Негізгі бөлім
2.1 Қазақы болмысымыздың басты ұлттық нышаны – жылқы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениеті туралы басымдықты бірінші орынға қоюы тегін емес. Халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын құндылық және ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан – қазақ жылқысы.
Жаңа дәуірдің өрлеген уақытында осы құндылықтарымыздан айырылып қалмай, қасиетті мұра ретінде сақтап, көбейтіп, кейінгі ұрпаққа аманат етуіміз керек-ақ.
Қазақты тануда жылқының алатын орны бөлек. Дархан көңілді қазақты «астындағы жалғыз атын беретін» деп сипаттайтындығынан белгілі.
Қазақ халқының көшпенді өмір салтында, яғни, өркениетінде жылқының алатын орны айрықша. Жалпы халқымыз үшін жылқы қастерлі. Тіпті ер жігіттерге «ат жалын тартып мінген», «ат құлағында ойнайды» деп мақтау айтса – бұл шенді дәрежені білдірерліктей.
Жылқыны қолға үйрету үдерісі көшпелі өмірді едәуір жеңілдетіп, шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы малының еті, қымызы азық болса, көлік ретінде қолдану өз алдына бөлек дүние.
Тарихта ежелден Қазақстан аумағы жылқыны қолға үйреткен мекен болғанын археологиялық қазбаларда дәлелденген. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.д. 4-3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.д. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.д. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Жылқыны түріне қарай жүк жылқысы (Владимир, Першерон жылқысы), мініс жылқысы (араб, ақалтеке), жазық дала жылқысы (Дон, Буденный, Қостанай, моңғол және қазақ жылқысы), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қырғыз, алтай жылқылары), солтүстік дала жылқысы (витский, эстон, якут жылқылары) болып ажыратылады. Дүние жүзінде жылқының екі жүз елудей түрі бар болса, Қазақстанда жылқының жиырмаға жуық түрі өсіріледі.Ертеден өсіріліп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақ жылқысы. Оның «жабы» деп аталатын түрі де бар. Бұл тұқым көлік ретінде және еті мен сүтін пайдалануға өсіріледі. Олардың ерекше қасиеті – суық ауа райына төзімді. Жайылым, жем-шөп талғамайтын, мінуге көнбіс.Деректерде алғашқы болып Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде қолға үйреткен деп көрсетіледі. Қазақ жылқыларының тұқымын қалыптастыру сол дәуірде басталып, мыңдаған жылдар бойы жалғасып келеді.
Көне тұқымдарының бір түрі – жабы Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.Дала тұлпарлары бүгінгі күнге дейін Қазақстанның мәдени мұрасының маңызды элементі.
Қазіргі уақытта қазақ жылқысының тұқымдары жоғарыда айтылғандай, мыңдаған жылдар бұрын жетіліп, уақыт өте келе басқаша тұрпатқа ие болып, әмбебап тұқымға айналды. Мінуге, арба, шанаға жегуге, ет-сүт өніміне пайдалану үшін өсірілетін жылқы еш кінәратсыз.Қазақ жылқысы моңғол жылқысымен қатар Орта ғасыр соңында Еуразияның барлық дала бөлігін бағындырып, Батыста Карпатқа жеткен Алтын Орда әскері жауынгерлерінің көлік сапын құрады.
Тұқымның қалыптасуының бастапқы кезеңінде оған Орта Азияның, ең алдымен моңғол, түркімен және басқа да жылқы тұқымдары үлкен әсер етті. Кейінде қазақ жылқысы ең танымал асыл тұқымды сәйгүліктермен тұқымдастырыла бастады – араб, ақалтеке жән т.б. ХХ ғасырда қазақ жылқыларын жақсарту үшін ағылшын таза қанды тұқымын, Орловтың желісті жылқысы және Дон жылқысын белсенді түрде тарта бастады.
Қазақстанның әртүрлі аймақтарының климаттық жағдайында қарай, сондай-ақ басқа тұқымдармен будандастыру және қазақ жылқысы тұқымын мақсатты ұрықтандыру нәтижесінде ішкі тұқым пайда болып, олар – жабы, Адай және т.б. болып аталды.
Қазақ жылқысы жатаған келген, бірақ тығыршықтай болады. Шоқтығының ұзындығы 131-135 см, кеуде тұсы – шамамен 142 см. Ересек жылқының салмағы 302-360 келі аралығында. Реңкі әртүрлі болып келеді, дегенмен жирен және торы түсі басым болады.
Жоғарыда айтып өткендей, аталған тұқымның бұл түрінің негізгі ерекшелігі – қазақ даласындағы қыс айының 40 градус аязына төзімділігі. Сонымен қатар қазақ тұқымының жылқылары бәйгі айналмасының жүктемелерін тамаша орындайды. Олар ұзақ қашықтыққа жүгіруге шыдамды әрі жарамды.Қазақ жылқысының мінезі саналуан түрлі. Айтарлықтай ақылды және батылды жануарлар бірде төзімділік пен бойсұну танытса, бірде кері мінезін көрсетеді. Дегенмен шыдамдылық танытып, мінезін ауыздықтайтын болсаңыз, көнбіс болады.
Айтқандай-ақ, қазақ жылқысының бірнеше тұқым ішіндегі түрлері бар. Олардың арасында Адай жылқысы мен жабы кеңінен таралған.
Адай жылқылары басқаларына қарағанда бәйгіге төселген болып келеді. Олар бой жағынан биіктеу, базалық тұқымға қарағанда жеңіл конституцияға ие. Сондай-ақ Адай жылқылары шапшаң және ұшқыр. Бірақ олар қатты суықтарға шыдамсыз.
Жабы жылқысы – бұл ет, сүт өнімдеріне бейімделген түрі. Олардың бойы орташа, бірақ тығыршықтай. Сол себепті олардың салмағы бес жүзге дейінжетуі мүмкін. Қатал ауа райы мен ауыр жұмысты елемейтін қасиеті бар.
Қазақ халқының көнеден әдеби-тарихи мұрасынан ойып орын алған жылқы туралы мақал-мәтелдері, жұмбақ, аңыз әңгімелері жетерлік.
Достарыңызбен бөлісу: |