Тапсырмалар: Драмалық шығарманы талдаудың ерекшеліктері. Р.Нұрғалидің еңбектерінен конспект жасаңыз
Драма – әдебиеттің үш тегінің бірі. Эпикалық, лирикалық тектерден негізгі ерекшелігі драмалық, сценалық әрекеттерге құрылатындығында. Драма – қиын жанр, «жаяу жүретін жанр», өмір шындығын шиеленіскен тартыс үстінде танытатын, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен әрекеті арқылы көрсететін жанр.
Драмалық шығармаларды талдаудың негізгі педагогикалық талаптары мыналар:
1) Драмалық шығарманың идеялық мазмұны мен көркемдік формасын бірлікте тұтас алып талдау;
2) Кейіпкерлер образдарын талдап, оларға (дара, салыстырмалы, топтастырылған) мінездеме жасату;
3) Драмалық шығарманың композициясы мен сюжеттік желісін талдау, оның элементтерін ашу, солардың қызметін таныту;
4) Суреттемелік тәсілдерді анықтау;
5) Шығарманың көркем тілін зерттеу, драматургтің тілдік қолданыс көркемдігін талдау;
6) Драматургиялық жанрдың табиғатын танытып, соған сай жұмыс әдістерін қолдану;
7) Драматургиядан меңгерілген әдеби ұғымдарды теориямен ұштастырып, бекіту.
Көркем шығарманы талдау мәселесі әдіскер-ғалымдарды толғандырғалы қашан. Я.А.Коменскийдің білімнің негізіне алған үш бірлігінің бірі – талдау мәселесі екені белгілі. Ә.Қоңыратбаев әдістемелік еңбегінде талдаудың атқарар жүгін былай тұжырымдайды: «Талдау оқудан кейінгі әдеби текспен жұмыс істеудің басты буыны. Көркем шығармадан терең әсер алу үшін оны оқып ұғыну тіпті жетімсіз, сонымен бірге оның кейіпкерлерін, суреттеу тәсілдерін, композициясы мен тілін, тақырыбы мен идеясын нақты талдап, әдеби ұғымды ала білу қажет. Сонда алғашқы оқудан туған жай әсер тереңдеп, баланың сезімі мен ақылына өтіп, саналы, көркем әсерге айналмақ. Оқушының ой-санасын, мінез-құлқын қалыптастыруға бұл аса жауапты педагогикалық процесс». Әдіскер-ғалым Т.Қ.Жұмажанова әдістемелік талдауды әдебиетші мұғалімнің жетік білуін: «Эстетикалық талдау әдісін жетік білген мұғалім ғана шәкіртті көркем шығарманы терең түсініп сезінуге бағыттай, сол көркем туындыдағы жазушының ой-сезіміне шәкіртті ортақтастыра, толғандыра алады» деп қорытады. Көркем ойлауға бағытталған талдау шығарманың бейнелілік-образдық, мазмұндық, идеялық табиғатын ашып түсіндіреді. Драмалық көркем туындының ішкі мазмұнына ену, драматург ұсынған ой-идея әлемін тануда әдеби талдау түрлерінің өзара байланысы іске асырылады. Әдеби талдау барысында түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану әдеби шығарманың жанрлық ерекшелігіне, мазмұндық-идеялық нысанасына, білім мен тәрбие беру талабына байланысты туындайды. Студенттің драматургиялық туындыны қабылдауы авторлық позиция, шығарма идеясы, сюжеттік желісі, кейіпкерлер әлемінің сомдалуы т.б. әдеби талдау сұрақтардың мәтін мазмұнына негізделіп берілуі арқылы жүзеге асады. Мәтін мазмұнын талдауға негізделген сұрақтар ауызша, жазбаша, проблемалық ситуация тудыратын сұрақтар, т.б.болып келеді. Драматургиялық туындыны талдау мәтін мазмұнында бейнеленген өмір, заман, қоғам құбылыстарына, оның кейіпкерлеріне қатысты авторлық ойды ашу, көркем шығарманың құрастырушы бөліктері: сюжет, композиция, тақырып, идея, көркем образ, әдеби тип, әдеби мінез ұғымдарын, драмалық тартыс, тілдік бейнелеу белгілерінің негізгі ролін анықтай білу маңызды. Нақты қойылған әдеби талдау жұмыстары студентті драматургиялық туындының ішкі мазмұнын ұғынуға, драматургтың жазудағы түпкі ой- нысанасын түсінуге, авторлық ойға серік болуға, ой қосуға жетелейді.
Көркем мәтінді меңгертуде қолданылатын әдеби талдау түрлері негізінен:
1. Образдар жүйесіне талдау
2. Композициялық - сюжеттік талдау,
3. Драма тілін талдау болып үшке бөлінеді.
Қазіргі қазақ драматургиясы туындыларын осы талдау әдістері арқылы танытамыз.
(Р.Нұрғалидің еңбектерінен және монографилық еңбетерен алынған ақпарат)
Достарыңызбен бөлісу: |