Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет3/4
Дата09.09.2017
өлшемі52.67 Kb.
#19752
1   2   3   4

57-бап

Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:

1) Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;

2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерiнiң тең жартысына өкiлеттiк бередi;

3) Палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң тең жартысын сайлайды;

4) Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерiн шешедi;

5) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;

6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;

7) Палаталардың үйлестiрушi және жұмыс органдарын құрады;

8) өз қызметiнiң регламентiн, Палатаның ұйымдастыру және iшкi тәртiбiне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешiмдер қабылдайды.



Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.

58-бап

1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президентi ұсынады. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.

2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.

3. Парламент Палаталарының төрағалары:

1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;

2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;

3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметiне сайлау үшiн Палаталарға кандидатуралар ұсынады;

4) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;

5) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;

6) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;

7) палаталарға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;

8) өздерiне Парламент регламентi жүктейтiн басқа да мiндеттердi атқарады.

4. Мәжiлiс Төрағасы:

1) Парламент сессияларын ашады;

2) Палаталардың кезектi бiрлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.

5. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.



Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

59-бап

1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.

2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Қазақстан Республикасының Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.

3. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн өткiзiледi.

4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

5. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда өткiзiледi.

6. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Республика Президентiнiң, Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiнiң, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.

Ескерту. 59-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14. N 13/2, 59-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 1999.06.30. N 14/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

60-бап

1. Палаталар әр Палатада саны жетiден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.

2. Палаталардың бiрлескен қызметтерiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы.

3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.

4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкiлеттiгi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi заңмен белгiленедi.

61-бап

1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.

2. Республика Президентiнiң заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады.

3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:

1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне;

2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;

3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;

4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;

5) республикалық бюджетке;

6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;

7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;

8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;

9) айналадағы ортаны қорғауға;

10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;

11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.

Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.

4. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннiң iшiнде Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға берiледi. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.

5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп есептеледi. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмi арқылы шешiледi.

5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.

Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.

Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.

6. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.

7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.

Ескерту. 61-баптың 7-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12. N 3/2, 1999.09.27. N 18/2, 2003.05.13. N 6, 61-баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына түсініктеме берілді - 1999.11.03. N 19/2, 61-баптың 6-тармағына түсініктеме берілді - 2000.06.15. N 9/2, 61-баптың 2) тармағына түсініктеме берілді - 2000.07.03. N 15/2, 61-баптың 1 және 4-тармақтарына түсініктеме берілді - 2001.06.08. N 8/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

62-бап

1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды.

2. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.

3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен енгiзiледi.

4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.

5. Парламент пен оның Палаталарының заң актiлерi, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.

6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.

7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.

8. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, күшiне енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.

Ескерту. 62-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

63-бап

1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.

2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.

Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

V бөлім

ҮКIМЕТ

64-бап

1. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды.

2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.

3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент палаталарына есеп бередi.

4. Үкiметтiң құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.

Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

65-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады.

2. Республика Премьер-Министрi тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiм iшiнде Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi.

3. Үкiмет мүшелерi Қазақстан халқы мен Президентiне ант бередi.



66-бап

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi;

3) Мәжiлiске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;

4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады;

5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi;

6) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;

7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актiлерiнiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады;

8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

9) алып тасталды

10) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды.



Ескерту. 66-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 66-баптың 4) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.17. N 4/2, 66-баптың 5) тармақшасына түсініктеме берілді 2001.04.12. N 1/2 қаулыларымен.

67-бап

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi:

1) Үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшiн дербес жауап бередi;

2) алып тасталды

3) Үкiмет қаулыларына қол қояды;

4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде және оның аса маңызды барлық шешiмдерi жөнiнде Президентке баяндап отырады;

5) Үкiмет қызметiн ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтердi атқарады.

Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

68-бап

1. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.

2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.

Ескерту. 68-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.

69-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады.

2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады.

3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.



70-бап

1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады.

Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы.

3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.

4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды.

5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.

7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

Ескерту. 70-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.11.19. N 11 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

VI бөлім

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС

71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.

2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi болып табылады.

3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.

Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.



Ескерту. 71-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

72-бап

1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша:

1) дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi;

2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды;

2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;

3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;

4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;

5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.

2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды.

Ескерту. 72-баптың 1-тармағының 2) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2, 72-баптың 1-тармағының 4) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.12.13. N 19/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

73-бап

1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.

2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.

3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселе кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.

4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республиканың Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.

74-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi.

2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.

3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.



Ескерту. 74-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.12.13. N 19/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.

VII бөлім

Каталог: wp-content -> uploads -> 2016
2016 -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
2016 -> АҚпараттық хат 5 мамыр 2016 жылы
2016 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің
2016 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің
2016 -> Силлабус пән: Психология тарихы Курс
2016 -> Силлабус пән: Практикалық психология Курс
2016 -> Мамандық бойынша оқУ – Әдістемелік кешен
2016 -> Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және
2016 -> «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақтың мақсаты
Сабақ тақырыбы
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Жалпы ережелер
Сабақ жоспары
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
Реферат тақырыбы
арналған тапсырмалар
арналған жиынтық
білім беретін
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
арналған әдістемелік
пәнінен тоқсанға
республикасының білім
сәйкес оқыту
Қазақ әдебиеті
Мектепке дейінгі
оқыту мақсаттары
қазақ тілінде
нтізбелік тақырыптық
жалпы білім
Жұмыс бағдарламасы
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
мамандығына арналған