16
|
5-Параграф. Сотталғандардың бар-жоғын тексеру
34. Мекемеде сотталғандардың бар-жоғын тексеру күн сайын таңертең және кешке күн тәртібінде белгіленген сағатта жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайларда сотталғандарға қосымша тексеріс жүргізіледі. Біруақытта сотталғандардың сыртқы түрі және киімнің белгіленген нысанға сәйкестігі тексеріледі.
Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатындарды қоспағанда, сотталғандар омырауға және қолға тағатын айырым белгілері бар киімдер киеді. Сотталғандарға арналған омырауға және қолға тағатын айыру белгілерінің үлгілері осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген.
Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандар әскери нысандағы киімді және басынан басқа дене мүшелерін жаппайтын киімді қоспағанда, азаматтық киім киеді.
35. Тексеру плацта жасақтар бойынша сапқа тұрғызу арқылы жүргізіледі. Сотталғандарды карточкалары бойынша салыстырып тексеру, содан кейін сотталғандардың жалпы санын есептеу жүргізіледі.
Сотталғанның тегі оқылған кезде, ол "Мен" немесе "Я" деген сөздермен дыбыс береді, екі метрден аспайтын қашықтықта қызметкердің алдына келіп, жеке басын карточкадағы фотосуретпен салыстыру үшін бас киімін шешеді, (қысқы кезеңнен басқа) және атын және әкесінің атын (болған кезде) анық және түсінікті түрде атайды. Содан кейін саптың қарама-қарсы жағындағы өз орнына өтеді.
Сапқа тұрғызудан түнгі ауысымдағы жұмыстан кейін демалып жатқандар, төсек тартып жатқан ауруы бойынша босатылған сотталғандар, сондай-ақ тастап кетуі мүмкін емес жұмыстардағы сотталғандар босатылады. Мұндай адамдардың бар-жоғын тексеру олар орналасқан орындарда жүргiзiледі.
Өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын және арнаулы жүрiп-тұру құралдарынсыз (кресло-арбалар) жүріп-тұра алмайтын І және ІІ топ мүгедектердің бар-жоғын тексеру, медициналық қорытынды болу кезде оқшауланған учаскеде жүзеге асырылады.
Емдеу-профилактикалық мекемелерінде сотталғандарды тексеру оқшауланған учаскелер не палаталар бойынша жүргізіледі.
36. Қолайсыз ауа-райы (жауын-шашын, қар, боран, бұршақ), сондай-ақ ауа температурасы - 25 градус және одан төмен болған кезде сотталғандарды тексеру және дене шынықтырулары күн тәртібіне сәйкес тұрғын үй-жайларда жасақ бойынша өткiзiледi.
37. Таңертеңгi және кешкi тексерулер 40 минуттан аспауы тиіс.
38. Камераларда, тәртiптік изоляторларда, жалғыз адамдық камераларда және уақытша оқшаулау үй-жайларында сотталғандардың бар-жоғын тексеру камера бойынша, ал жазаны өтеудің қатаң жағдайында ұсталатындар, қауiпсiз орындарда, жазаны өтеудің жеңілдікті жағдайындағыларды, карантин үй-жайларындағы тексеру, олар тұратын жерінде жүргізіледі.
39. Тексерудi жүзеге асыру үшiн әр сотталғанға осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша фотосуретi бар карточка жасалады, онда тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болса), туған күнi, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) баптары, бас бостандығынан айыру мерзiмi, мерзiмiнiң басталуы мен аяқталуы, жасақ, бригада нөмiрi, мекемеге келген күнi көрсетiледi. Картотеканы кезекшi немесе режим қызметiнiң бекiтiлген қызметкерi жүргiзедi. Картотека кезекшi бөлiмде арнайы дайындалған жәшiкте сақталады. Профилактикалық есепке қойылған сотталғандардың тексеру карточкасына айыру жолақтары салынады: қашуға бейiм сотталғандар үшiн – қызыл түс; профилактикалық есептің басқа түрлеріне – қара түс.
40. Қашуға бейiм ретiнде профилактикалық есепте тұрған сотталғандарды тегi бойынша карточкалық тексеру ұйқыға арналған уақытты қоспағанда, әрбiр екi сағат сайын, оларды жалпы тексеру жүргізетін орындарда сапқа тұрғызу арқылы қосымша жүзеге асырылады.
|
|