Мұрат шығармаларындағы ойшылдық,философиялық-азаматтық тереңдік «Үш қиян»,

Loading...


Дата05.04.2020
өлшемі44.2 Kb.
Мұрат шығармаларындағы ойшылдық,философиялық-азаматтық тереңдік

«Үш қиян», «Қазтуған», «Сарыарқа», «Әттең бір қапы дүние-ай» толғауларындағы халқының азып-тозбауын аңсаған романтикалық ой-армандарды талдау.

Ол патша өкіметінің отарлау саясатының қазақ халқының болмыс-тіршілігіне кері əсер еткенін,көптеген қайшылықтарды алып келгенін, заманның азғанын, əдет-ғұрыптың тозғанын, ел-жұртта береке қалмағанын шығармаларының басты тақырыбы етіп алды. Қазақ халқының дəстүрлі шаруашылығы мен тұрмыс-салтына едəуір ықпал еткен капиталистік қатынастарды қабылдамағанақын халық өмірінде болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарады.

Мұрат Ноғайлы заманында жəне одан кейінгі кезеңдерде өмір сүрген Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Шалгез, Доспамбет, Жиембет жыраулардың шығармаларын біздің заманымызға бірден-бір жеткізуші болды. Оның қазақ тарихы үшін зор маңызы бар. Мөңкеұлы Мұрат 1843 ж. Қазақстанның Батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған Беріш елінде дүниеге келген. Пайғамбар жасына келгенде (1906 ж.) Индер ауданының Өрлік ауылының Қараағаш деген жерінде өмірден озып, Жарсуат ауылы маңына жерленгені белгілі болып отыр. Соңғы кездердегі басылымдарда Мұраттың əкесі Мөңкенің атақты би болғаны айтылып қалып жүр. Ол Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі болған. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын үш салаға бөліп талдаған дұрыс. Біріншісі — ақынның айтыстары; екіншісі — оның бізге келіп жеткен азды-көпті өлең-толғаулары; үшіншісі — «Үш қиян»,«Сарыарқа», «Қазтуған», «Қарасай-Қази» атты белгілі толғау поэмалары. Мұраттың ақындық өнерін айтыс арқылы шындап жетілдіруі.

Қазақтың басқа əйгілі ақындары секілді Мұрат та айтысқа үлкен мəн берген.

Мұрат Мөңкеұлы майталмен термеші ретінде де танылған. «Үлгілі сөзді сөйлейін», «Өлім», «Əттең, бір қапы дүние-ай», «Не деп айтсам, жарасар», «Топтағы толғау», «Қыз», «Арғымақ сайлап не керек», «Аттан сұлу болар ма?», атты термелерінде заман сырына үңіліп, өмір, тіршілік туралы толғанады. Адамдардың бір-біріне қарым-қатынасы, ел қорғау, елдегі батырлардың атажұрт үшін жау қолында қалатындығы, қай аталы жұрттың қай өңірді мекендейтіні, өмірдің қысқалығы, тірлік дүниеде адамдардың бір-бірімен татулығы, сол сияқты философиялық ойларға толы. Сонымен қатар бұл термелер тындаушыны елең еткізетін көркемдігімен құнды. Сөздер мен ойлы орамдар қиындаса, құйылып, табиғи орын тапқандай.

Мысал ретінде ақынның бірде өткендігі даналарды еске түсіреді.

Бұл көбіне-көп Мұрат Мөңкеұлының «Əттең, бір қапы дүние-ай!» атты термесіне тəн:

Əттең, бір қапы дүние-ай!

Мынау Нарын деген қонысың

Нарынбай байдың қонысы еді.

Сарыкөл, Самар сынды су,

Мынау Самар деген суыңыз

Самарбай байдың қонысы еді.

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Мынау Жайық деген суыңыз

Жайықбай байдың қонысы еді.

Жанарыстан үш Қомыс

Алшағыр ханның қонысы еді.

Боқсақтың бойы боз қамыс,

Жаңбыршының ұлы Телағыс,

Телағыс байдың қонысы еді.

Арғы Еділден оқ атқан,

Бергі Еділге жоғалтқан,

Мынау Еділ деген суыңыз

Еділбай байдың қонысы еді.

Қабыршақты, Қарасу —

Ол Қазтуғанның қонысы еді.

Алтыатаның ар жағы,

Талөкпенің 1044 Абер жағы,

Мынау Сақмар деген суыңыз —

Ол Едіге бидің қонысы еді.

Бесешкі Еділ бетінде,

Бұлғыртаудың шетінде

Бадашы деген кең тоғай —

Ол ер Сидақтың қонысы еді.

Адырмақты Алатау —

Ол ер Орақтың қонысы еді,

Мұса бидің баласы

Орақ та Мамай жері екен...

Əйгілі жырау осы туындысында қазақ жеріне ертедегі бір кезде Нарынбай, Самарбай,Жайықбай, Еділбайлар ие болып келгенін, елін қорғайтын ерлер бар шағында жаудың бата алмай сырт беретінін айта келе, ендігі халдың мүшкіл екенін мойындайды. Кейін бұл сарынды Мұрат ақын өзінің кесек туындыларында күшейте түседі.

Мұрат (Дулат пен Шортанбай жыраулар сияқты) жердің өзгенің иелігіне өтуінің себебін ел ішіндегі қамсыздықтан, алауыздықтан іздейді:

Қоныстың бəрін жоғалтқан

Ноғайлы, қазақ – надан жұрт,

Бірлігіңнің де кемісі!

Ақыр түпке келгенде

Бəрін де алды түп-түгел,

Көк ала шекпен, жез түйме

Аузы түкті орысы.

Ақын өзі күнде көріп жүрген бар тіршіліктен керемет сəнділік пен үйлесімділікті сөз кестесімен өрнектейді. Мұрат Мөңкеұлы XIX ғасыр ауыз əдебиетінің шырқау биігіне шығарған — ғасырлар бойы бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келген қасиетті қонысының талапайға түсуін, Қазақ мемлекетінің құлдырауын дөп басып көріп, жалынды жырмен тебірене толғауы, қасіретке толы қазақ қоғамының айнасы болған шығармалары — «Қазтуған», «Қарасай-Қази» жырлары, «Сарыарқа», «Үш қиян» толғаулары. Бұлар өзара байланысты, əуендес, мазмұндас,сарындас шығармалар.

Мұраттың ақындық зор дарыны жан-жақты көрінген осы кесек шығармаларына талдау бергенде бұлардың қандай жағдайда туғанын жəне сол кездегі заман шындығын естен шығармауыз қажет. Тек сонда ғана жыраудың қайсыбір тым күйзеле, күңірене толғайтын жолдары мен шумақтарының байыбына дұрыс бара аламыз.

Мұраттың «Сарыарқа» атты толғауы қоян жұты кезіндегі қайғылы көріністерді суреттейді.Жұтта адам малынан айырылып жұтаса, отаршылар халықты жерден, тəуелсіздіктен айыратын апаттар екенін ақын түсінеді. Табиғат апатынан патшалықтың зобалаңы кем түспеуі, екеуі де панасыз халықты күйзелтіп жатыр дегенді айтады. Зерттеушілер толғаулар деп атап жүрген ақынның екі үлкен шығармасы — «Үш қиян» жəне «Сарыарқа». Толғау деп айдар таққанмен, бұл туындылар лирикалық дастанның жүгін көтеріп тұрған шығармалар. Сондықтан бұларды лирикалық дастандар деген жанрға жатқызса, артық емес. Мұрат жырларында əбден шегіне шыққан қорлықты аяусыз көрген халықтың зары жан-жүрегіңді тебірентеді. Ата-бабаларымыздың сол ғасырда көрген қорлығына шыдай алмай жаның жылайды. Сонымен, «Үш қиян», «Сарыарқа» атты лирикалық дастандар — «зар заман» туындылары.Олар отаршылдыққа, озбырлыққа қарсы туған жырлар.

Мөңкеұлы Мұраттың «Қазтуған» деген қоштасу-жоқтау жыры Қазтуған Сүйінішұлы халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың XV ғ.айтулы жорық жырауы. Əскербасы, батыр болған. Еділдің Ақтұма, Бозан бойларында туып-өскен. XV ғ. орта шенінде іргесі жаңадан қаланған Қазақ хандығына қоныс аударған. Қазтуған жырау жорық жыршысы жəне халық эпосын жасаушылардың бірі саналады. Артына қазақтардың əскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Дегенмен, бізге жеткен жекелеген туындылары оның əдебиет тарихы төрінен орын алуға лайықты екенін айғақтайды. Оның поэзиясы жауынгерлердің көшпелі өмірін, көзқарасын суреттейді. Жəне олардың тұрмысын,айналадағы құлан таза табиғат туралы ойларын бейнелейді Мұрат өз туындысында осы Қазтуған атынан өз ойларын баяндап шығады. Оқиға Қазтуғанның монологі ретінде кезіндегі ел билеріне қарата толғанады:

Əрайна, билер, əрайна,

Əрайна десем болғай ма?!

Əрайнасыз əрқайда

Ердің ісі оңғай ма?!

Əрайна болған Қазтуған

Қайғыланып сонда толғай ма?! —деп Қазтуғанның аузымен ақын өзінің «Үш қиян», «Сарыарқаларындағы» идеяны өзгеше нəр беріп əсерлі суреттеп шығады. Шығарма — тыңдауға да, оқуға да жеңіл төгілген жыр.Мұраттың ұғымына салсақ, Еділ – ел, Жайық – жан, Ойыл – ой түсініктеріне орайлас қасиетті нышандар. Осы үшеуі тұтастық құрап, бір-бірін толықтырып тұрады. Ақын өз жырында сол қастерлі үштіктен біртіндеп айырылудың қайғысын баян етеді:

Еділді алса – елді алар,

Енді алмаған не қалар?

Жайықты алса – жанды алар,

Жанды алған соң не қалар?

Ойылды алса – ойды алар,

Ойлашы, сонда не қалар?

Қара мауыт мұшақат,

Бүтін тоғай жерді алар.

Жаз кіреге жақсы деп,

Дулығалы нарды алар.

Қыс кіреге жақсы деп,

Шудасы қалың айырды алар.

Сусынына шай алар,

Шайнауына май алар,

Шайып ішер құрт алар.

Оныменен қоймас-ты,

Құлағына сырға салдырған,

Сусынын сары қымызға қандырған,

Арусынған мырзаны

Өзімдікі болды деп,

Алуға тағы ойланар.

Жырау елге жайсыз кезең келе жатқанын аңғартады. Мұны отарлаушылардың халықты өз ыңғайына бейімдегенін, көшпенділіктің салтына жат құбылыстардың өмірге дендеп ене бастағанын көрген соң туындаған ой-тұжырымдары арқылы байқатады. Толғауында келеңсіз келешектің кесел-кесапатына қарсылығын былайша білдіреді:

Ей, жақсылар, жақсылар!

Бұ қоныстан кетпесең,

Бұны талақ етпесең,

Қынама бешбет киерсің,

Арбаға мəштек жегерсің.

Жасауылды жасақ деп,

Адамға ақша төлерсің.

Амалың бар ма, қайран жұрт,

Күндердің күні болғанда

Қайғыға шіріп өлерсің.

«Қазтуған» жырының бас кейіпкері — Жайық. Өз толғауында Мұрат Жайық өзенін тастап кетуге өзін-өзі қарадай жұбату арқылы, өткен күннің сағымды елесін — бақ таймаған қызығын термелеумен психологиялық жол ашуға мəжбүр:

Жайық, сені қайтейін?!

Ағашың абат көрінген,

Жапырағы жерге төгілген,

Жапырағы жасыл ала қамқадай,

Бұтағы бұрама күміс алқадай,

Баттауығы білектей,

Ботташығы жүректей,

Балдырғаны соққыдай,

Боз сазаны тоқтыдай.

Балығының көптігі —

Суына жылқы жаптырмас.

Бақасының көптігі —

Мұсылманның баласын

Сен кіріптар қыларсың, Жайық-ай,

Сенің суың тəтті-ау салмаған.

Гулеп те желіп өткенмін.

Ойылдың Тамды көліне

Бір түстеніп кеткенмін.

Маңқыстаудың ойына

Етек-жеңім жыртылып.

Ақ қырауда жеткенмін.

Адам баласы туған жерін қызғыш құстай, көзінің қарашығындай сақтауға лайық. Қапелімде адам ғапыл ата-бабасының ізі қалған елі мен жерінен сор айдап айырылып жатса, онда жарық дүниеде одан өткен ауыр қайғы табылмайды. Жермен қоштасу — Мұрат ақынды əлемдік ұлы ақындармен бір қояды.

«Қазтуған» дастаны — Мұрат Мөңкеұлының шешендігіне куə боларлық көркем туынды.

Поэтикалық тілі көңілге қонымды, нəрлі, сəнді:

Белгілі биік көк сеңгір

Басынан қарға ұшырмас,

Ер қарауыл қарар деп,

Алыстан қара шалар деп;

Балдағы алтын, құрыш болат

Ашылып шапса дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп.

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп!

Кіріптарда қалар деп,

Күндердің күні болғанда

Обалы маған болар деп.

Шешендік пен шеберлік үлгісі, образды сөздер қоймасы сияқты ақын толғаныстары бірінен-бірі өткен, төгіліп тұрған нұрлы сөздер:

Ақ сұңқар едім, мен ұштым

Қауырсыным түлеген

Қалың да қалың көлімнен.

Дұлығалы қара нар едім,

Қатарланып асып барамын

Қарсыланып жатқан жерімнен.

Мен секілді ерлерді

Отаршылдықпен бірге келген жат құбылыстарды санамалап жырға қосқан Мұрат Мөңкеұлының Қазтуғанның атынан баяндалатын жырында келешекке көріпкелдік айтқан мынадай болжамдар бар:

Еділді қоныс етпеңіз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңіз,

Сыдыра біткен көкжиек

Кəпірлер қала салады.

Аштарханды қоныс етпеңіз,

Шəһəрін оның алады.

Мұраттың идеалы туған жерден ел іргесі ажырамаса дейді. Халықтар туған жерінен кетпеуі тиіс. Кейін қалып бара жатқан туған жерді аңсау арқылы ол биік мұратты көксейді:

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе тілдің шешені,

Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,

Күз жіберіп, жаз мінген,

Жазаласа екі жылда бір мінген,

Жолдасын жолай іздеген,

Өзіне тиген дұспанын

Қарт бірадай тіздеген —

Мен қарға бойлы Қазтуған,

Қайғыланып асып барамын

Ноғайлы қазақ елімнен!

Сөйтіп, Мұрат Мөңкеұлы «Қазтуған» атты қоштасу-жоқтау жырында өзін ізашары Қазтуған жырауға теңеу арқылы эпостық бағзы қалыбына тартады. Ұлы рухты шақырып, бақсыдай сарнайды.Жыраудың «Сарыарқа» дастанында өткен заманды еске алуы

Бұл жырда ақын жалпы қазақ халқының жайына, өткендегі кезеңді күндерге тоқтай келе өзінің көкейкесті армандарын ортаға салады. Мұраттың осы толғауының жарыққа шығуы жайлы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қ. Жүсіп мынадай мəліметтер ұсынады: «Ел ішіндегі əңгімеге қарағанда, «Сарыарқаның» жырлану тарихы былай айтылады: 1878–1879 жылдың жұтында Мұрат жалғыз түйесін жетелеп, үй-ішін алып Маңғыстауға кетіп, нағашы жұртын паналайды. Мұраттың айтулы ақын екенін ел біледі. Адайдың қызба жігіттері: «Мұрат айтқыш дейді, сонысын байқап көрелік, өзіміздің Аралбаймен, Қашағанмен айтыстыралық. Мұрат өз ауылында жүргенде елін, жерін, Берішін мақтап дес бермейді дейді. Енді несін мақтайды, жұтаған елін мақтай ма? Қаңғып келіп біздің елден күн көріп жүр, енді айтыстырсақ, ол жеңіледі, дандайсуын қояды» деп ел арасына сөз жүгіртеді. Мұрат мұны естіп бір кезеңі келер деп іштей ширығып жүреді. Осыны сезген үлкендер: «Мұндай əңгімені қойыңдар, Адай-Беріш əрі ағайын, əрі мұңдас елміз. Мұрат əрі қонақ, əрі жиен. Нағашы мен жиеннің арасындағы айтыс насырға шауып, арты жақсылыққа апармауы мүмкін, тек жүріңдер» деп қойғызады. Сөйтіп жүргенде Адай елінің үлкен жиыны болады. Айтушылардың əңгімесіне қарағанда, тоғыз болыс ел жиналады. Жиын басталарда үлкендер: «Алдымен ақындарды сөйлетейік» дейді. Сонда елдің Матжан деген атақты ақсақалы: «Оларың дұрыс болар. Алдымен сөзді əрі жиен, əрі қонақ Мұратқа берелік. Елін, жерін сағынып жүрген болар немесе біздің елдің жігіттерінің сөзі тиіп жүрген болар, өз ақындарымызды кейін көрерміз», — дейді. Ел мұны мақұлдайды. Сонда іштен тынып ширығып жүрген Мұрат осы «Сарыарқасын» жырлайды. Мұраттан кейін ешкім сөйлемей, жиын жалғасып кетеді. Бұл толғау осылайша туады. Сонда бұл дастан 1880 ж. жырланған екен. Х.Досмұхамедов осыны қуаттайды»

Мұрат Мөңкеұлы өмір сүрген кез — XIX ғасырдың екінші жартысы. Осы уақыттағы патша үкіметінің отаршылдық саясатының түпкі мақсатын ақын терең түсінді. Оның көз алдында Еділ мен Жайықты тел емген есіл елді орыс помещиктері мен графтары ығыстырып, жер-суынан айырып жатты. Қаналған жұрттың өз мекенін, өз құқын қорғауына еш дəрежесі болмады. Мұрат секілді ақындар жүрегінен улы жыр еріксіз ақтарылды.«Сарыарқа» жыры өткен заманды еске алып, сонау Асан қайғыдан бастап ата қонысты тастап,озбыр елдің басқыншылық əрекетінен ауа көшіп, жылы орындарынан қозғалғандығын ашына айтады:

Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп, талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай

Біз түгіл солардан да қалған қоныс.

Бұл қоныс – жеті жұрттың кеткен қоныс.

Ноғайдың көшіп, талақ еткен қоныс.

Кемелсіз қонған елін көп тоздырған,

Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?!

Əуелде құтты болса, неге кетті,

Еңіреп Қазтуғанның көшкен қоныс.

«Сарыарқа», «Үш қиян» — шоқтығы биік туындылар. Бұл – тарих, берісі — Алшын, әрісі —Алаш тарихы, сонау Ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі.Қазақ қоғамының бір қиын сəтінің тарихи энциклопедиясы болған Мұраттың «Үш қиян» толғауы. «Үш қиян» қайтып оралмас өткен шақ, құбылмалы «сұм» заман, қайырсыз қоныс жөнінде егіле толғаған көркем поэма. Сол кезде қазақ даласында енді-енді нышан бере бастаған құбылыстарға ақын

өз тарапынан баға ұсынбақ болған. Замана туралы, халықтың тұрмыс-тіршілігі жайында көкейкесті ойларын, өкініші мен күдігін, арманы мен үмітін Мұрат жырау өз дастанында былайша тебірене толғап, төгіле жырлаған:

Заманнан заман оралған,

Дүние шіркін соны алған.

Адыра қалғыр бұл қоныс,

Қайырсыз екен озалдан.

Қайырсыз неге десеңіз,

Асан қайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс —

Қалған екен солардан.

Біз де бір сондай болармыз,

Артық па едік олардан?!

Көшпелілер жерді кие тұтқан.

Көшпелі ұғымында жер жансыз табиғи құбылыс жай ғана аумақ

емес. Ол — жанды бейне. Жанды болғанда қасиетті бейне — «Жер-Ана» келбетінде көрініс табады.

Мұраттың толғауында туған жер ұғымы үштағандық тұтастық арқылы аңғартылады:

Еділдің бойы — қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстау бойы — шаңды қиян,

Адыра қалғыр үш қиян!

Үш қиянның ара бойынан

Жеті жұрт кетіп, жол салған.

Жеті жұрттың кеткен жер,

Қайырсыз болған неткен жер?

Адыра қалғыр көк Жайық,

Көпір салып өткен жер,

Асан қайғы, Қазтуған,

Орақ, Мамай, Телағыс,

Шораның шұбап кеткен жер.

Сырт елден қауіп-қатер төнбесе, ел дəулеті өркендейді. Жер-Ана бар байлығын жайып салып, жайлаған ел барлық қызығын көреді. Сондай құнарлы, жайлы қоныс Еділ мен Жайық, Маңғыстау өлкесі болған-ды:

Тұлпар мініп, ту алған,

Дұспанын көріп қуанған,

Алмасын қанға суарған,

Аруақты ерлердің

Абыройын төккен жер,

Керегесін кескен жер,

Кесіп, бұршақ еткен жер.

Ердің соңы Исатай

Бармағын тістеп өткен жер.

Жеті жұрт көшіп кеткен соң,

Атамыз қазақ баласы

Қонып, мекен еткен жер.

Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,

Жүзден-жүзден нар байлап,

Дəулеті қалың біткен жер.

Аузы түкті кəуірдің,

Толғауда қазақ халқының кең далада, көлде қонған қаздай жайқала көшіп, үй-жайын қомдап,қонған тұстары былайша суреттелген:

Шаңдаттырып даласын,

Талқан етіп қаласын,

Атамыз қазақ болғанда

Əлденеше шапқан жер.

Қоралап айдап дұшпанды,

Үргеніш пенен Бұхарға

Əлденеше сатқан жер,

Алтын ала, ақ күміс

Жүзден нарды байлаған,

Салтанат түзеп мырзалар,

Тамашаға батқан жер.

Қайырсыз болып барады-ау!

Атамыз өткен Асан би

Мұны да құтсыз деп айтқан жер!

Бабаларының басқан ізіне қарап, тұлғаларды жоқтайтын «Үш қиян» толғауында қазақ жұртының өткен өмірінен мəлімет беретін сан алуан атаулар мен есімдер көптеп кездеседі. Мұраттың жырында «Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер» делінгендей, қоныстан қоныс таңдап, жер үстін шарлаған ойшылдың аз-кем тұрақтаған мекені болыпты-мыс:

Ақтөбе менен Қорғанша,

Асан қайғы бабаның

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып,

Əңгіме құрып кеткен жер.

Мұның бəрі ақынның Асанның шығармаларының сарынын толғауларына арқау еткенін, оның өзіне қатысты ауыздан ауызға жеткен əңгімелерді санаға сіңіріп өскенін дəлелдейді. Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығында «үш» санымен өрнектелген тіркестер жеткілікті.

Ақын айтар ойын үштіктің бірлігіне орайластыруға бейім тұрады. Ол отарлаушылардың алдында кесе-көлденең жатқан үш өзенді жайлаған үш мекенді жауды жақындатпайтын қалқан көреді. Бұл үштіктің іргесі сөгілсе, елдің күйі қашқаны деп санайды:

Еділді тартып алғаны —

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны —

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны —

Ойдағысы болғаны.

Маңқыстаудың үш түбек

Оны дағы алғаны.

Үргеніш пен Бұхарға

Арбасын сүйреп барғаны,

Қонысың бар ма қалғаны?!

Мал мен басты есептеп,

Баланың санын алғаны —

Аңғарсаңыз, жігіттер,

Замананы тағы да

Бір қырсықтың шалғаны!

«Үш қиянның» азалы түйін-тұжырымы осы.

Мұрат өлеңінен ел бірлігінің берекесі қашқанын, бітімгерлік бəтуаның бұзылғанын көреміз.

Екіге жарылуды ақын екі адамның ұстасуы түрінде бейнелейді:

Адамның азған белгісі:

Екі кісі дауласса,

Тату бол деп айтпайды.

Екі айырып арасын,

Арасынан пара алған.

Мұсылманның баласы

Қашуды қойды арамнан.

Заманның бұзылуына байланысты ендігі адамдарда қайыр, шапағат, салауат деген қалмай барады. Ар, ұят, иман, адамгершілік жоғалып, жабайыланып барамыз деген пікірлерін жырлайды ақын:

Шапағат, қайыр қалмады

Жақын-жуық, жараннан.

Атқа мінген жігітте

Қалмады нəрсе қарардан,

Қайыр кетіп қазаннан,

Қуат кетіп азаннан.

Ақынның тұжырымы бойынша, адамның азуы заманға емес, керісінше, заманның азуы адамға байланысты. Адамның азған белгісін сипаттаған жырау «заман азды» ұғымына басқаша көзқарас танытады:

Бəйіт еттім бұ сөзді

Қайғы шегіп заманнан.

Заман азып не қылсын —

Ай орнынан туады,

Күн орнынан шығады,

Мұның бəрі адамнан.

Кемеңгер жырау дастанның соңында сұмпайы заманның бейнесін өте дəл береді. Ақын өзге жұрттың əдепсіз ғұрпы бірден-бірге дендеп еніп, қазақты бүлдіріп жатқанын айтып, зорлықпен келген заманға жиіркене қарайды жəне болашақтан түңіледі:

Мен хауіп еткеннен айтамын:

Ақ борықтай иілген,

Кейінгі туған баланың

Ұстай ма деп білегін,

Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін.

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңін!

«Үш қиян» дастаны — Мұрат ақынның жүрегін жарып шыққан ең мұңды, ең зарлы шығармасы.



Түйін

Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығының бүгінгі жəне келер ұрпақ үшін қажеттілігі неде? Біздің пікірімізше, ең алдымен, ақынның өлең-жырларын зейін қойып оқи отырып, ел мен жер тарихынан мол мағлұмат алуға болатындығында. Мұрат шығармашылығының біз үшін тағы бір құндылығы ақынның көркем тілі, оның тілі əдебиетімізге негіз болған ел əдебиетінің тілі. Өткен тарихтан білетініміз, «Тіл, əдебиет институтының қызметіндегі өрескел қателіктер туралы» дейтін 1947 ж. атышулы Қаулыдан кейін бір шоғыр саңлақтар қатарында Мұрат ақынның шығармаларын да ауызға алу қылмыс саналғаны белгілі. Өмір шындығын бұлтартпай айтып, отаршылдық озбырлығына ашық қарсы шығып, бұрынғы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қазақы бейбіт, аңғал да албырт өмірді көбірек дəріптегені үшін Кеңес кезеңі оған «зар заманның кертартпа ақыны» деп айдар тағып, атын тұмшалап келді. Бірақ та түн-түнектің артынан жарқыраған күн шықпайтын ба еді?! Тарих қойнауында көміліп жатқан «таза, мінсіз, асыл сөздерді» егемендік лебі «толқытып шығарды». Қ. Сыдиықов, Б. Қорқытов, Ғ. Əнес, А. Мектеп, Ш. Керім, М. Құлкенов сынды еңбектерінің нəтижесінде Мұрат ақынның жыр жинағы бірнеше дүркін баспа бетін көрді. Халық дəн риза боп, сусаған рухын суарды. Əйтсе де, бабалар аманаттаған асыл дүниелерді іздеп тауып, туған халқына табыстау дейтін абыройлы міндет-борыш қазақ барда алдағы уақытта да тоқтамақ емес.



Əдебиеттер тізімі

1 Иманқұл Ж. Көршінің «көзірі» / Ж. Иманқұл // Жалын. — 2015. — № 1. — 2–5-б.

2 Қожабекова Қ. Зар заман ақындары / Қ. Қожабекова // Қазақ — № 47. (613). — 2012. — 23 қараша. — 11-б.

3 Зар заман: жыр-толғаулар / Құраст. С. Дəуітов. — Алматы: Жалын, 1993. — 176 б.

4 Неталиев М. Кіші жүз шежіресі (Тарихи-этнографиялық зерттеу) / М. Неталиев. — Алматы: Арыс, 2014. — 296 б.

5 Жүсіп Қ. «Екі жақты, бір тілді, сөйлейтін сөзге шешенмін...» / Қ. Жүсіп // Ана тілі. — № 28 (1182). — 2013. — 11–17

шілде. — 6, 7-б.

6 Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. (Қазақ əдебиеті тарихынан очерктер) / Ы. Дүйсенбаев. — Алматы: Жазушы, 1970. —

192 б.

7 Көшекұлы Е. «Таудағы тарлан бөрі едім...» / Е. Көшекұлы // Егемен Қазақстан. — 10 сəуір. — 1993. — 6 б.

8 Базарбаев С. Мұрат Мөңкеұлы Атыраудың ғана ақыны ма еді? / С. Базарбаев // Алтын Орда. — № 27 (389). — 2007.

5–11 шілде. — 28 б.



9 Досмұхамедұлы Х. Аламан / Х. Досмұхамедұлы / Құраст., алғы сөзін жəне түсінікт. жазғ. Ғ. Əнесов, А. Мектепов,

Ш. Керімов. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 176 б.

10 Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: оқулық / Х. Сүйіншəлиев. — Алматы: Санат, 1997. — 928 б.

11 Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым / Құраст. Б. Тоғысбаев, А. Сужикова. — Алматы: Алматы кітап,

2006. — 376 б.

Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін ызмет
Жалпы ережелер
ызмет стандарты
дістемелік кешені
бекіту туралы
туралы хабарландыру
бойынша жиынты
біліктілік талаптары
кіміні аппараты
жалпы біліктілік
Конкурс туралы
ойылатын жалпы
мемлекеттік кімшілік
білім беретін
жалпы конкурс
Барлы конкурс
республикасы білім
ызмет регламенті
ткізу туралы
конкурс атысушыларына
біліктілік талаптар
атысушыларына арнал
дістемелік сыныстар
идаларын бекіту
Республикасы кіметіні
облысы кімдігіні
рсетілетін ызметтер
мемлекеттік ызмет
мемлекеттік мекемесі
Мектепке дейінгі
стандарттарын бекіту
Конкурс ткізу
дебиеті маманды
мерзімді жоспар
білім беруді
дістемелік материалдар
жалпы білім
ауданы кіміні
мектепке дейінгі
конкурс туралы
облысы бойынша
рметті студент
мыссыз азаматтар
Мемлекеттік кірістер
дарламасыны титулды
Конкурс жариялайды
дістемелік кешен
ызметтер стандарттарын
разрядты спортшы
мелетке толма
директоры бдиев

Loading...