Қазына аралы роман бірінші бөлім. КӘрі қарақшы I тарау "Адмирал Бенбоу" трактиріндегі тарлан теңізші



Pdf көрінісі
бет37/37
Дата23.12.2021
өлшемі1.36 Mb.
#147077
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37
Байланысты:
Қазына-аралы (8-11 сынып)

XXXIV ТАРАУ 
Және соңғысы 
Келесі күні таңертең біз жұмысқа ерте кірістік. Жағаға дейін толық бір мильдей 
жер  екен  Бар  алтынымызды  сонда  тасып  апарып,  одан  қайықпен  "Испаньолаға" 
жеткізуіміз  қажет.  Ат  төбеліндей  аз  адам  үшін  бұл  оңай  жұмыс  емес-тін.  Әлі  күнге 
дейін  әлдеқайда  арал  кезіп  жүрген  үш  қарақшыдан  біз  онша  қыңа  қоймадық. 


Төбенің  ұшар  басына  бір  адам  қарауыл  қойсақ-ақ  жетіп  жатыр  —  тұтқиыл 
шабуылдан қорықпауымызға болады. Және-дағы олардың жаугершілік қақтығысқа 
құштарлықтары да біразға дейін ояна қоймас деп топшыладық. 
Бәріміз  де  дамыл  көрместен  жұмыс  істеп  жүрміз.  Грей  мен  Бен  Ганн  алтынды 
қайықпен  кемеге  тасыды,  қалғандарымыз  оны  жағаға  жеткізіп  тұрдық.  Екі  құйма 
алтынды  арқанмен  байластырамыз  да,  бір-біріміздің  иығымызға  саламыз,  өйткені 
бір  кісі  екі  құймадан  артық  көтере  алмайды.  Мені  ауыр  нәрсе  көтеруге  шамам 
келмейтіндіктен  үңгірде  қалдырды.  Кепкен  наннан  босаған  қапшықтарға  ақша 
толтырып әзірлей беруге тиіс болдым. 
Билли  Бонстың  сандығында  кездескен  ақшалар  сияқты,  мұнда  да  талай  елде 
жасалған  теңгелер  бар  екен.  Бірақ,  әрине,  оның  сандығындағыдан  әлдеқайда  көп. 
Оларды  сұрыптап  болу  менің  өзіме  қатты  ұнады.  Ағылшын,  француз,  испан, 
португал  теңгелері,  гинейлер  мен  луидорлар,  дублондар  мен  қос  қабат  гинейлер, 
муадорлар  мен  ехиндер,  Еуропаның  барлық  елдерінің  соңғы  жүз  жыл  бойғы  бүкіл 
корольдерінің  бейнесі  салынған  теңгелер,  бір  буда  қайдағы  бір  жіптің,  әлдебір 
өрмекші  өрмегінің  нендей  бір  бөлігінің  де,  әйтеуір,  сондай  бірдеменің  бейнесі 
салынған  түсініксіз  шығыс  теңгелері,  дөңгелек  теңгелер,  төрт  бұрышты  теңгелер, 
мойынға  тағып  жүру  үшін  ортасы  тесілген  теңгелер,  —  қысқасы,  бұл  коллекцияда 
бүкіл  дүние  жүзі  ақшаларының  небір  түрлері  тегіс  жиналған  болып  шықты.  Күзгі 
орманда  қурап  түскен  сары  жапырақ  қандай  көп  болса,  бұл  ақшалар  да  сондай 
қисапсыз екен. Соларды сұрыптап, күйбеңдеп отырам деп, арқам сыздап, қолымнан 
қол қалмады. 
Күн соңынан күн өтіп, уақыт деген зырлап барады, ал жұмысымыздың таусылар 
түрі  жоқ.  Әр  кеш  сайын  кемеге  тау-тау  қазына  жөнелтіп жатамыз,  ал  бірақ  үңгірде 
қалған  ақша  жөнелтіп  үлгергенімізден  әлі  кеп  болмаса,  аз  бола  қоймас.  Осыншама 
уақыт өтсе де, аман қалған үш қарақшыдан әлі ешқандай хабар-ошар біле алмадық. 
Ақырында, жаңылмасам, үшінші күні кеште ғой деймін, доктор екеуіміз төбенің 
басына қарай көтеріліп келе жатыр ек, төменгі жақтан, тас қараңғы түнек арасынан 
кенет айқай ма, ән бе, бір дыбыс жетті. Анықтап ештеме ажырата алмадық. 
— Құдайдың өзі кешірсін, осылар сол қарақшылар шығар, — деді доктор. 
—  Бәрі  де  мас  көрінеді,  сэр!  —  деген  Сильвердің  даусын  естідім  мен  арқа 
тұсымнан. 
Сильвер  емін-еркін  бостаншылықта  жүрді  және  біз  қанша  салқын  қарап, 
қабағымызды  бергіміз  келмесе,  еркіндікке  еті  үйренген  ақ  жарқын  қызметшіге 
ұқсап,  бізбен  өзін  тағы  да ескі достарымызша  ұстай  бастады.  Жұрттың өзіне  деген 
жиіркеніш  сезімін  сезбеген  болып,  бәрімізге  де  қызмет  көрсетіп  қалғысы  келеді, 
бәрімізбен  де  сыпайы  болуға  жалығар  емес.  Бірақ  енді  жұрт  өзін  итше  қорлайтын 
болды. Тек біз, Бен Ганн екеуіміз ғана, оған сол жылырақ қараймыз. Бен Ганн өзінің 
бұрынғы  квартирмейстерінен  әлі  күнге  дейін  аздап  сескенетін  сияқты  да,  ал  мен 


ажалдан құтқарды ғой деп, оған өзімді бір түрлі қарыздар сезінем: бірақ менің оны 
жұрттың бәрінен де гөрі қаттырақ жек көруге негізім бар-тын, өйткені мені екінші 
қайтара сатқысы келген пиғылын мен әлі ұмыта қоймаған болатынмын. Сильвердің 
жаңағы сөзін доктор ұнатпай зекіп тастады. 
— Кім біліпті, ауырып, сандырақтағандары болып жүрмесін. 
— Бұл айтуыңыз дұрыс қой, сэр, — деді Сильвер, — бірақ соған бола сіз бен біз 
бас ауыртып қайтеміз. 
— Сізді мейірімді, ізгі жандар санатына қосады деп, мистер Сильвер, сіз өзіңіз де 
менен дәметпейтін шығарсыз, — деді доктор кекесін үнмен, — және сізге мені түсіну 
қиын  екенін  де  білемін.  Бірақ  енді  жаңағылардың  ең  болмаса  біреуі  ауырып, 
сандырақтап жатқанына шын көзім жеткен болса, онда тіпті өміріме қауіп бар екенін 
біле тұрсам да, өзім оларға дәрігерлік көмек көрсетпей, кете алмаған болар едім. 
— Кешіре көріңіз, сэр, оныңыз үлкен қателік болған болар еді, — деді Сильвер. — 
Бар  болғаны  —  өзіңіздің  қымбатты,  аяулы  өміріңізбен  қош  айтысқан  болар  едіңіз. 
Мен  қазір  сіздер  жаққа  жан-тәніммен  беріле  шыққан  адаммын,  сондықтан 
отрядыңыздың тап сіздей адамнан айрылып қалуын қаламаған болар едім. Өзімнің 
Сізге  соншалық  қарыздар  екенімді  білемін...  Олар  деген  айтқан  сөз,  берген 
уәделерінде тұру қолдарынан келетін адамдар емес қой. Ол  — ол ма, олар тіпті сіз 
берген уәдеге де ешқашан сене алмаған болар еді. 
—  Оның  есесіне,  сіз  уәдеңізді  жақсы  орындай  біледі  екенсіз,  —  деді  доктор.  — 
Бұған жақында тағы да көзіміз жеткендей болды. 
Осыдан кейін біз үш қарақшы туралы ештеме де біле алмадық. 
Тек бір күні алыстан атылған мылтық даусын естідік. Е, олар аң аулауға кіріскен 
ғой  деп  түйдік.  Өзара  кеңесіп,  оларды  өзімізбен  бірге  әкетпейміз,  осында,  аралда 
қалдырамыз деген қаулы алынды. Бұл шешімге Бен Ганн қатты қуанды. Мұны Грей 
де қуаттады. Біз оларға көп етіп оқ-дәрі, бытыра, көп етіп тұздалған ешкі етін, аздап 
дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттар, құралдар, киім-кешек, артық желкен, бірнеше 
ярд арқан және доктордың арнайы тілегі бойынша, едәуір темекі қалдырдық. 
Енді  аралда  істейтін  ештемеміз  қалған  жоқ.  Кемеге  алтынды  да,  ауыз  суды  да, 
қажеті болып қалар деп тұздалған ешкі етінің қалдығын да тиеп болдық. Ақырында, 
зәкірді  көтеріп,  Солтүстік  аялдамадан  теңізге  шықтық.  Үстімізде,  өткен  жолы 
бекіністі қарақшылардан қорғаған кезде көтерген туымыз желбірейді. 
Осы  арада  қалып  бара  жатқан  қарақшылардың  біз  ойлағанымыздай  емес,  бізді 
әжептәуір  мұқияттырақ  бақылап  жүргендіктерін  байқадық.  Олай  дейтінім,  біз  ол 
үшеуін  бұғаз  бойымен  жүзіп,  аралдың  оңтүстік  шетіне  жақындаған  кезімізде  анық 
көрдік.  Құм  түбегіне  тізерлей  отырып,  бізге  қарай  қолдарын  созып,  жалынып-
жалбарынбасын  ба  келіп.  Оларды  елсіз  аралға  тастап  кету  бізге  де  оңай  емес-тін. 


Бірақ  басқа  амалымыз  да  болмады.  Егер  кемеге  мінгізсек,  тағы  да  бүлік 
шығармасына  кім  кепіл?  Елге  аман  оралса,  оларды  дар  арқаны  күтіп  тұр,  кемеге 
мінгізіп,  дарға  жетелеп  апару  —  ол  да  қаталдық  болмас  па  еді?  Доктор  айқайлап, 
олар  үшін  азық-түлік,  оқ-дәрі  қалдырып  кеткенімізді  айтып,  қалдырған  заттарды 
қалай  табу  керек  екенін  түсіндіре  бастады.  Бірақ  олар  біздің  аттарымызды  атап 
шақырып,  аясаңыздаршы,  жапанда  жалғыз  қалдырып  өлтірмесеңіздерші  деп 
жалынды. 
Ақырында,  кеменің,  шынымен,  қайырылмай  кетіп  бара  жатқанын  көрген  біреуі 
—  қайсысы  екенін ажырата  алмадым  — шыңғырып  айқайлап  жіберіп  ұшып  тұрды 
да, мушкетіне бас салып, бізге қарай атып жіберді. Оқ Сильвердің төбесінен зу етіп 
барып,  діңгекті  тесіп  өтті.  Сақтанып  фальшборттың  артына  барып  тығылдық.  Бір 
сәт  тасадан  басымды  қылтитып  қарап  ем,  құм  түбектен  қарақшылар  кеткен  екен, 
түбектің  өзі  де  бірте-бірте  көрінбеуге  айналды.  Түске  жақын  менің  шексіз 
қуанышыма  орай,  Қазына  аралының  ең  биік  тауы  да  көкжиектен  ғайып  болды. 
Өзіміз  соншалық  азбыз  ғой,  жұмысымыз  шамадан  тыс  көп.  Капитан  кеменің  арт 
жағындағы төсекшеге жайғасып алып, бұйрықтарын сол жерден жаудырып жатыр. 
Ол өзі біршама айығып қалған, бірақ әлі де тыныштық сақтап жата тұруы қажет деп 
ұйғарылды.  Біз  енді  жаңадан  матростар  жалдап  алу  үшін  Испан  Америкасының  ең 
жақын  портына  қарай  бағыт  ұстадық:  матрос  жалдап  алмай,  елге  қарай  жүзуге 
батылымыз жетпеді. Жел жиі құбылып, кемеміз бағытынан жаңыла берді, оған қоса, 
екі  қайтара  сұрапыл  дауыл  соғып,  Америкаға  жеткенше,  өзіміз  әбден  қалжырадық 
та. 
Ақырында, күн батып бара жатқан кез болатын, табиғаты ғажап, бір әдемі жабық 
гаваньға  келіп  зәкір  тастадық.  Негр,  мулат,  мексикалық  үнділер  мінген  қайықтар 
кемемізді  тез  қоршап  алысты,  олар  бізге  жеміс,  овощ  сатты.  Суға  ақша  тастасақ 
сүңгіп алып шығуға әрдайым әзір тұрады. Осынау жылы жүзді негізінен қара түсті 
адамдар, үйіліп жатқан мына тәтті тропикалық жемістер, бәрінен бұрын, анау қала 
үстінде  жылт-жылт  етіп  самсаған  шам  сәулелері,  —  осының  бәрі  көздің  жауын 
алады. Сонау қанға бөгіп тұнжырап, кейінде қалған Қазына аралына еш ұқсамайды, 
соншалық бір ғажап көрініс! Доктор мен сквайр кешті қалада өткізбек болды. Олар 
мені  де  қастарына  ертіп  алды.  Жағада  біз  бір  ағылшын  әскери  кемесінің 
капитанымен  кездесіп,  соның  кемесіне  бардық.  Уақытымыз  өте  жақсы  өтті, 
"Испаньолаға" таң құлан иектене бастаған кезде ғана оралдық. Палубада жалғыз Бен 
Ганн  жүр  екен,  біз  кемеге  көтерілісімен-ақ  қатты  өкінетінін,  өзін  үлкен  кінәлі 
санайтынын айтып, небір өрескел қимылдар жасады. Бақсақ, Сильвер қашып кетіпті. 
"Сол  жалғыз  аяқ  албастының  кемеде  жүруі  бәріміз  үшін  қауіпті"  болғасын,  оның 
қайыққа  мініп  кетуіне  өзім  көмектестім  деп,  Бен  Ганн  шынын  айтты.  Кеме  аспазы 
бірақ  құр  қол  кетпеген  болды.  Білдіртпей  тақтайды  бұзып  бір  дорба  ақша  ұрлап 
кетіпті:  үш  жүз-төрт  жүз  гинейдей  екен,  оның  біраз  тентіреуіне  мүмкіндік  беретін 
сома. Одан оп-оңай әрі арзан құтылғанымызға өзіміз де риза болдық. 
Енді  әңгімемді  ұзаққа  созбай-ақ  қояйын:  кемемізге  жаңадан  бірнеше  матрос 
жалдап алып, аман-есен Бристольге де келіп жеттік-ау. 


"Испаньола"  дер  кезінде  оралыпты,  әйтпесе  Блендли  көмекке  екінші  кеме 
жіберсем  бе  деп  қобалжи  бастаған  екен.  Бар  экипаждан  бесеуіміз  ғана  елге  аман 
оралдық.  Басқалар  жөнінен  "Іше  түс,  жеріңе  жеткізер  шайтаның"  деген  сәуегей 
нақыл дәл келді. 
Жетпіс бесі оралмады, бәрі де 
Дүлей теңіз жұтты мініп кәріне, —деп қарақшылар әнге қосатын ана бір кемемен 
салыстырғанда "Испаньола" онша бақытсыз емес екен. 
Қазынадан  бәріміз  де  өз  үлесімізді  алдық.  Бұл  дәулетті  орынды 
пайдаланғанымыз  да  бар,  керісінше,  орынсыз  шашып-төккеніміз  де  бар.  Ол  енді 
әркімнің  өз  мінез-болмысына  байланысты  ғой.  Капитан  Смоллетт  теңіз  қызметін 
тастады.  Грей  ақшасын  сақтай  да  білді,  тіпті  бұл  өмірде  мансапқа  жетпей 
қоймаймын  деп  кенет  теңіз  ісін  мұқият  үйренуге  кірісті.  Қазір  өзі  штурман  және 
біреумен ортақтасып жақсы жабдықталған тамаша бір кеменің қожайыны да болып 
алыпты.  Ал  Бен  Ганнға  келсем  ол  өзінің  мың  фунтын  небары  үш  аптаның  ішінде 
яғни, дәлірек айтсам, он тоғыз күннің ішінде жоқ қылып та үлгерді. Бұлай дейтінім, 
жиырмасыншы күн дегенде ол бізге қайыр сұрап келді. Беннің қатты қорқатын бір 
нәрсесі  бартын,  сквайр  сонысын  дәл  тапты.  Ол  оған  парктің  күзетшілік  қызметін 
берді. Бен осы күнге дейін деревня балаларымен бірде ұрсысып, бірде достасып күн 
кешеді. Ал жексенбі, мейрам күндері шіркеу хорына қатысып, тамаша он салатын да 
әдеті бар. 
Сильвер  жайында  біз  содан  бері  ештеме  естігеніміз  жоқ.  Сұрқия  жалғыз  аяқ 
теңізші  менің  өмірімнен  біржола  кетіп  тынды.  Сірә,  ол  өзінің  қара  нәсілді  әйелін 
іздеп  тауып,  сонымен  бірге  және  өзінің  капитан  Флинтімен  бірге,  уайымсыз, 
қайғысыз  бір  жерде  тұрып  жатқан  болар.  Солай  шығар  деп  сенеміз-дағы,  әйтпесе 
Сильвер о дүниеде жақсы тұрар-ау деген үміт жоқтың қасы ғой. Қазынаның қалған 
бөлігі  —  құйма  күміс  кесектері  мен  қару-жарақтар  —  марқұм  Флинттің  көмген 
жерінде әлі күнге дейін жатыр. Жата берсін. Енді мені қарғыс атқыр сол бір аралға 
ешкім  де  қызықтырып  апара  алмайтын  шығар.  Аралдың  жағасына  соғылып  тас-
талқан  боп,  кейін  шегініп  жататын  көбікті  толқындар  әлі  түсіме  енеді,  ал  капитан 
Флинттің: 
"Пиастрлар!  Пиастрлар!  Пиастрлар!"  деп  қақылдаған  қырылдақ  дауысы 
құлағыма келгендей болса, әлі күнге дейін шошып, төсегімнен атып тұрам. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Жалпы ережелер
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
арналған тапсырмалар
Реферат тақырыбы
білім беретін
арналған жиынтық
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
сәйкес оқыту
пәнінен тоқсанға
арналған әдістемелік
республикасының білім
Қазақ әдебиеті
оқыту мақсаттары
Мектепке дейінгі
нтізбелік тақырыптық
қазақ тілінде
Жұмыс бағдарламасы
жалпы білім
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
Қысқа мерзімді