2.2. Қазақ тіліндегі екпіннің өзіне
тән ерекшеліктері мен түрлері
Қазіргі таңда ғалымдардың пайымдауынша екпін категориясының сөз екпіні (славесное ударение), ой екпіні (логическое ударение), тіркес (комплексті немесе ритмикалық) екпін, көңіл-күй (эмфазалық) екпін деп бөлінетін түрлерінің бірінен екіншісінің айырмасын, ұқсастықтарын, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін арнайы білу өте қажет.
1. Ой екпіні (логикалық екпін). Сөйлем ішіндегі көңіл аударуға керекті нақты бір сөзді оқшаулап, бөліп айту сол сөзге ой екпінін түсіру болып табылады. Ой екпіні тұрақты болмайды, өйткені бір сөйлемдегі кез келген сөзге арнайы көңіл алдырылуы мүмкін.
Бір-бірінен мағына жағынан байланысқан әрбір екі сөз әдетте сыртқы тұлғалары ғана байланысып қоймайды, сонымен қатар, сөйлем ішіндегі орын тәртібі арқылы да байланысады. Анығырақ айтқанда, ойдың грамматикалық бастауышы – бастауыштан бұрын: анықтауыш - өзі анықтайтын сөзінің тікелей алдында; толықтауыш пен мақсат, себеп, сан-мөлшер, қимыл-сын пысықтауыштары толықталатын немесе пысықталатын етістіктердің алдында; мезгіл және мекен пысықтауыштар сөйлемнің басында қолданылуы осы аталған грамматикалық мүшелердің әр сөйлемдегі өзіне тән орыны болып қалыптасқан. Мысалы: «Орманда бұлбұл сайрайды», «Мектепте қазір сабақ жүріп жатыр» деген сияқты сөйлемдерден сөйлеушінің айтайын деген ойын тыңдаушысына жай ғана хабарлау мақсатымен жеткізіп тұрғанын байқауға болады. Өйткені бұл екі сөйлемнің де әрбір грамматикалық мүшелері өздерінің дағдылы, қалыпты орындарында тұр. Егер айтушы осындай сөйлемдердің нақтылы бір сөзіне тыңдаушының назарын басымырақ аудартып, басқа мүшелерден гөрі сол сөздің мағынасына, мән-жайына көңіл қойғызып, зейінін аудару мақсатымен айтса, әдетте ол сөзді қалыпты орнынан басқа орынға (сөйлемнің басына не соңына, немесе көбіне баяндауыштың алдына) ауыстырып қолданылады. Мұндай сөйлемдегі сөздердің эмоциялық реңк беру мақсатында орын ауыстыру, яғни сөздердің әдейі орындарынан басқа орын тәртібіне көшуі инверсия деп аталады. Мысалы, жоғарыдағы екі сөйлемнің мүшелерін сөйлеушінің мақсатына қарай бірнеше түрде ауыстырып айтуға болады:
І. а) Орманда бұлбұл сайрайды;
ә) Бұлбұл орманда сайрайды;
б) Бұлбұл сайрайды орманда;
в) Сайрайды бұлбұл орманда.
ІІ. а) Мектепте қазір сабақ жүріп жатыр;
ә) Қазір мектепте сабақ жүріп жатыр;
б) Сабақ қазір мектепте жүріп жатыр;
в) Жүріп жатыр қазір сабақ мектепте;
г) Сабақ жүріп жатыр қазір мектепте;
д) Сабақ қазір жүріп жатыр мектепте;
е) Мектепте сабақ жүріп жатыр қазір т.б.
Әрбір жеке мүшелердің нақтылы өзіне тән орындарын ауыстырып айтудан (грамматикалық мүшелердің инверсиялануынан) осы екі сөйлемнің негізгі ойы бұзылып тұрған жоқ. Өйткені айтайын деген ой (орындалған күй-жай, оның мерзімі, орны, әңгіменің не жөнінде екені) түгелдей сақталып тұр және сөйлемдердің ауыстырылған түрлерінің бәрі де қазақ тілі үшін дағдылы, үйреншікті. Мұндайда логикалық екпін сөз құрамындағы дыбысқа, буынға қатысты емес, бір сөйлемдегі тұтас бір сөзге арнайы мән берумен байланысты қолданылады.
Сөздің сөйлем ішіндегі орны – грамматикалық қатынастың негізгі бір түрі, сондықтан сөйлемдегі бір сөздің дағдылы, арнаулы орны өзгерсе, ол өзгеріс сол сөйлемге азды-көпті басқадай ерекше мағыналық мән үстейді: Сөйлем мүшелерінің стильдік, логикалық мәні өзгеріп отырады.
Ой екпінін белгілі жағдаймен ғана байланысты пайда болып отырады: а) екі жағдайда қарама-қарсы қойған кезде (біз онда ертең барамыз, бүгін емес). Қарсы қойылған сөздердің біреуі ғана дауыс ырғағы арқылы ерекше бөлініп айтылуы мүмкін.
ә) Сөйлем ішінде күшейткіш мәні бар сөздер (күшейткіш үстеулер - өте, тым, тіпті, мүлде, әсіресе, ең едәуір т.б.) белгісіздік, болымсыздық, жалпылау есімдіктері (әрбір, кейбір, барлық, күллі, түгел, ешбір, ешкім, ешқайда); күшейткіш буындар арқылы жасалатын сын есімдер (үп-үлкен, сап-сары, кіп-кішкене т.с.с.) келгенде: және сұрау мағыналы сөздер мен сол сұрауға қайтарылған жауап сөзде (емтихан қашан басталады? – ертең басталады. Сіз мені шақырдыңыз ба? т.с.с.) Ой екпіні пайда болып отырады. Кейде шылаулармен тіркескен мағыналы сөздер де ой екпінінін ой екпінінін қабылдап тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |