Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)


Білім, іскерлікті өзектендіру (актуализация)



бет16/19
Дата16.01.2017
өлшемі1.58 Mb.
#274
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

Білім, іскерлікті өзектендіру (актуализация)

Тапсырманы орындауға ғана қажетті ереже, заңдарды және білікті жаңғыртып,еске түсіруді актуализация дейді. Білімнің мазмұндық және амалдық (операциялық) тұрғыда өзектендіру мақсатында мұғалім әр түрлі тәсілдер қолданылады. Мысалы, белгілі бір ережеге сәйкес бірнеше сөзді бір жолға жазуды ұсынады: тарағың, көйлегі, қорабымыз.



Мұғалім: Әрі қарай тағы қандай сөздер жазуға болады деп ойлайсыңдар?

Сәуле: Лағы, өрнегің, кітабым.



Мұғалім: Марат, Сәуленің сөздер қатарын неге бұлай жалғастырғанын дәлелдеші.

Оқушы: Сіз жазған сөздердің барлығы бір ережеге бағынады. Қатаң қ, к, п дыбыстарына аяқталған сөздерге дауысты дыбыстан басталған қосымшаның жалғану емлесі. Сәуленің жазған сөздері осы ережеге сәйкес келеді. Жұмыс осылай әрбір пән негізінде жалғасады.

Мұғалім: (тексеруден кейін). Сендердің тапсырманы дұрыс орындауларыңа қандай білімнің ықпалы тиді ..............................

Мұғалім: Сонымен бұл тапсырманы дұрыс орындау үшін бізге өткен ережелерді еске түсіру қажет болды. Қажетті заңдар, ережелерді анықтағаннан кейін ғана, сендер тапсырманы дұрыс орындадыңдар. Оқу және еңбек міндеттерін орындау барысында бізге қажетті өткен материалды еске түсіру керек.
Еңбек сабағынан үзінді:

Еңбекке баулу сабағында сағат моделін жасау аяқталып қалған кезде мұғалім оқушыларға сағат көрсеткіші сандардың бойымен қозғалып тұратындай бекіткіш ойлап табуға тапсырма берді. Оқушылар бекіткіш туралы өткен материалды еске түсіре отырып, тапсырманы қиналмай орындады.

Мұғалім берілген тапсырманы орындауда бұрынғы білім, біліктіліктің (іскерліктің) қаншалықты көмегі болғаны туралы қорытынды жасап өтті.

Сонымен қатар мұғалім оқушыларға белгілі білімдерінің жеткіліксіздігі байқалатын педагогикалық ситуация қолданады. Бұл жағдайда білімді өзектендіру үшін жаңа ережелер, жеке пәндер бойынша естеліктер ұсынуға болады. Мысалы, сөзді құрамына қарай талдауға үйрету үшін әрекеттің төмендегідей ретін ұсынады:



  1. Сөзді оқып, түбірін тап, түбірлес сөздерді тауып, оны тексер.

  2. Қосымшаны немесе қосымшаларды ажырат.

  3. Әр қосымшаның өзіндік ерекшелігіне зейін аудар.

Болса, жұрнақты тап, жалғауларды түріне қарай ажырат.

Iс-әрекетті жоспарлау іскерлігін қалыптастыру

Жоғарыда баяндалған кезеңдердің нәтижесі төртінші кезеңге, яғни оқу мен еңбек міндетін орындау жоспарын құру, жоспарлау кезеңіне өтуге мүмкіндік береді. Жоспарлау біліктілігін қалыптастыру мақсатында әр түрлі тәсілдер қолданылады.


Ана тілі сабағынан үзінді:

Мұғалім: Балалар жазушысы Р.Бошнектің ”Жақсылардың жақсысы” ертегісіне жоспар құру керек. Оқу міндетін атаңдар.

Оқушылар: Ертегі бойынша жоспар құруға үйрену.

Мұғалім: Дұрыс, ертегінің шарты мен талабың (сұрағын) атаңдар.

Оқушылар: Шарты - ертегі мәтіні, талабы -жоспар құру.

Мұғалім: Дайын, жоспар құру үлгісін ұсынады:

  1. Ертегіні оқып шығу.

  2. Ертегіні бөліктерге бөлу.

  3. Бірінші бөлімді оқып, ондағы ең басты мәселені бөліп алу.

  4. Оған ат қою.

  5. Осындай жұмысты басқа да бөлімдермен де жалғастыру.

  6. Өзінді тексеру.

Мұғалім оқушылардың назарын осы әрекет тәсілдерін осыған ұқсас оқу міндеттерін орындау үшін қолдануға болатынына аударады. Одан соң оқушыларға мұғалімнің басшылығымен таныс емес материал негізінде жоспарлауға ауысуға болады.

Мысалы, қазақ тілі сабағында 256-жаттығудың оқу міндетін мұғалім ”тәуелдік жалғаулы сөздің жағын ажыратуға үйрену және сөзді талдау іскерліктерін жетілдіру” деп белгілейді де, әрекет тәсілін дайын күйінде береді.



  1. Зат есімді табу.

  2. Төуелдік жалғауын еске түсіру.

  3. Күмән туған жағдайда тәуелді жалғаулы сөздің алдына ойша менің, сенің, оның (көпше түрін) есімдіктерінің бірін қойып, байланыстырып көру.

Сөздерге дыбыстық-әріптік талдау жасау жоспары:



  1. Сөзді буынға ажырату.

  2. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды табу.

  3. Олардың түрлерін еске түсіріп, әр дыбыс туралы толық мағлұмат беру.

  4. Сөзде қанша дыбыс және әріп бар екенін анықтау.


Еңбекке баулу сабағынан үзінді:

Сабақтың тақырыбы: Жұқа кітапшаларды түптеу.

(Мұғалім сабақтың тақырыбын хабарлап, оны тақтаға жазған соң, жұқа кітапшалардың түптелген үлгісін көрсетеді).

Кіріспе әңгімеден соң мұғалім оқушылармен бірлесе отырып, бүкіл әрекеттің барысын жоспарлауға кіріседі. Кітапшаны түптеуге дайындау жоспарын түсіндіріп, тақтаға жазып отырады.

Бірінші тәсіл:

а) сыртқы мұқабаны өлшеп, дайындау;

ә) бізбен 4 тесік тесу;

б) кітапшаның мұқабасын жіппен тігу.

Екінші тәсіл.

а) сыртқы мұқабаны өлшеп, дайындау;

ә) жұқа дәке қиып алып, оған жіппен кітапшаны бекіту,

б) кітапшаны мен мұқабаны желіммен байланыстыру (бекіту).

в) форзацты жапсыр.

Бүгін кітапшаны бірінші тәсілмен түптеуге үйренеміз деп оқу міндеті белгіленеді. Оқушылар еңбекке баулу сабағының негізгі ерекшелігін, яғни олардың әрекетінің мақсаты сол әрекеттің тәсілдерін меңгеруге бағытталатынын,нәтижесінде материалдық бұйым шығатынын байқайды. Қазақ тілі, Ана тілі сабақтарында да әрекет тәсілдерін меңгереді, бірақ олардың сипаты өзгеше болады. Солардың көмегімен тапсырма немесе жаттығуды орындай отырып, оқушылар кез келген міндетті шешуге дайындалады, себебі жоспарлау - барлық әрекетке тән нәрсе.

”Талдау - мақсат-өзектендіру-жоспарлау-нәтиже” тәуелді байланыстарын көрсетуді мақсат, яғни белгісіз айқын беріліп, мақсат пен әрекет жоспарын таңдаудың бір-біріне тәуелділігі көрнекті түрде байқалатын есептерді шешуден бастаған дұрыс деп есептейміз.

Осы мақсатта оқушыларға шарты бірдей, бірақ мақсаты яғни белгісізі әр түрлі үш есептің шешуін қарастыру ұсынылды.

Математика: Тақырыбы ”Көп таңбалы сандарды қосу және азайту”

”Станциядан темір жол арқылы 4900т. жүк тасылуы керек. Бірінші күні 1800т. жүк жіберілді, бұл екінші күні жіберілген жүктен 2 есе көп еді”. Мақсат - белгісіз (сұрақ) . Екінші күні қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). Мақсат - белгісіз (сұрақ). Екі күнде қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). 1800+900=2700(т). Мақсат - белгісіз (сұрақ). Үшінші күні қанша тонна жүк жіберілген 1800:2=900(т). 4900-2700=2200(т). Жауабы: 2-күні 900т. жүк жіберілген. Жауабы: 2 күнде 2700 жүк жіберілген. Жауабы: 3-күні 2200 т. жүк жіберілген. Бұл есептер арқылы мұғалім әрекет мақсаты, оны орындау барысына және жұмыстың нәтижелі болуына қаншалықты әсер ететініне оқушылардың көзін жеткізді. Сонымен бірге есептің белгісізін (сұрақты) түсіну мақсатты қабылдап, шартты талдау бағытын, берілген мақсат нәтижесіне жету жолдарын анықтайды. Оқушылар есептің белгілі, белгісізіне талдау жасап, әр белгісізге сәйкес әрекет жасалады. Оқушылар әр бағандағы есептің шешімінің дұрыс екенін, белгілі, белгісізге байланысты олардың орындалу ерекшелігін салыстыра отырып, төмендегідей қорытынды жасады.

”Есептің белгілі, белгісізін және шешілу тәртібін салыстыр. Бұл есептердегі бірдей және өзгеше белгілерді тап”

Белгілісі...........................

Белгісізі...........................

Орындалу тәртібі............

Бұл жазба оқушыларға есептегі ортақ (белгілісі) және өзгеше (мақсат-белгісіз, шешімінің орындалу тәртібі) белгілерді бірден көруге мүмкіндік берді. Олар есептің шешімі белгілінің мазмұнына ғана емес, белгісіздің қалай қойылғанына да байланысты екенін байқады. Оқушылардың шығарған қорытындысы төмендегідей болды: ”Шарттары бірдей есептердің шешімдерінің әр түрлі болу себебі бұл есептерде әр түрлі мақсат - белгісіз қойылған, сондықтан жұмыс әрекетінің жоспарын әр қайсысына сәйкес дұрыс таңдай білу керек” Бұдан соң оқушыларға бір мазмұнды есепті шешудің дұрыс жоспарын анықтауға тапсырма берілді:

Есепті және шешудің варианттарын оқы:

1) Жолаушы пойызында 10 вагон бар. 6 вагонда 40 жолаушыдан, қалған вагондарда 30 жолаушыдан орналасқан. Пойызда барлығы қанша жолаушы бар? ”А” деген оқушының есепті шешу жоспары: 6 вагонда неше жолаушы келе жатқанын анықтау.

2) Пойыздағы қалған вагондардың санын табу.

3) Барлық жолаушылар санын анықтау. ”Б” деген оқушының есепті шешу жоспары:

3.1) 6 вагондағы жолаушылар санын анықтау.

3.2) Пойыздағы 30 жолаушымен келе жатқан вагондар санын

анықтау.

3.3) Қалған вагондардағы жолаушылар санын анықтау. ”С” де

ген оқушының есепті шешу жоспары:

3.3.1) Қалған вагондарды табу.

3.3.2) 6 вагондағы жолаушылар санын табу.

3.3.3) 6 вагондағы жолаушылар санының қаншаға артық екенін табу.

3.3.4) Қалған вагондардағы жолаушылар саның табу.

3.3.5) Пойыздағы барлық жолаушының санын табу.

Оқушыларға шартты А,Б,С деп алынған оқушылардың бір есепті шешуге құрған жоспарларымен танысып, төмендегі сұрақтар бойынша талдау жасау ұсынылады.

- Есепті мұқият оқы. Есепте мақсат-белгісіз біреу ме?

- Мұндай жағдайда шешімінің әр түрлі болуы мүмкін бе?

- Есепті шешудің жоспарларын оқы. Олардағы бірдей және өзгешелігін ата.

- Қай оқушының жоспары мақсатқа жеткізеді. Неге?

Басқа пәндер бойынша да осындай тапсырмалар беріледі. Содан кейін оқушылардың алдына өздерінің сабақтан тыс әрекетін жоспарлау міндеті қойылды. Демалыс күнін өткізу, бөлмені жинау жоспарларын құруға тапсырма берілді. Өзінің әр түрлі мазмұндағы жоспарлау әрекетін салыстырып байқау ұсынылды: ”Әңгіменің мазмұнын айту, демалысты өткізу, еңбекке баулу сабағына жұмыс орныңды дайындау жоспарларын құрғанда не істегеніңді салыстыр, бұл жоспарлардағы сәйкестілікті жаз”. Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде оқушылар барлық жоспарлардың құрамына міндетті түрде мақсатты анықтау, соған сәйкес әрекетті және оның орындалу ретін таңдау әлементтері енетінін түсінді. Сабақтарда ұжымдық, топтық және жеке жасалған жоспарларға есепті шешу құрылымының барлық операцияларын қамту тұрғысынан талдау жасалды. Талдау барысында оқушылардың жоспарлау үшін мақсатты қаншалықты дәл қоя алатыны, жоспарға қандай әрекеттерді енгізгені, олардың қойылған мақсатқа сәйкестігі, жоспарда барлық қажетті әрекеттің қамтылуы, артық әрекеттің болмауы, операциялық әрекет жүйесінің дұрыс анықталуы есепке алынды. Бұдан кейін оқушыларға теңсіздіктерді шешу, геометриялық фигураның ауданын анықтау, екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейту, зат есімнің септік жалғауларын меңгеру, мәтін мазмұнын айтуға жоспар құру, еңбек сабағында конверт және басқа бұйымдар дайындау жоспарын жасау т.б. тақырыптарға әр түрлі пәндерден өздері құрған жоспарлар арасынан дұрыс жоспарды табуға тапсырма беруге болады.

Осындай сабақтардан бір мысал келтірейік.

Тақырыбы: Зат есімнің тәуелденуі.

Мұғалім: Біз жұмысты неден бастайтын едік?

Оқушы: Міндетті түрде мақсатты (сабақтағы әрекет нәтижесінде неге үйренетінімізді) анықтау керек.

Мұғалім: Сабақтың тақырыбын хабарлап, тақтаға жазғаннан кейін, сабақтың мақсатын айтуды сұрайды.

Оқушы: Біз зат есімді тәуелдеп үйренуіміз керек.

Мұғалім: Дұрыс, сабақтың мақсаты қалайша тез анықтадыңдар?

Оқушылар: Сабақтың мақсатын анықтауға сабақтың тақырыбы, өтілген материалдар бойынша біліміміз көмектесті, себебі бұндай тақырыпты біз әлі өткен жоқпыз.

Мұғалім: Өте дұрыс айттыңдар, жарайсыңдар?

Бұдан кейін бүгін неше жаттығу орындау керек екенін хабарлап, оқушылардан оқулықтан сол жаттығуларды қарауды сұрайды (жұмыстың жалпы жоспарын құру). Бұл тапсырма бастауыш сынып оқушыларына жұмыстың көлемін білдіріп, оны орындауға талпынысын ояту мақсатын көздейді.



Мұғалім: Балалар, біз сабақта тағы не істеуіміз қажет?

Оқушы: Жұмысты жоспарлау керек, яғни жұмыс ретін, қандай жаттығуларды орындап, қандай ережелерді оқитынымызды анықтаймыз.

255-жаттығуды орындау сұралады. Оқушылар жаттығуға талдау жасайды.



Мұғалім: Кім айтады, бұл жаттығуды орындаудың мақсаты қандай?

Оқушылар: Бұл тапсырма бізді зат есімді тәуелдеуге жаттықтыру үшін берілген.

Мұғалім: Дұрыс, сендер зат есімді тәуелдеп үйренулерін керек. Жаттығуда орындауға неше сұрақ ұсынылған?

Оқушы: Бұндай 3 сұрақ орындалуы керек: көп нүктенің орнына тиісті тәуелдік жалғауын жалғап, көшіріп жазу, олардың жағын ажырату, тәуелдік жалғауларының астын сызу.

Мұғалім: Дұрыс айттыңдар, осы 3 сұрақты табуға сендерге не көмектесті?

Оқушылар: Біз 3 сұрақты талдаудың көмегімен таптық.

Мұғалім: Бастауыш сынып оқушыларына дәптердің жиек сызығына белгісіздің (сұрақ) санын ”Б” немесе ”А” әріптерімен белгілеуді ұсынады. (Б-3)

Мұғалім: Қай сұрақ бізден өтілген ережені білуді талап етеді?

Оқушылар: Бірінші сұрақта көп нүктенің орнына тиісті тәуелдік жалғауын жалғау керек. Оны орындау үшін біз тәуелдік жалғауларын білуіміз керек. Төуелдік жалғауларын үйреніп алған соң, қай жұмыстан соң қай жұмыс орындалатынын жоспарлауымыз керек.

Мұғалім: Дұрыс. Жаттығудың міндетінде не істейтініміз көрсетілген, ал оны қалай орындайтынымыз анықталып, содан соң ғана жазуға кірісуіміз керек.

Мұғалім сыныпта екінші және үшінші сұрақтарды да осылай талдайды.



  1. Төуелдік жалғауларын мұғалім түсіндірмей, оқулық бойынша терең түсіну.

  2. Әр жақтағы тәуелдік жалғауын бөліп, есте сақтау.

  3. Мәтіннен тәуелдеуге берілген зат есімнің кімге меншікті екенін көрсететін сөздерді табу.

  4. Ол сөздердің қай жақты көрсетіп тұрғанын анықтау, соған сәйкес зат есімге тиісті тәуелдік жалғауын жалғау.

Мұғалім оқушыларға дәптерлерінің жиек сызығына бірінші тапсырманы орындауға қажетті әрекеттер санын белгілеп қоюды ұсынады (бұл бірінші әрекет, оны жиек сызыққа ”Ж-1” санымен белгілейді).

Мұғалім осылайша оқушыларды өз әрекетін дұрыс жоспарлауға сабақтың басында сабақтың тақырыбы, ал кейін тапсырманың мазмұны көмектесетінін түсінуге алып келеді. Егер әрекеттің бірізділігі сақталса, белгіленген нәтижеге жетуге болады. Еңбек әрекетін жоспарлауға үйрету жұмысының осындай бірізділікпен құрылуы бізге логиканы, жұмыстың ретін белгілеуге көмектесетінін атап өту керек. Мұғалім жоғарыда сипатталған тәсілдерден де басқа кұрделі тәсілдерді де пайдаланады (әдістемені қараңыз).



Оқу әрекетін тексеру іскерлігін қалыптастыру

Бұл кезеңде оқыту өз алдына бастауыш сынып оқушыларын оқу әрекетін тексеру және бағалау іскерлігіне еңбек әрекетімен бірлікте үйрету мақсатын қояды. Оны жүзеге асыру үшін сыныпқа мекемелерде бақылаушы болып жұмыс жасайтың ата-аналар шақырылды. Әңгіме-кездесу барысында олар қайда және кім болып жұмыс жасайтыны, нені тексеретіні, жұмыстарының қорытындысы және ең бастысы іс-әрекетке тексеру жүргізу тәртібі туралы сұрақтардың бетін ашты. Ата-аналар кейбір операцияларға қалай тексеру жүргізетіндері туралы айтып, оны қалай орындайтындарын көрсетті, бұндай әрекетті орындаудың неге қажет екенін түсіндіріп, бұл әрекетке мектепте үйрену керектігіне ерекше назар аударды. Ата-аналар осылай өндірістегі өз әрекеттері үшін тексерудің маңызын көрсетті. Бұдан кейін мұғалім өз жұмысын оқушылардың сабақ тақырыбын түсінуі, жұмысты барлық баланың орындауы, берілген тапсырмаларды меңгеруі бойынша тексеретіні туралы айтып өтті. Бастауыш сынып оқушылары ересектердің тексеруді жүргізуін бақылайтын осындай жұмыстарды ұйымдастыру арқылы тексерудің маңызы, мәні, оны жүзеге асыру тәсілдері туралы кең ұғым беріледі. Оқу мен еңбек міндетін бірлікте шешуді тексеру іскерлігін меңгеруді еңбекке баулу сабағынан бастадық.


Сабақтан үзінді.

Тақырып: Шыныаяқ дайындау.

Шыныаяқ дайындап болғаннан кейін мұғалім оқушылардың назарын әркім өз жұмысының дұрыс орындалғанын бірнеше күннен кейін, дайындаған бұйымдары кепкесін тексере алатынына аударады. Екі күннен кейін бұйымды қарағанда, дайындаған шыныаяқтары бұзылып болғандықтан, кейбір оқушылардың жұмысты одан әрі жалғастыра алмайтыны анықталды. Балалармен бірге әрекетті орындау ретін қайталай отырып, мұғалім өз әрекетін тексерудің қажеттігі мен маңыздылығы туралы қорытынды жасады. Осы кезеңде бастауыш сынып оқушыларымен төмендегідей сұрақтар бойынша өз әрекетін, оның нәтижесін әр түрлі пәндерде тексеруге бағытталған бақылау ұйымдастыруға болады:


  1. Қалай ойлайсың, тапсырма дұрыс орындалған ба?

  2. Тапсырма дұрыс, бұрыс орындағаныңды қалай тексердің?

Сонымен қатар дұрыс шешілмеген есепті бақылау барысында мұғалім оқушылардың назарын есептің қате шешілуі талдаудың формальды жүруі, мақсатты түсінбеу, жоспарын дұрыс құрылмауының нәтижесі екенін аударады. Бұл бастауыш сынып оқушыларына тексерудің әрекеттің барлық компоненттерімен байланысты екенін көріп, әрекеттің компонентін дұрыс тексеруге мүмкіндігін береді.
Сабақтан үзінді.

Мысалы, сабақтың тақырыбы: ”Папка дайындау” Мұғалім папка үлгісін, оның ашылып, жабылуын көрсетіп, оқушылардан папканың неге қажет екенін, қандай материалдан дайындалатынын сұрайды.



Мұғалім: Балалар ойланып нені үйренетіндеріңді, мақсаттарың қандай екенін айтыңдар.

Оқушылар өз мақсаттарын айтқаннан кейін, мұғалім мақсатты анықтауға не көмектескенін сұрайды. Мұғалім оқушылармен бірге тақырыптың атын, бұйым үлгісін, яғни әрекеттің мақсатын анықтауға көмектесетін шарттарды қайталайды (жұмыс 2 сағатқа есептелген). Келесі сабақта оқушылар мақсатты өзбеттерінше анықтап, одан соң бірден оны тексеруді үйренуге көшеді.



Мұғалім: Бүгінгі сабақтағы өз әрекеттерінің мақсатын айтыңдар.

Осындай жұмыстың нәтижесінде оқушылар әрекеттің мақсаттарын анықтауға көмектесетін барлық шарттарды (тақырыптың атауы, өтілген материал бойынша білімі, білім мазмұны) өз бетінше талдап, содан соң өз әрекетінің мақсатын айтады. Тапсырманы түсіндіре отырып орындауды ұсынуға болады.


Қазақ тілі сабағынан үзінді

Тақырып. Жалқы есім және жалпы есім. Мұғалім сабақтың тақырыбын хабарлап, тақтаға жазады.



Мұғалім: Балалар, бізге сабақтың басында не істеу керек еді?

Оқушылар: Алдымен сабақтың мақсатын анықтауымыз керек және оны дұрыс анықтағанымызды тексеруіміз қажет.

Мұғалім: Оны қалай тексересіңдер?

Оқушылар: Жұмыстың мақсатын анықтайтын барлық шарттарды еске түсіреміз.

Мұғалім: Бұл сабақ үшін қандай шарттарды атар едіңдер?

Оқушылар: Сабақтың тақырыбы.

Мұғалім: Гүлнар, барлық шартты дұрыс атады ма?

Оқушылар: Жоқ, сабақтың тақырыбынан басқа бізге мақсатты анықтауға өтілген материал бойынша біліміміз, математика, еңбекке баулу т.б. сабақтардағы тәжірибеміз көмектеседі.

Мұғалім: Ерлан барлық шартты толық атады ма?

Оқушылар: Иә, шарт түгел аталды.

Мұғалім: Бірақ бұлар жеткіліксіз, басқа да шарттар бар. Оны атау үшін оқулықтарынды ашып, біз орындауға тиісті жаттығуларға қараңдар. (Оқушылар жаттығуларға берілген тапсырмаларды оқиды). Енді кім толықтырып айтады, сабақтың мақсатын анықтауға бізге тағы не көмектеседі?

Оқушылар: Жаттығулар мазмұны көмектеседі.

Мұғалім: Дұрыс. Жалқы есім мен жалпы есімді ажырата біліп, жалпы есімді дұрыс жазуға үйренуіміз керек.

Осылай мақсатты анықтау барысында оны анықтауға көмектесетін барлық шарттар еске түсіріледі.


Сабақтан үзінді

Тақырып: Нольге аяқталған сандармен бөлу амалын орындау... дәптерлеріне келесі мысалды шығару ұсынылады. 55140:6+30. 560-400

Оқушылар 3 амалды орындап болғаннан кейін, мұғалім қатар отырған балаларға дәптерлеріңді алмастырып алып, жұмысты жалғастырыңдар деген тапсырма берді.

Мұғалім: Жұмысты неден бастайсыңдар?

Оқушылар: орындалған амалдарды тексереміз.

Мұғалім: Қалай тексересіңдер?

Оқушы: Бұл - амалдар тәртібіне берілген мысал, сондықтан алдымен қай амалдардың орындалғанына көңіл аударамын, содан соң бөлу мен көбейтудің нәтижелерін тексеремін.

Әрекетті тексеруді бұлай ұйымдастыру оқушыларды тапсырманы жауапкершілікпен орындап, қате жібермеуге талпынуына ықпал жасайды.Осындай жұмыстар қазақ тілі, еңбекке баулу сабақтарында да жүргізіледі.

Қайталау және өтілген материалды бекіту сабақтарындағы тексеру операцияларының бүкіл тәртібін есте сақтау үшін оқушылардың әрқайсысына жеке қолдану үшін естелік беріледі. Тексеру үшін оқушылармен бірлесіп құрастырылған естелікте, төмендегі операциялардың дұрыстығын тексеру ұсынылады:


  • белгілі (шарт) және белгісіздің (сұрақ) анықталуы;

  • нені үйренетінімізді көрсететін шарттарды анықтау.

  • қажетті ереженің еске түсірілуі;

  • жоспардың құрылуы.

Әрбір оқушы есепті (оның ішінде еңбек міндетін де шешудің барлық кезеңдерімен, талдаумен, мақсатты анықтау және жоспарлаумен таныс болғандықтан мұғалім назарды тексеруді ұйымдастыру тәсілдеріне көбірек аударып, жұмысты әр оқушы тексерушінің ролін атқаратындай етіп құрады. Жоғарыдағыдай ұйымдастырылған сабақтарда оқушыларда сол міндеттерді жүзеге асырудың тәжірибесі жинақталды.

Оқу әрекетін бағалауға үйрету

Есепті шешудің келесі кезеңі белгілеген мақсатына (нені үйренгісі келді) жеткен, жетпегенін анықтау (баға) болып табылады.

Мұғалім жұмыс нәтижесін бағалаудың әр түрлі тәсілдерін қолданады:

а) жұмыс нәтижесін өзбетінше бағалау;

ә) өзінің және жолдастарының жұмысына баға қоюға есептер, жаттығулар, тапсырмалар ұсыну;

б) екі санның қосындысы 30 болатын мысалдарды теріп жазуға тапсырма берілді:

18+22 16+14 44-14 9+13+8 15-2 19+11 70-40 96-56

Ерлан жұмысты төмендегіше орындап ”5” деген баға алды.

16+14=30 19+11=30 9+13+8=30

Айжан келесі мысалдарды жазған, ол да ”5” алды.

16+14 = 30 19+11 = 30 18+22 = 30 44-14 = 30

Ерлан мен Айжан сендер қандай баға қояр едіңдер?

Сонымен, бастауыш сынып оқушыларында кез келген мазмұндағы есепті шешудің кезеңдері туралы түсінік қалыптасып, қажетті іскерліктерді меңгереді, жеке тұлғанын есепті орындаудың әрбір кезеніңде оқу мен еңбек әрекетін жүзеге асыруына ықпал ететін қасиеттерін қалыптастырады. Әрине, оқу мен еңбек әрекеттері кезеңдері мен амалдық біліктіліктің ара қатынасы қатып қалған байланыспен өлшенбейді.

Тапсырманы орындаудың ортақ тәсілдерін қалыптастыру

Негізгі мақсаттардың бірі - пәнішілік және пәнаралық байланысқа негізделген әрекеттің ортақ тәсілдерін қалыптастыру, яғни кез келген есеп, жаттығу, тапсырмаларды орындауға ортақ жолды қарастыру. Төжірибеде кез келген әрекет, оның ішінде еңбек әрекетінің жалпы амалдық тәсілдерін қалыптастыру төмендегідей түрде жүзеге асырылады:

а) бастауыш сынып оқушыларында әрекеттің ортақ (сәйкестік) тәсілдерін пәнішілік байланыс арқылы қалыптастыру.

Мысалы, ”Туынды сын есімдер” тақырыбын өткеннен кейін мұғалім сыныпқа мынандай сұрақ қояды: -туынды сын есім мен туынды зат есімнің арасында сөз құрамына талдауда сәйкестілік (ортақтық) бар ма?



Оқушылар: Екеуін де алдымен сөздің түбірі мен қосымшаларын ажыратамыз.

Қосымшаның жұрнақ және жалғау екенін табамыз. Осылай мұғалім әрекеттің ортақ тәсілдерін кез келген пәннің өз ішінде қалыптастыра алады.

ә) мұғалімнің өз алдына келесі қоятын мақсаты - бастауыш сынып оқушыларында әрекеттің ортақ тәсілдерін пәнаралық байланыс негізінде қалыптастыруды жүзеге асыру. Бұл кезеңде мұғалім басты назарды бастауыш сынып оқушыларына оқу және еңбек міндетін шешудің барлық кезендерін қамтудың мүмкіндігі мен қажеттігін түсіндіруге аударады. Сонымен бірге операциялардың ортақ жүйесін әр пән өзіндік ерекшелігіне сай мазмұндық жағынан толықтырып отыратынын да атап көрсетеді.

Мысалы, қазақ тілінен 293-жаттығуды, математикадан 155-беттегі №2 есепті орындап, еңбек сабағынан ”конверт дайындау” тақырыбын өткеннен кейін, оқушыларға үш пәннің тапсырмаларын талдау барысында сендердің істеген жұмыстарында жалпылық, ортақтық болды ма? деген сұрақ қойылды.



Оқушылар: Иә, ортақ белгі болды. Қазақ тілі, математика, еңбек сабақтарында біз алдымен белгіліні (шартты), одан соң белгісізді (сұрақты) анықтадық.

Мұғалім: Математикадан есеп шығарып, қазақ тілінен жаттығу орындап, еңбек сабағынан белгілі бұйым дайындағаннан кейін күнде оқушылардан төмендегідей сұраққа жауап алып отырады.

Мұғалім: Еңбекке баулу, математика, қазақ тілі сабақтарында мақсатты анықтауда ортақтық не?

Оқушылар: Иә, ортақтық бар. Біз барлық сабақта да шартты (тақырып, өтілген материал бойынша білім, өткен тәжірибе, білім мазмұнын) еске түсіреміз.

б) Ал, математика, қазақ тілі, еңбек сабақтарында жоспарларды жүзеге асырудағы ортақтық неде?

Оқушылар жауабы. Жоспарлауда әрекет (операция) тәртібі, оның орындалу реті міндетті түрде сақталады.

в) математика, қазақ тілі, еңбек сабақтарында әрекеттің мақсатын анықтауды тексеруге тән ортақтық бар ма?



Оқушылар: Иә, ортақтық бар.

Біз барлық пәнде де қажетті шартты дұрыс анықтағанымызды тексереміз

г) тексеру әрекетін жүзеге асыруда пәндер бойынша айырмашылық кездесе ме?

Оқушылар: Айырмашылық сонда, әр пәннің өзіне тән шарттары болады, мысалы еңбек сабағында (бұйымның үлгілері), математикада (жұмыс үлгісі), қазақ тілінде (жаттығу берілген тапсырма).

д) оқушы сабақта есепті шешкенде, ересектер еңбек еткенде ортақтық бар ма?



Оқушылар: Иә, ортақтық бар. Екі жағдайда да жұмыс талдаудан басталады.

Мұғалім: Жауапты кім толықтырады?

Оқушылар: Екі жағдайда да мақсат қою керек.

Мұғалім: Тағы кім өз ойын айтады?

Оқушылар: Екі жағдайда да әрекет тәртібі анықталып, оның орындалу реті сақталды.

Мұғалім: Дұрыс. Жауапты тағы кім толықтырады?

Оқушы: Екі жағдайда да жұмыс процесі тексеріледі.

Мұғалім: Жарайсыңдар!Тағы кім толықтырады?

Оқушы: Екі жағдайда жұмыс нәтижесі бағаланады.

Мұғалім: Өте дұрыс айттыңдар. Балалар, бұның бәрін сендер қайдан білдіңдер?

Оқушылар: Біз бұларды математика, қазақ тілі, еңбек, дүниетану сабақтарында үйрендік.

Мұғалім оқушыларды мақұлдай отырып, кез келген міндетті, оның ішінде еңбек міндетін де шешу барысында оқушылар (ересектер де) жоғарыда аталған әрекеттерді жүзеге асыратыны туралы қорытынды жасайды.

Біршама уақыт өткен соң оқушылармен бірлесе отырып кез келген тапсырманы, есепті (оның нақты мазмұнына қарамастан) орындағанда, шешкенде орындалатын операцияларды белгілі ретпен орындаудың қажеттігі туралы қорытындыға келеді. Оқушылардың іскерліктерін бекіту мақсатында жаттығу, есеп, тапсырманы орындауға тән ортақ тәсілдерді өз беттерімен орындауға мүмкіндік беріледі.


Каталог: files
files -> «Іскерлік байланыс» 2012 жобасы МӘлімдеме формасы
files -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
files -> Ынтымақтастықпен өмір сүру
files -> Тақырыбы: «Windows операциялық жүйесі. Негізгі объектілер. Сілтеуіш (Проводник) программасы»
files -> Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы
files -> Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда Қр жоғарғы Соты Пленумының 1998. 05. 15
files -> «II, III және IV санаттағы объектілерге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
Сабақ жоспары
бағдарламасына сәйкес
бағалауға арналған
Реферат тақырыбы
жиынтық бағалауға
Қазақстан республикасы
рсетілетін қызмет
арналған тапсырмалар
сәйкес оқыту
Жалпы ережелер
білім беретін
бағалау тапсырмалары
бекіту туралы
республикасы білім
оқыту мақсаттары
жиынтық бағалаудың
қызмет стандарты
тоқсанға арналған
Қазақстан республикасының
мерзімді жоспар
Қазақстан тарихы
арналған жиынтық
болып табылады
бағалаудың тапсырмалары
арналған әдістемелік
жалпы білім
Әдістемелік кешені
нтізбелік тақырыптық
Қазақ әдебиеті
пәнінен тоқсанға
Мектепке дейінгі
Зертханалық жұмыс
республикасының білім
оқыту әдістемесі
Инклюзивті білім
туралы хабарландыру
білім берудің
Жұмыс бағдарламасы
туралы жалпы
қазақ тілінде
Қысқа мерзімді
тақырыптық жоспар
пайда болуы
пәнінен тоқсан