Дүниетану сабақтарында әңгіме
Әңгіме - бұл нақтылы материалды жүйелі баяндау немесе табиғи объектінің не табиғат құбылыстарыныңбіреуін сипаттау. Мұғалімдер көбінесе материал оқушыларға онша таныс болмаған жағдайда әңгімені қолданады. Мұғалімнің әңгімесі оқушылардың материалмен ретті, жүйелі түрде танысуына мүмкіндік береді, оларды дұрыс және логикалық ойлауға үйретеді.
Әңгіме ғылыми жағынан дұрыс болу керек. Мұғалім балаларға қандай болмасын бір білім туралы айтқанғадейін оқулықта жазылғандарды талдап және толықтырып, мағлұматтардың дұрыстығын оқулыққа сәйкес келетін анықтама кітабынан алдын ала қарап, тексеріп алады.
Әңгіме балалар түсінігіне жеңіл де, қарапайым болуы керек. Мұғалім балалармен сөйлесу арқылы тілдің барынша қарапайым және түсінуге жеңіл болуын қамтамасыз етеді, егер мұғалім материалды нақтылы түсінбесе, онда ол білімді оқушылардың санасына толық жеткізе алмайды.
Әңгіме айқын, көркем, сезімге әсер ететіндей болуы керек. Әсерлі әңгімені балалар жақсы түсінеді, есінде ұзақ уақыт сақтайды.
Сабаққа дайындалғанда мұғалім қажымай-талмай өз бетінше ұзақ іздену керек, көркем шығармалардан үзінді оқуды қосу керек.
Әңгіме міндетті түрде көрнекі құралдарды: суреттер, макеттер, кестелер, компьютерлік технология пайдалану арқылы жүргізіледі.
Әңгімені тәжірибемен қатар жүргізуге немесе тәжірибені алдын ала көрсетуге де болады.
Әңгіменің ұзақтығы І-ІІ сыныптарда – 8-10 минут, ІІІ-ІV сыныптарда – 10-15 минут.
Егер оқушыларды оқулықта жоқ көлемді оқу материалымен таныстыру қажет болса, онда оны бөлімдерге бөлу керек. Бірінші бөлім біткеннен кейін, өз бетінше жұмыс істеуге немесе суреттерді қарауға, ол туралы әңгіме етуге, тәжірибе жасауға көшіру керек.
Екінші бөлімнен кейін суреттер бойынша жұмыс жасауға немесе әңгімені компьютерден оқуға болады, содан кейін әңгіменің ең соңғы қорытынды бөліміне көшеді.
Әңгімені артық, керексіз материалдармен ауырлатуға болмайды, негізгі мазмұны ашылуы тиіс. Әңгімеде қолданған барлық географиялық атауларды оқушылар картадан көрсетеді. Әңгіме қарқыны, нашар оқитын оқушыда оның мазмұнын түсіне алатындай болуы керек.Өте шапшаң айтылған әңгіме қажытады, өте баяу баяндаса ұйқы келтіреді. Сондықтан да мұғалім сөйлеген сөзінің белгілі бір мөлшерде, бірақ бір сарында болмай, белгілі бір қарқында айтылуы тиіс. Әңгіме барысында көрнекілік құралдар пайданыланып, карта, кестелер,картиналар, кинофильмдер, диафильмдер көрсетіледі және талдау жасалады. Көрнекі құралдардың әңгімеде пайдалану орнын ойластыру керек.
Мүғалім әңгімеге тиянақты даярлану керек: әңгіменің сабақтағы орнын анықтайды, мақсаты мен тақырыптарын белгілейді, баяндалуға тиісті мәселе мазмұнының өзіне қаншалықты түсінікті екенін тексереді; оқытылуға тиісті мәселелер бойынша өзінің түсінігін кеңейтетін қосымша әдебиет оқиды; әңгімеде пайдалану үшін көркем әдебиеттер, үзінділер іріктеп алады; әңгіменің жеке көріністерін иллюстрациялау үшін қажетті көрнекі құралдарды белгілеп тауып алады; әңгіменің жоспарымен конспектісін жасайды.
Сабақтың мақсатына байланысты әңгіме түрлі-түрлі болады. Көбіне сипаттау әңгімесі пайдаланылады. Сипаттауды көркем және ғылыми көпшілікке арналған әдебиеттерді пайдалану кезінде құруға болады
Достарыңызбен бөлісу: |