Украинаның ұлттық тұқымы. Соғысқа дейінгі жылдар орыстың салт атты тұқымдары жақсы тасымалданған. Біраз бөлігі фашистер құртып жіберген. Сол үшін де салт атты тұқымның жаңа үлгісі жасалуға тиісті еді. Және ол ұзақ күттірмеді. Украина, Александрвск зауыттары осы тұқымды ойлап тапты.
Бұл жылқылардың бойлары, мығым денелері, әдемі де еркін жүрістері, түр-түстері адам қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Қазақ тұқымы. Жазиралы даланың бойындағы қазақ жылқылары аласа болып жайлып жүргенмен, шабыс жағынан келгенде ешкімнен кем түспейтін. Олар күніне үзіліссіз 70 шақырымды емін-еркін еңсеріп отырады. Ашық аспан астында, кез келген температурада көнбістік көрсетеді. Әрі шөп талғау дегенді білмейді де. Бұған қоса, жергілікті тұрғындар арасында ұлттық ат жарыстарында табандары қызады. Қазақ жылқылары сүт өнімін көп береді.
Қазақ жылқысы бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі — Адай жылқысы. Адай жылқысы түрікменнің текежәуміт арғымағымен будандасқан делінеді. Ертеде түрікменнің «теке» руы «жәуміт» руына қарсы соғысқанда, өздеріне болысқаны үшін текелер адайларға бір сұлу қыз бен жүйрік ат берсе керек. «Қыз жақсысы мен ат жақсысы теке түрікменде» деген сөз сонан қалса керек-ті.
Қостанай тұқымы. Жергілікті қазақ жылқыларының дон, орлов, т.б. тұқымдарымен будандасу арқылы, Челябин мен Қостанай облыстарында дүниеге келген.
Қостанай жылқылары қандай жағдай болмасын алғыр, еңбекте төзімді болып келеді. Қазақтың ұлттық спорт ойындарында жарысқа жиі түседі: теңге алу, көкпар, бәйге, т.б.с.с.
Алтай тұқымы. Осы өлкенің ең атақты тумасы болып саналады. Олар аласа болғанмен, ат үсті жүрісінде, таулы өлкелерді саяхаттауда ерекше көзге түседі. Тұрқылары мығым, салмақты, ширақ болып келеді. Сол үшін де үйірге жиі қосылып тұрады.
ІІІ. Практикалық бөлім
3.1 Жылқы — малдың патшасы
2004 жылдан басталған Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеулері бойынша академик И.Н. Нечаев «…жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» деп жазады. И.Н. Нечаевтің пікірінше, «…осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Соның жұрнақтары біздің жылқыларда кездеседі» деп ойын түйіндейді.
Байырғы қазақ жылқыны жыл бойына жайылымда баққан. Ерте көктемнен тау етегіне ілініп, жаз жайлау жайлап, күз күзекке тұрақтап, қыс мезгілінде ықтасыны көп, өрісі күнгей бетте орналасқан жайылымдарда ұстаған. Жылқы жейтін шөптерді екі түрге бөлген: ақ от және қара от. Ақ от дегеніміз, – қара топырақты жердің селеулі шөптері, қара от дегеніміз, – сары топырақты жердің жусанды, изенді шөптер.
Халық жырларында «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген жыр жолдары кездеседі. Осындағы «тарлау» – шын мәнінде, ерекше шөп, жылқының жан азығы. Халық оны тіпті дәріптеп «атқұтыртқан» деп те атайды. Тарлаудан соң жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге. Сондықтан да бабалардан «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген де сөз қалған.
Жылқының азығын жан-жақты зерттеген ғалымдар: «Жылқы ажырықты – жыл бойы, шиді – қыстан көктемге дейін, изенді – жыл бойы, ебелекті – күзде және қыста, тас бұйырғынды – күзде және қыста, көкпекті – күзден көктемге дейін, майқараны – күзде және қыста, бетеге, боз ақселеуді жыл бойы жейді» деген тұжырым жасаған.
Көшпенді бабаларымыз жылқының арқасында Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жалпы, жылқы күш көлігі ретінде ғана емес, қазаққа дәмді әрі сіңімді етімен, шөліңді қандыратын шипалық емі бар сусындық сүтімен қадірлі. Сондықтан да, қазақ тұрмысында жылқы сән-салтанаттың, сұлулықтың символы ретінде әспеттеліп, байлықтың өлшемі ретінде қарастырылған.
Ежелде сән-салтанат үшін бай-дәулетті қазақтар түркімен және араб жылқыларын мінген. Мүсіні сымбатты, жүрісі әсем осы жылқыларды жерсіндіріп, оларды сұрыптау барысында арғымақ тұқымдарының қалыптасқаны жоғарыда жазылды. Оларды іріктеп өз жылқыларымен будандастырған. Осындай селекциялық жұмыстың нәтижесінде кең байтақ дала төсінде табиғи сұрыптаудың тезінен өткен әртүрлі бағыттағы қазақ жылқысы дамыған.
Жүйрік аттар, көбіне, арғымақтар мен будан жылқылардың ішінен шыққан. Осы будан жылқылардан мініске шыдамды, жүріске де ыңғайлы жылқылар іріктеген. Қарабайыр деп аталып жүрген жылқылар осыған саяды.
Жылқыны жанындай көрген қазақ қауымында асылтұқымды жылқылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше құрметтелген. Олардың шығу тегі шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауызба-ауыз беріліп отырған. Сонымен бірге, қазақ халқында «сәйгүлік», «тұлпар» деген ұғымдар қалыптасқан. Менің пайымдауымша, жүйрік жылқыларды әспеттеп тұлпар, сәйгүлік деп атаған. Көбіне, жоралғы ретінде қадірлі қонағына мінгізілген әсем аттарды «сәйгүлік» деп дәріптеген.
Тұлпар деген атау, негізінен, бітімі бөлек, ұзаққа шабатын жүйрік әрі мықты аттарды сипаттаған. Тұлпар атауы, көбіне, батырлармен қатар аталады. Ауыз әдебиетте жылқының мықты жүйріктерінен іріктеп тұлпар өсірген, осы тұлпарларды батырлар мінген. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген бабаларымыз ел тыныштығы мен жер тұтастығын қорғау үшін алыс жолға талмайтын, қиындыққа мойымайтын, жаратылысы ерекше жылқы қажет болатыны заңдылық.Мысалы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбар батырдың Қара қасқасы, Қабанбайдың Қубасы. Әдебиетте жырланған тұлпарлардың сипаты да керемет. Мысалы, «шырақтай жанған томағакөз», «салпы ерін», «шықшыты оралып жатқан түбектей», «от орнындай тұяқты» деген теңеулер шын жүйрікке тән нышандар.
Достарыңызбен бөлісу: |