Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет5/5
Дата09.09.2017
өлшемі48.17 Kb.
#19820
1   2   3   4   5

74-бап

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиісінше, бекітілмейді және күшіне енгізілмейді.

      2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.



      3. Конституциялық Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.



      Ескерту. 74-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.12.13 N 19/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

VII бөлім

СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI

75-бап

      1. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.



      2. Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.



      3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.



      4. Республиканың сот жүйесі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгіленеді. Қандай да бір атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берілмейді.



      Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 75-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2002.02.15 N 1, 2006.04.14 N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

76-бап

      1. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.



      2. Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.



      3. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.



      Ескерту. 76-бапқа түсініктеме берілді -  ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22 N 7/2, 2000.12.20 N 21/2, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен.

77-бап

      1. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.



      2. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.



      3. Заңды қолданған кезде судья төмендегі принциптерді басшылыққа алуға тиіс:



      1) адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі;



      2) бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды;



      3) өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды;



      4) сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы;



      5) жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады;



      6) айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес;



      7) ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес;



      8) адамның кінәлі екендігі жөніндегі кез келген күдік айыпталушының пайдасына қарастырылады;



      9) заңсыз тәсілмен алынған айғақтардың заңды күші болмайды. Ешкім өзінің жеке мойындауы негізінде ғана сотталуға тиіс емес;



      10) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді.



      4. Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.



      Ескерту. 77-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10 N 2/2, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен.

  78-бап

      Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.

79-бап

      1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кідіртілуі мүмкін.

      2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттерді қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгіленген жағдайда, - Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.



      3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.



      4. Судьяның қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлікпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.



      Ескерту. 79-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10, 79-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2004.06.23 N 6 қаулыларымен.

80-бап

      Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі және ол сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

81-бап

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де істер жөніндегі жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады.

      Ескерту. 81-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

  82-бап

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.



      2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.



      3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.



      4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.



      5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.



      Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

83-бап

      1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.



      2. Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді.



      3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкілеттігінің мерзімі бес жыл.



      4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.



      Ескерту. 83-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді -  ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.12.26 N 23/2, 83-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10, 83-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31 N 13 қаулыларымен.

84-бап

      Ескерту. 84-бап алынып тасталды - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

VIII бөлім



ЖЕРГIЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ ЖӘНЕ ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ

85-бап

      Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады.

86-бап

      1. Жергілікті өкілді органдар - мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.

      2. Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды.



      3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.



      4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:



      1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту;



      2) өздерінің қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешу;



      3) заңмен мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау;



      4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;



      5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.



      5. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.



      6. Мәслихаттардың құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгіленеді.



      Ескерту. 86-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

87-бап

      1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді.



      2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:



      1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;



      2) коммуналдық меншікті басқару;



      3) жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу;



      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай Республика заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.



      3. Жергілікті атқарушы органды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады.



      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері қызметке Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы.



      5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде тиісінше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.



      6. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртібі заңмен белгіленеді.



      Ескерту. 87-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.

88-бап

      1. Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша шешімдер, ал әкімдер - тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында орындалуға міндетті шешімдер мен өкімдер қабылдайды.



      2. Мәслихаттардың жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе жергілікті бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтін шешімдерінің жобалары әкімнің оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгізілуі мүмкін.



      3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтін мәслихат шешімдерінің күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.



      4. Әкімдердің шешімдері мен өкімдерінің күшін тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі не жоғары тұрған әкім жоюы мүмкін, сондай-ақ олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін.



      Ескерту. 88-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді -  ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.05.31 N 3/2 қаулысымен.

89-бап

      1. Қазақстан Республикасында жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғын халықтың өзі шешуін қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқару танылады.



      2. Жергілікті өзін-өзі басқаруды тұрғын халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.



      Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін.


      3. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі.



      4. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестігіне олардың заңмен белгіленген өкілеттігі шегінде кепілдік беріледі.



      Ескерту. 89-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

IX бөлім

ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

90-бап

      1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелері ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді, сол мезгілден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылады.



      2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күні деп жарияланады.

91-бап

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін. Егер Президент оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттің шешімі Конституцияда белгіленген тәртіппен қабылданады. Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент осы өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      2. Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.



      Ескерту. 91-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 91-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1998.12.04 N 13/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

92-бап

      1. Конституциялық заңдар Конституция күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде қабылдануға тиіс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күші бар актілер ол күшіне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтіріледі де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледі.



      2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгілейтін тәртіп пен мерзімде, бірақ Конституция күшіне енген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей қабылдануға тиіс.



      3. Республика Президентінің өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде "Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күші бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшін жою үшін көзделген тәртіппен ғана өзгертілуі, толықтырылуы немесе күшін жоюы мүмкін. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзіне берілген қосымша өкілеттікті жүзеге асыру мерзімі ішінде шыққан Республика Президентінің Жарлықтары Республика Парламентінің бекітуіне жатпайды.



      4. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екі жыл ішінде оған сәйкес келтірілуге тиіс.



      Ескерту. 92-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.15 N 8/2 қаулысымен.

93-бап

      Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.

94-бап

      1. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Конституция белгілеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктеріне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдумда қабылданған шешім бойынша белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Республика Президенті өкілеттігінің қазіргі мерзімі Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған Республика Парламентінің қаулысымен қысқартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісі бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және жеті жылдан кейін желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті Президент сайлауында сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады.

      2. Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өзі сайланған мерзім аяқталғанға дейін өкілеттігін сақтайды.



      Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.

      Ескерту. 94-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2005.08.19 N 5 қаулысымен.

94-1-бап

      Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентінің өкілеттік мерзімін белгілейтін ережесі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.



      Ескерту. 94-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

95-бап

      1. Бірінші сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзімге, депутаттардың екінші жартысы екі жыл мерзімге конституциялық заңмен белгіленген тәртіппен сайланады.



      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер негізінде сайлау туралы ережелері екінші шақырылатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.



      Ескерту. 95-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.

      Ескерту. 95-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.11.29 N 24/2 қаулысымен.

96-бап

      Конституция күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті онда белгіленген Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтарына, міндеттері мен жауапкершілігіне ие болады.

97-бап

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің бірінші құрамы былайша құрылады: Республика Президенті, Парламент Сенатының Төрағасы мен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Конституциялық Кеңестің мүшелерінен бір бірден үш жыл мерзімге, ал Конституциялық Кеңестің мүшелерінен бір бірден алты жыл мерзімге тағайындайды, Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республика Президенті алты жыл мерзімге тағайындайды.

98-бап

      1. Конституцияда көзделген сот төрелігі мен тергеу органдары тиісті заңдарда көзделген тәртіп пен мерзімде құрылады. Олар құрылғанға дейін жұмыс істеп тұрған сот төрелігі мен тергеу органдары өз өкілеттіктерін сақтайды.



      2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Жоғары Төрелік Сотының, жергілікті соттардың судьялары Конституцияда көзделген соттар құрылғанға дейін өз өкілеттіктерін сақтайды. Судьялардың бос орындары Конституцияда белгіленген тәртіппен толықтырылады.







© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақтың мақсаты
Сабақ тақырыбы
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Жалпы ережелер
Сабақ жоспары
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
Реферат тақырыбы
арналған тапсырмалар
арналған жиынтық
білім беретін
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
арналған әдістемелік
пәнінен тоқсанға
республикасының білім
сәйкес оқыту
Қазақ әдебиеті
Мектепке дейінгі
оқыту мақсаттары
қазақ тілінде
нтізбелік тақырыптық
жалпы білім
Жұмыс бағдарламасы
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
мамандығына арналған