9-сынып
Қазақ тілі пәнінен негізгі орта білім алушыларға арналған емтихан тапсырмалары
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз
А мәтіні
Кітап оқу мәдениеті
Жыл сайын 23 сәуірде Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі
Бүгінгі жастар кітап оқиды. Оқығанда да таңдап, талғап оқиды. Оған кітапханалардың оқу залдарында кітапқа шұқшиған, кітап дүкендерінде кітап сатып алып жатқан, смартфонның экранына телміріп кітап оқып отырған жастар дәлел. Мәселе олардың нені оқитындығында. Осы орайда «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» деген неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің сөзінің жаны бар. Өйткені балауса өмірге бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтер даналыққа, ұлағат пен өнегеге толы кітап бар да, «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей көр-жерді әңгімелейтін деңгейі төмен дүниелер де аз емес. Одан қала берді ұлттық мүддені назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан қазіргі жастардың қандай кітап оқитынын білу мақсатымен кітапханалар мен кітап дүкендеріне барып, өз көзімізбен көруге тырыстық. Бұл бүкіл жастарға тән үрдіс болмаса да, басым көпшілігінің көзқарасы, пайым-түсінігі бір арнаға тоғысатынын аңғару қиын емес. Жалпы кітапқа қол жеткізудің бірнеше көзі бар екені белгілі. Ең алдымен, кітапханалар мен кітап дүкендерін айтуға болады. Ал үй кітапханасы негізінен білім-ғылым, әдебиет маңайындағы адамдардың еншісінде ғана бар дүние. Алматыдағы атақты Ұлттық кітапхананың жөні бөлек. Мұндағы оқырман қарасы үзілмейтін орынның бірі – көркем әдебиет залы. Қазақстан кітаптары бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Бақтыгерееваның айтуынша, бұл бөлімнің негізгі оқырмандары – жастар. Күніне 700-800 оқырман келеді. Олардың дені студент болғандықтан, тапсырманы орындау үшін келеді дегеннің өзінде, көз майын тауысып өз бетімен көркем шығарма оқитындар да жеткілікті. Орташа алғанда, бір оқырманға күніне 2-3 кітаптан айналады. Көркем әдебиет залындағы сұранысқа қарағанда, Мұқағали Мақатаев – қазіргі оқырмандардың да ең көп оқитын ақыны. Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, т.б. жазушылардың өз оқырманы бар. Салалық әдебиетке келсек, І.Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігі», З.Қабдоловтың «Сөз өнері», Ш.Сарыбаевтың этимологиялық сөздігі қолдан-қолға тимейді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін қаперде ұстасақ игі.
(279 сөз)
https://anatili.kazgazeta.kz/news/47657
Достарыңызбен бөлісу: |