3.1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған шығармаларды талдаңыз. XX ғасырдың басындағы саяси жағдайды, езілген шаруаның таптық санасының өскендігін білдіру ретінен 1916 жылғы азаттық күреске байланысты туған халық поэзиясының мәні өзгеше болды. Бұл поэзияның басты тақырыбы - халық бостандығы жолындағы күрес. Оның айтушылары да жазба әдебиет өкілдері емес, халықтан шыққан, көп жайда сол көтеріліске төтелей қатысқан жеке импровизатор, халық ақындары болған. Осы жылдары халық ақындары ұсақ оқиғаларды жырлаудан безіп, жалпыхалықтық мәні бар әлеуметтік тақырыптарға бой ұрады.
1916 жыл оқиғасын сол дәуірдің көрнекті ақындарының бәрі дерлік жырлайды. Соның бастылары - Жамбыл, Иса Дәукебаев, Біржан Берденов, Омар Шипин, Күдері, Сартай, Сәт Еспанбетов сияқты ақындар.
Көтерілістің басты себебі 1916 жылғы 25 маусым жарлығы делінеді. Бұған дейін патша өкіметі қазақ халқынан әскер алмаған еді. Бірақ соғыс шығынын патша өкіметі әуелден-ақ қазақ, өзбек, қарақалпақ, түркімен халықтарының мойнына салған болатын. Майдандағы патша әскерінің халі ауырлай бастаған кезде, патша өкіметі өзінің жоғарыдағы жарлығын шығарып, 18 бен 43 жас арасындағы отар аймақ елдер адамдарын өз күші, өз жабдығымен майданға окоп қазуға алмақ болды. Окоп - майданның алдыңғы шебі екені белгілі. Жер-жердегі болыстарда тізім жасалып, оған бай балалары емес, ылғи ғана кедей жастары жіберілетін болды. Болыстардың кеңесінен сол тізімдерді алып өртемек болған кедей-шаруалар стихиялық түрде күреске түсіп кетеді.
Қазақ даласындағы көтерілістің айрықша күшті орталықтары-Торғай (Амангелді Иманов) мен Жетісу (Бекболат батыр) болды. 1916 жыл поэзиясының ең тәуір үлгілері де осы батырлар қимылы, сол жердегі елдер жайын суреттеуге арналып, көтерілістің үш түрлі кезеңін бірдей көрсетеді. Мысалы, Сартай («Тар заман»), Жамбыл («Патша өмірі тарылды»), Сәт Еспембетов («Июнь жарлығы») сияқты ақындар патша жарлығының шығуын, елдің қобалжуын суреттесе, Иса Дәукебаев («Бекболат батыр»), Күдері ақын («Амангелдінің Торғайды алуы»), Омар Шипиндер («Торғай соғысы») көтерілістің өзін суреттейді. Ал халықтың жеңіліс тауып, жастардың миайданға кетуін Біржан Берденов («1916 жыл» поэмасы), Сәт («Жоқтау») секілді ақындар жырға қосады. Бұл кезде туған поэзия тақырыбына майданға кеткен жігіттердің ел-жұрты, ата-анасы жас келіншектердің қоштасу рухындағы жырларын да жатқызамыз («Туған ел», «Асқардың үш үйімен қоштасуы», «Окоптағы жазған хаты»). Қоштасу жырларының айтушылары кейде ақын емес, қарапайым халық, көбіне әйелдер болып келеді. Сөйтіп 1916 жыл поэзиясы лирикалық толғау («Тар заман») эпикалық поэма («Бекболат батыр»), жоқтау-қоштасу жыры сияқты жанрларда қалыптасқан .
Лирикалық толғаулар.
Амангелді бейнесі. Күдері, Сәт, Омар IIIипин сияқты ақындар жыры көбіне Амангелді бейнесін береді. Батыр осындай қиын -қыстау күндері халық жағына шығып, көтерілген елге бас болады. Ол болыстардан тізімді тартып алып, өртеумен айналысып қана қоймай, 1916 жылдың 6 қараша күні Торғайды басып алды. Сол оқиғаны Күдері ақын былайша жырлайды:
Ақсойылдар сартылдап,
Амангелді алдында.
Атылған оққа жарқылдап,
Қарамастан айғайлап,
Қалаға кірдік аңыратып.
Сатырлаған пулемет.
Өлтірді талай боздақты.
«Ой, бауырым» деген ащы үндер,
Жүректе кекті оятты.
Сәт ақын Амангелдінің соғыс үстіндегі ерлігін баяндайды. Ол батыр бастаған күрестің патшаны жоюға бағытталғанын айта келіп:
Бостандық таңы жақын тұр,
Деді жасырын халыққа.
Амангелді сезгіш ер,
Патшаның жоймақ қарасын.
Шын бақытқа жеткізер,
Адамзаттың баласын.
Гүлдендірер құлпыртып,
Сарыарқаның даласын,- дейді
Амангелді әйелінің атынан айтылатын «Жоқтауда» оның ерлігі де, арманы да жақсы суреттелген:
Ер жетіп атқа мінген соң,
Кетпеді жұртым, қасыңнан
Айналды тегіс кәрі, жас,
Пәрмен болып басыңнан...
Кедейлер бүгін жылады,
Қас батырсыз қалған соң,- деп әйелі оны халықпен бірлестіреді. Бұл жоқтау Амангелдінің ауыр жарақаттанып, күрестің аз күні тоқтап қалуына арналса керек. Сөйтіп Торғайдағы көтерілістің көсемі - Амангелді болып суреттеледі. Оған дем беруші - Әліби Жангелдин.
«Бекболат батыр» жыры. Жетісудағы халық көтерілісінің көсемі Бекболат батыр болды. Бекболат бейнесін ақын Иса Дәукебаев поэма түрінде жырлаған. Оқиғасы үлкен - үлкен екі бөлімнен құралған. Ақын алдымен маусым жарлығының шығып, елдің күреске түсуін, олардың жазалаушы отрядтардан жеңіліс табуын, екінші бөлімінде Бекболаттың қолға түсіп тергелуін дарға асылуын суреттейді. Иса Дәукебаев поэмасында Бекболат бастаған қозғалыс тек қазақ арасындағы таптық күрес емес, патшалық тәртіпке қарсы бағытталған үлкен күрес ретінде суреттелген.
Жиырма алтыншы июньде,
Даланы қара бұлт басты
Зілді бұйрық кез келіп,
Кәрі, жастан нұр қашты.
Қырып, жойып қазақты,
Фельбаум шықты кіжініп - дей келіп, ақын елдің күреске шығуын баяндайды. Халықтың осы бағытына қарсы патшаның жендеттік саясаты да жақсы көрсетілген.
Жандаралдар, төрелер,
Патшадан хабар алады:
«Атыңдар да, шабыңдар,
Қырғызбенен қазақты»,- деген бұйрық алған Фельбаум әскер шығарып елдің малын талап, кәрі - жасын бірдей қырады.
«1916 жыл» атты Біржан Берденов поэмасы окопқа барған қазақтардың майдандағы өмірін суреттейді. Сол майданға ақынның өзі де барған. Поэма жол, соғыс көріністерін, халық санасында туған өзгерістерді баяндайды.
Поэмада майдандағы қазақтардың ой - санасының жетілуі өте айқын суреттелген. Патшаның тақтан түскеніне олар газеттен 23 ақпан күні оқып, большевиктердің ісімен де таныс болды.
Поэманың оқиғасы бай, өзінше бір жылнама секілді. Одан Ресейдегі жайды да, қазақ халқының ауыр халі мен арманын да танып білеміз.
Міне, 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған халық поэзиясының ауқымы мен көтерген мәселелері осындай болып келеді.