М . ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
Синбаева Г.К.
Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы
пәні бойынша дәрістер курсы
Білім беру бағдарламасы «6В01703 – Қазақ тілі мен әдебиеті»
Петропавл қ., 2019ж.
ДӘРІСТЕР КУРСЫ
№1 дәріс
Тақырыбы: ЛЕКСИКОЛОГИЯ, ОНЫҢ САЛАЛАРЫ ЖӘНЕ ҚАРАСТЫРЫЛАТЫН МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Лексикология, оның қарастыратын негізгі нысаны
2. Лексикологияның салалары
3. Лексикологияның басқа ғылым салаларымен байланысы.
1. Лексикологияның қарастыратын негізгі нысаны – лексика. Лексика деген сөз жер жүзіндегі халықтар тілінің көпшілігінде термин болып қалыптасып кеткен. Бұл термин – бір тілдегі барлық сөздердің жинағы деген ұғымды білдіреді. Осы лексика деген терминнің ұғымына тілдің жергілікті ерекшелігі де, сол бір тілдің сөйленістері де, диалектілері де енеді. Тіл ғылымының этимология, лексикология, семасиология, лексикография деген тараулары лексиканы тексереді. Сонымен қатар, лексика грамматиканың негізгі базасы болып табылады. Грамматикалық категорияларды, сөздің грамматикалық өзгерістерін, түрленуін, бір сөз бен екінші сөздің байланысын, оның негізгі обьектісі – сөзден бөліп қарауға болмайды. Сөздердің мағынасын, оның жалпы лексикалық жүйедегі алатын орнын, шығу төркіне, қолдану қабілеттігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, стильдік мәні мен сипатын тексеретін лексикология. Лексикология тілдегі барлық сөздердің жиынтығын, сөз байлығын зерттейді, тілдің негізгі сөздік құрамының келелі мәселелерін түгел қамтып, оны егжей-тегжей түсіндіруді мақсат етеді.
Лексикология – сөзді және сөздердің жиынтығы, яғни тілдің сөздік құрамын (лексикасын) зерттейді. Сөз лексикологияда лексикалық единица ретінде қарастырылады. Лексикалық единицалардың (сөздердің) жиынтығынан тілдің сөздік құрамы (лексикасы) құралады. Әрбір тілдің сөздік құрамындағы сөздер қаншама көп және алуан түрлі болғанымен, олар бір-бірімен байланысты, өзара шарттас элементтердің жүйесі ретінде құралады да сөз тілдің лексикалық жүйесінің элементі ретінде қаралады. Жалпы қатынас құралы ретіндегі тіл атаулының лексикалық жағына тән құбылыстар мен жалпылама заңдылықтар мен ұғымдар жалпы лексикологияда қарастырылса, лексикалық құбылыстар мен жалпы заңдылықтардың жеке, нақтылы тілдердің лексикасына икемделіп көрініс табуы және әрбір тілдің сөздік құрамы мен дамуы, өзіндік ерекшеліктері жалқы лексикологияда (жеке нақтылы тілдің лексикологиясында) қарастырылады. Әрбір тілдің лексикологиясы (жеке лексикология) жалпы лексикологияның жалпы теориялық қағидаларына негізделеді де, нақты бір тілдің лексикасын зерттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |