Жауап: Шақ – етістіктің негізгі категорияларының бірі. Шақ қимылдың жасалып жатқанын, келешекте жасалатынын, жасалып болғанын білдіреді. Іс-әрекеттің мезгілге, уақытқа байланысын көрсететін етістікке тән категория шақ деп аталады. Шақтың үш түрі бар: 1) осы шақ, 2) өткен шақ, 3) келер шақ Осы шақ істің сөйлеп тұрған уақытта болып жатқанын көрсетеді. Мағынасына қарай осы шақ екі түрге бөлінеді: нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ. Нақ осы шақ іс-әрекеттің сөйлеуші сөзімен бір мезгілде орындалып жатқанын көрсетеді.Нақ осы шақ көбінесе отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктері арқылы жасалады. Мысалы, оқып отыр, күліп тұр, ойнап жүр, ұйықтап жатыр. Ауыспалы осы шақ істің, қимылдың дағдылы түрде болып тұруын көрсетеді. Ауыспалы осы шақ түбірге көсемшенің-а, -е, -й жұрнақтары мен жіктік жалғауының жалғануынан жасалады. Мысалы, жаңбыр жау-а-ды, күн күркіре-й-ді, мен айт-а-мын, сен кел-е-сің, менкеліспе-й-мін, орында-й-мын, тапсыр-а-мын, т.б.
Келер шақ іс-әрекеттің сөйлеп тұрған мезгілден кейін орындалатынын білдіреді. Келер шақтың үш түрі бар: 1) болжалды келер шақ, 2) мақсатты келер шақ, 3) ауыспалы келер шақ. Болжалды келершақ іс-қимылдың орындалуын болжам түрінде көрсетеді.Болжалды келер шақ етістіктің түбіріне есімшенің -ар, -ер, -р және болымсыз етістікке -с жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы, қуан-ар-сың, жет-ер-сің, тоқы-р-сың, айтпа-с, сындырма-с, келтірме-с, өкпелетпе-с, т.б
Мақсатты келер шақта іс-қимылдың орындалуы мақсатты түрде айтылады. Мақсатты келер шақ -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, тапсыр-мақ, үйрен-бек, келіс-пек, ақылдас-пақ, сұран-бақ, келтір-мек, т.б.