Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген.
2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын.
«Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді.
Қытай Халық Республикасынан 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берді.
Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану – Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.
Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық.
ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады.
Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды.
Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті.
Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады.
Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біргеміз. Біз кез келген жанжалдардың бейбіт жолмен шешілгенін қалаймыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.
Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.
Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!