І. Кіріспе
1.1. Сөзжасам – тіл білімінің жеке бір саласы
ІІ. Негізгі бөлім.
2.1. Сөзжасамның зерттелу тарихы
2.2. Сөзжасамдық мағынаның түрлері
2.3. Сөзжасамдық ұяның құрамындағы сөздердің іштей жіктелуі
2.4. Сөзжасамды оқыту әдістемесі және жаттығу жұмыстары
ІІІ. Қорытынды
ІҮ. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
І. Кіріспе Кез келген тілдің дамуы, ең алдымен, сөзжасам жүйесімен байланысты. Тілдің байлығы – кірме сөздер есебінен сөздік құрамның толығуымен емес, төл сөздердің мағыналық және тұлғалық дамуы негізінде, жаңа сөздердің туындауы арқылы анықталады. Сондықтан тілдегі төл сөздердің ұғымдық, мағыналық және тұлғалық даму жүйесін зерделеу қажет.
Сөзжасам қазақ тіл білімінде дербес сала ретінде танылуына біршама уақыт енді болды. Осы уақыт ішінде ғалымдар сөзжасам саласының толып жатқан мәселелерінің кейбіреулерін ғана зерттеу нысаны етіп алып отыр. Демек, сөзжасамда өзінің зерттелуін күтіп тұрған ірі-ірі ғылыми мәселелер бар. Туынды сөздердің көбі сөздіктерде беріліп жүр. Бірақ сөздіктер оларды түгел қамтыды деп айта алмаймыз. Бұл да осы мәселенің жете зерттелмеуінен болып отыр. Ал ол – тіліміздің байлығын нақты анықтауға кедергі келтіріп жүрген жағдайлардың бірі.
ХХ ғасырдың 90-жылдарынан қазақ тілінің сөзжасам саласы туралы әртүрлі деңгейде ғылыми еңбектер жазыла бастады. Алғашқы іргелі еңбек «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» (1989) атты монографиялық зерттеу болды. Мұнда сөзжасам жеке ғылыми сала ретінде танылып, оның негізгі теориялық мәселелері зерделенді. Осы кезден бастап, қазақ сөзжасамы ғылыми-теориялық бағытта сараланып, талданып, әртүрлі ғылыми аспектіден жүйелі түрде қарастырылып келеді.
Қазақ тілінің сөзжасамы – негізгі зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеті айқындалған, зерттеу тәсілі мен әдістері бар, тіл білімінің бір жүйелі саласы.
Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі атаудың жасалу, қалыптасу жолын, мағынаның дамуын, ұғым, мағына, атаудың кешенді бірлігін қарастырады. Сөзжасам- жаңа мағыналы туынды сөздердің қалыптасуы мен мағыналық дамуын, жасалу тәсілдерін зерттейтін тіл білімінің негізгі бір саласы.
Сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны – туынды сөз. Сөзжасам туынды сөздің жасалу жолын, қалпы, тәсілін, мағыналық құрылымын, атаудың қалыптасуын, уәжділігін, т.б. зерттеуді мақсат етеді.
Сөзжасам термині тіл білімінде екі мағынада қолданылады:
Туынды және күрделі сөздердің тілдегі үлгілері бойынша бір түбірлі сөздер негізінде аффикстердің көмегімен және сөздерді біріктіру, конверсия арқылы жасалуымен білдіріледі.
2. Туынды және күрделі сөздердің қызметін, құрылысын, топтастырылуын зерттейтін тіл білімінің саласы ұғымын білдіреді.Сөзжасам атауыш сөздердің жасалу процесіне тікелей қатысып, тілдің сөздік құрамын толықтыратын жолдардың бірі ретінде қызмет етеді.
Сөзжасам тек диахрониялық құбылыс емес, тілдің қазіргі синхрониялық даму жағдайында жаңа сөздердің қалай пайда болатынын және оларды тудыратын жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, сөзжасамда туынды және күрделі сөздер диахрониялық, синхрониялық тұрғыда динамикалық және статикалық сипатта зерттеледі.