Мазмұны: I. Кіріспе і-тарау


II-тарау 2.1. М.Өтемісұлы жырларындағы ақын автопортреті



бет3/5
Дата19.01.2023
өлшемі115 Kb.
#417430
1   2   3   4   5
Байланысты:
М.Отемисулы поэзиясы
1 !9-ТЖБ Математика 6-сын қаз (pdf.io), 4a стат отчот, Экология және өмір қауіпсіздігі КЭД, БББ сырты 2023, Ұлттық құндылықтар, ЖОБА 1201-31 Шынар-Мерей, Морфология, Екпин, Проект ОП 2019-20
II-тарау
2.1. М.Өтемісұлы жырларындағы ақын автопортреті
Махамбеттің тұлғасы көзі тірісінде-ақ, қалың қазақ үшін ерлік пен өрліктің, батырлықтың белгісіне, ал жалынды жырлары азаттықтың дабылына айналып үлгереді. Қайталанбас тұлға ақындық пен батырлықты тел ұстады. Бұл ретте академик З. Қабдолов:“Ақын болу – бар, ал оның үстіне батыр болу ше? Әрі ақын – ақын, батыр-батыр қалпында да бөлек-бөлек тұрып қалмай, ақындық пен батырлық бір тұлғаның табиғатында арудың әдемі бұрымындай өріліп, баяғы бабалар дәуірінен бермен қарай, тек қана азаттық аңсаған асыл ерлердің азап пен қорлыққа қарсы ашулы дойырына айналса... Бұл енді әр ғасырда бір кездесетін аса сирек құбылыс.”
Махамбет өлеңдері Батыс Қазақстан облысы, Орынбор, Астрахан, Атырау облыстарына кеңінен тараған. Оның шығармаларын өз тұсындағы Шернияз, Қуан, Мұрат, Ығылман ақындар жатқа біліп, елге тартқан. Осының өзі Махамбет поэзиясының халық көңілінен туған, жеке бастың сүйініш - күйініші немесе, әлеуметтік маңызы бар лирика екенін айғақтайды.
М. Әуезов өзінің “Махамбеттің ақындығы” деген мақаласында: “Соғыс, шабуыл үстінде Махамбет көбіне бұқара көпшілікті аралап, соларды үгіттеу, ерту жағында болады. Қиыншылық, қысталаң үстінде айтқан сөз, тастаған ұраны да, көбінесе көпке арналады. Махамбет жырлары өз заманындағы ең әсерлі сөз болып, көпшіліктің өз үні мен тілі, өз арман - талабы сияқтанды”– деген пікір айтады.
Көтеріліс кезінде Махамбет Қиялы моладағы, Теректі құмдағы, Тастөбедегі айқастарда қолдың алдында болып, өз жеке басы орасан ерлік көрсетеді. “Қарқыны күшті көк семсері шапқан сайын дем тартып,” майданда қас дұшпанына ойран салады. Осы ұрыстарда Қабыланбай, Сарт Еділов, Ерше, Нұрша Сартовтар, Үбі Үсенұлы, Қожахмет, Смайыл Өтемісовтар секілді талай соққыш балуан, атқыш мерген, найзагер батырлар көзге түседі. Махамбеттің солардан, тіпті Исатайдан артықшылығы қолындағы қаруы мен өткір тілінің қатар жүруі.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік қайшылықтары Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісін туғызса, Махамбет осы көтерілістің туы, ұраны, халықпен өмір шындығымен терең байланыста туды. Сондықтан да оның поэзиясы өмірден туа отырып, ілезде өмір, күрес құралы дәрежесіне көтерілді, қалың бұқараны әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы тәрбиеледі, күреске, қимылға шақырды.
Жаратылыстағы барша құбылысты, адамзат санасындағы сан қырлы сезімді жеткізетін – сөз. Осы сөз құдіретінің мән-мағынасын терең барлап, сөз асылын бейнелі өрнектеп, кестелейтін өнер иесін ақын дейміз. Олар сонау ғасырлардан бастап, бүгінгі дәуірімізге дейінгі сөз өнерімен шұғылданған жырдың небір майталмандары, онымен тығыз байланысты болып, әрқайсысы өз халінше әдеби мол мұра қалдырған.
Махамбет - табиғи дарыны мол, жан-жақты өнер иесі. Ол елінің қамын жеп, халық бақыты үшін күресіп өткен жан. Халықтың ой-арманын, мұң-мүддесін, тілек-мақсатын үздіксіз жырлай отырып, өзінің ақындық өр бейнесін өлең-толғауларын аша білді. Әрине, оның сөз өнеріндегі бейнесі алғаш рет көтеріліс тақырыбындағы ақынның өз өлеңдерінде қолданылғаны белгілі.
Махамбет жырларында өз тұлғасын суреттеуінің тарихи қажеттілігі болды. Елдің рухын көтеру, қиындыққа төзуге шақыру үшін үлгі ретінде Махамбет өз бейнесін алға тартты. Сөз өнеріне бет бұра бастаған алғашқы қадамынан –ақ:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа қонғанда,
Жер қайысқан қол едік – деп асқақ сөйлеуінде, өршіл мінезден туған қайсар бейне танылады.
Махамбет поэзиясының өзіне тән ерекшелігі – ол үстемдерді – хан мен сұлтандарды олардың зорлық әрекеттерін аяусыз сынаумен қатар, халықты езушілерге қарсы көтеріліске шақырады. Ақын сол шақыруын алдымен аңсау түрінде “Ұлы арман” деген өлеңінде көрсетеді:
Желп-желп еткен ала ту,
Жиырып алар күн қайда,
Жалаулы найза қолға алып,
Жау тоқтатар күн қайда ?!
Арман ете, аңсай сөйлеген ақын, бұл істің қиын да жауапты екендігін, оған “Қабырғасын қаусатып, біртіндеп сөксе де қабағын шытпай шыдайтын ер керектігін” ескертеді. Яғни, ақын өзіне де өзгеге де талап қойып отыр.
Бұл ойын ақын әрі қарай ерліктің тамаша ұраны болған, алға қойған мақсаттың нақты нысанасы болған “Ереуіл атқа ер салмай” өлеңінде жалғастыратыны мәлім.
Махамбет қиянатқа көнбейтін ер де өр мінезді, беделді, парасатты адам болған. Оған дәлел – “Еңселігім екі елі” өлеңі. Ақын өлеңдеріндегі Махамбет бейнесі, оның өмір бойы алдына қойып, күресумен, ұмтылумен өткен басты мақсат-мұраты арқылы көрініп, өзгеше өріліп отырады. Ол күнделікті , қарапайым өмірдегі жеке басының қам-қарекетін күйттеген тіршіліктің елеусіз, бір пенде емес. Қай жыры болсын, бәрінде халқының қамын жеген көпшілдігі танылып отырады. Өз кезіндегі қалың бұқараның іргесін ажыратып, берекесін кетіріп отырған үстемдердің пиғылын жақсы таныған Махамбет сол дұшпандарына келгенде тайсалмай тік сөйлеген. Сондықтан да “Еңселігім екі елі” өлеңінде :
Дұшпаныма келгенде,
Тартынбай сөйлер асылмын
Мен Өтемістің баласы
Махамбет атты батырмын,-деп өр сөйлейді.
Әрине бұл өзін мадақтау емес. Қазақ поэзиясының тарихына көз жіберсек, жағаласқан жауының алдында ерегіскен дұшпанымен сөзге келгенде, көптің алдында өздерін көтермелеп, аруақтанып, рухтанып сөйлеу, өзін-өзі таныстыру дәстүрі мол кездескен. Мәселен, қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі – ХV ғасырда өмір сүрген Қазтуған жырауда:
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Билер отты би соңы
Мұнар болған күнді ашқан
Сүйінішіұлы Қазтуған,-деген жолдар кездеседі.
Бұл топ жарған батыр, әскербасы, әйгілі жырау Қазтуғанға қандай жарасымды болса, батыр қаһарман Махамбетке де сондай жарасымды. Ақын толғауында өзінің мінез-қасиетін, әртарапта өлеңге қосу арқылы, өзінің тұтас бейнесін береді. Бұл ретте, зерттеуші Ә. Дербісалин мынадай пікір айтады: “Поэзиямыздың ұзақ тарихында шын мәніндегі адамдар образын жасау сияқты көркем әдебиет үшін ең негізгі істің басы да Махамбеттен басталады”.
ХІХ ғасырда қазақ халқы орыс патшасының отары, “бодан” болып, езілген елдің қиямет-қайым тіршілігін бастан кешіп жатты. Өздерінің ежелгі мекен-жайы, шұрайлы қоныстарынан айрылып, зар еңіреді. Отаршылдыққа қарсы аяусыз күреске шыққан Махамбет, елді күреске шақырды.
1822-24 жылдары отаршылдықтың жаңа кезеңі басталады. Хандық билік жойылып, қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құрамына енеді. Қазақ елінің бір бөлігі – Бөкей ордасы Нарын құмына айдалады. Енді әскери отаршылдар қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен ойып тұрып, шұрайлы жерлерін тартып ала бастайды. Түгін тартсаң майы шығатын ондай аймақтарға Астрахан, Сібір, Орал казактары қоныстанады. Міне осындай ел басына күн туғанда, тарих сахнасына Сырым, Исатай, Махамбет, Есет, Жанғожа, Хан Кене сияқты ұлы перзенттер шықты.
Осы кезеңге тарихи тұрғыда саралау жасаған мына пікір тарихнамадағы XVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты кемістіктерді атай кетеді: “Азаттық үшін көтеріліс бір-бірінен бөлшектеніп, жеке-жеке қаралды. Ал, шын мәнінде, 1785-1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліс, 1824-1836 жылдардағы Саржан сұлтан бастаған халық толқуы, 1836-1837 жылдардағы Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс, 1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған қозғалыс, т.б. тізбектеліп кете барады. Сонау XV ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілістерді санауға болады. Ендеше, бұдан туындайтын қорытынды біз тарихшылар бір ғана хан Кене бастаған көтерілісті ғана емес, отаршылдыққа қарсы наразылық, тойтарыс күрес жүйесін бір-бірімен сабақтастыра зерттеуіміз керек». Махамбеттің:
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық, -деген өлең жолдары нақты күрес - әрекет мақсатын айқындап тұр. Орыс отаршылдығының озбыр әрекетіне қарсы майдандасқаны нанымды берілген. Олардың арыстандай алысқан, жолбарыстай жұлысқан, халық мүддесі жолында жандарын қиған қаһарман тұлғалары айқын байқалады.
Махамбет өзінің бетті де отты ақын екендігін бірнеше өлең -толғауларында дәлелдейді. Мәселен, “Хан Жәңгірге”, “Баймағамбет сұлтанға” айтқандары осының дәлелі.
Бұл өлеңдерінде ел билеушілерінің, хан тұқымының момындарға, халыққа істеген қиянат, зорлық-зұлымдық әрекеттерін әшкерелейді. “Хан Жәңгірге” айтқанында хан бейнесін ашына әшкерелесе, “Баймағамбет сұлтанға” айтқанында өзінің күрескерлік, өрлік тұлғасын танытады. Өрт ішінде алаулап жүрген, ой-қиял теңізінде жүзген, ел мен жер, ұрпақ тағдырын, ел тәуелсіздігін аңсаған, ақынның асқақ тұлғасы тағы да таныла түседі.
Сөзге өткір, шешен, жақтырмаған нәрсесін бетің-жүзің бар демей айтып салған Махамбет, қозғалыс үстінде ақындық өнерін, жұртты қыздырар ұран етіп ұстаған. Көтеріліс жеңілген соң ақын қашқындықпен күнелтеді. Алайда, қашып жүрсе де іштегі қарсылығынан қайтпайды, ниеттерінің іске аспағанын арман етумен болады. Талай жалынды өткір сөзді осы кезде айтады. Сондай сөзінің бірі – “Баймағамбет сұлтанға” айтқаны. Исатай қайтыс болған соң, Махамбеттің қысылшаң кезінде ел ақсақалдары Махамбетті Баймағамбетке алып барып, ел ішінде жүруіне рұқсат алып берген дейді. Сонда Баймағамбет өлең айт дегенде, осы ұзақ жырын айтқан екен.
Бұл өлеңнің бойынан Махамбет бойындағы ақберен батырлық, елдік қасиет пен елдік салт, өрліктің белгі-бедерлері әбден танылады.
Ақын өлеңнің басында:
Кешегі Исатайдың барында,
Мен бір шарға ұстаған қара балта,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса тағы жетілдім, – деп тасқа салған сайын майрылмай, қайта өткірлене түсетін айбалтаға теңесе,
Мен кескекті ердің сойымын,
Кескілемей басылман – деп тартынбай сөйлеп, әлеуметтік - қоғамдық жайларды, өмір мен тұрмыс жағдайын кең көлемде баяндап, сол арқылы хан сұлтандардың өктемдік озбырлыққа құрылған мақсат-мұраттарын көзқарас-саясаттарын сын тезіне салып, қатал уақыт пен қиын қыстау кезеңдердің көрініс суреттерін бейнелеу барысында Махамбет өзінің батыр бейнесін аша түседі. Өлеңдегі “бөліне көшкен еліңді бөріккен қойдай қылармын, жарыла көшкен еліңді жаралы қойдай қылармын” деуі батырлар жырындағы әсірелеуге, серт беруге үндеседі.
Қазақ фольклорында түс көру, шарт қою, серттесу тұрақты сюжет. Көбіне ханның қарапайым халыққа, батырдың батырға, қыздың жігітке шарт қоюы ертегі, аңыздарда, жырларда көп кездеседі. Махамбет өлең жыр, толғауларының көпшілігі серт қоюдан, нақты мақсатқа табан тіреуден туындап жатыр. “Ереуіл атқа ер салмай”, “Толарсақтан саз кешіп” өлеңдеріндегі өздерінің іс-қимылынан қиындыққа төзетін, алмағайып кезеңде серті мен антына берік болып қалатын ер керектігін нығырлай түсіндірсе, хан-сұлтандарға айтқанында осы ой жалғастығын табады. “Баймағамбетке айтқанында”, ”Еділдің бойына ел қондырып”, өзі “қара қазан мен сары баланың қамы үшін” атқа қонғанын айтып, солардың бейбіт тірлігі үшін “қарны жуан билердің басын кесіп, ақ ордасына еріксіз кіруді” серт етіп қояды.
Ақын бейнесі осы өлең толғауларының аясында сан қырынан таныла түседі. Біреулер үшін “шамырқанған асау”, “қызыл сырлы жебе”, “кескекті ердің сойы”, біреулер үшін жанын бәйгеге тіккен ер, ел қорғаны. “Жақсыларға еп болған, жамандарға көп болған “ Махамбет, уытты тілімен алдына қойған ұлы ісін нақпа-нақ жеткізеді. Лауазымды хандар мен қарны жуан билердің ақ ордасының керегесін қиратып, отын ету, туырлығын кескілеп, тоқым ету, төрде отырған ханы мен ханшасын тәубесіне келтіру.Ызалы жүрек, ащы тілмен ішкі арман-сертін түгел жеткізеді.
Арманы асқақ ақын қанша қуғын-сүргінде жүрсе де, келешек өмірге, өнер-білім мәселелеріне үмітпен қарап, ұлы Нұрсұлтанды орысша оқуға бермек болып, Орынборға сапар шегеді. Бірақ ақынның ақ тілегі орындалмады. Кешегі патша мен ханға қарсы көтеріліс бастаған жауынгер ақынның баласын патша үкіметі оқуға алмайды. Оның орнына Махамбеттің үстінен елдің әкімдері берген шағымдарды қайта көтеріп, үсті-үстіне жауапқа шақырып, соңынан шырақ алып түседі. Мұның соңы 1846 жылы қарашада Қараой деген құдықтың басында Баймағамбет жандайшаптарының қолынан қаза табуына әкеп соғады. Қараойдағы осы қанды оқиғаның аз-ақ алдында кіші жүздің Күнбатыс бөлігінің сұлтан-правителі Баймағамбет Айшуақовтың Елек бойындағы ордасында өзінің соңынан қалмай қойған қас дұшпаны осы хан баласы Баймағамбетпен соңғы рет кездесіп, атақты “Мен едім” өлеңін айтып, сұлтанды әбден жер етеді.
Махамбет халық көңіліндегі ең асылды – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманын, ата жауына деген өші мен кегін адалдық пен ерлікті көкке көтере мадақтады. Ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, серпінді сөздері қараңғыда алдынан жарық күнді көргендей болған қазақтың ақ жүрегіне толқу салды.
Көркемөнер бар жерде оның ілімі де бар. Ғылыми жүйелеуден қол үзсек, таным, қоғамдық сана жетілмей қалады да, көркемсөзді бағалау деңгейі төмендейді. Халықтың рухани мұрасын біртұтас құбылыс ретінде зерттесе ғана үлкен шындықты тануға болады. Ұлттық тарихымыздыњ бірегей тұлғасы Махамбет шығармашылығының бітімі кесек, күрделі. Махамбеттің өзі қолына қару алып, жаумен айқасқан қаһарлы да, айбынды ер болғанымен, оныњ жүрегі ақын. Ендеше, ол халқын, елін әйгілендіретін ереуіл, күресшіл толғауларымен бірге, ақын жанына тән, оның сезімін қозғайтын жүрегін тербейтін құбылыстардан туындаған жырларының болуы заңды.
Осы ретте зерттеуші Ө. Күмісбаевтың мына бір пікірін келтірейік. “Калмыков түрмесінде екі жыл жатуы, оның әділетсіздікке деген өшпенділігін күшейтті. Ақын түрмеден қашып шығып, 1834 жылы Исатаймен тізе біріктіреді.” Көтеріліс жеңілгеннен кейінгі сегіз жыл өмірі қуғын-сүргінмен, сергелдеңмен өтеді. Махамбет өлеңдері” осы кезде, ел басына күн туып, “арғымақ ауыздығымен су ішкен ” тұсында дүниеге келеді”.
Рас, Махамбет көтерілісі жеңіліске ұшырап, басшысынан айрылып, ата қонысы – Нарыны, Еділі мен Жайығынан қол үзіп, қиыншылықтарда жүргенде де шығарған эллегиялық сарындағы өлеңдері бар. Оларға “Қызғыш құс”, “Арғымаққа оқ тиді”, “Жалғыздық”, “Тілек” өлеңдері жатады. Мәселен ақын:
Жағдайсыз кетіп барамын,
Қасымда көмектің кемінен
(“Арғымаққа оқ тиді”)
Заманым менің тар болды,
Тура әділдік биде жоқ,
Қаумалаған қарындас,
Қазақта бар да менде жоқ
(“Жалғыздық”)
Ертеден кешке дейін зарласам,
Бермей ме екен құдайым,
Біздей тарыққан ердің тілегін
(“Тілек”).
Мені елден айырған
Хан Жәңгірдің екпіні,
Айтып-айтпай немене,
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні
(“Қызғыш құс”)
Ақын ел басына күн туған кезде өзінің тығырыққа тірелген шарасыз күйін де жасырмайды. Осындай күйге түсуінің өзі еліне, халқына деген сүйіспеншіліктен туындап отырғанын шебер жеткізеді. Елі мен жері үшін отқа түсіп жүрген Махамбеттей шынайы ерлердің сағын әрине, мұндай қиындықтар сындыра алмайды. Қайта жігерін шыңдай түскен ақын:
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан біреу тусайшы,
Артымыздан біздердің ,
Ақырып теңдік сұрарға,-деп соңындағы ұрпақтан ел намысын қорғайтын ер шығуын тілек ете отырып, « кім жеңері талайды, жолдастарым мұңайма » - деп айналасындағыларға дем беріп,болашағына үмітпен қарап ,сары уайымға салынбауға үгіттейді.
Батыр – халықтың ұлы, перзенті. Жақсыдан үйренген, жаманнан жиренген халық – батырдың бірден-бір ұстазы. Адам өмірге келгеннен көз жұмғанша сынға түседі. Оның ең құрметті қасиетті сыны – елін қорғауы, ары мен намысын қорғауы болса керек. Батыр еңкейсе иен еліне, шалқайса тарих иығына сүйенген халықпен біте қайнасып кеткен ол, қоғамның саяси құрылымында хан қасынан орын алар мәртебеге ие болған. Халық “батыр” деген құрметті атақты бәріне таңбаған. Біреулердің батырлығы- сөз,шешендік саласында, көрінген. Билік айтып, әділдігіне жүгінуге де жүрек батырлығы керек екені даусыз. Екіншілердіњ батырлыѓы ќан майданда танылѓан. Олардың бірі қолбасылығымен танылса, екіншілері – жау өтінде қалып, соғысып, жау екпінін ала білген сәтте, елді сүйсіндірген. Бұл тұрғыдан келгенде Махамбеттің дауылпаз ақындығы мен ордабұзар қаһары етене үндесіп тұрғаны аян.
Поэзиясында Махамбет өзінің ақындық та, батырлық та тұлғасын терең аша білген. Ақын бейнесі өз өлеңдерінде айтқыштық өнермен, алуан ақындық шеберлікпен жасалғанын көреміз. Махамбеттің өз бейнесі – қазақ әдебиеті тарихындағы халықтың аяулы перзенттеріне, асыл азаматтарына, қаһарман көсемдеріне мәңгілікке орнатылған әдеби ескерткіштерінің аса көрнектісі.
Жалпы, Махамбет бейнесін, әдебиетімізде сомдауға арналған туындылар жетерлік. Бүгінде ұлттық сөз өнерінде оның түрлі жанрларындағы алуан шығармаларда батыр бейнесі көркем сомдалды деп айтуға толық негіз бар. Зерттеуші – ғалым С.Мақпырұлы: “Қазақ поэзиясында Махамбетке арналған, негізі сонау XIX ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алып, күні бүгінге дейін үзілмей жазылып келе жатқан өлеңдер, дастан, поэмалар. Бұл Махамбет тақырыбының төл поэзиямызда бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы үзбей жырланып келе жатқаны, арналы, өзекті тақырыптың бірі екендігін көрсетеді. “Әрине, оның сөз өнеріндегі бейнесі алғашқы рет көтеріліс тақырыбындағы өз өлеңдерінде сомдалғаны белгілі”, – дейді.
Яғни, ақын поэзиясында өз бейнесі сомдалған, өмірбаяны берілген, өзінің күрес жолы, ғұмырының ылдиы мен өрі көрсетілген. Ендеше, Махамбет тағдыры да қайталанбас, тарихи тұлға.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©melimde.com 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет