Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Тасқала ауылы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің математика және информатика пәндерінің мұғалімі Кубашова Шынар Конарбаевна
Тәуелсіздік жылдарындағы білім беру жүйесінің жетістіктері Эссе БІЛІМ... Білім алу бүгінгі таңда адам үшін маңызды үдеріс болып отыр. Дана халқым айтқан «Білім алу –инемен құдық қазғандай» деп. Иә, сол заманда білім алу одан да қиын болған болар. Қоғамда білім алуға, оқуға құштар адамдарға кері көзқарас қалыптасқан, молданың ілімінен басқа ілімге бет бұрған қазақты «жындымен» тең көрген заман болатын.
Ата-баба ғасырлар бойы тәуелсіз, бейбіт өмірді аңсап, қаншалықты қиын да тауқыметті өмірді бастан кешірді. Қазақты қазақ етемін, ел қыламын деген хандар мен төрелердің қаншасы өтті өмірден?! Соңғы 100 жылдың тарихының өзі - көзі ашық, көкірегі ояу қаншама қазақтың өмірінің қыршыннан қиылғанына куә. Осынша құрбандықтың нәтижесінде, жаңаша өмірге, бейбіт өмірге, білімді ұрпақ өсіруге мүмкіндігі мол өмірге қол жеткіздік.
30 жыл Қазақ КСР-інің Қазақстан мемлекетіне айналып, бүгінгі ұрпақтың қолы жеткен мүмкіндіктері үшін, көп уақыт емес. 50 жылда ел жаңа деген ойды біз 30 жылда іске асырдық. Бұл Елбасымыздың көшбасылығының, халықтың төзімділігінің арқасы деп білемін.
Білім беру саласы тәуелсіздік алған алғашқы 10 жылда біраз құлдыраудан өтті. Мектептер жөндеуден өтпеді. Оқу құралдар жеткіліксіз, мемлекеттік оқу құралдар болмады. Кеңес одағы авторларының оқулықтарын қолдандық. Экономиканың уақытша құлдырауы салдарынан бюджеттер қаржысыз қалды. 1995-1999 жылдары бірнеше айлап жалақы болмау салдарынан мектептерде ұстаздардың да қатары сирей бастады. Еліміз өз тәуелсіздігін 1991 жылы алғанмен, мен өзім 1995 жылы мектепті кеңестер одағы авторлары дайындаған оқулықтармен оқып бітірдім. Иә, институттағы жағдай мүлдем қиын болды. Оқу пәндері бойынша оқу құралдарының аздығы сол 30 студентке 1 кітап болды. Практикум тапсырмаларын орындау үшін оқу залына топ студенттері жиналып барып 1 кітапты ортаға алып орындаушы едік.
Бүгін 1 оқушыға 100 кітаптан ұстауға болады. «Кітап неге керек?» дейтіндер де табылады. Неге? Өйткені ауқымды интернет желісі бар. Кез-келген отбасы мүшелерінде жеке смартфон, үй басына бір компьютер. Жыл сайын жаңа мектептер салынып, өзге мектептер күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ақпараттық техникалық құрал жабдықтармен шалғай ауыл мектептері де қамтамасыз етілуде.
Мен өзім педагог қызметіне келген 20 жылдың ішінде білім саласында біраз реформалар да жүріп өтті. Соның ішінде 12 жылдық білім бағдарламасын енгізу жұмыстары, Кэмбридж бағдарламасына сәйкес үш деңгейлік бағдарлама бойынша ұстаздар білім берудің жаңаша әдіс тәсілдерін меңгеріп, сабақты жаңаша құрып, бағыттаушы қызметінде оқушыны өзі іздене білуге үйретуге дағдыланды.
2015 жылдан бастап ғылыми бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту мақсатында, физика, информатика, химия, биология пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін меңгере бастады. Бұл реформаның мақсаты елімізде ғылым саласын дамыту үшін әлемдік ғылымға қол жеткізу болды. Әлемдік ғылымға қол жеткізу ол ағылшын тілінде оқып түсіну еді.
Сонымен қатар, жаңартылған білім бағдарламасын жаппай ұстаздар қауымы меңгеріп шықты. Бұл реформаның басты мақсаты, білім саласында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін қолдана отырып, әр баланың өмірден жол табуына мүмкіндік беретіндей білім беру.
30 жылда ел ғана емес ұрпақ, адамзат санасы, білім берудің стилі жаңарды. Басындағы ата бабамыздың «Білім алу – инемен құдық қазғандай» деген сөзіне оралғым кеп отыр, бүгінгі білім саласындағы жетістіктерге қарап инемен құдық қазатындай білім алу бүгін қиын емес деген ойға келемін. Оқимын, білемін деген адам үшін мүмкіндіктің бәрі бар десе болады. Білім саласын дамыту үшін, білім қуған қазақ баласы үшін ел басында отырғандар қаражатты аяп жатқан жоқ. Оған өзіміз куә боп отырмыз. Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша республикалық гранттар көптеп бөлінуде, Болашақ бағдарламасы бойынша қанша қазақ баласы дамыған елдердің университеттерінен білім алып келіп жатыр. Салынып жатқан, күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептердің бәрі үкіметтің қаржысынан. Оқулық, ақпараттық-технологиялық құрал жабдықтар, әр мектепке қосылып тұрған интернет желісі бәрі осыған дәлел болады.
Елімізде БИЛ, НЗМ сияқты инновациялық дарынды балаларымызға арналған мектептер қаншама? Менің қызым биыл екінші жыл Орал қаласындағы НЗ мектебінде оқып, білім алуда. Ата – ана үшін қаншалықты көмек десеңізші. Баланың жататын орыны, ішетін тамағы, киетін киіміне дейін мектеп тарапынан қамтамасыз етілген. Міне, еліміздің дамығаны деген осы.
Қазақстан азаматы болғаныма, тәрбиелеп өсірген 5 баламның осы елдің ұрпағы болғанына қуаныштымын. Ұстаздың міндеті бүгінгі таңда, шәкірттерімізге білімді ала білуді үйрету ғана деп ойлаймын. Баланың қабілетіне қарай, дамуына үлесін қосатындай білім көзін көрсетіп берсек жеткілікті.