Қатты көмектескісі кеп тұрғаны байқалады

Loading...


Дата22.10.2020
өлшемі15.34 Kb.
Бала көңіл

Кеше жұмыстан келе жатып дүкенге соқтым. Кезекте тұрмыз. Алдымда кішкентай қызын ерткен келіншек тұр. Қызы шамамен бес жасар.

— Анашым, азық-түлікті жылжымалы жолаққа мен салайыншы? — деп еркелей сұрады қызы.

Қатты көмектескісі кеп тұрғаны байқалады.

Анасы әбігерленіп тұр. Бір жаққа асығып тұрды ма екен, әлде ұйқысы қанбай қалды ма екен, кім білген...

— Мақұл, тездет... — деді ештеңеге мән берместен.

Қызы бар ынтасымен арбадағы азық-түліктің бәрін жылжымалы жолаққа түсіре бастады. Асығыс. Асықпағанда ше, анасы осынша маңызды істі сеніп тапсырды ғой. Кенеттен...

Тары салынған пакет қыздың қолынан сусып түсіп, жерге тарс етті де, жарылып қалды. Тарысы көп шашыла қоймады. Бірақ пакеті жыртылды. Қыздың есі шығып кетті. Не бүлдірдім деп қарап тұр.

— Әне, — деп шешесі кейіді. — Осылай боларын біліп ем. Сенген қойым сен болсаң, осы ғой, әне... Қолыңа не ұстап тұрсың? Кірісе кетсең, бүлдіре саласың... Енді жаңалап тары әкелу керек.

Қыз үнсіз жылап тұр. Ол енді ештеңені де жолаққа салғысы келмей қалды. Қолы кінәлі секілді. Қолынан түк келмейді. Анасы солай деді.

— Маған бере салыңыз, көп шашыла қоймады ғой, жаңа пакетке салып берейін, сіз жырттыңыз, сіз сатып алыңыз, - деді кассир.

— Біз жыртпадық, біз түсіріп алдық. Пакеті өзі жыртылды. Маған бүтін пакет тары керек! — деді қабағы түйілген анасы.

Қалған азық-түлікті жылжымалы жолаққа өзі салды. Кезектегі адамдарға қарамастан жаңа пакет тары әкелуге кетіп қалды.

Пакет беріңізші, — деп кассирден пакет сұрап алдым да, жерге төгіліп қалған тарыны жинап сала бастадым. Кассаның жанында қорыққаннан тыпыр етпей тұрған қызға қарадым да, — Маған тарыны жинасып жіберші, - деп өтіндім.

Ол тізерлеп отырды да, қос қолдап тарыны жаңа пакетке сала берді. Анасы жаңа пакет тарыны әкеліп, сатып алған заттарына есеп айырысқанша екеуміз төгілген тарыны жинап алдық.

— Мына тарыны қайтеміз? Сіздің қызыңыз төгіп алған тарыны айтам? – деді кассир.

Анасы ұрысқа дайын тұр екен.

— Сіздерде әр заттың құнына осындай жағдайға арналған үстеме қосылады. Не істейміз дегеніңіз не? Мен бүкіл ішімдікті шағып тастасам да, төлемей кетуге қақым бар. Ал, мұнда тары ғана!

— Сонда төгілген тары үшін кім төлейді? Мен бе? — деп кассир де отала бастады.

Пай! Тоқтаңдар, жолдастар. Болмашыға бола ұрыс шығарғандарың не? Бір-біріңнің көңілдеріңді қалдырғандарың не?

Бұл тарыны мен сатып алайын, — дедім мен. — Тек сіздің қызыңыз маған заттарымды жолаққа салуға көмектесіп жіберсінші, мақұл ма? Ол заттарды жылдам түсіреді екен. Ал менің қолым ауырып тұр еді.

Қыздың анасы менің сенімді көзқарасыма қадалып қалды.

Есін жия салысымен:

— Иә, Лидочка, тәтеге көмектесіп жіберші... Қолы ауырып тұр екен, - деді.

Мен сау қолыммен қызына байқатпай, анасына «тамаша» деген белгіні көрсеттім. Лидочка қайта тірілгендей. Ақырындап менің заттарымды жолаққа қоя берді. Шын ықыласымен көмектесті. Көзінің қиығымен анасына қарап қояды.

— Қолғанатыңыз өсіп қапты! Қандай тамаша! — деймін дауысымды шығарыңқырап Лиданың анасына, қызы естісін деп.

— Иә. Айтпаңыз. Еденді де жуып тастайды. Кір жуғышты да қоса алады! – деп ол да мені қостай кетті.

— Мәссаған! Дайын тұрған қалыңдық қой! — деп менен кейін тұрған ағай бізге көмектесіп жібергені.

— Түшпараның нанын жаюға да көмектестім ғой! — дегенді Лиданың өзі ұялыңқыраса да, анасының есіне түсіріп жатыр.

— Оооо, түшпара ма?! Бұл бала емес, ғажап болды ғой! Өскенде – күнде бір күйеу жігіт құда түсетін шығар! Өзім-ақ бүгін алар ем, бірақ соңғы жиырма төрт жылдан бері басым бос емес. Әйелім болмағанда бар ғой, иә...

Кезекте тұрғандардың бәрі күлкіге қарық болды. Сол арада менің заттарым жолаққа түсіп болды. Мен оларды пакеттерге салып үлгердім. Дүкеннен Лиданың анасымен қатар шықтым.

— Лида, сен Венецияны көргенбісің? — деп сұрадым.

— Ол қай жақта?

— Алыста.

— Жоқ. Мен Қырымда болғам.

— Білесің бе, мен де әлі көрмедім. Бірақ Венецияда көгершіндері көп арнайы алаң бар екен деп бір жерден оқып ем. Олардың көгершіндері адамдардан қорықпайды екен. Қолға әбден үйренгенгені сонша, адам көрсе, иығына қонып алады екен. Басына отырады екен. Адамдар солармен суретке түседі екен. Қандай керемет, иә?

— Иә!

— Дәл қазір Венецияға барғың келе ме?



— Дәл қазір? Қалай сонда? — деп таң қалды Лида.

— Иә! — Мен тары салынған пакетті суырып қолыма алдым. — Дәл қазір, осы жерден Венеция жасаймыз.

Дүкеннен сәл әрірек шықтық. Ешкімге бөгет жасамайтын алаңқайға келдік.

— Лида, сен бағана тарыны ақырын ғана түсіріп алдың. Шашылмай қалды. Ал, қазір тарс еткізіп жерге қаттырақ лақтыр. Пакеті жарылып, тары жан-жаққа түгел шашылсын, мақұл ма?

Лида анасына жалтақтап қарап қояды. Анасы бәрін түсінді. Басын изеді. Жымиып тұр.

Лида менің қолымдағы тары салынған пакетті алды.

— Жерге тастаймын ба?

— Жерге таста!

Лида шын көңілмен пакетті жерге бар күшімен лақтырды. Аяқ астынан сары жолақты мандарин түсті салют жарылғандай болды.

Аспан қап-қараңғы боп кетті. Тура ертегідегідей. Суылдаған қанаттардың дыбысы. Айналадағы шатырлардан, аулалардан аш қалған көгершіндер тарыға лап қойды. Лиданың аяғының асты көгершіндерге толды.

— Анашым! Қарашы, қандай көп! Олар біздің тарыны жеп жатыр! Анашым! Біз Венециядамыз!

Біз анасы екеуміз бірге күлдік.

— Тамаша! Рақмет, сізге. Оятып алғандай болдыңыз. Бүгін көңілсіз күн болып тұр еді… — деді Лиданың анасы.

— Көңілсіз күннің бәрі әп-сәтте көңілді бола салады. Балашиханы да осылай Венецияға айналдырып тұруға болады екен.

— Иә, түсіндім, — деп күлді анасы. — Венеция көшіп келгендей...

Шапқылап, қуанып жүрген Лиданы құшағына алды.

— Мен ботамды ешқашан ренжітпеймін, — деді.

Қызы алақанын шапаттап тұр...

Болды. Ары қарай менің көмегім қажет емес.

Шашылған тарының, бақытты қыздың, аш қалған көгершіндердің сиқыршысы ары қарай ұшып кете барды. Ең бастысы, көңілсіз сәттің бәрін жақсы жаққа өзгертіп алуға болатынын ұмытпағайсыз. Немесе күте тұрыңыз... Әлде өзіңіз өзгертіп алыңыз...

Ольга Савельева

Аударған Шынар Әбілда



"Адырна" ұлттық порталы

Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін ызмет
Жалпы ережелер
ызмет стандарты
дістемелік кешені
бекіту туралы
туралы хабарландыру
бойынша жиынты
біліктілік талаптары
кіміні аппараты
Конкурс туралы
жалпы біліктілік
ойылатын жалпы
мемлекеттік кімшілік
білім беретін
республикасы білім
жалпы конкурс
Барлы конкурс
ызмет регламенті
дістемелік сыныстар
ткізу туралы
конкурс атысушыларына
біліктілік талаптар
атысушыларына арнал
идаларын бекіту
Республикасы кіметіні
Мектепке дейінгі
облысы кімдігіні
мерзімді жоспар
мемлекеттік мекемесі
рсетілетін ызметтер
мемлекеттік ызмет
стандарттарын бекіту
Конкурс ткізу
санды жиынты
білім беруді
дебиеті маманды
дістемелік материалдар
жалпы білім
мектепке дейінгі
ауданы кіміні
конкурс туралы
рметті студент
облысы бойынша
алауды тапсырмалары
мыссыз азаматтар
дарламасыны титулды
Мемлекеттік кірістер
дістемелік кешен
Конкурс жариялайды
теориялы негіздері
разрядты спортшы

Loading...