Сөз екпіні. Егер сөз бірнеше буыннан құралса, ол сөздің басқа буындарына қарағанда, бір буыны ерекше бөлініп, көтеріңкі естіледі. Осындай екі немесе көп буынды бір сөздің арасынан бір буынның қалған буындармен салыстырғанда, көтеріңкі айтылуы сөз екпіні деп аталады.
Сөз екпіні - әр сөздің жеке ұғымын, сөздік бейнесін танытатын, сол өзі даралап тұрған ұғымы арқылы бір сөз бен екінші сөздің шегін бөліп, жігін ажырататын негізгі жолдың бірі.
Жалпы, дүние жүзіндегі тілдердің сөз екпіні функциялық сапасы жағынан бір емес. Осымен байланысты сөз екпіні үнді (тоникалық немесе музыкалық) екпін және лебізді (динамикалық, экспираторлық) екпін болып негізгі топқа бөлінеді.
Таза үнді екпіні бар топқа жататын серб, литва тілдерінде екпін түскен дауысты үннің созылыңқы түрленген әуені мен қарқын қосылып, күшейе түседі; қытай, дұнған, япон тілдерінде үннің (не дауыстың) екпін түскен буын арқылы не жоғары, не төмен, немесе қарқынды құбылып қолданылуы сөз мағынасын дифференциациялап өзгертіп отырады.
Сөз екпінінің екінші түрі – лебізді (динамикалық экспираторлық) екпін. Мұның ерекшелігі – бір сөз ішіндегі екпін түскен буын екпін түспеген басқа буындарға қарағанда, созылыңқы, көтеріңкі айтылып, екпіннен алшақтаған буындары күңгірт, бәсең естіледі. Сөз ішіндегі екпін түскен дауысты дыбыс фонациялық ауаның күші арқылы немесе демнің экспирациялық қарқынмен күшейтіп айтылады.
Лебізді екпінге Еуропа тілдерінің көпшілігі (ағылшын, неміс, француз, украин, белорус, орыс т.б.) және түгелдей дерлік түркі системалы тілдер (азербайжан, қазақ, өзбек, татар, башқұрт, түркімен, қырғыз, қарақалпақ т.б.) жатады.
Қазақ, орыс тілдері сөз екпіні жағынан лебізді (динамикалық) екпінді тілдер қатарына жатқанымен, сөз ішінде екпін түскен дауысты фонеманың ерекшелігіне қарай олардың сөз екпінін тең деуге болмайды. Өйткені қазақтың байырғы сөздеріне (тек қана қорқу, қуануды білдіретін біраз сөздер болмаса) екпін түскен дауысты фонема басқа дауыстылармен салыстырғанда, айтарлықтай ерекшеленіп, күшейіп естілмейді, аздап қана көтеріңкі айтылады. Мысалы, «мектепте», «қалаларымыз» деген сөздерде барлық дауыстылар біркелкі естіліп, тек соңғы буындардағы дауыстылар ғана біраз созылыңқырап, ашықтау айтылып тұр. Екпін түскен дауыстының осындай сапасымен байланысты қазақ тілінің сөз екпіні бәсең лебізді (слабоцентрализирующее ударение) болып есептеледі.
Қазақ тіліндегі сөз екпінінің орны тиянақты, көбінесе қай сөз табының болса да, сөздің ең соңғы буынын талғайды. Мысалы: «Үздік оқушыларға сыйлықтар беріледі», деген сөйлемдегі сияқты, қазақ тіліндегі қосымшалардың көбі сөз екпінін өз бойына тартып тұрады. Әсіресе, көптік, септік, тәуелдік жалғауларына, сөз таптарының сөз тудыратын және сөз өзгертетеін көптеген жұрнақтарына сөз екпіні әрқашан түсіп отырады. Тек қана кейбір қосымшаларға екпін түспеуі мүмкін, олар:
жіктік жалғаулары: оқушымын, оқушысыз, оқушымыз, оқушысыңдар, оқушысыздар;
қалау райының жұрнақтары: айталық, көрейік, барайын, айтшы т.б.;
етістік болымсыздықтың жұрнағы: айтпа, барма, жүрме, отырма т.б.;
сын есімнің -дай/-дей, -тай, - тәй/ жұрнағы: үйдей, тастай, мұздай, айнадай т.б.
Мұндай сөздердегі сөз екпінін дұрыс қолдану үшін, әр сөз табының арнаулы жұрнақтары мен жалғауларын жақсы ажырата білумен бірге, әрбір қосымшаның түбір сөзге үстейтін мағынасын да дұрыс тану керек.
Егер сөз соңы –ма,/-ме, -ба/-бе, -па/-пе; -шы/-ші; -мыз/-міз, -быз/-біз, -пыз/-піз/, -сыз/-сіз; -лық/-лік сияқты қосымшалармен аяқталса, түбір сөзге бұл қосымшалардың екі түрлі мағына үстеп, түбірлес туынды сөздердің лексика-грамматикалық ұғымдарын бүтіндей өзгертіп отыратыны байқалады.
Мысалы:
а) жảрма - жảрма;
көрмẻ - көрме;
баспả - бảспа;
тартпả - тảртпа;
жаппả - жảппа;
бөлмẻ - бөлме;
қимả - қима;
қоймả - қỏйма;
ә) мảлшы – малшы;
бỏлмашы – болмашы;
көрші – көрші;
жаршы - жảршы;
салшы - сảлшы;
айтшы - ảйтшы;
қойшы - қỏйшы;
ойшы -ỏйшы;
тойшы - тỏйшы;
б) баламыз - балảмыз;
қаламыз - қалảмыз;
көшеміз – көшеміз;
саламыз - салảмыз;
в) қаласыз - қалảсыз;
панасыз - панảсыз;
көшесіз – көшесіз;
баласыз - балảсыз;
г) көшелік – көшелік;
көрмелік – көрмелік;
баспалық – баспалық;
д) ешкім - ẻшкім;
қарамảй - қарảмай;
ж) судảй - сỳдай;
е) зảттай - зảттай;
аттảй - ảттай.
Осы мысалдардағы сияқты, сөз, буын құрамы, дыбыс саны бірдей сөздердің мағыналарын саралап бөлуге қазақ тілінде де сөз екпінінің атқаратын қызметі күшті. Мұндайда, әсіресе етістіктің жұрнақтарына екпін түспейтін есте сақтау қажет.
Омоним қосымшалары мен көмекші сөздердің грамматикалық мағыналарын, олардың түрлерін дұрыс ажырата білу үшін, әрбір тұлғалас түбір мен қосымшаға ерекше көңіл аударып, олардағы сөз екпінін дұрыс пайдалану қажет.
Түркі тілдерінде бұл аталған аффикстерден басқа жедел өткен шақтың жұрнағы мен қалау райдың жұрнағына, сын есімнің –дай (-дей) жұрнағына да екпін түспейді.
Алайда түркі тілдерінде екпіннің жоғарыдағыдай сөздің морфологиялық тұлғасы мен жігін ажырататын құрал ретінде жұмсалуы және екпіннің соңғы буынға түсуі өте сирек кездесетін құбылыс. Түркі тілдерінде екпіннің бірен-саран жағдайда жылжымалы болуының сөз мағынасына тигізетін әсері тіліндегідей, сонымен барабар деп түсінбеу қажет. Түркі тілдерінде екпін, негізінен, тұрақты байлаулы екпін.
Сөз ішіндегі екпіннің орнын ауыстыру арқылы лексика-грамматикалық мағына жасау – қазақ тілінде негізгі тәсіл болып есептелмейтінін айтқан болатынбыз. Өйткені екпіннің ауыстыру арқылы әр түрлі мағына тек бірен-саран сөздерден ғана жасала алады.
Қазақ тіліндегі сөздерді екпін тұрғысынан талдағанда, өзіне екпінді қабылдамайтын кейбір бір буынды шылау сөздердің қолданылу ерекшелігіне көңіл аудару қажет. өйткені шылау (Энклитика сөздер өз алдындағы негізгі мағыналы сөздердің екпініне бағынып айтылады ( оқыдың ба? сен ше? айтты ғой, көрген соң т.б.) кейде әр түрлі эмоциялық мақсатта айтылған көп буынды сөздердің мағыналы бөліктері (күшейткіш буындар - әп-әдемі, тап-таза; қос сөздердің күшейткіш мағынадағы бірінші сыңары – қартаң-құртаң, қару-жарақ, бала-шаға; біріккен сөздердің, сөз тіркестерінің күшейткіш сыңарлары)алғашқы сөздердің соңғы буындарында екпінді тартып тұрады; өте қызық, ешқашан, қай-қайдағы т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |