Билет №18
1. Асан Қайғы, Бұқар жырларының тарихи сипаты, тәрбиелік мәні.
Асан қайғы (Хасан) Сәбитұлы (14 ғасырдың ақыры – 15 ғасырдың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі - Асан Қайғы мазары делінеді.
Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады («Қымыз ішіп қызарып, мастанып неге терлейсің, өзіңнен басқа хан жоқтай елеуреп неге сөйлейсің?»). Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді («Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?»). Асан Қайғы осы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегенділік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды («Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?»). Асан Қайғы Қаласының жыр, толғаулары негізінен үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады. Жырау ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады («өле-тұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа»). Түсіністікпен үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу – бүкіл адамзат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау шығармашылығының негізгі арқауы («Әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмасауыл Ақылдының белгісі, өткен істі қумасауыл Жамандардың белгісі, жауға қарсы тұрмасауыл..»). Енді бір алуан жырлары тұрмыста түйген ой-тұжырым, болжау түрінде келеді («Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?»). Асан Қайғы есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай тағы басқа) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғарыдағыдай философия және психология мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше.
С.Бегалин-балалар жазушысы. «Сәтжан», «Бала Шоқан» шығармаларының тәрбиелік мәні.
Қазіргі кезде қазақ балалар әдебиетінің аға жазушысы кім десе, алдымен Сапарғали Бегалинді атауға болады. Өйткені ол- балалар әдебиетінде әңгіме жанрын дамытқан, соның тамаша үлгілерін көрсеткен жазушы. С.Бегалиннің балаларға арналған: „Қыран кегі” (1944), „Көксегеннің көргендері” (1947), „Тұңғыш” (1948), „Сәтжан” (1950), „Ермектің алмасы” (1951), „Көк бұтақ” (1953), „Ұрпақ” (1954), „Бақыт” (1956) деген шығармалары өз алдына жеке кітап болып басылды.
С.Бегалиннің балаларға арнап жазған отыздан аса көлемді әңгімелері бар. Соның бәрін жинақтап, тақырыбы мен көтерген мәселесіне қарай бес топқа бөлуге болады.
1. „Сәтжан”, „Көксегеннің көргендері”, „Бала мерген”, „Алданған жолбарыс” деген әңгімелері. Мұның бәрі негізінен аңшылыққа арналған. Өзінің туған өлкесінде, көбінде ауылда жүріп қызмет еткен Сапарғали жаратылыстың санқилы көріністерімен танысып, жасөспірімдерге арнаған әңгімелерінде оның әр алуан байлығы мен көркем көріністерін суреттеп беруге көп еңбек еткен. Мысалы, „Сәтжан” әңгімесіндегі Сәтжанның образы талапты баланың іс - әрекетін көрсетуге арналған. Сәтжан мектепте оқи жүре бір жағы колхоздың бұзауын бағып, бір жағы аңшы атасы Серікбайға еліктеп, құсбегі болуды аңсайды. Жазушы Сәтжанды қынжылуды білмейтін, не нәрсеге болса да қызыға кірісіп, ойлаған мақсатына жетуді көбірек аңсайтын оптимист бала етіп көрсетеді. Ол өсірген қыран құс Саршегір де нағыз баукеспе алғырдың өзі болып шығады. Табиғат тағысы қыран құс ителгіні үйретіп алған Сәтжан оған қоянды да, қазды да, үйректі де, түлкіні де алдыра береді. Мұның өзі – бала үшін үлкен өнер, бұл оны іскерлікке, икемділікке, алғырлыққа үйретеді. Екінші жағынан, тау қыранымен аң аулай жүріп Сәтжан өз өлкесінің барлық сыр – сипатымен, оның байлығымен танысады. Өлкемен танысу Сәтжанға жаңа ой, жаңа қиял туғызады. Көре жүріп үйрену адамды үлкен іскерлікке баулитынын ол өз тәжірибесінен көреді. Жазушының шеберлігі аңшылықты өлкетану ісімен байланыстыруынан байқалады. „Таңбалы тастағы” әр алуан суреттер мен әр түрлі тастардың табылуы жай нәрсе емес екені Сәтжанды үлкен ойға қалдырады...
«Ұлы Отан соғысы кезіндегі балалар әдебиеті» тақырыбында талдаңыз.
1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталды. Совет халқы өзінің барлық күш-жігерін Отан қорғауға бағыттады. Барлық азаматтармен бірге жазушыларымыз: Қ.Әбдіқадыров, Т.Жароков, Б.Бұлқышев, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Саин т.б. майданға аттанды. Сол кезде жасы тоқсаннан асқан қарт ақын Жамбылдың өзі де майданның алдыңғы қатарындамын деп есептеді. Оның «Ленинградтық өрендерім» өлеңі барлық Совет Армиясына үлкен рух беріп, неміс басқыншыларына қатты соққы болып тигені әлемге аян.
Отан соғысы жылдарында балалар әдебиетінің негізгі тақырыптары майдандағы ерлік күрестер мен тылдағы азаматтардың қаһармандық еңбектері жайында болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жазушылар жасөспірімдерге рухани азық боларлық, олардың жігер – қайратын шыңдай түсетін жақсы шығармалар берді. Бұл жөнінде жас жауынгер Б.Бұлқышевтің «Өмір мен өлім туралы», «Шығыс ұлына хат» (1943) әңгімелерін ерекше атаймыз. Баубектің осы әңгімелерінің бәрінен де тауы қайтпаған жалынды жастың Отанына беріле қызмет ету жайындағы патриоттық сезімдері, ерлік істері көрінеді. «Ұр да жық ақымақ фрицтер біздің жастығымызды, болашағымызды құртқысы келеді. Біз, әрине бере алмаймыз оны! Өлерміз, бірақ бере алмаспыз! Бермейміз!» дейді Баубек Бұлқышев «Өмір мен өлім туралы» әңгімесінде. Олардың Отан қорғау күресіндегі көздеген негізгі нысаналы мақсаттары да осы еді. Отан соғысы жылдарында балалар әдебиеті тақырыбына жазылған шығармалар нақтылы оқиғаның негізіне құрылған. Мұндай шығармалар балаларға оқиғасының әрі қызықты, әрі үрейлі болуымен әсер етеді, неміс фашистерінің хайуандық, опасыздық істеріне жандары төзбей, ашу, ызаларын төгеді. Жағымды кейіпкерлерге жаны ашып, майданның алдыңғы шебіне кеткендегі оның тағдыры не болар екен деп, абыройлы оралуына тілектестік білдіріп, оқырманның өзін патриоттық рух билеп отырады.
Әбдіқадыров Қалмақанның «Жетім құлын» (1942), Ғали Ормановтың «Бөбек жүрегі» (1944) деген өлеңдерінде майдан өмірінің аянышты халдері суреттелген. Адам түгіл қызыл қанға боялып жатқан туған жердің топырағы да тым аянышты болады. Қалмақан «Жетім құлын» өлеңінде арбаға жегіліп бара жатқан майдандағы қос жылқыға снаряд түсіп қирағанын, соның біреуінің құлыны өліп жатқан енесін иіскеп, шарқ ұрып шауып, кісінеп жүргенін соншалық әсерлі суреттеген:
Ой жануар, құлыншақ,
Майданда аштың көзіңді.
Туған жерді сен аңсап
Шарқ ұрғаның сезілді.
Көзіңді ашқан өрісің
Қымбат болса сен үшін
Туған жерім, қонысым,
Арзан ба еді мен үшін!
Шұрқыраған үніңе
Елжірейді жүрегім.
Сендей жетім елімде
Аз емесін білемін
Қырдан астың құтылдың
Алдың – бейбіт өрісің!
Мен окопта отырмын
Зұлымдықтың кегі үшін.
Қазақ балалар әдебиетінің дамуы тек өлеңдер мен әңгімелер, очерктер көлемінде шектеліп қалған жоқ. Ол өзінің жан – жақты жанрлық табыстарымен көбейді. Балаларға арналып Отан соғысы тақырыбына көлемді шығармалардан повестер мен поэмалар шыға бастады. Отан соғысы тақырыбынан балаларға арнап бірінші рет повесть жазған С.Бақбергенов еді де, поэма жазған М.Хакімжанова еді. Екі рет батыр атағын алған Т.Бигельдиновтың ерлік өмірінен жазылған С.Бақбергеновтың «Талғат», Жекен Жұмақановтың «Әлия Молдағұлова» атты повестері басылып шықта да, Совет Одағының Батыры Мәншүк Маметова жайында М.Хакімжанованың «Мәншүк» деген поэмасы 1945 жылы жарияланды. Одан кейін Әди Шәріповтың «Партизан қызы» атты повесі жарық көрді.
Ақын М.Хакімжанова өзінің балаға деген аналық сүйіспеншілігін ортаға сала отырып, үлкен патриоттық сезіммен Мәншүк туралы адам жанын тебірентетін поэма жазды. Поэманың алғашқы бетінде – ақ Мәншүктің сәбилік шағын суреттеген балдырған баланың әдемі, сүйкімді кескіні мен қызықты қылықтары көз алдыңа келед
деп балаға тән барлық сипатты, оның барлық мінез - өзгешеліктеріне дейін, тіпті көбелек қуып, мәз – мейрам болған күйіне дейін суреттейді. Поэманың барлық желісінен ана мен бала арасындағы өмір байланысы көрініп, Отан алдындағы азаматтық борыштары, идеялық мақсаттары сөз болып отырады. Кәмелеттікке жаңа жеткен майдандағы қыз баланың дүниені таң қалдырған әрбір ерлік істері біздің өрендеріміздің патриоттық рухын көтеріп, өздерін де Отан алдында Мәншүктей қызмет етуге әрқашан әзір болуға тәрбиелейді. М.Хакімжанованың «Мәншүк» атты поэмасы балалар әдебиеті мұрасына қосылған үлкен үлес.
Майдан тақырыбына жазылған шығармалар әр – алуан. Олардың бәрінде де қайсарлықтың уыттары көрініп отырады. Бірінде атқыштар, пулеметчиктер болса, енді бірқатары партизандар өмірін қамтиды, біреулері танкистердің ерлік істерін сипаттаса, тағы бірі ұшқыштардың қайсарлығын әсерлі суреттейді. Осының бәрі де жас буындардың жігерін шыңдайды. Отан соғысы жылдарында жазылған балалар әдебиеті өзінің идеясы жағынан да, көркемдігі жағынан да бұрынғысынан әлдеқайда нығайып, өсе түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |