ІІ. Негізгі бөлім 2.1. Сөзжасамның қалыптасу және зерттелуі тарихы Сөзжасам тіл дамуының бір қайнар көзі екені анық. Сондықтан түркі тілдерінде көне дәуірден бері өмір сүріп, тілдік қолданыста болып келе жатыр. Сөзжасамның жүйелі құбылыс екенін оның ерте заманнан бері пайда болып, қалыптасып келе жатқанын көптеген ғалымдар зерттеген және көне жазба ескерткіштер тілімен салыстыра отырып білуге болады. Бұл тұрғыда бірсыпыра зерттеуші ғалымдардың Радлов В.В., Малов С.Е., Гулянов А.Г., Шербак А.М., Кононов А.Н., Мелиоранский П.М., Гарипов П.А. және т.б. ғалымдарды атауға болады.
Орта ғасырда өмір сүрген түркі тілінің алғаш сөздігін жазған лингвист ғалым М.Қашқаридің «Дивани лұғат ат-түрк» атты еңбегін білеміз. Бұл еңбек соншама ғасыр өтсе де, негізгі заңдылықтары қарастырылған құнын жоймаған бірден-бір ғылыми еңбек. Тілдің заңдылықтарын зерттеген кез келген ғалым М.Қашқаридің сөздігін аттап өте алмайды. Соның ішінде сөздердің жасалуы мен оның мағыналық ерекшеліктері туралы да М.Қашқари өз заманының бағалы пікірлерін айтқан. Ол өзінің еңбегінде сөзжасамға арнайы тоқталмаса да, есімдер мен етістік жасайтын көптеген афикстердің тарихи дамуы, өнімді-өнімсіздігі айтыла келіп, кейбір форма өзгертуші қосымшаларды басқа тайпалар тілімен салыстыра отырып мәлімет береді. Мысалы: маз, дұғ, мыш, мақ, ған, ғұлық, ғылы, формалы етістігі негізді сын есім жасалу формасы мен мағыналығын көрсеткен. Қашқаридің пікірі тек өз заманының ғана емес, бүгінгі күнге дейін ғылыми мәнін жоймаған, түркі тілдерін салыстыра зерттеуге қажетті құнды еңбек. Қашқаридің еңбегі 1960 жылы Мұталиевтің басшылығымен өзбек тіліне аударылды. Бұл орта Азиядағы құнды аударманың бірі. Қазақ тіліне 1997 жылдан бастап Асқар Егеубаевтың басшылығымен аударылды. Сөзжасам мәселесі түркітаным тарихында ХҮІІІ ғасырдың ортасынан сөз бола бастады. Алғаш рет ғылыми граматиканың негізін салған Мирзо-Казанбек есім сөздерді негізгі және туынды деп бөліп, туынды сөздердің есім мен етістік арқылы жасалтынын айта келіп, етістік негізді есімдердің бойында қимылдың қайталану мағынасының бар екенін дәлелдеген («Общая граматика турско-татарского языка», Казань 1846). Одан кейін жазылған 1869 жылы «Граматика алтайского языка» деген еңбекте есім сөздердің жасалуы мен граматикалық формаларын ажырата көрсеткен.
Түркітанымда бұрыннан келе жатқан зерттеу дәстүрін негізге ала отырып, 1950 жылдан бері жеке түркі тілдерінде сөзжасамды зерттеуге ерекше назар аударыла бастады. Соның нәтижесінде туркологиялық сөзжасам саласына зор үлес қосқан еңбектер туды. Ф.А.Ганиев, Т.М.Гарипов, А.Г.Гулямов, Ә.Т.Қайдаров, А.Қалыбаева (Хасенова), К.М.Мұсаев, Б.О.Орузбаева, Қ.Сәдуақасов, Э.В.Севортян, М.Хабичев, А.Ысқақов, А.А.Юлдашев, Б.М.Юнусалиев зерттеулерінде түркі тілдеріндегі сөзжасам салыстырмалы-тарихи тұрғыда немесе синхрондық сипатта қарастырылып, сол деректер берілген.
Қазақ тіл білімінде сөзжасамның теориялық мәселесі 1960-1970 жылдардан бастап ғылыми ізденістің нысаны бола бастады. Бірақ оның мәні айқындалып, өзіндік орны анықтала қойған жоқ. Сөзжасам өзіне тән лексика-граматикалық ерекшелігі, өзіндік зерттеу нысаны толық анықталмаған, морфология, фонетика, синтаксис, лексика салалары сияқты тілдік қабат ретінде орнықпаған дейміз. Өздеріңізге белгілі болғандай сөзжасам морфология ішінде қарастырылып келді. Күні бүгінге дейін екі саланың ара жігі ажыратылмады. 1989 жылы «Ғылым» баспасынан «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» деп аталатын ұжымдық еңбек жарық көргені белгілі. Мұнда қазақ әдеби тілі материалдары негізінде сөзжасамның жалпы мәселелері, тілдің сөзжасам жүйесі, сөзжасам тәсілдері және сөз таптарының сөзжасамы (зат есім, есімдік, етістік, үстеу бойынша) қарастырылған. 1985 жылы қазақ тілі сөйленістеріндегі сөзжасамға арналып «Мектеп» баспасынан «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» деген атпен арнайы монография (авторы Ғ.Қалиев) жарық көрді. Бұл еңбекте ұлттық тіл құрамына кіретін халықтық сөйленістердің сөзжасам жүйесіндегі заңдылықтары мен ерекшеліктері зерттелген.
Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде жаңаша қарап, тереңдете зерттейтін мәселелер аз емес. Сөзжасамның тарихи кезеңдерде қалыптасу жүйесін диахрониялық тұрғыда зерттеу, сөзжасамның тіл білімінің басқа салаларымен қарым-қатынасын анықтау, одан туатын проблемаларын зерттеу, сөзжасамды тек әдеби тілдік негізде ғана емес, бүкіл ұлттық тіл көлемінде алып қарастыру т.б. осындай мәселелердің қатарына жатады.
Сөзжасам мәселелері қазақтың жалпыхалықтық тілі, болмаса әдеби тілі материалдары негізінде монографиялық түрде зерттелді (Б.Каимова, Ж.Түнғатаров, К.Шаяхметов, Е.И.Шипова, т.б.). Сөзжасам қазақ тілі тарихын, ономастикасын, көне түркі ескерткіштерін (Э.Р.Тенишев, Э.Н.Наджип, Ә.Құрышжанов, Ғ.Айдаров, Т.Жанұзақов, А.Әбдірахманов, А.Есенқұлов, А.Ибатов, М.Маженов т.б.), әдеби тіл тарихы мен стилін, қазақ тілінің жеке категорияларын (Р.Сыздықова, Н.Оралбаева, Ф.Мұсабекова, Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Қ.Өмірәлиев, Ж.Шөкенов, Ә.Хасенов, Х.Кәрімов т.б.) зерттеген бірқатар еңбекте қамтылып отырды. Қазақ тілінің жергілікті диалектілері мен сөйленістеріндегі сөзжасамның қызметі мен ерекшеліктері диалектологиялық еңбектерде зерттеліп отырды (С.Аманжолов, Ж.Досқараев, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков, Ә.Нұрмағамбетов, Ж.Болатов, О.Нақысбеков, Ш.Бектұров, А.Тасымов т.б.)
Сөйтіп, бұл қысқаша шолудан туркологияда, оның ішінде қазақ тіл білімінде сөзжасамның өзіндік сипатын танытатын зерттеулердің негізінен 1950 ж. 2-жартысы мен 1990 ж. арасында пайда болғанын көреміз. Бірақ сөзжасамның түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде әлі толық ашылмаған, болмаса әр түрлі пікір айтылып жүрген жақтары аз емес. Мәселен, қазақ әдеби тіліндегі қосымшалардың сөз байланыстыратын түрлері – жалғаулардың саны, «әрқайсысының өзіне тән грамматикалық формалары және сол грамматикалық мағыналары мен формаларына сай, олардың өзді-өздеріне тән ерекше қызметтері»1 туралы түсінік ғылыми әдебиеттерде неғұрлым айқын, нақты көрсетілген.
Ал қосымшалардың сөз тудырушы түрлері – жұрнақтардың жалпы қазақ тілін былай қойғанда, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі тұтас көлем-мөлшері анықталған емес. Кейбір зерттеушілер тек соңғы кездерде етістік, зат есімі, сын есімге қатысты өздері зерттеген қосымшалардың мөлшерін көрсетіп жүр. Мәселен, А.Қ.Хасенова (Қалыбаева) қазіргі қазақ тілінде туынды түбір етістік жасайтын 80-нен астам аффикс (фонетикалық варианттарымен жүз алпыстан астам) бар екенін2, Ә.Төлеуов зат есім мен сын есім тудырушы 112 (фонетикалық варианттарымен 241) қосымша бар екенін3 көрсетеді.
Басқа кейбір түркі тілдерінде бұл мәселенің жайы неғұрлым нақтылана түскенін көреміз. Б.О.Орузбаева қазіргі қырғыз тілінде жиі қолданылатын және өнімділігі шамалы, болмаса өнімсіз 200-ге жуық сөз тудырушы қосымша бар екенін, сонымен бірге лексиканың әр түрлі қабаттарында түбірден немесе алғашқы туынды негізден жігін ашу мүмкін емес, қатып қалған қаншама сөз тудырушы өлі морфемалар бар екенін көрсетеді.4 Ф.А.Ганиев татар әдеби тілінде зат есім тудырушы 100-ге жуық, етістік тудырушы 60-тан аса, сын есім тудырушы 50-ден аса, үстеу жасаушы 25 жұрнақ бар екенін, оның үстіне әр сөз табында ажыратуға келмейтін жұрнақтар да кездесетінін айтады.5 Т өменде осындай мәселелерге тікелей қатысы бар, әрі мектеп пен жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту, жалпы білім беру жүйесінде қиындық туғызып жүрген сөзжасамды зерттеу проблемасының «үстіңгі қабатындағы» кейбір жайттар сөз болады.
1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы, 1974. 40-б.
Хасенов А. Қазақ тіліндегі туынды түбір етістіктер. – Алматы, 1969. 24-б.
Тулелев А. Проблемы синтетического способа словообразования имен существительных и прелагательных в казахском языке // Автореф. Докт. Дисс. Алма – ата. С.5.
Орузбаева Б.О. Словообразование в киргизском языке. Фрунзе, 1964. с.50.
Ганиев Ф.А. Суффиксальное словообразование в современном татарском литературнм языке. Казань, 1974.С. 219