Қазына аралы роман бірінші бөлім. КӘрі қарақшы I тарау "Адмирал Бенбоу" трактиріндегі тарлан теңізші



Pdf көрінісі
бет24/37
Дата23.12.2021
өлшемі1.36 Mb.
#147077
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37
Байланысты:
Қазына-аралы (8-11 сынып)

XXI ТАРАУ 
Шабуыл 
Сильвер  әбден  қарасын  үзіп,  көрінбей  кеткенше,  одан  көз  алмай  қарап  тұрған 
капитан  енді  біздерге  бұрылып,  күзетте,  өзінің  тиісті  орнында  жалғыз  Грей  ғана 
тұрғанын байқады. 
—  Орындарыңызға  барыңыздар!  —деп  ақырды  ол.  Әрқайсымыз  өз  тесігімізге 
қарай тұра жүгірдік. 
— Грей, сенің атыңды мен кеме журналына жазып қоям. Нағыз теңізші екенсің, 
өз  міндетіңді  жақсы  атқардың.  Мистер  Трелони,  мен  сізге  қайран  қалдым,  сэр!.. 
Доктор,  сіз  әскери  мундир  киген  адам  емес  пе  едіңіз?!  Фонтенуа  түбінде  өз 
міндетіңізді осы бүгінгідей атқарған болсаңыз, онда жатқан төсегіңізден тұрмай-ақ 
қойсаңыз да ештеме етпейді екен! 
Доктордың  кісілері  тесіктерінің  қасына  жетіп  те  үлгерді,  қалғандары 
мылтықтарын  оқтап  жатты.  Бәріміз  де  қатты  ұялып,  қып-қызыл  боп  кетіппіз. 
Капитан бәрімізді үн-түнсіз бақылап тұр. Содан кейін қайтадан сөйледі. 
— Достарым менің, — деді ол, мен Сильвермен, кеменің бүкіл зеңбіректерінен оқ 
атқандай,  айбар  көрсетіп  сөйлестім.  Сөйтіп,  оның  әдейі  жынына  тидім.  Оның 
айтқанына сенсек, бір сағат өтпей-ақ олар бізге шабуылға шығуға тиіс. Олардың сан 
жағынан бізден көп екенін білесіздер, бірақ оның есесіне біз қамал ішінде отырмыз. 
Осыдан  аз  уақыт  бұрын  мен  өзіміз  тәртіп  сақтай  білетін  шығармыз  деп  ойлап  ем. 
Жеңіп  шығатынымызға  мен  өзім  кәміл  сенемін,  бірақ  жеңу  үшін  жеңіске 
талпынбасақ бола ма? 
Бұдан кейін ол бірімізден соң біріміздің қасымызға келіп, бәрін тексеріп, байқап 
көрді де, бұл жолы бәрі дұрыс екен деп амалсыз мойындады. 
Үйдің ені қысқарақ екі қабырғасында: шығыс жақ және батыс жақ қабырғасында 
— екі-екіден ғана тесік жасалған екен. Есік шығарылған оңтүстік жақта да екі тесік 
бар. Ал солтүстік қабырғадан бес тесік ойылыпты. Жеті кісіге бізде жиырма мылтық 


бар  болып  шықты.  Отынды  төрт  қатар  етіп,  әр  қабырғаның  орта  тұсына  үйіп 
қойғанбыз. Үйілген отынды стол деп атадық. Қамал қорғаушыларының алуына оңай 
болсын  деп,  әр  столдың  үстіне  оқталған  төрт  мылтықтан  әзірлеп  қойдық. 
Мылтықтардың аралықтарында көздіктер жатыр. 
— Отты сөндіріңіздер, — деді капитан. — Күн жылынды. Түтін босқа кісінің көзін 
жасауратады. 
Мистер  Трелони  темір  тор  ошақты  сыртқа  шығарып,  шала  көмірлерді  құмға 
лақтырып сөндіріп жүр. 
—  Анау  Хокинс  әлі  таңертеңгі  асын  ішкен  жоқ...  Хокинс,  тамағыңды  ал  да,  өз 
орныңа  барып,  сол  арада  тамақтан,  —деді  капитан  Смоллетт.  —  Көп  күйбеңдеме, 
достым,  әйтпесе  аш  қаласың...  Хантер,  жұрттың  бәріне  де  шарап  құйып  үлестіріп 
шық. 
Біз өйтіп-бүйткенше капитан қорғаныс жоспарын да ойластырып үлгеріпті. 
— Доктор, сізге тапсырылатыны — есік, — деді ол. — Бәріне абай болыңыз, бірақ 
тым  алға  сұғына  көрмеңіз.  Іште  тұрып,  есіктен  сығалап  атыңыз.  Хантер,  сен  өзіңе 
шығыс  қабырғаны  аласың...  Джойс,  достым  менің,  батыс  қабырғаға  ие  бола  көр... 
Мистер Трелони, ішіміздегі ең мергеніміз сізсіз ғой, Грей екеуіңіз ең ұзын солтүстік 
қабырғаны алыңыздар, онда бес тесік бар. Ең қауіпті жақтың өзі де сол сіздер жақ. 
Егер олар осы қабырғаға жетіп, анау тесіктерден бізді атқылар болса, жағдайымыз 
бірден  мүшкілденіп  қалатыны  сөзсіз...  Хокинс,  біз  екеуіміздің  мергендігіміз  белгілі, 
бізден  қайыр  шамалы.  Сондықтан  екеуіміз  мылтық  оқтап,  жұрттың  бәріне 
көмектесетін боламыз. 
Капитан  қателеспеген  екен.  Күн  көзі  ағаш  бастарынан  биіктеп,  сәл  жоғары 
көтерілген  кезде-ақ  айнала  ысып,  тұман  сейіліп  кетті.  Кешікпей-ақ  шарбақ  ішінің 
құмы  табанымызды  күйдіріп,  үйдің  қарағай  бөренелерінің  шырыны  еріп  аға 
бастады.  Қамзолдарымызды  шешіп,  көйлектеріміздің  жағаларын  ағытып, 
жеңдерімізді  түрініп  алдық.  Әрқайсымыз  өз  орнымызға  келіп,  күтіп  тұрмыз.  Әрі 
күннің ыстығы, әрі өзіміз күтіп отырған қауіптен сескенуіміз бар, бойымыз бусанып, 
тершіп кеттік. 
Осылай бір сағаттай уақыт өтті. 
— Ә, сайтан алғыр! — деді капитан. — Мезі боп кеттік қой. Грей ысқырып бір ән 
салып көрсейші. 
Осы  сәтте  ғана  өзімізге  қарсы  шабуыл  әзірленіп  жатқанына  мен  күмәнсыз  сене 
бастадым. 
— Сэр, сұрауға рұқсат етіңізші, — деді Джойс, — егер біреу-міреуді көре қалсам, 
атайын ба? 


— Әрине! — деп капитан айқайлап жіберді. 
— Рақмет, сэр, — деді Джойс сол бұрынғы жайбарақат, сыпайы қалпында. 
Бөтен  ештеме  де  бола  қойған  жоқ  қой,  бірақ  Джойстың  сұрағы  бәріміздің  де 
сақтана,  серги  түсуімізге  себеп  болды.  Атқыштар  мылтықтарын  дайындап,  атуға 
әзірленді, капитан еріндерін жымқырып, қабағын түйіп алған, үйдің ортасында тұр. 
Осылай  бірнеше  секунд  өтті.  Кенет  Джойс  мылтығын  тесікке  тығып,  атып  жіберді. 
Оның  мылтығының  даусы  үзіліп  үлгермей  жатып,  қатарласа  атылған  көп 
мылтықтың  даусы  бірінен  соң  бірі,  бірінен  соң  бірі  естіліп,  үйімізге  оқ  жан-жақтан 
жауды да кетті. Бірнеше оқ ағаш шарбақтың бөренелеріне тиді. Бірақ ішке бір оқ та 
өтпеді,  кейін  түтін  сейілгенде  ағаш  шарбақтың  маңында  да,  орман  ішінде  де 
бұрынғыша жым-жырт тыныштық орнай қалды. Бір де бір бұтақ қозғалмайды. Бұта 
арасынан бір де бір мылтықтың аузы жылт етіп көрінбейді. Жауларымыз жерге сіңіп 
кеткендей ұшты-күйлі ғайып болды. 
— Сен өзі біреу-міреуіне тигізе алдың ба? — деп сұрады капитан. 
— Жоқ, сэр, — деді Джойс, — сірә, тигізе алмадым-ау деймін. 
—  Шыныңды  айтқаныңа  да  рақмет,  —  деп  күңк  ете  түсті  капитан  Смоллетт.  — 
Хокинс,  Джойстың  мылтығын  оқтап  бер...  Доктор,  қалай  ойлайсыз,  сіз  жағынан 
мылтық неше рет атылды? 
—  Дәл  айтып берейін,  үш  рет атылды,  —  деді  доктор  Ливси.  —  Мен үш  жерден 
тұтанған жалынды көрдім — екеуі қатар көрінді, ал біреуін әріректен, батыс жақтан 
байқадым. 
— Үшеу дедіңіз ғой, — деп капитан қайталап айтты. 
— Ал сіз жақта қанша болды, мистер Трелони? 
Бұл  сұраққа  оп-оңай  жауап  қайтара  қою  мүмкін  емес-тін.  Солтүстік  жақтан 
мылтық көп атылды. Сквайр небары жеті рет атылды деп сендірмек болды; ал Грей, 
сегіз немесе тіпті тоғыз рет атылды деді. Шығыс жақ пен батыс жақтан тек бір-бір 
реттен ғана атылды. Сірә, шабуылды солтүстік жақтан күткен жөн сияқты, ал басқа 
тұстардан  атқандары  тек  бізді  алдау  үшін  болса  керек.  Бірақ  капитан  Смоллетт 
алғашқы берген нұсқауын өзгертпеді. 
—  Егер  қарақшылардың  шарбақтан  асып  түсу  қолдарынан  келсе,  —  деді  ол,  — 
онда олар кез-келген қорғаусыз тұрған тесікті басып алып, өз қамалымыздың ішінде 
өзімізді сабауқұйрық құрлы көрмей, қырып салады. 
Қайткен  күнде  де  көп  ойлануға  бізде  уақыт  жоқ  еді.  Кенет  солтүстік  жақтан 
қатты  айқай  шықты  да,  қарақшылардың  шағын  отряды  орманнан  жүгіре  шығып, 
шарбаққа  қарай  лап  қойды.  Және  сол  бойда  жан-жақтан  бізді  атқылап  та  жатыр. 


Ашық  есіктен  кірген  бір  оқ  доктордың  мылтығының  быт-шытын  шығарды. 
Шабуылшылар  маймылша  тырмысып,  шарбақтан  асып  түспек  боп,  барын  салып 
жатыр.  Сквайр  мен  Грей  үсті-үстіне  атады.  Үш  қарақшы  құлап  түсті.  Біреуі  бергі 
жаққа, екеуі арғы жаққа құлады. Бірақ, біреуі жараланғанынан емес, қорыққанынан 
құлаған тәрізді, өйткені сол бойда ұшып тұрып, қаша жөнелді де орманға кіріп жоқ 
болды. 
Екеуі жерде құлап жатыр, біреуі қашып кетті, төртеуі шарбақ үстінен аман-есен 
бері  қарай  асып  түсті.  Қалған  қарақшылардың  жетеуі  ме,  әлде  сегізі  ме  және 
әрқайсысында бірнеше мылтықтан болса керек, қалыңда жасырынып отырып алып, 
бекінісімізді  толассыз  атқылап-ақ  жатыр.  Бірақ,  ол  атқылауларынан  біз  зиян  шеге 
қоймаған сияқтымыз. 
Шарбақтан  асып  түскен  төртеуі  айқай  салып,  үйге  қарай  жан  ұшырып  жүгіріп 
келеді.  Жолдастарын  демей  түсу  үшін  орманда  қалғандары  да  айқайды  салып 
жатыр.  Біздің  атқыштарымыз,  тым  асығыстықтан  шығар,  үзбей  атып 
жатқандарымен, сірә, бір де тигізе алмаған сияқты. Төрт қарақшы ә дегенше төбеге 
өрмелей  шығып,  бізге  тап  берді.  Әлгі  боцман  Джоб  Эндерсонның  басы  орталық 
тесіктен қылт ете қалды. 
— Аямай соқ! Аямай соқ! — деп гүр-гүр етіп айқай салады. 
Тап  сол  сәтте  екінші  бір  қарақшы  Хантердің  мылтығының  аузынан  ұстап,  өзіне 
қарай  жұлып  алды  да,  тесікке  қайтадан  тығып,  дүмімен  Хантерді  бар  пәрменімен 
соғып кеп қалғанда, байғұс есінен танып, еденге жалп етіп құлап түсті. Сол екі арада 
үшінші бір қарақшы үйді оп-оңай айналып өтіп, күтпеген жерден есік алдына шықты 
да, кездігімен докторға тап берді. 
Бұған дейінгі жауларымыздың жағдайы енді біздің өз басымызға келді. Осы жаңа 
ғана біз тасада тұрып, ашық жердегі қарақшыларды атқылап едік, енді біз өзіміз де 
ашықта  қалдық,  жаумен  бетпе-бет  қолдасып  соғысуымызға  тура  келді.  Үй  ішін  оқ-
дәрі  түтіні  басып  кетті,  бізге  соның  пайдасы  тиді.  Сол  түтін  шымылдықтың 
арқасында  тірі  қалған  сияқтымыз.  Айқай-ұйқайдан,  ыңқылдап,  ыңырсыған 
дауыстардан, тапаншаның атылған гүрсілінен құлағым бітіп қалды. 
— Алға ұмтылыңдар, қоян-қолтық соғысуға алға! Кездіктеріңді алыңдар! — деп 
капитан айқайлап тұр. 
Отын  үстіндегі  қанжарға  ұмтылдым.  Тағы  біреуі,  ол  да  қанжарға  жүгіргенде, 
саусақтарымды  буынынан  тіліп  жіберді,  бірақ  ауырғанын  сезсем  не  дейсіз.  Есікке, 
сырттағы жарыққа қарай тұра жүгірдім. Кім екенін білмеймін, маған ілесе тағы біреу 
шықты. Менің тап алдымда бөктермен төмен қарай бір қарақшыны өкшелеп доктор 
жүгіріп барады. Бір соғып қалып, қарақшының қолындағы қаруын ұшырып түсірді, 
ізінше қанжармен бетін тіліп жібергенін өз көзіммен көрдім. 
— Үйді айналыңдар! Үйді айналыңдар! —деп айқайлады капитан. 


Осынша  айқай-ұйқай,  жалпы  астан-кестен  әбігер  ішінде  болғаныммен, 
капитаның даусынан мен бір өзгеріс байқағандаймын. 
Берген  командаға  ойланып  жатпай  еріксіз  бағынған  мен  шығысқа  қарай 
бұрылып,  кездігімді  көтере  ұстаған  күйім,  үйдің  бұрышын  айнала  бергенімде 
Эндерсонмен бетпе-бет кездестім. Ақырып, айқайлап келіп, маған сілтеген пышағы 
жарқ етіп көрінді. Тіпті қорқып үлгермей қалдым. Пышақтан қашып құтылмақ боп 
жалтарғанымда,  аяғым  сусыған  жұмсақ  құмға  шалыс  басылып,  төмен  қарай 
басымнан аса құлап, сырғанай жөнелгенім. 
Шабуыл кезінде мен есіктен шыға жүгіргенімде, басқа қарақшылар бізді біржола 
құрту  үшін  шарбақ  үстінен  тырмысып  асып  түспек  болып  жатыр  екен.  Олардың 
біреуінің  басында  қызыл  түсті  түнде  киетін  қалпақ  бар,  өзі  кездігін  аузына  тістеп 
алған,  шарбақ  үстінен  секіріп  түспек  боп,  бір  аяғын  бері  қарай  салбыратып 
жатқанын  көргенмін.  Менің  төбеден  төмен  қарай  құлап  түскеніме  көз  ілеспегені 
соншалық,  құлаған  жерімнен  қайта  түрегелгенімде,  әлгі  сол  қалпынан  ештеме 
өзгертіп үлгермеген екен. Қызыл қалпақты қарақшы әлі сол күйінде шарбақ үстінде 
отыр  да,  екінші  қарақшының  басы  шарбақтың  ар  жағынан  жаңа  ғана  қылтиып 
көріне бастапты. Дегенмен, осы бір болмашы сәтте соғыс та аяқталып, жеңіс біздің 
үлесімізге тиген боп шықты. 
Есіктен менің ізімше жүгіріп шыққан Грей,  ұзын бойлы боцман маған пышағын 
екінші  қайтара  сілтеп  үлгергенше,  табан  астында-ақ  оны  жайратып  салды.  Екінші 
бір қарақшы тесіктен үйдің ішіне қарай мылтық атпақшы боп жатыр еді, сол арада-
ақ өзі оққа ұшты. Әлгі сорлы өлер алдында жанталасып құм үстінде екі бүктетіліп, 
аунақшып  жатыр,  сонда  да  аузынан  түтіні  шығып  бітпеген  тапаншасын  қолынан 
тастар емес. Үшінші қарақшыны доктор түйреп өлтірді деп, бұдан бұрын айтқан да 
болуым  керек.  Шарбақтан  бері  асып  түскен  төрт  қарақшының  жалғыз  біреуі  ғана 
тірі қалды. Кездігін ұрыс алаңына лақтырып тастап, өлердей боп зәресі ұшқан әлгі 
қарақшы  қашып  құтылу  үшін шарбаққа тырмысады  келіп, тырмысады  келіп, бірақ 
қайта-қайта құлап түседі. 
— Атыңдар! Үйдің ішіндегілер, атыңдар! —деп айқайлады доктор. 
— Ал сіздер жігіт екенсіздер, тасаға барыңыздар! 
Бірақ,  оның  айқайы  зая  кетті.  Ешкім  атып  үлгермеді.  Ең  соңғы  шабуылшы 
қарақшы шарбақтан аман-есен түсіп, басқалармен бірге орманға сіңіп көрінбей кетті. 
Бір минут өтпей жатып-ақ шабуылшылардың ішіндегі бір бесеуінен басқаларының 
бәрі  де  ғайып  боп  үлгерді:  әлгі  бесеудің  төртеуі  бекіністің  ішінде,  біреуі  сыртында 
жатыр. Доктор, Грей және мен үшеуміз қалың қабырғалы үйдің ішінен баспана іздеп, 
ішке  кіруге  есікке  қарай  ұмтылдық.  Өйткені  тірі  қалған  қарақшылар  ормандағы 
мылтықтарына  жетісімен-ақ  бізді  қайтадан  атқылай  бастауы  мүмкін  еді.  Оқ-дәрі 
түтіні  сейілді,  сол  бойда-ақ  біз  әлгі  жеңісіміздің  құрбаны  ретінде  қанша 
адамымыздан  айрылғанымызды  көзімізбен  көрдік.  Хантер  өзі  күзеткен  тесігінің 


қасында  ес-түссіз  жатыр.  Басынан  оқ  тиген  Джойс  мәңгі  тынышталып  тыныпты. 
Сквайр капитанды сүйемелдеп тұр, екеуінің де бет әлпеттері құп-қу болып кеткен. 
— Капитан жараланып қалды! — деді мистер Трелони. 
— Бәрі де қашты ма? — деп сұрады мистер Смоллетт. 
— Қашуға жарағандарының бәрі де қашты, — деді доктор. 
— Бірақ, бесеуі енді ешқашан қаша алмайтын халде көрінеді. 
—  Бесеуі  ме?  —  деп  капитан  айқайлап  жіберді.  —  Жаман  емес  екен!  Олардың 
бесеуі қатардан шығыпты, бізде тек үш кісі ғана, демек, енді біз тоғыз кісіге қарсы 
төртеу боп қалдық. Бұл о бастағымызбен салыстырғанда, едәуір тәуір. Онда он тоғыз 
кісіге қарсы жетеу едік қой
68





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   37




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Жалпы ережелер
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
арналған тапсырмалар
Реферат тақырыбы
білім беретін
арналған жиынтық
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
сәйкес оқыту
пәнінен тоқсанға
арналған әдістемелік
республикасының білім
Қазақ әдебиеті
оқыту мақсаттары
Мектепке дейінгі
нтізбелік тақырыптық
қазақ тілінде
Жұмыс бағдарламасы
жалпы білім
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
Қысқа мерзімді