоциялық қатынас орнату.
Әлеуметтік перцепцияның барысын зерттегенде екі аспекті көзге түседі. Бірінші перцепцияның барысын субъектісінің психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерімен байланысты болса, екінші тұлғааралық бейнелеу механизмін талдаумен байланысты
Адамдар бірін-бірі қабылдағанда, бағалағанда олардың жасына, жынысына, ұлтына, мамандығына, жеке мінездемесіне орай өзгешеліктер байқалады. Мысалы, жасына қарай. Балалар алдымен адамның бет қимылдарына қарап бағалайды. Ересектермен салыстырғанда, балалар көбінесе сыртқы белгілерге (киім, көзәйнек, шаш) бейімделген. Әлеуметтік статусына орай назарға алынатын жайттар: мұғалім мен шәкірттер бір-бірінің әртүрлі қасиеттеріне мән береді. Ұстаздар, ең алдымен, оқушының тәртібіне көңіл аударса, студенттер мен шәкірттер олардың әділдігін, білімдарлығын бағалайды.
Қабылдаудың субъектісінің ішкі психологиялық және әлеуметтік ұстанымдары басқа адамды қабылдау барысында, әсіресе, бейтаныс адам туралы алғашқы әсер қалыптасқанда, өзіне тән белгілі әлеуметтік перцепцияның схемасына орнықтырады. Мысалы, бай адам үшін 100 теңге аз болса, кедей үшін ол маңызды ақша болады. Аласа бойлы бастықты адамдар биік бойлы деп санаса, дәл сондай бойлы қатардағы қызметкерді қысқа бойлыларға жатқызады.
Қарым-қатынас психологиясы қабылдау объектісінің де психологиялық қасиеттерін зерттейді. Бақыланушының қай жақтары ортақтасу серігі үшін аса маңызды? Бақыланушының қандай жақтары бақылаушы үшін көп ақпарат береді? Ортақтасу серігін бағалағанда, адамдар ең алдымен неге назар аударады? «Анасына қарап қызын ал» мақалы әлеуметтік перцепцияның бір көрінісі. Анасының психологиялық қасиеттерін қызына да тән деп санаймыз, ал шындығында, олай бола бермейді.
Бақыланушының маңызды жақтарына мимикасы (бет қимылы), сезімдерін айқындайтын қол қимылы (киім, шашы), дауысы мен сөзінің өзгешеліктері жатады. Осының бәрі ортақтасудың бейсөз тәсілдеріне жатады.
Бейсөз тәсілдері ұлттық және ұлтаралық сипатта болуы мүмкін. Мысалы, басын не шашын сипалап тұру – сенімсіздікті, дайын еместікті білдіреді. Саусақтардың ұштарын қосу – ұялу, бағыну белгілері.
Белгілі ұлттық-мәдени ортада өскен бала әртүрлі сезімдерді айқындайтын (экспрессиялық) тәсілдерді бойына сіңіреді.
Қарым-қатынас барысында өзін-өзі, өзгені білу және тану механизмдеріне идентификация, эмпатия, аттракция, рефлексия жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |