І. Кіріспе 1.1. Екпін туралы түсінік ІІ. Негізгі бөлім 2.1. Қазақ тілінде екпіннің зерттелу тарихы мен көзқарастар 2.2. Қазақ тіліндегі екпіннің өзіне тән белгілері мен түрлері 2.3. Орыс тілі және басқа тілден енген сөздердегі екпіннің қолданылуы ІІІ. Қорытынды
ІҮ. Пайдаланған әдебиеттер тізімі: І. Кіріспе Тілдің сөйлеу нормасына тән өндігі бір фонетикалық категория – екпін. Екпін де бір тілде сөйлейтін халықтың бәріне бірдей ортақ қалыптасқан құбылыс. Адам сөйлеп тұрғанда, сөйлем ішінде орналасқан сөздердің буындары мен дыбыстары немесе жеке сөздері біркелкі айтылмайды: бір сөзі қалған сөздерге немесе сөз тіркестеріне; бір буыны басқа буындарға; бір дыбысы басқа дыбыстарға қарағанда, күшті, көтеріңкі, айқын, басым айтылады да, қалған сөздері не буындары не дыбыстары бәсең, кейде тіпті күңгірт те айтылады: сөздің айтылуына, мағынасына, сөз ішіндегі дыбыстардың сапасына, сөйлемнің мағынасына екпіннің тигізетін әсері күшті болады. Сондықтан екпін (жоғарыда айтқандай) тіл салаларының бәріне де қатысты.
Сөз құрамындағы буындардың айтылуы біркелкі бола бермейді. Ол буындардың біреуі, басқаларына қарағанда айқынырақ ажыратылып, көтеріңкі айтылады. Мұндай қасиетке, әдетте, екпін түскен буын ие болады. Осыған орай екпін түскен буынды екпінді буын деп атаймыз.
Сөйлемдегі сөздің не буынның, не дыбыстың оқшаулануына байланысты, бұл категорияның да нақтылы бөлінген түрлері бар.
Жалпы екпін категориясының сөз екпіні (славесное ударение), ой екпіні (логическое ударение), тіркес (комплексті немесе ритмикалық) екпін, көңіл-күй (эмфазалық) екпін деп бөлінетін түрлерінің бірінен екіншісінің айырмасын, ұқсастықтарын, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін арнайы білу өте қажет. Сөйлеп тұрғанда, екпінді өз нормасынан ауыстырсақ, сөздің дұрыс айтылу қалпы бұзылады да, сол сөздің мағынасына, кейде тіпті сол сөйлемнің мазмұнына да әсер етеді.