4. Қоғамдық, әдеби қызметі және еңбек жолы. Шоқан Уәлиханов 1853 жылы Кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір казак-орыс әскерінің 6-атты әскер полкіне офицер болып тағайындалады. Іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді, бірге сапарға қатысады.
Сапар барысында тұңғыш рет қазақ халқының өмірімен жан-жақты танысады. Бұл сапардан оралған соң, генерал Гасфорт Шоқанды наградаға ұсынып, мақтап мінездеме берді. Ол: «Наградаға ұсынылып отырғандардың ішіндегі Шоқан Уәлиханов қырғыз тілін мейлінше жетік біледі және жергілікті халықтың әдет-ғұрпын терең білуінің арқасында менің сахараға шыққан сапарымда қасыма ере жүріп, үлкен пайда келтірді... Ол Кадет корпусынан терең білім алып, әскери қызметіне келді. Жергілікті қырғыздар Шоқанды ерекше құрметтейді», – деп жазды.
1855 жылы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аягөз, Қапал аркылы, Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келеді, қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралайды. Орталық Қазақстан, яғни Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халкының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды. Осы материалдардың негізінде «Тәңірі», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» сияқты еңбектер жазады.
1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедияцияға қатысу – Шоқанның зерттеу жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Ыстықкөлге, Қытай империясының Құлжа каласына саяхаты және 1856 – 1857 жылдары Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тян-Шанскиймен бірге болуы, Қырғыз Алатауына екінші рет сапарының нәтижелері оның «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға септіғін тигізеді.
Шоқан тарихи маңызы бар шығармаларға айрықша назар аударды. Мәселен, ол қырғыз халқының «Манас», «Семетей» туралы дастандарының біраз тарауын тұңғыш орыс тіліне аударып, оған ғылыми тұрғыдан толық тарихи және әдеби талдаулар жасады. Бірінші рет баспаға ұсынды. «Манас» – қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам – Манастың төңірегінде топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол «Илиада» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған. Екінші эпос – «Семетей» – «Манастың» жалғасы. «Бұл – қырғыздың «Одиссеясы», – деп көрсетеді Шоқан.
Шоқан әдебиет, оның теориясы және қазақ поэзиясының халықтық сипаттары жайлы тың ой-пікір білдіреді.
Шоқан – ауыз әдебиеті мұраларын жинастырумен бірге өз кезіндегі Орынбай, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, т.б. ақындардың кейбіреулерімен кездесіп, олардың жырларын тыңдап, жазып алған. Оларға өзіндік ой-тұжырым жасай білген әдебиетші-ғалым.
Сонымен бірге Шоқан қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттей келе, мұны орыс ғалымдарына таныстыруды мақсат тұтқан.
«Жоңғария очерктерінде» «Көп уақыттан бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, этникалық жырлары мен аңыздарын жинаумен шұғылдана жүріп, мен олардың Еуропа халықтарының, әсіресе славяндардың осы тектес шығармаларымен бір сарындастығына қайран қалдым», – деп көрсетеді. Орыс-қазақ ертегілерін, мақал-мәтелдерін салыстыра отырып нақты дәлелдейді.
Ш.Уәлихановтың тарих, география, әдебиет саласындағы зерттеу еңбектері Петербург ғалымдарының назарына ілігіп, құнды ықылас-ілтипаттарына ие болады. Атақты орыс ғалымы Семенов-Тян-Шанский Шоқанның асқан дарындылығына, терең біліміне ерекше ықылас қояды. «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Петербургтегі университетте дәріс тыңдап, француз және неміс тілдерін жақсы меңгерді, шығыстың, әсіресе қырғыз тектес халықтардың тарихы жөнінде көп білетін тамаша оқымысты болып шықты», – деп жазады. Қазақ және қырғыз халықтарының тұрмысы мен этнографиясы жөніндегі сарқылмас білім бұлағы болған Шоқан Уәлихановпен ол достық және ғылыми байланысын үнемі жалғастырып отырған. 1856 жылы екеуі Құлжаға барып қайтқан. «Мұның өзі Құлжа мен Шәуешекте елшілік ашуға негіз салды», – деп көрсетеді А.К.Гейне. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен, 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География коғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл – орыс қоғамы зиялыларының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығының дәлелі.
Түйін. Қазақтың аса көрнекті ғалымы және ағартушысы Ш.Уәлихановтан мол әдеби мұра қалды. Өзінің қысқа өмірінің ішінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, географиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектері мен қоғамдық-саяси тақырыптағы толып жатқан шығармаларын жазып үлгерді. Тамаша сөз зергері екені оның қазақтың халық поэзиясының теориясы және қырғыздың «Манасы» туралы аяқталмаған зерттеулерінен анық байқалады. Бүгінгі ұрпақ Шоқан есімін, қалдырған еңбектерін әрдайым үлкен ризашылық сезіммен құрметтейді.
Достарыңызбен бөлісу: |