Асанова роза Жеңісқызы

Loading...


Дата01.03.2021
өлшемі37.59 Kb.

АСАНОВА

Роза Жеңісқызы,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің қызметкері

Қазақтың қолөнер тарихынан қазақты тану
Сөз жоқ, ғылым-білімнің дамығаны сонша, адамның өмір сүруіне қолайлы көптеген жағдайлар жасалған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Десе де, қазіргі кезде кейбір салт-дәстүрден, қолөнер мәдениетінен қол үзе бастағандаймыз. Ғалымдардың топшылауы бойынша ең алғашқы адамдар қазақ даласында бұдан жарты миллион жыл бұрын пайда болған деседі (2, 4). Осы уақыттан бері мал өсіріп, тері өңдеген, аң аулап, егін еккен адамдар қолөнердің түр-түрін ойлап тауып, бұйымдарға өзінің арман-қиялын бедерлеген. Ендеше, қолөнер тарихы – қазақтану тарихы. Олай болса, қазақ қолөнерінің жарты миллиондық тарихы бар деуімізге де негіз бар. Ал, қазақтың көрнекті ғалымы Әлкей Марғұлан қазақтың қолөнері ежелгі қола дәуірінен бастау алғанын өз еңбегінде нақты дәлелдермен шегелейді (1, 31).

Өткен ғасырдың 60-90 жылдары оңтүстіктегі, әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы қазақтың әрбір үйінде қолмен тоқыған кілем сол үйдің сәні, интерьерінің бір бөлшегі еді. Кілемді тұрмыс құрған қыздың аты-жөні мен тоқылған жылын көрсетіп жасауына қосатын. Еншісін алған ұлының жаңа отауына, қоныс тойын тойлаған көршіге не туысына сыйлап жататын. Кейде оны арнайы Тәшкен базарына апарып сатып, ақшасына киім-кешек, азық-түлік те алып қайтатын. Енді сол әрбір үйде болатын, әрбір үйдің өзі тоқып алатын кілем, текемет, кестелі төсек жабдықтары мен орамалдар бүгінде жоқтың қасы. Тіпті мойынорағыш тоқып киюден қалып барамыз. Әр үйдің жасы оннан аса бастаған қызы шұлық жамап, сөгілген киімді бүтіндеп, кесте тоқудан бастайды да, ең аяғы киіз басу, кілем тоқуды меңгеріп алатын. Осыдан екі үйдің бірінде ісмер, шебер, эстетикалық талғамы бар қыздардың өскенін аңғару қиын емес. Бір көшенің бойында он үй болса, жоқ дегенде жартысы жаз шыға кілем тоқу маусымын бастап кетуші еді.

Анам – он саусағынан өнер тамған кісі. Жастықтың тысы, төсектің жамылғышы, сүлгі-орамалдарды кестелеп, моншақ тағып, шетіне тор салады. Ілмек не сыммен неше түрлі мойынорағыш, нымша, бас киім, шұлық тоқиды. Тіпті сөмке, қалта, әмиянға дейін тоқитын. Бәрімізге көйлек-көншек тігеді, құрақ құрайды. Киіз басып, алаша мен кілемнің бірнеше түрін тоқи біледі. Бізге де үйретті. Кілем тоқуға біздің үй жыл бойы, кейде екі жылдай дайындалады. Себебі, көктем не күз қырқымынан керегінше жиналған жүнді шөп-шалам, тікеннен тазалау, жуу, кептіру, түту, сабау, тарау, бояу, шүйкелеу, иіру сияқты жұмыс жетіп артылады. Бұның бәрін, көбіне, қыстың ұзақ кештерінде, үйдегі шамасы келетіннің бәрі отыра қап жабыла істейді.

Тез жалығатын төрт-бес жасымызда үлкен кісілер: «Түткен жүніңді иегіңе дейін жеткізсең, мұрныңнан маржан тастар түсе бастайды» деп қызықтыратын. Бірақ ол жүнді иекке жеткізу қайда... Анамыз иекке жетіп қалған жүнді алақанымен басып қалғанда, діттеген мақсатыңа бүгін жете алмайтыныңды түсініп, ұнжырғаң түсіп қалатын. Дегенмен осы жүнді иегіме жеткізсем, сол тастардан моншақ тізіп тағып алам ғой деген оймен ұйқыға кететінбіз. Ал таңертеңгілік жастықтың қасында бір тас жататын. Анамыз: «Сен ұйқыда жатқанда мына тас мұрныңнан домалап түсті», – дегенде шынымен сеніп, күн сайын кешке құлшына жүн түтуге кірісетінбіз. Не деген ынталандыру десеңізші!

Сонымен, шамасы келген бір-екеуміз жүн түтеміз, үлкендері сол түтілген жүнді тарайды, қолының икемі бары шүйкелейді. Анамыз қол ұршықпен, кейіннен алыс ағайыны ағаштан жасап берген аяқ ұршықпен сол шүйкелерден жіп иіреді. Сондай кештерде анамыз бізді жалығып кетпесін деп неше түрлі ертегі-аңыз, әңгімелердің майын тамызып айтады. Кейбіріне жанынан қосса, кейбірін ойынан шығарып айтатын. Сосын ұршықтағы иірілген жіпті жұп-жұмыр ғып домалақтайды. Жүн түтіліп, жіп иіріліп болған соң, анамыздың өзі Тәшкенге барып, болмаса Тәшкеннен дүкенде табыла бермейтін заттарды әкеп сататын саудагер әйелдерден қағазға оралған түрлі-түсті бояудың ұнтақтарын сатып алады. Ал, бояудың сапасын сұқ саусағын түкіріктеп жіберіп, ұнтаққа батырып ап, бармағының үстіне жағып көретін. Осылайша қыс бойы иірілген жіп пен бояуды дайындап алады.

Енді, қылдан немесе мақтадан иіріп, болмаса дүкенде сатылатын жуан жіп арқанды ажыратып кілемнің желісін дайындайды. Арқанды ажырату үшін шыдамдылық керек. Ширатылып қала беретін арқанды шатастырмай, үзіп алмай ажыратып алу оңай емес. Анамыз сол ажыратылған жіпті ұршыққа сап ширатып, жұмырлап домалақтап қояды.

Қойдың биязы жүнінен иіріп домалақтаған жіптерді бояуға ыңғайлау үшін екі тізені айналдыра орап, екі шетінен байлайды. Күн жылына даладағы ошаққа үлкен қазанды орнатып, оған су толтырып, астына от жағып, қайнап тұрған суға әуелі ұнтақты, сосын жіптерді салып бояйды. Бояуы қанық әрі оңбау үшін суға тұз не сірке суын қосады. Бүгін қызылға, ертең жасылға, сөйтіп, әр күні әр түске боялған жіпті ұзын оқтаумен іліп ап күнге жайып кептіреді.

Міне, кілемнің түгі мен желісіне арналған материалдар дайын. Ендігі кезек, кілем тоқитын құрал-жабдықта. Әкемнің негізгі мамандығы темір ұстасы болғандықтан, тоқыма станогының ағашын ұстап тұратын бұрандалары мен темір жабдықтарын өз қолымен жасаған. Бұдан басқа күзу ағашы мен адарғысы бар, шалған жіпті кесетін пышақтар мен түгін қиятын қайшыларды қайрап, арқау жіпті тегістейтін тоқпақтарды түгелдеу қажет. Бұл жағы әкемізге жүктеледі.

Енді кілемнің өлшемі мен кілемге түсетін ою-өрнекті жобалау керек. Кілемнің өлшемін анамыздың өзі жоспарласа, кілемге түсетін ою-өрнекті бірге таңдаймыз. Ою-өрнек өнері – қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіресі ғой. (4, 219). Кілемнің шетіне гүл не қошқар мүйіз секілді дайын оюдың үлгісін аламыз. Ал ортасына түсетін өрнекті «табақ» дейді, сол өрнек-оюды ұзағырақ таңдауға тура келеді. Өйткені, біздің үйдің қыздарына, әсіресе маған, көпшілік сала беретін «шатыр немесе пәтініс гүл» ұнамайтын. Қолыма миллиметрлік қағазды алып, «табаққа» түсіретін ою не гүл іздеп кетемін. Көршінің, таныс-туыстардың кілемдерін қарап шығамын. Ұнағаны болса, кілемнің теріс жағын аударып, түрлі-түсті қалам не сиямен қағазыма сызып аламын. Кейде дастарқаннан немесе бір матаға түскен гүлдерді де қағазға түсіремін. Ондай жеке ою, гүлдер кілемнің «қолтығы» бос қалған жағдайда керек болады. Бұрынғы кезде ұзатылған қыз төркініне сәлемдеме ретінде текемет немесе сырмақ жіберетін болған. Ондағы ою-өрнектің түрі мен түсіне қарап ата-анасы қызының жағдайын білген. Мысалы, қошқар мүйіз бен өсімдік стилі көп салынса қызының бай, дәулетті отбасына барғанын, бақытты екенін түсінген. Егер ортасына жапалақ бейнесі салынса, ол қызының бақытсыз екенін білдірген (3).

Сонымен, жіп дайын, жабдық түгел, ою үлгісі қолда. Оқу жылының аяқталуын күтеміз. Жазғы демалысқа шыққанға дейін, кілем тоқитын қыздармен келісеміз. Ол кезде ақыға тоқитындар аз еді, көбісі асарға келеді. Сонда да асарлатқан қыздар сыйлықсыз қайтпайды. Біздің үйдің өзінде анамыздан басқа үш қыз бар. Кезектесіп тоқу үшін құрбымның не көрші-туыс қыздардың бірімен, алдымен біздің үйдің, сосын оның үйінің кілемін тоқуға келісіп аламыз. Осылайша, жаз шыға кілем тоқуға кірісіп кетеміз. Әкеміздің тоқыма станогының ағаштарын құрып, ұзындығы мен енін кілемнің өлшеміне сай бұрандалармен бекітіп береді. Ағаштың екі басына ересектер тұрады, ал кілемнің желісіне аяқ-қолы жылдам жасы кішілеуі жіп «жүгіртеді». Сөйтіп, ені 1,5-2 м., ұзындығы 3-3,5 м. болатын орташа кілемді 25-30 күнде тоқып бітіреміз.

Осы жерде кілем тоқуға арналған құрал-жабдықтарға түсініктеме бере кетейін.

Желі, кейде оны төсек деп те атайды. Желінің ұзындығы бес метр, ені екі жарым метр шамасында болады.



Кер ағаш – кілем тоқылатын, желінің басынан және аяғынан кілем тоқылатын орында жүгірілген жіпті керіп тұратын ағаш. Керілген төсек-желінің жалпы саны орта есеппен еркегі – 600 (үстіңгі) жіп, ұрғашысы – 600 (астыңғы) жіптей болу керек. Үй иесінің тоқылатын кілем мөлшеріне қарай желі мөлшерінің бұдан аз да, көп те болуы мүмкін.

Белағаш – кілем тоқу үшін керілген жіп желісін күзу арқылы байланыстырып тұратын көлденең ағашты белағаш деп атайды.

Адарғы – керілген жіп желісінің шатысын немесе күзусізін бетіне шығарып, былайша айтқанда еркек жіп пен ұрғашы жіпті ерсілі-қарсылы, жоғарылы-төменді алмастырып тұратын белағашпен қатар жатқан ағаш.

Аяқ – белағашты көтеріп тұратын, аша басты тіреу ағаш. Керілген желі – төсек жіптің белағашының екі басына тіреліп қойылады.

Еркек жіп – кілем тоқу үшін керілген желі жіптердің күзуде тұрған үстіңгі жіптері.

Ұрғашы жіп – керілген желі, төсек жіптің төменгі күзусіз жіптері.

Күзу – керілген желі, төсек жіптің орта шенінен көлденең түскен белағашпен еркек жіпті жалғстырып тұратын жіп.



Тарту жіп – белағаштың үстінен екі басына бекітілген күзуді тартатын жіп.

Шатыс – керілген жіп желілерінің, яғни еркек жіп пен ұрғашы жіптердің күзу арқылы адарғының көмегімен айқасу. Былайша айтқанда шатыс ардағыны шеңбердің өзіне қарай тартқанда ұрғашы жіп жоғары шығып, оны кейін итергенде еркек жіп жоғары шығып, алма кезек айқасып отырады. Мұндай құбылысты шеберлер шатысу деп атайды.

Шалу – керілген желіге салынатын түрлі еркек жіптен алып ұрғашы жіпке шалып орағанды шалу немесе түр шалу деп те атайды.

Арқау – еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан әрлі-берлі өткізілетін бас жағындағы кергіге шатысты ұстап тұратын жіп.

Жіп шалу – кілем тоқу үшін керілген жіп желісінің үзілуін жіптің қашуы деп атайды.

Жіп жалғау – керілген желі жіптерінің үзігін немесе қашқанын тауып байлау. Егер ол байланбаса кілемге салынып жатқан түр қисық түсуі мүмкін.

Сирексіту – керілген жіп желілерінің арасынан арқау өткізілген соң ұйысқан жіп аралығын тоқпақпен түйгіштеп сол желі жіптерінің арасын ажырату.

Тоқпақ – керілген желідегі еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан арқау жіп өткізілгеннен соң, жіп арасын түйгіштейтін шеге тісті ағаштан жасалған құрал.

Пышақ – шалған жіптерді қиып отыратын құрал.



Қайшы – керілген желідегі жіпке шалынғаннан соң тегістеу үшін пайдаланылатын құрал. Осы қайшы арқылы түгі қырқылып тегістеледі.

Отыз күн бойы анамыз қай жері қисық кетті, қайсымыз алға озып, қайсымыз қалып барамыз, қай гүлге қай түс қажет, қай түстің жібі таусылды, бәрін сырттай бақылайды. Керегімізді тауып, басқарып жүреді. Ас-суымызды дайындайды. Кешке қарай қасымызға жайғасып әңгіменің тетігін ағытады. Кейде көрші-қолаң тамақ істеп әкеп берсе, кейде үйлеріне шақырады. Әсіресе, үйінде бойдағы барлар тамаққа жиі шақырғыш келеді. Немесе бойдақ туыс-таныстарың гитара не домбырасын арқалап келгіштеп кетеді. Олардың келгеніне анамыз да, әкеміз де қарсы болмайды, қайта «қыздардың көңілін көтеріңдер» деп өздері шақырып жатады. Сол кезде тоқымашы қыздарда бір дәстүр болды. Келген жігіттерге арнайы түрлі-түсті жіптен шашақ істеп, мініп келген велосипедіне, болмаса қалтасына білдірмей салып жібереді. Ал шашақты алған жігіт қыздарға сыйлық жасауға немесе бір қалауын табуға тиіс болатын. Осы кілемнің үстінде талай қыз бен жігіт көңіл жарастырып, отау құрып жататын.

Қолмен тоқыған кілемдер көп жыл бойы өз өңін бермейді, оңайлықпен тоза да қоймайды. Бірақ кілемнің де жауы болады, ол – күйе көбелегі. Ол кілемнің түгін кеміріп, таздың шашындай ғып тақырлап тастайды. Сол жәндіктен сақтау үшін анамыз кілемнің теріс жағына жусанның сабағын немесе темекінің жапырағын тігіп қоятын. Жинап қоятын болса, арасына нафталинның түйірін қоса орайтын. Сосын жиі-жиі күнге жайып алады.

Біздің үйде әлі күнге 1972 жылы анамның жалғыз өзі елу күн тоқып бітірген кілемі бар. Сол кілемге тек қана раушан гүлдерін салып тоқыған. Және сіңлілеріммен бірге тоқыған бір түкті және үш құлпырма кілем де сақталыпты. Түкті кілемді оң шалып, арқау жібін бір рет өткізіп, түгін қайшымен тегістеп қырқып тоқыса, құлпырма кілемнің шалысын теріс, арқау жібін екі рет өткізіп, түгін қырықпай тоқиды. Түкті кілемді қабырғаға ілсе, құлпырма кілемнің түгі ұзындау қалың, жұмсақ болғандықтан еденге төсейді.

Қорыта келе, осынау кілем тоқу өнері сәннен қалса да, мәнін жоғалтпасын, кейінгі ұрпақтың жанынан қалса да, жадында сақталсын деген оймен жазған тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні – дәстүрдің озығы мен тозығы бар, әр халықтың қалдырған өз ізі бар. Қазіргі кезде қазақы кілемдер өз зерттеушілерін күтіп мұражайларда шаң басып жатыр. Қолөнер ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық творчествосының сарқылмас қайнар көзi, халық мәдениетiнiң айнасы. Ол талай ғасырлар кезеңiнен өтiп түрленiп, жаңарып келiп, әкесінен ұлына, анасынан қызына мұра ретiнде бiзге жеткен дәстүрлi де қасиеттi өнер (2, 6). Қазақтың қолөнерi арқылы тiлдiк ерекшелiгін, мәдени тарихын, наным-сенiмін, салт-санасын, тұрмыстық ахуалын бiлуге болады. Қолөнер – халықтың қазынасы, ғасырлар тереңінен жеткен мұрасы. Ал халықтың мұрасына ие болу, оны көздің қарашығындай сақтау, болашаққа аманаттау қазіргі қоғамға серт.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Маргулан, Алькей Хаканович. Казахское народное прикладное искусство - Алма-Ата: Өнер, 1986. Т. 1.– 256 с., ил.

  2. Дәркембай Шоқпарұлы. «Қазақтың қолөнері», альбом – Алматы: Өнер, 2005 – 176 бет

  3. Бақыт Жаншаева. Кілем тоқу өнері - баға жетпес мұра, 18.12.2020 ж., сағ:11:41 //http://ushtagan.kz/makala/377

  4. Өмірбекова М. Қазақ ұлттық киімінің этномәдени лексикасы. Ғылыми-танымдық басылым. – Алматы: РПБК «Дәуір» 2015. – 320 б. (суретті).

Фотосуреттер:

1. 75 жастағы шебер Адамбекова Мереке Адамбекқызы. Түркістан облысы Ордабасы ауданы Жамбыл ауылының тұрғыны;

2. Шебердің 1972 жылы тоқыған «Раушан гүлдер» кілемі;



3. Шебердің 1984 жылы қыздарымен бірге тоқыған «Дария» кілемі.

Достарыңызбен бөлісу:
Loading...




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
Сабақтың мақсаты
Сабақ тақырыбы
рсетілетін қызмет
Жалпы ережелер
бойынша жиынтық
ғылым министрлігі
қызмет стандарты
жиынтық бағалау
бекіту туралы
Әдістемелік кешені
туралы хабарландыру
Сабақ жоспары
тоқсан бойынша
бағалауға арналған
Қазақстан республикасы
жиынтық бағалаудың
тоқсанға арналған
Жұмыс бағдарламасы
республикасы білім
Қазақстан республикасының
білім беретін
біліктілік талаптары
арналған жиынтық
әкімінің аппараты
жиынтық бағалауға
туралы анықтама
мамандығына арналған
бағалау тапсырмалары
қойылатын жалпы
Конкурс туралы
жалпы біліктілік
мемлекеттік әкімшілік
арналған әдістемелік
Қазақстан тарихы
арналған тапсырмалар
мерзімді жоспар
жалпы конкурс
бағалаудың тапсырмалары
Мектепке дейінгі
қатысушыларға қойылатын
Қазақ әдебиеті
пәнінен тоқсанға
әдістемелік кешені
Қазақстан облысы
ортақ біліктілік
қызмет регламенті
ткізу туралы
оқыту әдістемесі
мамандығы бойынша
конкурс қатысушыларына

Loading...