Аралық бақылау - 2
Пәні: Фольклор және ежелгі әдебиет.
Тақырыбы: Ежелгі дәуір әдебиеті туралы ғылыми еңбектер.
Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи
дәуірлерін бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін,
жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. "Ежелгі дәуір және орта ғасырлардағы әдебиет" ұжымдық монографиясында қазақ әдебиетінің
VI ғасырдан Х ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі Тәңірлік дәуірі,
X ғасырдан XII ғасырға дейінгі кезең Ислам дәуір әдебиеті, ал ХІІ ғасырдан
бастап XV ғасырға дейінгі кезең Алтын Орда дәуір әдебиеті деп аталады.
Тәңірлік дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі
әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар,
Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркімоңғол бірлігі
заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата
кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама"
дастаны, Ислам дәуір әдебиетіне Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік"
("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік"
("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар,
әдебипоэтикалық үзінділер енеді. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба
әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру
керек.
Қазақ әдебиеті тарихы қазақ халқының ерте замандардан бастап бүгінге
дейін жасаған көркем әдебиет туындыларын толық қамтыды. Ежелгі дәуірдегі
әдебиетіміз туралы айтқаңда, ең алдымен, екі мәселені айқын түсінуіміз керек.
Біріншісі – біздің ежелгі дәуір әдебиетіміздің туындылары тек қазақ халқының
ғана еншісі емес, олардың басқа түркі тектес халықтардың да әдебиетіне ортақ
екендігі.
Екіншісі – қазақ тілінде емес, ежелгі түркі тілінде жазылғандығы.
Қазақ халқының құрылуына негіз болған ру-тайпалар ол замандарда
қазіргі Қазақстанды, Орта Азияны, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орталық Азияны,
Еділ бойын, Каспий жағалауларын мекен еткен. Олар өзбек, қырғыз,
әзірбайжан, түрікмен, ұйғыр, қарақалпақ, хакас, башқұрт, татар халықтарының
төл құрамына енген ру тайпалармен аралас өмір кешкен. Сөйтіп, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірі бір-бірімен өзара тығыз байланысты болған түркі
тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар,
тағы басқалай атанған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес
халықтардың ерлігі, тұрмыс-тіршілігі, арман-қиялы поэзия тілімен жырланып,
ерлік эпостар, ертегілер, аңыздарда баян етілген. Құлпытас, күмбез түріндегі
ескерткіштерге өздерінің елеулі-елеулі тарихи адамдары туралы жоқтау,
мадақтауларын жыр түрінде ойып жазып қалдырып отырған.
Бұл түркі ұлыстарының жазу мәдениеті ертеден пайда болғанын көрсетеді. Ол жазулар дами келе Күлтегін, Тоңыкөк, Қорқыт ата, Жүсіп Баласағұни,
Махмұд Қашқари, Ахмет Йасауи, Бақырғани, Хорезми, т. б. орта ғасырлық
ғұламалар шығармаларының сақталуына негіз болды. Ру-тайпалық дәуірде
өмірге келген шығармалардың тілі қазаққа түсініксіз болса, олар қазақ
әдебиетінің мұрасы бола ала ма деген сұрақ туындайды. Кейбір ғалымдардың
теріс пікірде екенін де ескеру керек.
"Ежелгі әдебиет" (VII-XIV ғғ. ) деп аталатын жеті ғасырды қамтыған әдебиетіміздің, ұзақ тарихына қатысты ескерткіштер, шығармалар аз емес. Олардың
алғашқылары деп түркі ру- тайпаларына ортақ Орхон ескерткіштерін, "Қорқыт" және "Оғыз-наманы" атаймыз. Ежелгі дәуір әдебиетін Мұхаммед Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет
Йасауи, Сүлеймен Бақырғани, Жүсіп Баласағұни тәрізді түркі халықтарының
біразына ортақ ойшылдары, ғалымдары, ақындары жалғастырады. Аталған
ғұламалар дүние жүзі ғылымын дамытуға үлкен үлес қосқан. Ежелгі дәуір әдебиетінің негізіне қыпшақ тілінде дамыған кезеңінде "Кодекс куманикус",
"Махаббатнама", "Жүсіп-Зылиха", "Гүлстан", "Домбауыл", т. б. қиссалар,
дастандар, шежірелер, тарихи мұралар енеді. Міне, ежелгі дәуір әдебиетінің
белгілі мұралары, үлгілері осындай. Олар өзінен кейінгі әдебиеттің дамуына,
шыңдалуына негіз, түп төркін болған.
Орта Азияның түркі тайпалары руна жазбаларды қолданған, ал араб
алфавитіне кейінірек, ислам дінінің енуіне байланысты көшкен. Оған мысал,
ежелгі мәдениет ескерткіштерінің бір кереметі, бүкіл әлемге әйгілі болған ақын тас, жыршы тас – Орхон ескерткіштері.
Қарахан мемлекеті тұсындағы немесе ислам дәуірі (Х-ХІІ ғ.) деп аталатын
тарихи кезеңді түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы қайта өркендеу дәуірі деуге болады. Әл. Фарабидің “Риторика”, “Поэзия өнері
туралы”, Махмұт Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрік”, Жүсіп Баласағұнның
“Құтты біліг”, Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметі”, Сүлеймен
Бақырғанидің “Бақырғани кітабы” және т. б. осы дәуірдің зор жетістігі болып
табылады. Бұл туындылар орта ғасырдағы түркі жазба әдебиетінің өркендеп,
ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосты.
XІІІ-XV ғасырларда Дешті Қыпшақ даласында авторлық ауыз әдебиеті
суырып салып өлең шығару, ауызша орындау және ауыздан-ауызға берілу
түрінде дамып өркендеді. Оның басты ерекшеліктері ретінде авторының
болуын, мәтінінің біршама тұрақтылығы мен мазмұнының нақтылығын,
шығарманың адресаты - арналған адамның болуын, сондай-ақ шығарма
стилінде автордың даралығының болуын, оның өзінің "менін" көрсетіп отыруын атау керек. Бізге жеткен авторлық поэзияның ең ертедегі үлгісі XІІІ-XV
ғасырларға жатады. Бұл - "Ұлық жыршы" атанған Кетбұға, әйгілі Қотан, Ақжол, Сыпыра жырау шығармалары. Олардың өмірбаяндары мен шығармашылықтары туралы деректер өте жұтаң және негізінен аңыз күйінде жеткен. Мазмұны мен
жанры жағынан әр түрлі мәтіндер сол дәуірдегі Алтын Орда қоғамының рухани өмірінде ақындар мен жыраулар басым болғанын дәлелдейді.
Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ. ) Қыпшақ даласындағы түркі
халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол кезеңде
жасалған туындылар арасында "Кодекс Куманикус" сияқты авторы беймәлім
ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың "Хұсрау-
Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-ттүрки", Дүрбектің "Жүсіп-Зылиха",
Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т. б. ерекше атап
көрсетуге болады. Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ. ) Қыпшақ даласындағы
түркі халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді.
Сол кезеңде жасалған туындылар арасында "Кодекс Куманикус" сияқты авторы беймәлім ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың
"Хұсрау-Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-ттүрки", Дүрбектің "Жүсіп-
Зылиха", Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т. б. ерекше
атап көрсетуге болады.
Жалпы алғанда, көне түркі және орта ғасырлар әдебиеті бүкіл түркі тілдес
халықтардың ортақ әдебиеті қызметін атқарды. Қарахандықтар тұсындағы
әдебиеттен бастап түркі нәсілді халықтар түркі поэзиясының ежелден
қалыптасқан өлең үлгілерін, жыр нұсқаларын ортақ пайдаланды. ХІІ ғасырдағы сопылық поэзияның негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің "Диуани
хикметіндегі" ақындық дәстүр өрнектері одан кейінгі Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жалғасын тауып, XVІ ғасырдағы Бабыр жырларымен сабақтасты.
Сол сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп
Баласағұнның "Құтты білігіндегі" жыр өлшемі Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат
сыйы" жинағындағы бәйіттерге түр жағынан ғана емес, мазмұн мен идея
жағынан да үндесіп, жалғасып жатты. Орта ғасырлардағы әдебиет
туындыларынан түркі поэзиясының ортақ дәстүр бойынша дамып, өркендегені
анық байқалады.
Қорыта айтқанда, ежелгі дәуір әдебиеті – мазмұны мен түрі жағынан да,
тілі мен көркемдету құралдары жағынан да ежелгі түркі халықтарына ортақ
көркем туындылардың үлгісі болумен бірге, ол қазақ әдебиетінің де асыл
қазынасына енетін әдеби мұра.
Достарыңызбен бөлісу: |