Қазақ салт-дәстүрге сүйене отырып, өзара қарым-қатынасын реттеп отырған, бір-бірін үнсіз түсініп, сыйласқан. Қазір сол дәстүрдің біразы ұмыт болды.
Қазақтың салт-дәстүрі ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан.
Бүгіндері атаулары өзгерсе де, кейбір салт-дәстүрлерді қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер бар. Әсірес Қазақстанның батыс пен оңтүстік облыстарында қазақтың салт-дәстүрлерін тастамай, күнделікті тұрмыста ұстанып жүр. Мысалы, ат тұлдау, аяққа жығылып кешірім сұрау, ақсарбас атау, аунату, байғазы беру, босаға байлау, енші беру, ерулік беру, жылу жинау, қалау айту, қазан шегелеу сияқты дәстүрлер сақталған.
Оқи отырыңыз: Жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, діни дәстүр ме?
Десек те қолданыстан мүлдем шығып, ұмыт болғандары да жетерлік екен.
Қазақтың салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғалым, сыншы Дандай Ысқақтың айтуынша, қазақ халқы салт-дәстүрден ешқашан аттап кетпеген.
– Қазақ салт-дәстүрді құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Өйткені сол арқылы барлық қарым-қатынасты ушықтырмай реттеп отырған. Яғни, көп мәселені дәстүр жолымен шешкен. Тіпті құда түсудің, олармен тез табысудың жолын да қарастырып қойған.
Оқи отырыңыз: Қаралы үй. Қазаның жолы ауыр дейтін қазақтың салт-дәстүрі неге ұмыт қалды?
Мысалы, "Біз шанышар" дәстүрін алсаңыз, одан қазақтың балаға деген қамқорлығы мен оның болашағы үшін жасалатын қадамдарын байқауға болады.
Біз шанышар
Ертеректе қазақтарда қонақтарын ақы алмай күткен, ол үшін арнайы жатын үйлерін, ас дайындайтын асханасын, күтушілерді, тіпті көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса, айыбын қоса төлеген.
Осы көп тегін тамақтың бірі – түстік ас. Қазақ түскі асын жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді.
Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?
Ал "біз шаншуға" келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сиыр түсте үн-түнсіз атттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі.
Бұл – "Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде де бар. Қас сұлу сізде бар. Жекжат болайық" дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен шалдар келіп құда түседі.
Жалпы қайрақ – ұлдар қолданатын сайман. Ал ине – қыздардыкі. Қайрақ қайырымға керек, инесі кестеге, киім-кешекке керек. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы – бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіруі. Ал қайрақты алып кетуі – құда болайық дегені, – дейді Дандай Ысқақ.
Достарыңызбен бөлісу: |