Дәріс-2
КЛЕТКАНЫҢ МОРФОЛОГИЯСЫ Клетка - тірі ағзалар құрылымының ең қарапайым бірлігі екені, олардың құрылысы мен тіршілігінің негізін құрайтыны Т.Шванның жұмыстарында көрсетілген. Жасуша өз алдына жеке ағза ретінде (бактериялар, қарапайымдылар, кейбір балдырлар мен саңырауқұлақтар) тіршілік етеді немесе кӛп жасушалы жануарлар мен өсімдіктер ұлпаларының құрамына кіреді. Р.Вирхов (1858) «Клетка – барлық тірі ағзалардың морфологиялық соңғы элементі, одан тыс нағыз тіршілікті іздеуге біздің құқымыз жоқ» деген.
Қазіргі кезде ғылым бұл ережені толық дәлелдеді. Әйгілі әдебиеттерде жасушаны «тіршілік атомы», «тіршілік кванты» деп атайды, бұл сипаттама тіршіліктің ең кіші бірлігі жасуша екенін, одан тыс тіршіліктің болмайтынын кӛрсетеді.
Ф.Энгельстің «Өмір – белок денешіктерінің тіршілік ету әдісі мен қоршаған сыртқы ортамен зат алмасу процестерін тұрақты түрде жүргізуі, егер зат алмау процесі тоқтаса өмір сүру де тоқтап, белоктар ыдырайды» деген тұжырымы өзінің мағанасын жойған емес (К.Маркс, Ф.Энгельс. - 2-ші шығарма. – Т. 20. – С. 82 ).
М.В.Волькинштейн (1965) тіршілікке берген анықтамасында «Тірі ағзалар ашық (энергия және затпен сыртқы ортамен алмасады), өзін-өзі реттейтін, өзін-өзі көбейтетін жүйелер, олардағы маңызды қызмет атқаратын заттар белоктар мен нуклеин қышқылдары» деген.
Тірі ағзаларға бірқатар келесі белгілер тән: көбею, энергияны трансформациялау және қолдану, метаболизм, сезімталдылық, өзгергіштік. Осы аталған кӛптеген белгілерді жасушалық деңгейде байқауға болады. Жасушадан компоненттерін немесе молекулаларын бөліп алса, онда олардың кӛбісінің арнайы ерекше қызметке ие екеніне көз жеткізуге болады. Мысалы, актомиозин фибрилласын бөліп алып, АТФ қосса, оған жауап ретінде фибрилла қысқарады; көптеген ферменттер жасушадан тыс өте жақсы реакцияға түсіп, күрделі биоорганикалық молекулаларды синтездейді немесе ыдыратуға қатысады. Жасушаның бұл компоненттерін тірі деп айтуға болмайды, бірақ олар тіршілікті сипаттайтын қасиеттердің бір бөлігі болып табылады. Соныменен, тіршілікте жасушадан кіші бірлік жоқ.
«Клетка» терминін ғылымға 1665 жылы ағылшын жаратылыс-танушысы Роберт Гук (1635 – 1703) енгізген.
Тiрi ағзаларды құрылымына қарай жасушаға дейінгі және жасушалық ағзалар деп бөледi.