Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты



бет24/33
Дата11.04.2022
өлшемі222.15 Kb.
#220291
түріКодекс
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33
Байланысты:
Кәсіпкерлік кодекс
Госзакупка 2022
281-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты


      1. Экономиканы дамыту үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты болып табылады.


      2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық преференциялар беру болып табылады.

282-бап. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган


      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды инвестициялық келісімшарттарды жасасу және олардың орындалуын бақылау бойынша жүзеге асырады.


      2. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.


      3. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвесторлар үшiн "бiр терезе" құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы инвесторлармен өзара iс-қимыл жасайды.


      Инвестор үшiн "бiр терезе" қағидаты деп инвесторлардың құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тiкелей байланысын шектеудi көздейтiн, инвесторларға мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуда инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган тарапынан жәрдемдесудiң орталықтандырылған нысаны түсініледі.


      4. Инвесторлар үшін "бір терезе" құру және оның жұмыс істеуі үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторларға немесе олардың заңды өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауға және олардың нәтижелерін беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған арнайы бөлінген орын ұйымдастырады.


      Бұдан басқа, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторларға немесе олардың өкілдеріне қатысты:


      1) қазіргі бар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша қабылдауды және консультация беруді;


      2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алу үшін қажетті құжаттарды дайындауға және ресімдеуге көмек көрсетуді;


      3) электрондық цифрлық қолтаңбаны, электрондық өтініштерді және басқа да құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетуді;


      4) осы бапта айқындалған тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде инвесторларды орталық және жергілікті атқарушы органдарда сүйемелдеуді жүзеге асырады.


      5. Инвесторлар үшін "бір терезе" қызметін ұйымдастыру туралы қағидаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және онда:


      1) инвестордарды немесе олардың заңды өкілдерін қабылдауды және консультация беруді жүзеге асыру;


      2) инвесторларға немесе олардың заңды өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін беру;


      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мен мемлекеттік органдар арасындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;


      4) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторды мемлекеттік органда сүйемелдеу;


      5) инвестор үшін мемлекеттік қызметтер көрсету процесін мониторингтеу тәртібі көзделуге тиіс.


      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтер көрсетуге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрықпен инвесторларға мемлекеттік қызметтер көрсету және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторды мемлекеттік органдарда сүйемелдеуі шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты тұлғаларды айқындайды.


      6. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторлар үшін "бір терезе" шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға инвесторлардың өтініштерін қарау туралы өтінішхат жасауға және инвесторлардың құжаттарын мемлекеттік органдарға енгізуге құқылы.


      7. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін инвесторлық виза алуға инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өтінішхат береді.


      8. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мүдделi заңды тұлғалар тарапынан кепiлдік берілген тапсырысты қамтамасыз етуде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестор арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвесторларға жәрдем көрсетеді.


      9. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн ережемен реттеледi.

283-бап. Инвестициялық преференциялар ұғымы және түрлері


      1. Инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына және инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде технологиялық жабдықты инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде импорттайтын лизингілік компанияларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар инвестициялық преференциялар болып табылады.


      Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы – Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысуымен құрылған заңды тұлға.


      2. Инвестициялық жоба (оның iшiнде инвестициялық басым жоба) бойынша инвестициялық преференциялардың мынадай түрлерi берiледi:


      1) кедендiк баждар және импортқа қосылған құн салығын салудан босату;


      2) мемлекеттiк заттай гранттар.


      3. Инвестициялық басым жоба бойынша инвестициялық преференциялардың (бұдан әрi – инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар) мынадай түрлерi берiледi:


      1) салықтар бойынша преференциялар;


      2) инвестициялық субсидия.


      Инвестициялық субсидия жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялық басым жобалар бойынша берілмейді.



      4. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).



      5. Арнайы инвестициялық жоба бойынша инвестициялық преференциялар (бұдан әрі – арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар) түрінде:


      кедендік әкелу баждарын;



      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды салудан босату беріледі.



      Ескерту. 283-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


284-бап. Инвестициялық жоба


      Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенiн білдіреді.



      Инвестициялық басым жоба деп:



      жаңа өндірістерді құру бойынша, заңды тұлғаның жаңа өндірістік объектілердің (фабрика, зауыт, цех) құрылысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін;



      жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша, заңды тұлғаның негізгі құралдарды өзгертуге, оның ішінде өнім шығаратын істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңартуға (реновациялау, реконструкциялау, жаңғырту) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін инвестициялық жоба түсініледі.



      Заңды тұлға жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетін белгiлi бiр басым қызмет түрлерi бойынша жүзеге асырады.



      Арнайы инвестициялық жоба деп арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойманы иеленуші ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған және (немесе) іске асыратын инвестициялық жоба не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған жоба түсініледі.



      Ескерту. 284-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi


      1. Инвестициялық преференцияларды алу үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм және өтiнiм берушiнiң осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жiбередi.


      2. Инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арасында жасалған инвестициялық келiсiмшарт негiзiнде берiледi.


      Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық басым жобаны iске асыратын инвесторларға "бiр терезе" қағидаты бойынша инвестициялық преференциялар беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.



      3. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. 285-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


286-бап. Инвестициялық преференциялар беру шарттары


      1. Инвестициялық преференциялар:



      1) инвестициялық жоба, инвестициялық басым жоба бойынша – Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;



      2) арнайы инвестициялық жоба бойынша – арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе еркін қойманы иеленуші ретінде қызметін жүзеге асыратын не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына беріледі.


      2. Инвестициялық басым жобаны iске асыру тек қана бiр инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылады.


      3. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).



      4. Заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерi бойынша инвестициялық жобаны iске асырған кезде инвестициялық преференциялар берiледi.


      Басым қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.


      Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне мынадай қызмет түрлерi енгiзiлуге жатпайды:


      1) ойын бизнесi саласындағы қызмет;


      2) көмір қабаттарындағы метанды өндіруді қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет;


      3) "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 462-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) және 6) тармақшаларында көзделген акцизделетiн тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) қоспағанда, акцизделетiн тауарлар өндіру жөнiндегi қызмет.


      Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн қоса алғанда, басым қызмет түрлерiнiң тiзбесi жылына бiр реттен артық қайта қаралмайды.


      5. Инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:


      1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады;



      2) заңды тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген (жаңа өндірістерді құру бойынша) немесе бес миллион еселенген (жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша) мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асырады;



      3) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырады;



      4) заңды тұлға:



      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы;



      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды;



      5) мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің – Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі жиырма алты пайыздан аспайды.



      Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің – Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.



      Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соғады.



      Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды;



      6) лизингтік қаржыландыруды және кредит беруді қоса алғанда, қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық шарттарымен бөлінетін ақшаны қоспағанда, инвестициялық басым жобаны iске асыру үшiн қаржыландыру көздерi не кепiлдiктерi ретiнде бюджет қаражаты тартылмайды;



      7) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылады.


      5-1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференцияларды қолданудың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы мынадай шарттардың біріне сәйкес келуге тиіс:


      1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркеледі;



      2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойманы иеленуші ретінде тіркеледі;



      3) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады;



      4) заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнің тiзбесiне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асырады.


      6. Инвестициялық преференцияларды қолдану мерзiмi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi және инвестициялық келiсiмшартта инвестициялық преференциялардың әрбiр түрi бойынша көрсетiледi.


      7. Инвестициялық преференциялар инвесторға осы Кодекстің 292-бабында көзделген, инвестордың қойылатын талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттар ұсынылған кезде берiледi.


      8. Инвестициялық преференцияларды қолдану осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.


      Ескерту. 286-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


287-бап. Кедендік баждар салудан босату


      1. Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.



      Лизингтік компания инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жеткізілетін технологиялық жабдықтың импорты кезінде кедендік баждар салудан босатылады.



      Технологиялық жабдық деп инвестициялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар түсініледі.



      Жинақтауыштар деп жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын құрамдас бөлiктер түсініледі.



      Шикізат және (немесе) материал деп кез келген пайдалы қазба, компонент, бөлшек немесе технологиялық процесс арқылы дайын өнім алу үшін пайдаланылатын өзге де тауар түсініледі.


      1-1. Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде арнайы инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.


      2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.


      3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiнiң импорты кезiнде бес жылға дейiнгi мерзiмге кедендiк баж салудан босату тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай және инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiледi.


      Шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалану берілген күннен бастап бес жыл мерзімге ұсынылады.



      Кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тiркелген активтер пайдалануға енгiзілген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.



      Жұмыс бағдарламасы өндiрiс пайдалануға берiлгенге дейiн инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымшаны білдіреді.



      Егер жұмыс бағдарламасында екi және одан көп тiркелген активтердi пайдалануға енгiзу көзделетiн жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiн, шикiзатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден бажын төлеуден босату мерзiмiн есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бiрiншi тiркелген актив пайдалануға енгiзiлген күннен бастап жүргiзiледi.



      Осы тармақтың күші арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беру шарттарына қолданылмайды.


      3-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде кедендік әкелу баждарын салудан босату:


      1) арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға он бес жыл, бірақ арнайы экономикалық аймақтардың әрекет ету мерзімінен аспайтын мерзімге;


      2) еркін қоймалар иелеріне, арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге;


      3) моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.


      4. Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.



      Ескерту. 287-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар


      1. Мемлекеттiк заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.


      2. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.


      Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн негiз болып табылады, бұл инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестор инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн қабылданады.


      3. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.


      4. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.


      5. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз пайызынан аспайды.


      Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны көрсетілген ең жоғары мөлшерден асып түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.

289-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілдігі


      1. Осы Кодекстің 286-бабының 5-тармағына сәйкес келетін инвестициялық басым жобаларды іске асыратын, сондай-ақ 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келiсiмшарттар бойынша инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға:


      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы;


      2) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы шетелдік жұмыс күшін тарту саласында өзгерген кезде, тұрақтылыққа кепілдік беріледі.


      2. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктің қолданылуы күшін жояды.


      Ескерту. 289-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


290-бап. Салықтар бойынша преференциялар


      1. Салықтар бойынша преференциялар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда беріледі.


      2. Салықтар бойынша преференциялардың түрлері:


      1) инвестициялық басым жобалар үшін:



      есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;



      жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;



      мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу;



      2) инвестициялық басым жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобалар үшін – инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын қосылған құн салығынан босату;



      3) арнайы инвестициялық жобалар үшін – арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдардың импортын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығынан босату.


      3. Инвестициялық келісімшартта салықтар бойынша преференциялардың әрбір түрінің қолданылу мерзімі белгіленеді, бірақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес айқындалған оларды қолданудың шекті мерзімінен аспайды.


      4. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялардың қолданылуы күшін жояды.


      Ескерту. 290-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


291-бап. Инвестициялық субсидия


      1. Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге және инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестициялардың жүзеге асырылуын көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарымсыз негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидияның түрі инвестициялық субсидия болып табылады.


      2. Өңірлік дамуға жәрдемдесу мақсатында инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асыратын инвесторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.


      Инвестициялық субсидия Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық субсидия беру үшін айқындаған басым қызмет түрлері бойынша беріледі.


      3. Инвестициялық субсидия инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасында көзделген қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаждау жұмыстары және жабдықты сатып алу құнының отыз пайызына дейін өтеу арқылы беріледі.


      Құрылыс-монтаждау жұмыстарының және жабдықты сатып алудың іс жүзіндегі шығындары бойынша инвестициялық субсидияны төлеу растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайды.


      4. Мыналар инвестордың іс жүзіндегі шығындарын растайтын құжаттар болып табылады:


      1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген алғашқы есепке алу құжаттары;



      2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактуралар;



      3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген кедендік декларациялар.


      5. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемдері инвестициялық келісімшарт шеңберінде кемінде үш жыл, бірақ инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімінен аспайтын кезеңге инвестициялық субсидияны тең үлестермен бөлу арқылы белгіленеді.


      6. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестициялық келісімшартта белгіленген өндірістік көрсеткіштер орындалған жағдайда өндіріс толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жобаның іске асырылу жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша жүзеге асырылады.


      7. Инвестициялық субсидияны беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.


      Ескерту. 291-бап жаңа редакцияда - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар


      1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм:


      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;


      2) заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;


      3) инвестициялық жобаның инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;


      4) алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).



      5) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар;


      РҚАО-ның ескертпесі!

      6) тармақша 01.01.2017 дейін қолданыста болды - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.





      6) салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ екендiгi туралы тiркеу орны бойынша мемлекеттік кіріс органының анықтамалары болған кезде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша қабылданады және тiркеледi.


      1-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және тәртіппен қабылданады және тіркеледі.


      2. Егер инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімде салықтар бойынша преференциялар және (немесе) инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестор Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жобалау алдындағы және (немесе) жобалау құжаттамасына заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен, мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған мемлекеттік сараптаманың қорытындысын ұсынады.


      Ескерту. 292-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi


      1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға қарау үшін берiледi, ол осы Кодекстің 285 және 286-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес өтiнiм тiркелген күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде шешiм қабылдайды.



      Инвестициялық субсидия түріндегі инвестициялық преференция беруге арналған өтінімді қарау тәртібі инвестициялық субсидия беру қағидаларында айқындалады.


      2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган айқындайды.


      3. Осы баптың ережелері арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдерге қолданылмайды.


      Ескерту. 293-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу


      1. Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтiн инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялық келiсiмшарт болып табылады.


      2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде үлгілiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.


      Үлгілiк келiсiмшарт деп Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгiлік келiсiмшарт түсініледі.


      3. Инвестициялық келiсiмшартты инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тiркейдi және тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.


      Инвестициялық келісімшартты инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тіркеген күн оның жасалған күні болып табылады.


      4. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін кемiнде тоғыз ай бұрын аяқталуға тиiс.


      Қаржы лизингі шартын жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық жобаны іске асырған жағдайда, инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi қаржы лизингі шартының қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейін тоғыз ай өткен соң аяқталуға тиіс.



      Ескерту. 294-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).


295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары


      1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.


      2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:


      1) тараптардың келiсуi бойынша;


      2) бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.


      3. Инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған кезде және келісімшартқа өзгерістер енгізу үшін инвестор инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылу мүмкіндіктерін негіздейтін құжаттарды ұсынбаған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң біржақты тәртіппен инвестициялық келісімшарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатады.


      Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, көрсетілген заңды тұлға инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың салдарынан бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждардың сомаларын төлейді.


      4. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.


      5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсуi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.


      6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.


      6-1. Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келісімшарт бойынша төленген инвестициялық субсидияның сомасын толық көлемде өтейді.


      7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.


      Ескерту. 295-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).


295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу


      1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруді көздейтін шарт арнайы инвестициялық келісімшарт болып табылады.


      2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік арнайы инвестициялық келісімшарттың ережелерін ескере отырып, арнайы инвестициялық келісімшартты қол қою үшін дайындайды.


      3. Арнайы инвестициялық келісімшартты жасасудың және бұзудың тәртібі мен шарттарын инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.


      4. Арнайы инвестициялық келісімшарттың қолданылу мерзімі инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзімімен айқындалады.


      Ескерту. 25-тарау 295-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).


296-бап. Инвестициялық дауларды шешу


      1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.


      2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.


      3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.


      4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.


      Ескерту. 296-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 489-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33




©melimde.com 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
Сабақтың мақсаты
ғылым министрлігі
тоқсан бойынша
бағдарламасына сәйкес
бағалауға арналған
Сабақ жоспары
Реферат тақырыбы
жиынтық бағалауға
сәйкес оқыту
арналған тапсырмалар
Қазақстан республикасы
білім беретін
оқыту мақсаттары
бағалау тапсырмалары
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
жиынтық бағалаудың
республикасы білім
бекіту туралы
тоқсанға арналған
Қазақстан тарихы
Қазақстан республикасының
мерзімді жоспар
арналған жиынтық
қызмет стандарты
болып табылады
жалпы білім
арналған әдістемелік
бағалаудың тапсырмалары
Мектепке дейінгі
оқыту әдістемесі
Қазақ әдебиеті
нтізбелік тақырыптық
пәнінен тоқсанға
Зертханалық жұмыс
Инклюзивті білім
Әдістемелік кешені
республикасының білім
білім берудің
туралы жалпы
Қазақстанның қазіргі
Қысқа мерзімді
Жұмыс бағдарламасы
қазақ тілінде
қазіргі заман
туралы хабарландыру
атындағы жалпы