Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі.
Қазақстандағы инклюзивті білім беру – жаңа құбылыс. Еліміздегі осындай білім беру жүйесінің негізгі басымдықтары мен мақсаттары қандай? Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің бізге берген мәліметіне қарағанда, аталған ведомство инклюзивті білім беруге қатысты жобаларды әзірлеп қана қоймай, халықаралық оң тәжірибені зерделеп, озық тұстарын ескереді екен. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасау бойынша педагогикалық мамандықтардың білім беру бағдарламаларын жетілдіру, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және т.б. салалардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Оның негізінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды бірыңғай есепке алу іске асады. «Бүгінгі күнге дейін ведомствода арнайы білім беру ұйымдарының қызмет қағидаларын қайта қарастыру жұмысы басшылыққа алынып, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар «медициналық» модельден «педагогикалық» модельге көшірілген,–дейді ведомство өкілдері.
Қазақстан жалпы білім беру жүйесіне инклюзивтілікті енгізу тұрғысынан өзге Орталық Азия елдерінен алда келеді. Мәселен, Ұлттық білім беру базасының деректері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беруге негізделген арнайы балабақшалардың саны – 44. Олар Ақтөбе (4), Атырау (1), Қарағанды (1), Маңғыстау (2), Түркістан (5), Павлодар (7), Шығыс Қазақстан (6) облыстарында, Нұр-Сұлтан (2), Алматы (11), Шымкент қалаларында (5) орналасқан
Егер, 2017 жылдағы көрсеткішке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 495 балабақша инклюзивтік бағыт бойынша жұмыс істей бастаған. Олардан 6 мыңнан астам бала тәрбиеленіп шыққан. Бұған қоса, еліміздің 3 мыңға тарта мектебінде инклюзивтік оқытуды енгізуге жағдай жасалған. Бұл бағдарламаға ерекше қажеттілігі бар 40 мыңдай оқушы қатысқан. Ал алдағы уақытта Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға орта білім беретін мұндай мекемелер жалпы білім беретін мекемелердің 70 пайызын, ал осындай бағытты ұстанған мектепке дейінгі мекемелер 30 пайызды құрайды деп болжануда.
Достарыңызбен бөлісу: |