Серік Әбікен, тележурналист:
–Журналистік зерттеу – халықтың ауыратын жерін көрсететін жанр. Бұл жанрдың – жақсыны да, жаманды да екшеп, ақиқатын ашып, әділетін көрсететін қоғамның шарайнасы болу. Ал егер сәл оңға не солға бұра тартатын болса, онда бұл арнаның да қажеті жоқ. Бізде Қазақстанда журналистік зерттеу жасайтын журналистер жоқ деген бекер сөз. Қазақстан журналистері өз күштерімен-ақ, өзінің ерік-жігерлерімен-ақ қандай тақырып болмасын тікесінен тік көтеріп кете алады дер едім./16/
Егер де техникалық жағынан алатын болсақ, әрине, өткенмен салыстырғанда, бүгінгі хабарлар әлдеқайда озық. Себебі компьютер арқылы небір тәсілдерді «ойнатуға» мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, қазіргі телеарна хабарларында нақты мағына, тереңдік жоқ. Жалпы, телехабарлар көрініспен жасалуы керек. Бүгінде хабар жүргізуші журналист студияға отырып алады да, хабарға қатысуға келген қонақтан қайдағы-жайдағыны сұрап, көрерменді де, қонақты да мезі ететінін жасыруға болмас. Қайсыбір жас журналистер өздерінің сұрақтары арқылы сана-сезім төңкерісін жасауға ұмтылады. Сұрағы тақырыппен қабыса ма, қабыспай ма, онда еш шаруасы жоқ. Бір мысал, бұдан біраз бұрын Алматы түбіндегі «Шаңырақ» ықшамауданында баспана, жер мәселесіне қатысты дау-дамай көтерілді. Тіпті осы кикілжің салдарынан бір полицейдің қаза болғаны белгілі. Осы жайдың мәні мен маңызын, өрескел заң бұзушылық екенін тек жеке меншік телеарналар ғана батыл айтып, көрсете алды. Ал негізгі арналарымыз шағын сюжеттер берумен ғана шектелді. Бұл неліктен? Жер дауы, баспана мәселесіне, адам құқына қатысты мәселенің мәнісі мен оның түйткілдерін аша түсетін, сөйтіп, қарапайым тұрғындарға көмек қолын ұсынуға жеткізетін тиянақты хабарлар неге жасалмады? Себебі менің ойымша, дәл қазір кәсіби шебер журналистер жоқтың қасы. Немесе қазіргі журналистердің мұндай түйткілді хабарлар жасауға батылдығы жетпейтіндігі ме? Бір қуантатыны, қазір журналистикада еркіндік бар. Демек, журналистің ойын еркін жеткізуіне жол ашық. Бұл – тәуелсіздігіміздің арқасы.
Достарыңызбен бөлісу: |