ДИДАКТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР 1-ТОП. Мәтін бойынша дәптеріне 3 жіңішке, 3 жуан сұрақ дайындап, сыныптасыңмен сұхбат жүргіз. Уақыт- адамға берілетін мүмкіндік Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатындықтарын жақсы біледі. Тіпті метролары мен көлік аялдамаларында тұрсаңыз, жүру мезгілдерінің «16. 03»; «12. 01.»; «17. 08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп, я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда«Жетіден он минут кетті»десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ. Батысқа барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтіндігіне таңғалған азиялық жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл біздің сендерден үйренген құндылығымыз емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер ғой, бар болғаны, біз бұған енді ғана қол жеткіздік» деп ой салған екен. Байқасақ, «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық» деп әр кезде ислам ғұламалары осыншалықты көңіл бөлген уақыт мәселесіне біз бүгін өте самарқау қарайтын сияқтымыз. Өйткені бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі теледидар деуге болады. Жасыратын жоқ, бүгінгі күні көк сандығы жоқ үйді елестету қиын. Алайда осы теледидардың уақыттың нағыз жауы екеніне екінің бірі көңіл бөле бермейді.
2-ТОП. 2-топ. Мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты табыңыз.
Орташа есеппен күніне 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның жылдық осыған жұмсалатын уақыты 1095 сағатты құрайды екен. Бұл дегеніңіз күндіз - түні 45 күн деген сөз. Яғни тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Есіл уақыт! Ал теледидарға босқа кеткен осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да артық. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Яғни теледидардың кесірінен біз бір шет тілін үйрене алмай қалудамыз. Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Бұны осылай көбейте беруге болады.
Міне, теледидар көрудің адамды қаншама игілікті істерден құр қалдыратынын осыдан - ақ байқауға болады. Рас, уақыттың бұдан да басқа жаулары өте көп. Көп сөз, көп қыдыру да солардың қатарында. Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер шағында пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермесі» анық. Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтың бірі - уақыт. Уақыт – адамға берілген нағыз сый. Бос уақыт жоқ, босқа өткен уақыт бар. Уақыт - адам баласының азына ие болып, көбіне мұқтаж болған нәрсесі. Барлығында жиырма төрт сағат бар. Бірақ баршасы бұны ұтымды қолданбайды. Уақыт қордаланып жиналмайды, кері қайтарылмайды. Қарызға алуға және беруге болмайды. Сыйға тартылмайды. Мирас ретінде қалдырылмайды.
3-ТОП. Мәтіннен факті мен көзқарасты,астарлы ойды табыңыз