8. Ерте Мысыр, Ерте май күнтізбесі
Мысыр күнтізбесі - Ежелгі Мысыр (Египет) халқы қолданған.
Аспан денелерінің қозғалыстарына сәйкестендіріліп жасалған ең алғашқы күнтізбелердің бірі, сотистік күнтізбе деп те аталады. Қазіргі күнтізбелердің көпшілігі осы мысыр күнтізбесі негізінде жасалған. Ежелгі Мысырда б.з.б. 4 – 3-мыңжылдықтарда аспан құбылыстарын бақылап жүретін бірен-саран сауатты сопы-абыздар болған. Олар бірталай жұлдыздарды, зодиактың 12 үйірін, 5 үлкен планетаны, т.б. білген. Жылды мысырлықтар әрқайсысы 30 күндік 12 айға бөлген, артық қалатын 5 күнді мейрам ретінде жыл аяғына қойған. Айлар былай аталған: тот, фаофи, атир, шувак, тиби,мехир, фаменот, фармути,пахон, пайни, эпифи,абика. Бұл атаулар – мысырлықтар табынған пірлердің аттары. Мысырда апта есебі жүргізілмеген, айдағы күндердің 30 түрлі дербес аттары болған. Нақты жылдан мысыр жылының 0,25 күні кем. Осыдан 4 жылда 1 күн, 120 жылда 1 ай, 1460 жылда 1 жыл жиналады. Мысырлықтар 1460 жылдық уақытты сотистік ұлы жыл деп атаған. Ежелгі мысыр күнтізбесі бойынша жыл басы жылжып жүреді, бірде тот айының 1-іне келсе, 148 ж. өткенде ол фаофи айының 7-сіне келеді, т.с.с. Жыл басын тоттың 1-іне келтіріп отыру мақсатымен, ұлты грек Мысыр патшасы Птолемей ІІІ Эвергет б.з.б. 238 ж. 7 наурызда арнайы декрет шығарып, кібісе жыл енгізді, әрбір тетелес келетін 3 жылды 365 күннен, 4- (кібісе) жылды 366 күннен есептеп отыруға әмір етті. Алайда Эвергет өлгеннен кейін оның күнтізбесі Мысырда қолданылмай қалды. Қазіргі Мысырда араб күнтізбесі енгізілген. Мысыр күнтізбесі осы күні Эфиопияда ғана қолданылады.
9. Дәуірлер туралы ұғым.
Қандай да бір құбылыстың өмір сүруіндегі немесе қандай да бір процестің дамуындағы басқа уақыт интервалынан сапалық тұрғыдан өзгеше уақыт интервалы. «Дәуір» ұғымының бұл мағынасы геологияда анағұрлым қатаң түрде пайдаланылады. Мұнда негізгі уақыт көрсеткіші тау жыныстары түзілетін аралықтағы мезгіл сәті болып табылады. Геологияда мұндай интервалдар төмендегідей өрбу сатылары арқылы беріледі. Ең үлкен интервал «заман», яғни эра (латынша аera – бастапқы сан) ұғымы арқылы анықталады. Бұл – геологиялық топты құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімі. Мысалы, палеозой, мезозой, кайнозой. Әрбір заман геологиялық жүйені құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімін білдіретін кезеңдерге бөлінеді. Мысалы, палеозой заманы кембриялық, ордовик, силурийлік, девондық, тас көмір және перьмдік кезеңдерді қамтиды. Дәуір деп бұл тұста геологиялық бөлімді құрайтын тау жыныстарының геологиялық түзілу мерзімі ұғынылады;
Дәуір геологиялық кезеңнің құрамдас бөлігі болып табылады, өз кезегінде, геологиялык ғасырларға жіктеледі. «Дәуір» түсінігінің стратиграфиялық баламасы бөлім, яғни «нақтылы бөлім» жер қыртысы дамуының «нақтылы дәуірі» барысында қалыптасып үлгерген таужыныстар қабаты. Әрбір геологиялық кезең, әдетте екі немесе үш дәуірге жіктеледі, олар сол кезеңнің «алғашқы», «ортаңғы» және «соңғы дәуірлері» (үшке жіктелгенде) немесе «алғашқы» және «соңғы дәуірлері» (екіге жіктелгенде) деп аталады. Бұларға сәйкес келетін стратиграфиялық бірліктер яғни бөлімдер «төменгі бөлім», «ортаңғы бөлім» және «жоғарғы бөлім» (үшке жіктелгенде) немесе «төменгі бөлім» және «жоғарғы бөлім» сөз тіркестерімен беріледі. Мысалы, кембрий кезеңі (жүйесі) үш дәуірге (бөлімге) жіктеле отырып, «алғашқы (төменгі) кембрий», «ортаңғы кембрий» және «соңғы (жоғарғы) кембрий» дәуірлеріне (бөлімдеріне) жіктелсе, бор кезеңі (жүйесі) екі дәуірге (бөлімге) жіктеледі, олар «алғашқы (төменгі) бор» және «соңғы (жоғарғы) бор дәуірлері (бөлімдері)» деген сөз тіркестерімен өрнектеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |