Сөзжасамдық қалып. Сөздердің тууында сөзжасамдық тәсіл мен үлгіден басқа қалып та болады.
Табиғи тілдің дамуында жаңа туынды атау туғызу үшін қалыптасқан белгілі қалыптар бар. Мұндай қалыптар кез келген тілде болуы заңды. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық қалыптардың да өзіндік белгілері мен заңдылықтары, ерекшеліктері бар. Сөзжасамдық қалып туынды сөзді жасаудың негізгі жолдарын белгілейді. Сөзжасамдық үлгі белгілі бір тұлғалардың жасалуын ғана белгіленетін болса, сөзжасамдық қалып ұғымы одан гөрі кең. Сөзжасамдық қалып жаңа туынды сөз жасалуының жалпы қасиеттері мен заңдылықтарын айқындай алады.
Қазақ тіліндегі сөзжасамдық тәсілдердің әрқайсысының өзіне тән сөзжасамдық қалыптары бар. Фонетикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы екі сөзжасамдық қалып пайда болған: дауысты дыбыстардың сәйкесуі арқылы жасалған сөзжасамдық қалыптар және дауыссыз дыбыстардың сәйкесуі арқылы жасалған қалыптар. Мысалы:
Дауысты дыбыстар сәйкестігі арқылы жасалған сөзжасамдық қалыптар:
Көз-көр, ауа-әуе, аса-есе, ызу-із, тұс-тыс, қол-қыл, ақ-әк, асыру-әсірелеу т.б. Ал бұлардың белгілі тектес дыбыстар арқылы туынды сөз жасауы сөзжасамдық үлгіні құрайды.
Дауыссыз дыбыстар сәйкестігі арқылы жасалған сөзжасамдық қалыптар:
Кел-кет, көз-көр, ез-ер, боз-бор, өгіз-өкір, күн-күй, қон-қоң, тығу-сығу, тіре-шіре, атырау-ажырау-айыру, сөз-сөй(ле) т.б.
Семантикалық тәсілдегі сөзжасамдық қалыптар сөздердің синонимдік, антонимдік, көпмағыналық сипаты арқылы пайда болып, дамыған. Мысалы: үй-үй-үй, үйір-үйір-үйір; ат-ат-ат-ат; жан-жан-жан т.б.
Аналитикалық тәсілдің негізгі қалыптары: сөздердің бірігуі, тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: асқабақ, Сарыарқа, қолғап, т.б.; әке-шеше, бақа-шаян, жігіт-желең, ұзынды-қысқалы т.б.; көзі ашық, қолы ұзын, көз салды, ой салды т.б.
Қалыптасқан сөзжасамдық қалыптардың негізінде жасалған жаңа атаулар тілдің ішкі заңдылығына сәйкес жасалғандықтан, халықтың дүниетанымына негізделіп, уәжділігі айқын болады.
Сөзжасамдық тарам.Сөзжасамдық тарам бір түбірден не негізден тараған туынды сөздердің тік бағыттағы мағыналық жиынтығы. Сөзжасамдық тарам жалпы тіл білімінде «парадигма» термині арқылы белгілі. Парадигма сөзі грек тілінен енген. Сөзбе-сөз аударғанда үлгі деген мағына береді. Тарам (парадигма) термині тіл білімінде әртүрлі қолданыста жұмсала алады. Кең мағынасында: 1) бір-бірімен жалпы белгілері арқылы немесе қарама-қарсы белгілері арқылы ортақ мәнге ие болатын, ұқсас ассоциация туғызатын кез келген лингвистикалық бірліктер тобы. Мұнда тіл бірліктері парадигмалық қатынас арқылы байланысады. 2) Парадигмалық қатынас арқылы байланысатын тіл бірліктері жиынтығының моделі немесе үлгісі.
Тар мағынада: Морфологиялық парадигманың синонимі ретінде жұмсалады.
Сөзжасамдық парадигманың өзіндік ерекшелігі – тарамға енетін сөздер тек туынды атаулар болады, әрі олар тек бір негізден тарайды. Сөзжасамдық тарамға бір түбір арқылы жасалған туынды сөздердің деривациялық қатары кіреді. Сөзжасамдық тарам барлық сөзжасамдық тәсілдердің жасалу жолына тән болады. Бір сөзжасамдық тарамда бірнеше тәсіл арқылы жасалған туынды атаулар болуы ықтимал. Мысалы: «қол» негізі арқылы бірнеше мағыналық жағынан жақын жаңа туынды сөздер жасала алады да, олар бір сөзжасамдық тарамды құрайды.
қол (әскер мағынасында)
қол арба
қол батпайды
қолдиірмен
қолы қысқа
қол ұшын тигізбеу
қол сандық
қол (жөн, ыңғай, қолайлы мағынасында)
қолағаш
қолбасшы
қолғабыс
қолдану
қолжазба
қолтық т.б.
Бір сөзжасамдық тарамға енетін атауларды айқындайтын үш түрлі негізді атау орынды:
Ұғымдық жақындығы;
Мағыналық жақындығы;
Тұлғалық жақындығы.
Мұндай ұқсастық, жақындығы болмаса, сөздер бір сөзжасамдық тарамға ене алмайды. Мысалда келтірілген «қол» сөзі арқылы жасалған сөзжасамдық тарамдағы сөздердің ұғымдық жақындығы айқын. Жаңадан жасалған атаулардың барлығының ұғымы қол ұғымымен тікелей байланысты болып, тек қолмен жасалатын іс-әрекетті, қолмен орындалатын істі, қолға арналған зат не құбылысты айқындау үшін жұмсалады.
Туынды атаулардың бәріндегі ортақ мағына қолдың әртүрлі қызметіне сәйкес айқындалады. Туынды сөздердегі өзек мағына да олардың негізінде қол ұғымы себепші негіз болатынын анықтайды; атаудың арнайы семасы себепші негіз мағынасы арқылы уәжделеді.
Тұлғалық жақындығы – барлық туынды сөздердің құрамында қол сөзі ортақ таңба ретінде сақталады.
Бір сөзжасамдық тарамға енген атаулардың әртүрлі сөзжасамдық сатылары мен тізбектер жіктеліп шығады. Мұның өзі сөзжасамдық ұядағы негізгі тұлғалардың ішкі мағыналық құрылымының ауқымдылығымен тікелей байланысты болады. Жоғарыда көрсеткен мысалдарды былайша тізбекке немесе сатыға ажыратуға болар еді.
Қоларба – қоларбаша, қоларбалық, қоларбадай.
Қолдиірмен – қолдиірменші, қолдиірменше, қолдиірмендей;
Қолбасшы – қолбасшылық – қолбасшысыз, қолбасшыдай;
Қолдан – қолдану – қолданғыш – қолданушы – қолданушылық, қолданусыз, қолданғыш, қолдандыру, қолдан-қолға, қолданыс, т.б.
Сөзжасамдық тарамға енетін сөздерді сөз таптарына ажырату толық дұрыс нәтиже бермейді. Сөздің жасалуының ішкі табиғаты сөз таптарына грамматикалық бөлінісінің заңдылығына емес, олардың семантикалық мағыналық құрылымы мен семантикалық өріс теориясына негізделеді. Сондықтан, бір сөзжасамдық тарам бойында әртүрлі сөз таптарына жататын атаулар орналаса алады. Сөзжасамдық тарамдағы тұрақты тұлға – туынды атауларды негіздеуші себепші негіз.
Кейде бір сөзжасамдық тарамнан бір сөз табына жататын атаулар ғана жасалуы ықтимал. Біз сөздердің сөз таптарына жіктелуін шартты-грамматикалық ұғым ретінде танимыз. Сөзжасамдық тарамды морфологиялық аспектіден айқындау дұрыс нәтиже бере алмайды, сондықтан, негізінен, олардың ішкі мағыналық құрылымына назар аударып, семантикалық және функциональдық аспектіден зерттеу орынды деп бағалаймыз.
Сөзжасамдық тарам арқылы айқындалатын атаулардың табиғатын ашу қажет.