Мектепте діни тәрбие беру арқылы жеке тұЛҒаны дамыту


Қазақ ағартушы ғалымдарының мектеп оқушыларының діни дүниетанымын қалыптастыруға байланысты көзқарастары



бет8/21
Дата10.06.2022
өлшемі294.58 Kb.
#267419
түріДиссертация
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21
Байланысты:
МАМЫРОВА АНАР

1.2 Қазақ ағартушы ғалымдарының мектеп оқушыларының діни дүниетанымын қалыптастыруға байланысты көзқарастары
Қазақстан ойшыл ағартушыларының қайсысын алсақ та, олар табиғатқа еліктемей, оның сырын ашып, еліне, халқына танытуға талпынбай қалған емес. Адам баласы табиғат аясында өмір сүре отырып, оның терең сырын білуге қызықпай қоймайды. Өйткені табиғат өз ерекшелігі, сұлулығы, құпиялығымен адамды еліктіріп, өзіне тартып, көңіл күйге әсер етеді. Сондықтан да ойшыл-ағартушыларымыздың бірі табиғат тамашасын өлеңмен жеткізсе, енді бірі сөзбен өрнектеді. Сөйтіп келешек жастарға өшпес, жоғалмас мұра қалдырды. Табиғатқа, қоршаған дүниеге тікелей қатыстарын көрсеткен, соған деген көңіл күйлерін сездірген ағартушыларымыз Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев болды. «Бұлардың бәрі де қазақтың киіз үйінде туып, өз елінің өкілі болып шығумен қатар, тек қазақ халқының ғана тіл, өнер, тарихи мәдениет ерекшеліктерінің көлемінде қалған жоқ, туысы қазақ болса да бұлардың өрісі, өсуі басқаша», — болды. «Бұл үшеуі заманында надандық түнегі басқан қараңғы сахарадан шыққан алғашқы елшілер, ізденушілер еді» — дейді әйгілі жазушы М.Әуезов. Бұлар табиғатты, қоғамды, адамды жан-жақты зерттей қарады. Адам қатысының жақсы жақтарын халыққа, жастарға үлгі етіп, қолайсыз жақтарынан жастарды сақтандырды. Мұны осы аты аталып отырған ағартушыларымыздың шығармаларынан анық көре аламыз. Бұл туралы С.Ұзақбаева «Қазақ ағартушыларының эстетикалық көзқарастары мен орнықты пікірлерінің халықтың дүниетанымдық көзқарастарымен тығыз байланыстылығы сол өздері өмір сүретін дәуірдегі тарихи жағдайдан туындап отыр» — деп жазды.
Дүниетанымдық мазмұн адам, табиғат, қоғам тақырыптарына жинақталған үш ірі блоктан тұратын болса, осы үш мәселе төңірегінде де Ш.Уәлихановтың ой-пікірлеріне назар аудармай өте алмаймыз. «Шоқан болса, айқынырақ түрде анықталып келе жатқан ғалым еді. Ол саяхатшы, этнограф, мәдениетті тарихшы болып қалыптасты». Ғұлама ғалым, ағартушы ретінде ол адам болмысы, оның мінез-құлқы тұрғысындағы пікірлерін әр салада айтып қалдырды. Әсіресе, оның қазақ этнографиясындағы ізденістері сан-салалы. Осы мол мұраның ішінде «Ұлы жүздің мақал-мәтелдері» деген адам қарым-қатынасына жататын ауыз әдебиетінің нұсқалары бар. Шоқанның бұл жазбалары Ыстықкөл күнделігінен табылған. Мәселен: «Асыққан қарға, түсесің торға», «Сусыз жерде қамыс жоқ, азған елде намыс жоқ», «Ұят кімде болса, иман сонда», «Ақыл дария екен, көңіл дүлділ екен» және т.б. Бұл мақал-мәтелдердің пайдасы адам мінез-құлқына тұрмыс-салтына орай ой тастайтындай мағлұмат беруінде. Сол сияқты Шоқан Уәлиханов Ыстықкөл экспедициясы кезінде Тарбағатай өңірі, Балқаш бойы және Іле алқабының табиғаты туралы өзінің зерттеп байқағандарын жазды.
Мұнан әрі жүрген жолында Лепсі, Басқан, Ақсу өзендерін басып, Жоңғар Алатауының етегімен Іле арқылы Шелек өзенінің аңғарына шығып, өзінің осы жолдағы көрген аймақтарының табиғатын аса шебер сипаттады. Балқаш пен Лепсі бойындағы құм басқан аймақтың көрінісін, сусыма құмда өскен қамыс пен ши арасындағы сирек кездесетін жануарлардың (жылан, тасбақа және т.б.) тіршілігін өте дәлдікпен бейнелейді. Басын Алатаудан алып, Балқашқа құятын Лепсі өзенінің сағасында өсетін үшқат, қайың, тал, көктерек, жиде сияқты өсімдіктерді, қалың нудың арасының құсқа, басқа да жануарларға байлығын, бұл жерде кейде тіпті жолбарыстың да кездесіп қалатынын әсерлі баяндайды.
Ш.Уәлиханов Қазақстан табиғатын суреттегенде өзі зерттеген аймақтарының тек жер бедерлерін, ішкі суларын, ауа райын сипаттап қана қоймай, бұл өңірлердегі өсетін өсімдіктер мен жануарларды атап қана өтпей, олардың кейбір түрлерінің суреттерін де үлкен шеберлікпен салған.
Ш.Уәлиханов жер, су аттарының шыққан тегін де зерттеп, олардың тарихына тоқталған. Ғалымның, әсіресе, Ыстықкөл алабын картаға түсіруге қатысуы бұрын болмаған жағдай еді. Ол көлге құятын өзендерді, көлді қоршаған тау жоталарын да картаға ендірген. Бүкіл жүрген жолындағы табиғат көрінісін егжей-тегжейлі сипаттап қана қоймай, өсімдік, жануарлары туралы ғылыми деректер беріп, бунақ денелілер, өсімдіктер жиынтығын жинайды.
Шоқанның көп көңіл аударған мәселесі жергілікті халықтардың ауыз әдебиеті, тұрмыс-салты болды. Бұл мәліметтер тек қырғыз өлкесіне ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарына қатысты. Мұндай мәліметтердің жастар үшін дүниетанымдық мәні ешқашан жойылмақ емес.
Ғалымның дүниетанымға қосқан үлесінің бірі — қазақ халқының киім-кешек үлгісі, тұрмыстық құрал-жабдықтары жайыңдағы пікірлері. Әсіресе, қазақ тұрмысында қолданылатын аңшылық, соғыстық жабдықтарды талдап, қамшының, пышақтың, найзаның, жебенің, айбалтаның қандай түрлері барын, олардың әрбір бөлімі қалай аталатынын, тұрмыстық пайдасын, аң аулау кезінде ер адамдар тағатын белдіктің (кісе) маңызын оның ішіне салынатын оқ, шақпақ тас, мылтықтың білтесі, мылтықты майлайтын май, пышақ және т.б. туралы жазып қалдырған деректерінің жастардың дүниетанымына тигізетін пайдасы мол.
Шоқан әрбір табиғи көріністің атын ғана беріп қоймай, оның суретін салып қалдырған. Бұл туралы жазушы С.Мұқанов «Шоқан — өте шебер суретші болған адам» дейді. Сонымен қатар Шоқанның қоршаған ортаны көркем тілде бере алатынын айта келіп, «...табиғатты немесе адамды сипаттау жағынан да шын мағынасында көркем беретін», — деген. Қоршаған табиғат аясының адамның жан дүниесіне тікелей әсер ететінін Шоқан тартымды да әсерлі сипаттайды. Оның мұндай терең пікірін шеркестер туралы және оған салыстырмалы түрде берілген сахаралық қазақ халқының табиғатқа еліктеуі жайындағы ой-толғамдарынан көруге болады. Мәселен, ол шеркестер тұрмысын суреттей келіп, «Таудың түнерген жағы көркі сұлу болғанмен, көңіліңізді құлазытатын, зілдей болып еңсенді басып тұрады, біресе сіз бір тамаша сарқыраманы көріп, қайран боласыз да, бар зейініңіз соған ауады, біресе түпсіз терең тау жықпылынан қорқып, зәреңіз ұшады, зәулім шыңдар мен гүрілдеген өзендердің бәрі де бір түрлі сұсты, ашу түйіп тұрғандай, сүйтіп сіз осылардың әсерінен әлденендей бір беймаза әрекетке бейімделе бастайсыз. Бір нәрсе үнемі жетіспей тұрғандай болады»... деп, сұсты да, әдемі табиғаттың адамның жан-дүниесіне тигізетін әсерін айта келіп, осы қоршаған тағы табиғатқа шеркес халқының бейімділігін сипаттайды. «...Тауға шынықса, шеркестер шынығады, таудан тәрбие алады. Шеркес дүниеге келісімен-ақ табиғатпен араласа бастайды» — деп, тау табиғатының шеркес мінезіне тигізетін әсерін онан әрі суреттей келіп, «... Шеркестің тағылым алар ұстазы осылар, өнегесі қандай» — деп, табиғат қатаңдығының адамды шыңдай түсетінін көрсетеді.
Ал бұл көрініске керісінше сахара халқының жайбарақат мінезі оның жерінің кеңдігі, еркін қаннен-қаперсіз өсіп-өніп жатқан жан-жануарларының адам тұрмысы мен мінез құлқына өз таңбасын түсіретінін де көрсете біледі. «Онда құдайдың құстары да, аңдары да дархан, қаннен-қаперсіз, еркіншілікте күн кешеді» — деп, бүкіл сахара тіршілігінің жайбарақат қалпын сипаттайды. «Ұшы-қиыры жоқ теңіздей шексіз даласы жасыл дастархандай болып жайылады. Қайда барсаңыз да, көретініңіз тіршілік қамы: ара мен көбелек ызыңдап, гүлден-гүлге ұшып-қонып жүр» — деп, жайбарақат тіршілік тылсымын кең табиғат ортасын, мол дүниені сезінетіндей күйге түсіреді. Бұл ғұламаның дүниетанымдық көзқарасының асқақ шыңы.
Шоқанның табиғатты жете зерттеп артында ғылыми еңбек қалдырғанын С.Мұқанов былай суреттейді «...ол жолшыбай кездескен өсімдіктердің, жәндіктердің, тастардың латынша, орысша және қазақша (қазақтың ұлттық ғылымында бұл бірінші жаңалық) аттарын жазып отыратын». Шоқанның этнограф, географ ретінде Қазақстан жеріндегі зерттеулеріне қатыстысын Ә.Бірмағамбетовтың еңбегінде толық сипаттайды.
Шоқанның жастар дүниетанымына әсер ететіндей шығармалары ұшан-теңіз. Оның еңбектерін оқығанда қазақ тұрмысы көз алдыңа керіле тартылады. Солардың бірі — «О хлебопашестве», «Юрта» атты шығармалары. Мәселен, «сүйегі» үш-ақ бөлімнен тұратын (кереге, уық, шаңырақ) киіз үйдің көші-қонға ыңғайлылығын нанымды, дәлелді суреттейді. Тез жиналатын, кез келген жерге тіге қоюға ыңғайлы үйдің ішкі көрінісін, ою-өрнектерінің, әшекей тағымдарының эстетикалық мәнін көрсетеді.
Сонымен қатар, қымыз ашыту оған керекті ыдыс-аяқтар, бай үйі мен кедей отбасы жайындағы ой толғамдарынан сол кездегі қазақ тұрмысының таптық көрінісінің де бетін ашады. Сол сияқты «О хлебопашестве» шығармасында қазақ халқының XVII ғасырдан бастап өзбектерден, қытайлардан үйренген кәсіп — егін егумен (тары, бидай, жүгері, зығыр және т.б.) айналыса бастағанын айта келіп, туған өлкенің шұрайлы да кейде қуаң да табиғатын жеріне жеткізе суреттейді. Жер жырту, арық қазу, тереңнен су шығару (құдық) қазаққа қиындыққа соға қоймайтыны, кең байтақ өлкенің шөлді табиғатын меңгеруге талпынуынан туған шеберлік болуы керек деген ой түйеді.
Шоқан шығармалары оқушылардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру туралы сөз қозғағанда табан тірер байлығымыз.
Өзінің бүкіл болмысын халықтың көзін ашуға, жастарға білім беруге арнаған Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымдық көзқарасы өз алдына бір төбе. Бүкіл шығармаларының бәрінде де Ыбырай жастарды әсемдікке, адамгершілікке, табиғатты аялап, оның пайдасын түсіне білуге баулиды.
Оның хрестоматиясына енген халық ауыз әдебиеті үзінділері, шағын әңгімелер, мақал-мәтел және ертегі, аңыздар оқушының ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтуге бағытталған. Ол жастарға қандай білім беру керектігін саралаған пікірінде «...бұратана елдің балаларына тарих, география, жаратылыстану сияқты пәндерді оқытатын оқу құралдарын таңдап алу...» қиындық келтіретін мәселе екенін айта келіп, мұның «...белгілі бір жүйеге салынуы» керектігін ойластырады. Ғалымның бұл пікірі оның бастауыш сынып оқушыларының сауатын ашып, тіл үйретумен ғана шектелмей, оларды дүниемен таныстыруды да мақсат еткеніне дәлел болады.
«Ыбырайды осы дәрежеде қажырлы қайраткер еткен сана, бірінші жағынан оның өзінің еңбекші елмен, қалың бұқарамен нық байланысты болғандығынан, соның тарихи келешегін айқын көргендіктен сол келешекке бұлжымастай, айнымастай нық сенгендіктен». Оның хрестоматияға енген шығармалары адамгершілік, танымдық, дидактикалық бағытты ұстайды. Оқушыларды еңбекке, шыншылдық пен әділдікке, туған жерін, елін, табиғатын сүюге баулиды. Сұлу табиғат аясын пайдалана білуге, оның сырын, пайда-зиянын табиғаттың өз ортасынан үйренуге тәрбиелейтін ғажап әңгімелері көлемінің шағындығына қарамай, терең мазмұнды. Мұндай деректі пікірлерге негізделген шығармалар — Ы.Алтынсарин еңбектерінің арқауы.
Ы.Алтынсарин үнемі жастарды тазалыққа, әділдікке, парасаттылыққа шақырды. Білімсіздің күні қараң екенін әр шығармасы-ақ көрсетіп тұрғандай. Сонымен қатар, Ыбырайдың табиғат көріністерін сипаттауға арналған өлеңдері қазақ жерінің табиғаты мен тұрмысының біте қайнасқанын көркем өрнектейді.
М.Жармұхамедов Ыбырайдың табиғат көрінісін суреттеудегі шеберлігі туралы «Автор адам өмірі мен табиғатты шебер астастыру арқылы алғаш рет суреттеудің жаңа тәсіліне (табиғат лирикасын жасаудың) тыңнан жол салды», — дейді.
Оқушылардың ойын дамытумен қатар олардың дүниетанымын кеңейтуді мақсат еткен педагог өзінің Н.И.Ильминскийге жазған хатында «Екінші кітабымды мен балаларға қызықты етіп, табиғат құбылыстары, табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін», — дейді.
Ы.Алтынсарин өзінің хрестоматиясының алғы сөзінде «...қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды: оның ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр», — дей келіп, «Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай, жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық», — дейді.
Қазіргі талап бойынша қоғам, табиғат, адам арасын байланыстыра оқытуды мақсат етіп, ізденсек, мұның барлық желісі Ы.Алтынсарин еңбектерінде молынан сақталғанын көреміз. Соның бірі — халықтың салт-дәстүрі (келін түсіру, қыз ұзату, тұсау кесу және т.б) арқылы оқушыларды өз ұлтының ерекшелігін, тәлім-тәрбиесін терең білуге, оны бойына сіңіруге, елін жерін сүюге тәрбиелеу мақсатынан туындайды. Ы.Алтынсарин халықтың салт-дәстүрінің жақсы жақтарын әсерлей баяндап, оған қызығушылық тудыруға тырысса, жағымсыз әдет-ғұрыптарды сынай көрсетеді. Жастарды көзге түскеннің бәрін қабылдауға емес, оның жарамды, тиімді, жарасымды жақтарын таңдай біліп, бойға сіңіруге шақырады. Елінің әдет-ғұрпын, табиғатын дәріптей білген адам Отанын сүйеді. Осы қағида — Ыбырай шығармаларының өзекті мәселесі.
Баланың әке-шешеге парызын, ілтипатын, сыйын, туыстық, достық сезімін, сүйіспеншілк пен махаббат ізетінің тұрмыстағы орнын да Ыбырай әңгімелерінде молынан кездестіреміз. Қазіргі дүниетану бағдарламасында бұл мәселелер «Адам» блогінің негізгі проблемаларына айналып отыр.
Адам проблемасын өз мәнінде шешуге тырыссақ, Ы.Алтынсарин қағидаларына сүйенбей өте алмаймыз. Қазақтың қолөнерін де Ыбырай Алтынсарин өте жоғары бағалап, бірнеше қолөнер мектептерін ашқан. "Хрестоматия" оқулығына және басқа да ғылыми шығармаларына халықтық бай мұраны енгізіп, мәдениеттің, рухани байлықтың, тәрбиенің көзін халықтан тауып, халық арасында ғасырлап сыннан, талқыдан өткен қағидаларды іріктеп алып, тәрбие мен білім беру жолына айналдырды.
Табиғаттың сұлулығы мен байлығын танып, үйрене білген адам ғана оны өз пайдасына асыра алатынын, ал оны білуге талпынбаса, көргенін дұрыс қабылдай алмаса, өмір азабын тартатынын айта отырып, халықты білімге, оқуға, өнерге шақырған. Сондықтан да, Ыбырайдың педагогтік, шығармашылық қызметі Ә.Сыдықов, Т.Шойынбаевтың еңбектерінде толық талдап көрсетілген.
Ғұлама ұлы Абайдың дүниетанымдық көзқарастарын паш ететін өлендері мен қара сөздерінің мән-мағынасы уақыт өткен сайын терендей түсуде. Халықтың шынайы сөз байлығы Абай туындыларынан кең орын алған. Абайдың әрбір қара сөзінің тәлім-тәрбиелік жағы басым болып, жастарды жағымсыз мінез-құлықтардан (бос өткізетін қыдырымпаздық, серілік, бойкүйездік, мақтаншақтық және т.б) аулақ болуға, елге қолайлы, тұрмысқа тиімді іскерлік, шеберлік жақтарын жетілдіруге, тіл үйренуге, көркем сөйлеуге шақырады. Ақын халықтың салт-дәстүрінің жағымды жақтарын дәріптеп, жағымсыз жақтарынан сақтандырады. Оның өлеңдері мен қара сөздеріндегі өсиеттері жас жеткіншектерді өнер-білімге, еңбекке, табиғи сұлулықты дұрыс қабылдауға жетектейді.
М.Әуезов Абай өлеңдерін мазмұнына, мәніне қарай жіктеп, бірнеше салаға бөліп, бірінші « ... қазақтың сол күнгі қоғамдық тіршілігі ... бұл әлеуметтік тұрмыстың құралы есепті болған өлеңдер,... екінші бір жігі... табиғат, жаратылыс тақырыбына арналады», — дей келіп, мұнан әрі ақынның тікелей жастарға ғылымға ұмтылуға, надандықпен күресуге арналған шығармаларын атайды.
Белгілі философ М.Орынбеков Абай философиясының негізі адам проблемасы екенін ашып көрсеткен. Абайдың уағыздағаны — адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, білімділік, өзін-өзі бақылау, ұяттылық, парасаттылық. Абайдың адам баласының ерекшелігі, қасиеті, болмысы жайындағы пікірлері оның қара сөздерінде айқын баяндалған. Абай аңсаған адам тәрбиесі үнемі оқу-ағарту ісінің алдына қойған мақсаттарының бірі болып келді. Әсіресе, қазіргі таңда жеке бас тәрбиесін жоғары деңгейге көтеру мақсаты қойылып отырған жағдайда Абай шығармалары мен ой-пікірлеріне соқпай өту мүмкін емес.
Адамгершілік, ынтымақтық, татулық, әділдік, еңбекқорлық, адамдық, талапкерлік пен талпынушылық — Абай көтерген мәселелер. Абай адам мінезіне көп мән береді. «... ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез... бұзылмасын!», «...мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын. Бұл беріктік ақыл, ар үшін болсын» — деп жастарды орынды сөйлеуге, парасатты болуға шақырады. Абайдың біраз өлеңдері табиғат сұлулығын, оның сырын аша түседі. Бастауыш сынып оқушыларына білім мен тәлім-тәрбие беруде бұл өлеңдердің алатын орнына баға жетпейді, әр жыл мезгілінің көрінісін, табиғат көркін елжірете сипаттайтын шумақтар балғын бала жанына балбырата әсер етеді.
Абай табиғат көрінісіне қатысты жылдың төрт мезгілін түгел суреттейді. Бұл өлендерінде табиғатты жеке жансыз дүние қалпында қарамай, адам тұрмысымен, оның тіршілік қамымен байланыстыра көркемдейді, шындықты айқын, дәлелді және реалды түрде бейнелейді. « ... ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспашылдық жоқ.
Абай өлеңдерінің дүниетанымдық негізі оның шындықты нақ білуінде ғана емес, табиғат, адам, қоғамды қабыстыра беруінде. М.Әуезов Абайдың «Жаз» өлеңінің мән-мағынасын «Ең әуелі жас шалғынды, бәйшешегі толықси өсіп тұрған соны қонысты алады. Сол араға жеткен малдың ішінде, әсіресе, қалың топ жылқының ен суға, мол шалғынға емін-еркін араласқан күйлі кезін көрсетеді. Әлі үйін тігіп, жайғасқан ауыл жоқ. Жанды-жансыз табиғат арасында шұбартқан суретті өз қимыл-қозғалыстарымен толықтыра түседі. Сәнін молайтқан адам тобының әр алуаны көрінеді. Үй тігіп жатқан қыз-келіншек, ат үстінде мал аралап жүрген ауыл иесі үлкендер аталып өтеді. Содан жұмыс үстінде жүрген шешелерді жағалаған жас балалар, тынымсыз шабуылмен күнұзын салпылдап еңбек еткен жалшылар көрінеді; өзен бойында құс салып жүрген жас аңшы бозбалалар да ақынның көзіне түседі. Бай ауылына жағынышты, жалынышты тынымсыз көрші малай, қартаң ақсақал да өз әрекетімен аталып өтеді. Осылайша үлкен ретпен көп өмір көрінісін аз өлеңнің ішіне тығыздап сыйғыза білген ақын, негізінде реалистік пейзаж беріп отыр» - деп талдайды. Осы талдаудан да, өлең жолдарында ұлы ақынның табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра білгендігін айқын аңғаруға болады.
«Табиғатгы ағын судай, сымпылдап үшқан үйрек, қаздай динамикалы халде алған сияқты, адамды да тып - тыныш отырған үнсіз, қозғалыссыз күйде алмайды. Әркім әр алуан іс пен мінезде, құбылыста көрінеді. Осыдан буы аспанға шыққан, көшіп келген жәрмеңкедей жанды өмірді оқушыға аса қонымды етіп, «дәл осындай болады» дегендей, бас шұлғытып, иландыра біледі», — дейді мұнан әрі тағы М.Әуезов.
Ақын көшпелі қазақ халқының тіршілік тынысын, сырт қарағанда көзге бірден шалынатын кемшілігі мен жетістігін бақалшақтай шағады. Абайдың тікелей қоғамдық ой толғамын беретін өлеңдері де аз емес. Олардың қатарына: «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» және т.б. жатады. Абай бұл өлендерінде сол кездегі қоғамның жетістігін де, кемшілігін де аша түсті. Өзі өмір сүрген ортаның болмысын дәл шындықпен көрсете білді.
Абайдың қара сөздері мен өлеңдері жастарға дүниетанымдық, адамгершілік, эстетикалық көзқарастың дұрыс дамуына бағдар береді. Сондықтан да, Абай шығармалары мәні күн сайын күшейе түсіп, оқу-тәрбие құралдарына еңдіріліп, тиімді пайдалануды керек ететін құнды материалдар қатарында өмір бойы қала бермек.
Абай шығармаларын оқығаңда, қазақ халқының тарихи-мәдени деңгейін, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, отбасылық, қоғамдық, моральдік жағдайын толық көз алдыңызға елестетуге болатындығы жайында кезінде М.Әуезов айтқан болатын.
Абай философиясы қазақ халқының мүліктік, дүниелік байлығынан гөрі рухани байлығын дәріптеген. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұл тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем демек, не көрсе соған талпыну...» — дей келе, «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орыны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» — дейді.
Адамға білу, үйрену, сезіну тән екенін, тіршілікте осындай жан талпынысын дамытып, соның азығын тауып отырған адам ғана өз дәрежесінде көріне алатынын айтады.
Ғұлама ақын адам арасындағы қатысты, тіл байлығын, ақылдылық пен тапқырлықты, әділеттілікті уағыздаған. Тіл байлығы мен ойды басқаға жеткізе білу шеберлігін көңіл айнасы ретінде дәріптеген Абай көркем сөзді өте жоғары құндады. Оның:
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы, —
деген өлең шумағы осы пікірінің дәлелі.
Абайдың дүниетанымдық ой-пікірлеріне зер салсақ, тіл мен ойдың бірлігін, сөз қолдануда үлкен білімділіктің керектігін, көргені мен ойға тоқығаны мол адам ғана жүйелі пікір айта алатындығын ұғынамыз. Ойға тоқу әр нәрсені зерттей қарауды, оны ой елегінен өткізуді, зерделі қабылдауды керек етеді. Бұлардың бәрі де деректі заттар мен денелерді оқып-үйрену арқылы жүзеге асады. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, есітіп, көріп, ұстап, танып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таныды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» — дейді. «Абай білімінің қайнар көзі адамның сезімдік тәжірибесі екенін мойындайды» — дейді М.С.Орынбеков. Абай дүниені тануда сезіммен қоса ақыл-ойдың пайымдауы, ұғымның қорытылып, тұжырымдалуы керектігіне де шек келтірмейді.
«...Абай танымының негізі болып табылатын адам мен қоршаған дүниені тану мүмкіндігі мәселесін орынды шешті. Тұтас алғанда таным сезімдік қабылдау деңгейінен басталатынын, алайда онымен шектелмей жеке алғанда сезімдік танымға алдыртпайтын заңдылықтар мен дүние мәнін түсінуге апаратын жолдардың басы — зерделі ойлау деңгейіне көшетінін дұрыс болжаған».
Абайдың дүниетанымға қосқан үлесін С.Мұқановтың мына пікірі онан әрі нақтылай түседі: «Көркем шығарманың дүние тануға жәрдем болатын себебі: оның авторы, дүниені көріп қана, көргенін сол күйінде айтып қана қоймайды, сол берген бейненің ішіне үңіліп, өзінің ой өрісі жеткенше талдауға, талқылауға, көргенін өзінің сезім елегінен ғана емес, сана елегінен де өткізуге тырысады».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
бағдарламасына сәйкес
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Реферат тақырыбы
жиынтық бағалауға
сәйкес оқыту
арналған тапсырмалар
Қазақстан республикасы
білім беретін
оқыту мақсаттары
бағалау тапсырмалары
республикасы білім
Жалпы ережелер
жиынтық бағалаудың
рсетілетін қызмет
бекіту туралы
тоқсанға арналған
Қазақстан тарихы
мерзімді жоспар
Қазақстан республикасының
арналған жиынтық
қызмет стандарты
болып табылады
жалпы білім
арналған әдістемелік
Мектепке дейінгі
оқыту әдістемесі
бағалаудың тапсырмалары
Қазақ әдебиеті
пәнінен тоқсанға
Инклюзивті білім
нтізбелік тақырыптық
Зертханалық жұмыс
Әдістемелік кешені
білім берудің
республикасының білім
туралы жалпы
Қазақстанның қазіргі
Қысқа мерзімді
Жұмыс бағдарламасы
атындағы жалпы
қазақ тілінде
қазіргі заман
туралы хабарландыру