Қазақстан Республикасының Конституциясы



бет2/4
Дата09.09.2017
өлшемі208.5 Kb.
#19745
1   2   3   4

42-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.


2. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң қатысуымен өткiзiледi. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi.
3. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
4. алып тасталды
5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне қолданылмайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.

43-бап

1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.


2. алып тасталды
Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

44-бап

Қазақстан Республикасының Президентi:


1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентiне және оның Палатасына кезектi және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттiң бiрiншi сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды; Парламенттiң кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бiр ай iшiнде қол қояды, заңды халыққа жария етедi не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн қайтарады; S
3) Парламент Мәжiлiсiнде өкiлдiгi бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейiн келiсiм беру үшiн Мәжiлiстiң қарауына Республика Премьер-Министрiнiң кандидатурасын енгiзедi; Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмiмен Республиканың Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдiң ұсынуымен Республика Үкiметiнiң құрылымын айқындайды; Республиканың Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкiметiнiң мүшелерiн қызметке тағайындайды; сыртқы iстер, қорғаныс, iшкi iстер, әдiлет министрлерiн қызметке тағайындайды; Үкiмет мүшелерiн қызметтен босатады; Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi; Үкiметке заң жобасын Парламент Мәжiлiсiне енгiзудi тапсырады; Республика Үкiметi мен Премьер-Министрiнiң, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не қолданылуын толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келiсiмiмен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасын және екi мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;
9) Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;
10) республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
18) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгiн құрады;
20) Қауiпсiздiк Кеңесiн және өзге де консультативтiк-кеңесшi органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесiн құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.
Ескерту. 44-баптың 13) тармақшасына - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.06.30 N 10/2, 2) тармақшасына - 2000.07.03 N 15/2, 9) тармақшасына - 2001.11.12 N 14/2, 44-баптың 2) тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - 2010.10.18 N 3 Қаулыларымен.
>
45-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.


2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актiлерi тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын ала қолдары қойылып тиянақталады.
Ескерту. 45-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.03 N 15/2, N 5 Нормативтiк қаулыларымен.

46-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.


2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентiнiң мәртебесi мен өкiлеттiгi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

47-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.


2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

48-бап

1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.


2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
Ескерту. 48-бап
жаңа редакцияда - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.

IV бөлiм
ПАРЛАМЕНТ

49-бап

1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.


2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 49-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.07.14 N 13/2 қаулысымен.

50-бап

1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.


2. Сенат конституциялық заңда белгiленген тәртiппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан өкiлдiк ететiн депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулi мүдделерiнiң бiлдiрiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгi ескерiлiп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды.
3. Мәжiлiс конституциялық заңда белгiленген тәртiппен сайланатын жүз жетi депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.
Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 50-баптың 5-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.15 N 1/2, 1999.11.29 N 24/2, 2003.02.11 N 1, 50-баптың 3-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2004.02.12 N 1 қаулыларымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

51-бап

1. Мәжiлiстiң тоқсан сегiз депутатын сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжiлiстiң тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжiлiс депутаттарының кезектi сайлауы Парламенттiң жұмыс iстеп тұрған сайланымы өкiлеттiгiнiң мерзiмi аяқталардан кемiнде екi ай бұрын өткiзiледi.


2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.
3. Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсiнiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi ай iшiнде өткiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары бiлiмi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар, тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжiлiс депутаты бола алады.
5. Республика Парламентi депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледi.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 51-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 1999.03.18 N 5/2, 51-баптың 2-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 1999.11.29 N 24/2, 51-баптың 5-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2003.02.11 N 1 қаулыларымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

52-бап

1. алып тасталды


2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкiлеттiгi орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша депутат iс-әрекетке қабiлетсiз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзiн сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметiн тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкiлеттiгi Республика Президентiнiң шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
Парламент және Парламент Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiгi тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттiгiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.
Ескерту. 52-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен, 52-баптың 3 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.05.17 N 7/2, 2003.05.12 N 5, 52-баптың 1 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2001.12.13 N 19/2, 52-баптың 4-тармағына түсiнiктеме берiлдi - 2003.01.30 N 10, 52-баптың 4 және 5-тармақтарына түсiнiктеме берiлдi - 2003.02.11 N 1 қаулыларымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

53-бап

Палаталардың бiрлескен отырысында Парламент:


1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
2) Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiтедi. Үкiметтiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiн Парламенттiң бекiтпеуi Парламенттiң Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiргенiн көрсетедi;
3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге хақылы;
4) соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi;
5) Республика Президентiнiң ұсынысы бойынша бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Республиканың Қарулы Күштерiн пайдалану туралы шешiм қабылдайды;
6) Конституциялық Кеңестiң Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
7) палаталардың бiрлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметi туралы есептердi тыңдайды;
8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 53-бап
жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Ескерту. 53-баптың 3) және 4) тармақшаларына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2008.06.26 N 5 Нормативтiк қаулысы.

54-бап

1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелердi әуелi - Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның iшiнде:


1) республикалық бюджеттi бекiтедi, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
2) мемлекеттiк салықтар мен алымдарды белгiлейдi және оларды алып тастайды;
3) Қазақстанның әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн шешу тәртiбiн белгiлейдi;
4) мемлекеттiк наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметтi, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерiн, дипломатиялық дәрежелерiн белгiлейдi, Республиканың мемлекеттiк рәмiздерiн айқындайды;
5) мемлекеттiк заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешедi;
6) рақымшылық жасау мәселелерiн шешедi;
7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшiн жояды.
2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелердi әуелi - Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы:
1) республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептердi талқылайды;
2) Республика Президентiнiң қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткiзедi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын бiлдiредi. Егер Мәжiлiс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екi көпшiлiк даусымен бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, Президент бiр ай iшiнде заңға қол қояды. Егер Президенттiң қарсылығын ең болмаса палаталардың бiрi еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртiппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттiң конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң даусымен еңсередi;
3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтередi.
Ескерту. 54-бап
жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен, 54-бабына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2008.10.15 N 8 Нормативтiк Қаулысымен.

55-бап

Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:


1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мен қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
2) Республика Президентiнiң Республика Ұлттық Банкiнiң Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын тағайындауына келiсiм беру;
3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыру;
4) алып тасталды
5) Мәжiлiстiң өкiлеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентiнiң конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөнiндегi функцияларын орындау;
6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
Ескерту. 55-баптың 1-тармақшасына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2000.07.05 N 11/2 қаулысымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

56-бап

1. Мәжiлiстiң ерекше қарауына мыналар жатады:


1) Парламентке енгiзiлген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен Республика Президентiне Республика Премьер-Министрiн тағайындауға келiсiм беру;
3) Республика Президентiнiң кезектi сайлауын хабарлау;
4) Конституциямен Парламент Мәжiлiсiне жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
2. Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының көпшiлiк даусымен, Мәжiлiс депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша Мәжiлiс Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруге хақылы.
Ескерту. 56-бап
жаңа редакцияда - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.

57-бап

Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:


1) Конституциялық Кеңестiң екi мүшесiн қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң үш мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;
2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерiнiң тең жартысына өкiлеттiк бередi;
3) Палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң тең жартысын сайлайды;
4) Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерiн шешедi;
5) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;
6) Палата депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша Республика Үкiметi мүшелерiнiң өз қызметi мәселелерi жөнiндегi есептерiн тыңдауға хақылы. Есептi тыңдау қорытындылары бойынша Үкiмет мүшесi Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентiне өтiнiш жасауға хақылы. Егер Республика Президентi мұндай өтiнiштi қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен алғашқы өтiнiш берiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн Республика Президентiнiң алдына Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады;
7) Палаталардың үйлестiрушi және жұмыс органдарын құрады;
8) өз қызметiнiң регламентiн, Палатаның ұйымдастыру және iшкi тәртiбiне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешiмдер қабылдайды.
Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 Заңдарымен.

Каталог: files
files -> «Іскерлік байланыс» 2012 жобасы МӘлімдеме формасы
files -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
files -> Ынтымақтастықпен өмір сүру
files -> Тақырыбы: «Windows операциялық жүйесі. Негізгі объектілер. Сілтеуіш (Проводник) программасы»
files -> Балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенцияны ратификациялау туралы
files -> Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда Қр жоғарғы Соты Пленумының 1998. 05. 15
files -> «II, III және IV санаттағы объектілерге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
рсетілетін қызмет
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Жалпы ережелер
Қазақстан республикасы
қызмет стандарты
бекіту туралы
жиынтық бағалауға
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
тоқсанға арналған
бағалау тапсырмалары
Қазақстан республикасының
арналған тапсырмалар
Реферат тақырыбы
білім беретін
арналған жиынтық
бағдарламасына сәйкес
Әдістемелік кешені
болып табылады
мерзімді жоспар
бағалаудың тапсырмалары
туралы хабарландыру
Қазақстан тарихы
сәйкес оқыту
пәнінен тоқсанға
арналған әдістемелік
республикасының білім
Қазақ әдебиеті
оқыту мақсаттары
Мектепке дейінгі
нтізбелік тақырыптық
қазақ тілінде
Жұмыс бағдарламасы
жалпы білім
оқыту әдістемесі
білім берудің
Республикасы білім
әдістемелік ұсыныстар
Инклюзивті білім
пәнінен тоқсан
туралы анықтама
тақырыптық жоспар
Қысқа мерзімді