Мен - заманауи бастауыш сынып мұғалімімін
Ұстаздық - өнегелі жол, даңғыл жол! Ұстаздың еңбек жолы үнемі ізденуді талап етеді. Ұстаздық - мен үшін қастерлі де қасиетті мамандық.
Мен ұстаздықты бала күнімнен армандадым. Менің ұстаздық өмір жолым 2003 жылдан басталды. Осы жылдар ішінде өзімді дамытып, шыңдадым десем де болады.
Өзімнің көп жылғы тәжірибеме сүйене отырып заманауи ұстаз болмысын айтар болсам, біріншіден, мұғалім - үздіксіз ізденуші. Оған дәлелім мен әрқашан теориялық білімімді дамытып, методикалық әдістерді үнемі оқып, жаңартып отырамын. Қазір ғылым мен техника қарқынды дамып келеді. Осыған орай мұғалімнің міндеті өмір сүруге икемді, қоғамға пайда келтіретін білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Бұл жұмысты кәсіби білімі терең, бәсекеге қабілетті ұстаз ғана атқара алады.
Заман талабына сай жоғары деңгейдегі сабақтар өткізу үшін білімдегі жаңалықтарды оқып, үнемі өзімді дамытып отырамын. Ы. Алтынсарин: "Оқушы сабақты түсінбесе, кінәлі емес, оны түсіндіре алмаған мұғалім кінәлі" деген сөз бар емес пе? Осы ұлағатты сөз менің ұстанымым десе де болады. Егер оқушы түсінбей жатса, онда менің әдістемемнің әлсіз болғанын мойындап, қателігімді түзетуге тырысып келемін.
Әлемдік тәжірибеде көрсеткендей, білім беру процесінде цифрландыру жүйесі өте қажет. Бұл жүйе білім беру сапасын жақсартады. Өз сабағымда оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін интерактивті тақтаны пайдаланамын. Әр сабағымда слайд түрінде таныстырылымдар, бейнефильмдер көрсетіп отырамын. Мектебіміз интернет желісімен қамтамасыз етілген. Менің жұмыс кабинетімде сабаққа қажетті құрылғылар бар. Күнделікті сабақта АКТ-ны кеңінен қолданамын. Күнделікті сабақ мақсаттарымен қатар тәрбиенің де негізін қалау менің басты міндетім. Тұлғаның білімді болып қалыптасуы, елдің тірегі болуы - тәрбиенің ең қымбат қазынасы. Ең басты тәрбие отбасынан басталуы керек. Мектеп - ата-ана - ұстаз тығыз байланысты құрау қажет. Осы байланыс арқылы терең білімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Заманауи ұстаз ретінде сабақ беру барысында түрлі білімге және тәрбиеге қатысты ойындар үнемі жүргізілу барысында оқушылардан қызықты кері байланыс алып отырамын. Оқу, тәрбие барысында жаңа әдіс-тәсілдерді ұтымды, шеберлікпен пайдалана отырып, оқушылардың білім деңгейін, қабілетін саралай білуді, заман талабына сай қалыптастыруды басты міндетім деп білемін. Осы басты міндеттерімнің нәтижесін көріп отырмын.
Қорытындылай келе, ғұлама Абай атамыздың нақыл сөзіне сүйене отырып: "Өзіңе сен өзіңді алып шығар, білімің мен еңбегің екі жақтап" дегендей білім мен еңбекті ұштастыра отырып, қазіргі заман педагогымын деп нық сеніммен айта аламын. (350 сөз)
Достарыңызбен бөлісу: |