Визуальді модельдеу туралы түсінік. Кез келген, кішкентай болса да, ақпараттық жүйені құрастыру недәуір күрделі программалық кешен құрастыруды қажет етеді. Бұрын қолданылып келген программалау тілінде немесе деректер базасының тілінде программа жазу мамандардың көп уақыт жұмсауын қажет етеді. Бұл жұмысты жеңілдету үшін жобаланатын жүйенің моделі қарастырылады, басқаша айтқанда, модельдеу әдістері қолданылады. Соңғы жылдары модельдеу әдістерінің ішінде визуальді модельдеу кеңінен таралған.
Визуальді модельдеу - ол нақты өмірдің проблемаларын модельдер арқылы ойластыру тәсілі. Модельдер проблеманы түсіну, жобаға басқа қатысушылармен (тапсырыс берушілер, тақырып бойынша сарапшылар, басқа жобалаушылар және т.б. ) қарым қатынас жасау, проблеманы модельдеу, құжаттарды дайындау программалар мен деректер базасын жобалау үшін пайдалы. Модельдеу талаптарды дұрыс түсінуге, жобаны түсініктірек етуге және жүйені қолдау мүмкіншілігін жақсартуға жағдай жасайды.
Модельдер күрделі проблеманың негізін немесе оның құрылымындағы қарапайым бөліктерін бейнелейтін абстракция болып табылады; сонымен проблеманы түсінікті етуге жағдай жасайды. Абстракциялау – адамның қиын нәрселерді түсінудің фундаменталдық қабілеті. Творчестволық адамдар жүзеге асырудан бұрын модельдер құрастырумен шұғылданады. Программа құрастыру жұмысы да осындай модельдер құрастыруды қажет етеді. Күрделі жүйелерді құрастырушылар модельді жанжақты қарастыруы тиіс; ол үшін ыңғайлы нотация (notatio – белгілеу, жазу жүйесі деген латын сөзі) терминологиясын таңдайды. Осыдан кейін модельдің талаптарға сай екендігі тексеріледі, осы модельдің негізінде күрделі жүйе құрастырылады.
Жалпы адамның күрделі нәрселерді түсіне білу мүмкіншілігі шектелген. Сондықтан адам күрделі жүйенің моделін құрастырады. Модель құрастыру жобалаушыға жүйенің компоненттерінің арасындағы байланыстарды түсінуге мүмкіншілік береді; одан әрбір компоненттің жүзеге асырылуын білудің қажеті болмайды. Модельдер адамға күрделі нәрселерді ұйымдастыруға, бейнелеуге, түсінуге және құрастыруға мүмкіншілік береді.
Кез келген модельде нотацияның ролі маңызды және олар барлық технологияны біріктіретін зат. Нотация үш функцияны орындайды:
- өз бетімен түсінікті болмайтын, шешімдерді талдауға арналған тіл ретінде;
- барлық маңызды стратегиялық және тактикалық шешімдерді қамтитын толық семантиканы береді;
- адамға түсінікті және жұмыс инструментімен өңдеуге болатын ыңғайлы форма күйін жасайды.
Мұндай функцияларды UML (Unified Modeling Language) тілі орындайды. Ерте заманнан бері адамзат суреттерді пайдаланған; сурет қарым қатынас жасаудың бір тәсілі болып келген. Ол қазіргі кезде де өз қажеттілігін жоғалтпаған. Модель дегеніміз бір нәрсені анықтайтын суреттер мен мәтіндердің жиыны, Модельдің ең бір пайдасы – ол модификация (жаңарту немесе өзгерту) жасауға оңайлығы.
Достарыңызбен бөлісу: |