Қазына аралы роман бірінші бөлім. КӘрі қарақшы I тарау "Адмирал Бенбоу" трактиріндегі тарлан теңізші


XXV ТАРАУ  "Көңілді Роджерді" түсіргенім жайлы



Pdf көрінісі
бет28/37
Дата23.12.2021
өлшемі1.36 Mb.
#147077
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   37
Байланысты:
Қазына-аралы (8-11 сынып)

XXV ТАРАУ 
"Көңілді Роджерді" түсіргенім жайлы 
Әрең деп бушпиртке шықтым. Салбырап бос тұрған кливер зеңбірек атылғандай 
тарс  ете  түсті  де,  жел  кеулеп,  үрген  қарындай  томпая  қалды,  содан  ізінше  басқа 
бағытқа ауды. Кеменің өн бойы, тіпті түбіне дейін дір етіп, селк ете түскендей болды. 
Келесі сәтте басқа желкендердің бәрін де әлі жел кеулеп тұрғанымен, кливер тағы да 
бір рет тарс ете түсті де салбырап, босап қалды. 
Кеме  бірдемеге  оқыс  тірелгендей  болды,  мен  екпініммен  теңізге  ұшып  түсе 
жаздадым.  Содан  уақыт  оздырмай  бушприт  бойымен  тез-тез  жылжып  барып, 
палубаға басыммен жер сүзе құлап түстім. Бақтың ық жағына құлаппын. Кеменің арт 
жағын грот тасалап түр. Еш тірі жан көзге түспейді. Бүліншілік шыққан күннен бері 
жуылып  көрмеген  палуба  үсті  аяқ  алып  жүргісіз  ластанған.  Мойны  сынық  бір  бос 
шөлмек бір әрі, бір бері домалайды. Ана жерде де, мына жерде де бес батпан лас аяқ 
киімдердің іздері баттиып көрінеді. 


Кенет  "Испаньола"  тағы  да  ыққа  қарай  жүрді.  Менің  арқа  тұсымнан  тағы  да 
кливерлер  тарс-тарс  ете  қалды.  Руль  бұрылып,  бір  айналып  еді,  кеме  дір  ете  түсті. 
Сол бойда гротагик
76 
бір жағына қисайып, шкот
77 
блоктарға тиіп, сықырлай жөнелді 
де, маған кеменің арт жағы көрінді. 
Екі қарақшының екеуі де кеменің арт жағында екен. "Қызыл қалпақ" шалқасынан 
түсіп сұлық жатыр. Екі қолын креске керіп қойғандай, екі жағына құлашын жайып 
тастапты, еріндері ашылып тісі ақсиып көрінеді. Израэль Хендс басын салбыратып, 
төмен  иіп,  фальшборт
78 
түбінде  отыр,  екі  қолы  жаны  кетіп  қалғандай  былқ-сылқ 
етеді,  беті  күнге  күйіп  қарайғанына  қарамастан,  өңі  шырағдан  балауызының 
түсіндей құп-қу. 
Кеме асау аттай арындап, кейде тікесінен тік тұрғысы келетіндей. Желкендерін 
жел  кеулеп  бір  бағыттан  екіншісіне  ауысады,  гиктері  бар  күшімен  тербелгенде, 
діңгектер сықыр-сықыр етіп, ойбай салғандай болады. Кей-кейде кеменің тұмсығын 
толқын  көміп,  фальшборт  үстіне  шашыраған  су  жаңбырдай  нөсерлейді.  Менің 
қолдан істеген, қазір опат болған кішкене қайығым да толқыннан тап мына жақсы 
жабдықталған зәулім кемедей зәбір көрмеген сияқты еді. 
Кеме орғып, секіріп түскен сайын қызыл қалпақты қарақшы да шоршып түседі. 
Бірақ, менің зәрем ұшқаны — оның бет әлпеті сол баяғы қалпынан бір өзгерген жоқ, 
бұрынғысынша тісін ақситып, ыржиып күліп жатыр. Ал Хендс кеменің әр селкілінен 
барған  сайын  арт  жаққа  қарай  жылжи  түседі.  Сөйтіп,  ол  бірте-бірте  ернеуге  дейін 
жетіп, бір аяғы суға қарай салбырап түсіп кетті. Маған оның тек сыңар құлағы мен 
бұйраланған бір түп самай шашы ғана көрінеді. 
Осы  сәтте  мен  олар  жатқан  жердегі  палуба  тақтайларының  қарайып,  жолақ-
жолақ  боп,  қанға  боялғанын  байқадым,  екеуі,  сірә,  мас  болып,  төбелесіп,  бірін-бірі 
пышақтап тастаған екен ғой деп түйдім. 
Бірақ кенет, кеме сәл тынышталып тоқтай қалған кезінде, Израэль Хендс ыңырси 
жылжып,  өзінің  бұрынғы  орнына  барды.  Қиналып,  азап  шегіп  жатқан  адамның 
шектен тыс қалжырағанын білдіретін осы бір ыңырсуы және оның дәрменсіздіктен 
астыңғы  иегінің  салбырап  түсіп  кеткенін  көруім  бір  сәт  менің  оған  деген  аяныш 
сезімімді  оятқан  сияқты.  Бірақ  өткен  жолғы  алма  салған  бөшке  ішінде  отырып 
естіген сөздерім есіме түскенде, аянышым су сепкендей басыла қалды. 
Мен грот діңгектің қасына келдім. 
— Міне, сөйтіп, мен тағы да кемеге оралдым, мистер Хендс, — дедім мен кекете 
сөйлеп. 
Ол көзін әрең ашып, маған қарады, бірақ пәлендей таң қалған жоқ, өйткені өзі ес-
түссіз мас екен. Бір ғана: 
— Бренди
79
! — деген сөзді айтуға шамасы жетті. 


Уақыт  оздыруға  болмайтынын  бірден  түсіндім.  Палубага  баратын  жолды  бөгеп 
тұрған грот-гиктің астынан оп-оңай өтіп, траппен жүгіріп түсіп, каютаға кірдім. 
Ондағы  астан-кестені  шыққан  дүниені  көз  алдыңа  елестетудің  өзі  қиын. 
Жәшіктердің  бәрінің  шетінен  құлыптары  сындырылыпты.  Қарақшылардың 
іздегендері,  сірә,  карта  болса  керек.  Еден  үсті  бес  батпан  лас,  мұншама  топырақты 
қарақшылар  анау  батпақ  жақтан  аяқтарымен  әкелген,  өйткені  өткенде  сол  батпақ 
жағасында  арақ  ішті  ғой.  Ақ  бояумен  боялып,  алтын  түсті  жалтылдақ  сырмен 
әшекейленген тақтай беттерінде лас саусақтардың іздері баттиып жатыр. 
Ондаған  бос  шөлмек  кемемен  бірге  шайқалып,  сыңғыр-сыңғыр  етіп  бұрыштан-
бұрышқа домалап жүр. Доктордың дәрігерлік кітаптарының бірі беті ашық күйінде 
стол  үстінде  жатыр.  Беттерінің  кем  дегенде  жартысы  жыртылып  алынған:  сірә, 
темекі  шегуге  қажет  болған  шығар.  Осыншама  бейбастақтықтың  қақ  ортасында 
күңгірт сәулесі жылтырап, баяғы бір шам әлі жанып тұр. 
Мен  погребке  түстім.  Бөшкелер  жоқ;  босаған  сансыз  көп  шөлмек  еденде 
шашылып  жатыр.  Бүліншілік  басталған  күннен  бастап  бүкіл  қарақшы  атаулы,  сірә, 
мастықтан бір айығып көрмеген шығар. 
Қоймастан  іздеп,  ақыры,  Хендс  үшін  ішінде  аздаған  брендиі  бар  бір  шөлмек 
таптым.  Өзім  үшін  аздап  кепкен  нан,  кептірілген  жеміс-жидек,  бір  уыс  мейіз  және 
ірімшік алдым. 
Палубаға көтеріліп, әлгі әкелгендерімнің бәрін боцманның қолы жетпейтін, одан 
алысырақ жерге, рульдің қасына үйіп қойдым. Анкероктен
80 
әбден шөлім қанғанша 
су  іштім,  содан  кейін  барып  Хендске  шишаны  ұсындым.  Ол  брендидің  жартысын 
тауысып барып қана шөлмектің аузынан басын көтерді. 
— Өтірік айтсам жай ұрсын, маған керегінің өзі де осы еді ғой, — деді ол. 
Мен бұрышқа отырып aп, әкелген тамағымды жей бастадым. 
— Жарақатыңыз ауыр ма? — деп сұрадым. 
Ол бір түрлі иттің үргеніндей, арпылдаған дауыспен жауап қатты: 
—  Қасымда  доктор  болса,  оп-оңай-ақ  жазылып  кетер  едім.  Бірақ,  көріп  тұрсың 
ғой,  өзім  жолым  ауыр  адаммын..  Ал  мына  егеуқұйрығың  өліп  қалды,  —  деп,  ол 
қызыл қалпақты кісіні нұсқап, басын изеді. — Өзі де бір нашар теңізші еді... Ал сен 
қайдан шықтың? 
— Мен әдейі осы кемеге капитан болу үшін келдім, мистер Хендс, — дедім мен. — 
Бұдан былай келесі бұйрығыма дейін мені капитан деп біліңіз. 


Ол менің бетіме көңілсіз тұнжырай қарады да қойды, ештеңе деп тіл қатпады. Екі 
бетіне аздап қан жүгіргенімен, түрі әлі де ауру адамның түріндей және өзі кеме селк 
етіп, қозғалған сайын ол да бір жағына қарай қисайып, құлап кетіп отырды. 
—  Айтпақшы,  мистер  Хендс,  —  деп,  сөзімді  жалғастырдым,  —  маған  мына  бір 
жалау  ұнамай  тұр.  Егер  рұқсат  етсеңіз,  соны  түсіргім  келіп  отыр.  Бұндай  жалау 
ілгеннен, жалаусыз отырғанымыздың өзі жақсы емес пе?! 
Мен гик тиіп кетпесін деп, орағыта өтіп, діңгектің қасына бардым: тиісті жіптен 
тартып, қарғыс атқыр қара жалауды түсірдім де, кеменің қанасынан асырып теңізге 
лақтырып кеп жібердім. 
—  Корольді  құдай  сақтасын!  Құрысын  капитан  Сильвер!—  деп  айқайладым  бас 
киімімді бұлғап. 
Ол басын көтерместен жата берді, бірақ қалт еткізбей мені бақылап жатыр және 
бет әлпетінен нендей бір айла ойлап жатқанын байқадым. 
—  Менің  топшылауымша...,  —  деді  ол,  ақырында,  —  менің  топшылауымша, 
капитан  Хокинс,  екеуіміз  амалдап  жағаға  шығып,  жер  бассақ,  сіз  оған  қарсы 
болмассыз деп ойлаймын? Ендеше, осы мәселе жөнінде ақылдасып көрмейміз бе? 
— Оныңыз рас, ақылдасып көрсек, несі бар? — дедім мен. 
—  Құлағым  сізде,  мистер  Хендс.  Айта  беріңіз.  —  Осылай  дедім  де,  жеп  отырған 
тамағыма қайта еңкейіп, ашқарақтанып сыпырып соға бердім. 
—  Ана  жатқан  кісі...,  —  деп,  ол  өлік  жақты  басымен  нұсқады.  —  Оның  аты 
О'Брайен  болатын...  Ирландық...  Ол  екеуміздің  желкендерді  көтеріп,  бұғазға 
оралғымыз келген еді. Бірақ, көріп отырсың, өліп қалды, енді, міне, трюмдегі сасық 
судай  мүңкіп  жатқаны  анау.  Енді  кемені  кім  басқаратынын  білмеймін  Мен 
үйретпесем,  кемені  ырқыңа  көндіре  аласың  ба?  Маған  тамақ  әкеліп  беріп,  су 
ішкізсең,  ескі  бір  шүберек  орамал  тауып  алып  жарамды  байлап  берсең...  сол  үшін 
өзіңе кеме жүргізуді үйреткен болар ем. Осыған келісесің бе? 
—  Бірақ  тек  есіңізде  болсын,  мен  капитан  Кидтің  аялдамасына  екінші  қайтара 
барғым жоқ, — дедім мен — Мен кемені Солтүстік аялдамаға апарғым келеді, жағаға 
сол арадан шығам. 
—  Жарайды,  —  деді  ол.  —  Есуас  емеспін  ғой.  Түсінбейтін  несі  бар?  Ойында  мен 
өзіме  тиісті  жүрісімді  істегенмін,  бірақ  амал  не  ұтылып  қалдым,  ұтыс  енді  сенікі 
болды.  Несі  бар...  барғың  келетіні  Солтүстік  аялдама  ма?  Құп  алдық!  Менде  таңдап 
жататын жағдай жоқ. Өтірік айтсам, жай түссін, егер ана жақта сені дар дұзағы күтіп 
тұр, кемені сонда апар десең де көнген болар ем. 


Маған  сөзінің  жаны  бар  сияқты  көрінді.  Біз  осылай  келісімге  келдік.  Үш  минут 
өтпей жатып-ақ "Испаньола" Қазына аралын жағалап, ыққа қарай жүзіп келе жатты. 
Солтүстік мүйісті түске дейін-ақ айналып өтіп, су келуіне дейін Солтүстік аялдамаға 
кіретін  де  шығармын  деп  үміттеніп  келем.  Сонда  біз  ешқандай  қауіп-қатерсіз 
"Испаньоланы" жағаға жақындатып апарамыз да, су кейін қайтқан кезде, құрлыққа 
шығамыз. 
Румпельді бекітіп, төмен түстім, өзімнің сандығымды іздеп таптым да, өзіме анам 
сыйлаған  жұқа,  жібек  қол  орамалды  алдым.  Осы  орамалмен  Хендстің  санындағы 
жарасын  таңуға  көмектестім:  қанжар  едәуір  тереңдеп  кіріпті,  қаны  тыйыла 
қоймаған  жара  екен.  Аздап  тамақ  жеп,  екі-үш  жұтым  бренди  ішіп,  ол  кәдімгідей 
тыңайған сияқты. Дұрысталып тіке отырып, қаттырақ, анығырақ сөйлеуге әлі жетіп, 
тіпті адам болып қалды. 
Жел артымыздан соғып тұр. Кеме шіркін құстай ұшып келеді. Жағалаудың минут 
сайын өзгерген талай көріністері көз ілеспей кейін қалып жатыр. Қазір сирек аласа 
қарағай өскен құмдақ жазық жағаны бойлап жүзіп келеміз. Міне, жағаның қарағайлы 
тұсы  да  кейін  қалып  қойды.  Аралдың  ең  солтүстік  шетін  —  жартасты  төбені  де 
айналып өттік. 
Кеме  жүргізу  өзіме  қатты  ұнап  келеді.  Тамаша  ашық  күн,  жағалаудың  әдемі 
табиғаты жанымды жай тапқызып рақаттанып-ақ келем. Ішетін де, жейтін де тамақ 
жеткілікті. Қамалдан қашып кеткенім үшін ар-ұятым да мазалауын қойды. Өйткені 
осыншама  үлкен  жеңіске  жеттім  емес  пе?!  Боцманның  мені  бақылаған  екі  көзі 
өңменімнен өтіп барады. Сол болмаса, тағдырға тіптен риза болар ем. Ол мені келеке 
қылып  қарайтын  сияқты,  ара-арасында  бет  әлпетін  бір  түсініксіз  оғаш  күлкі 
шарпиды. Азап шеккен дәрменсіз кәрі кісінің сары уайым, жабырқау, тұнжыр күлкісі. 
Бірақ  келекесі  де  ішінде,  опасыздық  сарыны  да  аралас  күлкі.  Мен  кеме  жүргізіп, 
өзіммен-өзім  болып  келем,  ал  ол  болса,  айла-қулыққа  басып,  менен  көз  алмай 
қарайды келіп, қарайды келіп. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   37




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Жалпы ережелер
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
арналған тапсырмалар
Реферат тақырыбы
білім беретін
арналған жиынтық
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
сәйкес оқыту
пәнінен тоқсанға
арналған әдістемелік
республикасының білім
Қазақ әдебиеті
оқыту мақсаттары
Мектепке дейінгі
нтізбелік тақырыптық
қазақ тілінде
Жұмыс бағдарламасы
жалпы білім
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
Қысқа мерзімді