Қала салудағы қайшылықтар. Қазақ тарихы №3. 1995



Дата18.02.2017
өлшемі24.17 Kb.
Қала салудағы қайшылықтар. Қазақ тарихы №3. 1995

Адам өмірі іргетасының алғышарттары, баспанасы, тұрағымен байланысты болғандықтан сәулетшілер еңбегінің мәдениет жүйесіндегі, қоғам тұрмысындағы, қоғамдық сананы қалыптастырудағы, қоғам өмірінің эстетикалық-эмоционалдық әлеміндегі орны ерекше. Сәулет өнерінің даму барысы қоғамның әлеуметтік-экономикалық саяси өмірін бейнелейді. Сондықтан сәулет пен құрылыс өнері өркениет типтерімен, әлеуметтік-саяси табиғаты, мәдениет жүйесімен де тығыз байланысты.

Барлық өркениет түрі сияқты кеңестік жүйе мен өркениет түрі де Қазақстан сәулетшілерінің жұмысында терең із қалдырды. Бір қарағанда саясаттануы қиын болып көрінетін сәулет өнерінің өзі, тоталитарлық қоғам жағдайында саясаттанып, буржуазиялық сәулет өнері дейтінге қарсы қойылды. Кеңестік сәулет өнерінің ерекшелігі туралы сол кездегі идеологтер мынадай анықтама береді: Совет сәулет өнерінің басқа елдердің сәулет өнерінен ерекшелігі оның халықтығында, гуманизмінде, еңбекшілер мүдделеріне бағындырылғандығында. 1

Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың және тыңайған жерлерді игеру, тоқырау жылдарындағы қоғам дамуының барысы сәулет өнерінде де бейнеленді. 1946 жылдың 14-тамызындағы БК(б)П Орталық Комитетінің «Звезда» журналы туралы қаһарлы қаулыларының ызғары Қазақстан сәулетшілеріне де тиді.

Сәулетшілердің арасында кінәлілер де табылып жатты. Көп ұзамай, архитекторлар М.П.Кудрявцев, М.Б.Левинсон, Н.А.Простаков, тағы басқалардың ғимараттары мен жобалары сыналды.

1946 жылдың 11-16 қазанында КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының төралқасы кеңейтілген мәжілісінде кеңес сәулетшілерінің практикалық істері талқыланып, «идеологиялық жұмыстарды жақсартуды» «Кеңес архитектурасының жоғары идеялық дәрежесі үшін күресті күшейтуді», «БК(б)П-ның шешімдерімен туындайтын, негізгі идеялық- тәрбиелік, шығармашылық және ұйымдық шараларды белгілеуді» күн тәртібіне қойды.

Бұдан кейін, іле-шала өткізілетін 1947 жылдың 31 наурызындағы Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы А.Беднягиннің баяндамасында республика сәулетшілерінің «жұмысындағы негізгі бағыт формализм болып табылады». Сәулетші М.П.Кудрявцев ғимараттарының сыртқы келбеті (фасады) ескі Ресейдің губерниялық қалаларының «кеңсе орындарына» ұқсағаны үшін, сәулетші М.Б.Левинсон «қатаң классикалық стильдегі» нұсқаларды ұсынғаны үшін сыналды. 2 Бұдан әрі қарай сәулетшілер «әсем» үлгілер жолында нақты өмірден алыстағаны үшін «алдыңғы қатарлы дейтін қазіргі заманғы Батыс Еуропа мен Америка үлгілеріне үстірт еліктегендіктері үшін» сыналды. 3

Дегенмен, Қазақстан сәулетшілерінің шығармашылық одағындағы пікірталастар сол мекеме шеңберінде қалып, қоғамдық резонанс тудырған жоқ. Өйткені, одақ құрамында жергілікті ұлттық кадрлар өте аз еді, оның үстіне олардың одақтағы үлес салмағы өте төмен болды. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан сәулетшілері өздерінің жобаларында, үйлер мен ғимараттардың утилитарлық функционалдық қызметін көркемдік-эстетикалық міндеттерді шешумен ұштастыруға тырысты. Осы жылдары, жоғарғы сәулеттік, көркемдік-функционалдық талғамдарға сәйкес, жекеленген қоғамдық үйлер, сәулеттік ескерткіштер салына бастады.

Алайда, 50-жылдардың ортасынан бастап, сәулетшілердің жұмысы, сәулет өнерінің көркемдік міндеттері, әміршілдік-әкімшілдік жүйенің әлеуметтік-экономикалық саясатының практикалық істеріне қатаң бағыныдырылды. Кеңес жүйесі өзінің ең өткір, «қарғыс атқан» әлеуметтік білгірлігі – тұрғын үй мәселесін қайткен күнде де шешуге ұмтылды.

1954-60-жылдардағы Кеңес мемлекетінің бұл сала бойынша қаулы-құжаттар қабылдауының жиілігі, іс-шаралар динамикасы, проблеманың кеңес жүйесі үшін қаншалықты өткір тұрғанын көрсетеді. 1955 жылы қарашадағы КОКП Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің «Жобалау мен құрылыстағы ынсапсыздықтарды жою туралы» және осы жылы «Құрылыс ісін одан әрі индустрияландыру, сапасын жақсарту және құнын төмендету шаралары туралы» қаулыларының атынан-ақ көрініп тұрғандай, сәулет пен құрылыс саласындағы берекесіздіктерді Кеңестік жүйе «Жобалау мен құрылыстағы ынсапсыздықтардан», ысырапшылдықтан, сала басшыларының жауапсыздығынан көрді. Сондықтан, партия мен үкімет жобалау мен құрылыстағы барлық басы артық нәрселерді, шикізатты, еңбекті көп талап ететін «ұсақ-түйектерді» азайтуды талап етті.

«Жекеленген қалаларды салуда әлі де болса қателіктер жіберілуде. Құрылыс ісін қымбатқа түсіретін және тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудыратын «сән-салтанатты» адамдар мен көшелер жалғаса түсуде. Ғимараттардың қасбетіндегі керегі жоқ және қымбат әшекейлерден архитекторлардың бәрі бірдей бас тарта қойған жоқ. Вокзал, клуб және басқа ғимараттарды салуда ондай үлгілер әлі жеткілікті»,- деп атап көрсетті Н.С.Хрущев 1958 жылы құрылысшылармен өткен кезекті кеңесте. Осындай жағдайда сәулеттік талаптармен Кеңестік жүйе санасқысы келген жоқ, өйткені нәзік тұрмыстық сәулеттік талғамдар кеңес экономикасы үшін тым қымбатқа түсті.

Іс жүзінде, әміршіл-әкімшіл жүйе, әлеуметтік мәселелерге артықшылық бере отырып сәулеттік жобалардың көркемдік мәндеттерді шешуін күн тәртібінен ығыстырып тастады. Кеңес сәулет өнері үйлер мен ғимараттарды салудың утилитарлық-функционалдық, конструкциялық бағытына біржолата көшті. Сәулетшілер шығармашылығының күрделілігі сонда, олардың жұмысының нәтижесі, тек суретшілер, мүсіншілермен ғана емес, инженер-құрылысшылармен шығармашылық байланыстарының қаншалықты үйлесімділігі, сабақтастығымен де тығыз байланысты еді. Бұл байланыстардың үзілмеуі – сәулетші еңбегінің нәтижелілігінің қажетті табиғи шарты.

Алайда ол жылдары сәулетшілердің инженер-құрылысшылар тұрмақ өздеріне мамандығы жақын суретші, мүсіншілермен қалыпты шығармашылық байланыстары сындарлы жолға қойылмады. Сәулетшілердің жобалау жұмыстары мен қызметінің, құрылыс өндірісі мен мекемелері, ұйымдары өздерінің практикалық шаруашылық шарттарын үздіксіз танумен болды. Сәулетшілердің шығармашылығына кері ықпал тигізген факторлардың бірі – типтік жобалау жұмыстарының шамадан тыс орталықтануы, құрылыс объектілерінің шашыраңқылығы, ірі панельді үйлерге жаппай бағдарлау болды.

«Шын мәнісінде, типтік жобалар бір-бірінен конструкциялық шешімдермен өзгешеленді. Оның үстіне, белгілі бір қаланы салу үшін, кейде екі-үш жоба қолданылды, ал үй салатын кәсіпорындар көбіне-көп бір типтегі үйлерді шығарумен шектеліп отырды». 4

Саяси жүйенің сәулетшілік шығармашылыққа орынсыз араласуы, практикалық-шаруашылық шарттарының (құрылыс материалдарының зәрулігі, қаражат тапшылығы, құрылыс объектісін тапсыруға асығыстық) өктемдігі, типтік жобалауға бағдарлану – Қазақстан қалалары мен елдімекендерін бір-бірінен аудыртпай, үйлер мен ғимараттарды сүреңсіздендірді. Қалалар мен елдімекендердің сүреңсізденуі мәдениет жүйесіндегі сәулеттік ескерткіштердің өнер туындылары ретінде қоғамдық санаға эмоционалдық ықпалын сұрғылттандырды, төмендетті.

Сәулеттік ескерткіштердің сұрғылттануымен қоса, олардың «алыптығының» да қоғамдық-тоталитарлық сананы қалыптастыруға ықпалы болмай қалған жоқ. Қоғамдық үйлердің (әкімшілік, мәдени ғимараттар, оқу-ағарту мекемелері, жатақханалар) алыптығы әлеуметтік мәселелерді кеңестік үлгіде шешуге бағдарлаумен түсіндірілсе, екінші жағынан Кеңес ғимраттарының идеологиялық монументалдық мазмұнымен үндес келді.

Сәулет пен құрылыстағы идеологиялық экстенсивтік бағыт, әлеуметтік мәселелерді бәсеңсіткенімен, мәдениет жүйесінде жаңа көкейкесті міндеттерді үздіксіз туғызып отырды. Әсіресе, мектеп үйлері мен жатақханалардың «алыптығы» оқу-тәрбие ісін ұйымдастыруды шиеленістірді. Алып империяларды басқару қандай машақатты іс болса, алып мектептер мен жатақханаларды басқару мәдениет жүйесінде объективті түрде тәрбиенің жаңа, күрделі қиындықтарын туғызды.

1960-70-жылдары өркениетті елдердегі мектеп үйлеріне шағындық тән болса, Қазақстандағы мектептердің «ұлғаю» тенденциясы байқалды. Жастар мен студенттердің типтік жатақханаларының алыптығы, оның ішкі құрылымы – коммунистік казармалық үлгіде құрылып, әрбір жататын бөлме 4-5 орынға есептелді. Оларға ортақ жуынатын жер, тұрмыстық қызмет бөлмелері, ортақ әжетханалар тән еді. 500-800 адам бір есіктен кіріп, бір есіктен шықты. Мұның барлығы жастар мен студенттердің өзара қарым-қатынастарында көрініс берген казармалық элементтердің алғышарты еді.

Кеңестік Қазақстан сәулеттік-жобалау практикасындағы қалаларды функционалдық зоналарға қатаң бөлудің де мәдениет жүйесінде кері әсері болмай қалған жоқ. Қалалар, әдетте негізгі тұрғын үйлер мен қоғамдық орталықтар аймағына (әкімшілік, оқу орындары, мединациналық, тұрмыстық қызмет, спорт, т.с.с.), өнеркәсіптік аймаққа, коммуналдық-қоймалар аймағына (қоймалар, баздар, гараж, депо, автобус паркі, автобазалар, т.б.) сыртқы транспорт аймағына бөлінді. 5

Әсіресе, өнеркәсіпті-шаруашылық аймақтарына айырықша көңіл бөлініп, әлеуметтік инфраструктура көп жағдайларда шаруашылық мүдделеріне икемделді. Кеңестік экономикалық жүйе жағдайында қалаларды міндетті түрде зоналарға бөліп салудың абсолюттендірілуі, біріншіден, әлеуметтік мүдделердің шаруашылық мүдделеріне бағындырылуымен, екіншіден, кеңес кәсіпорындары экологиялық таза өнімдер шығаруға деген дәрменсіздігімен түсіндіріледі. Қалалар салу жобаларында өнеркәсіпорындары, кәсіпорындар, қоймалар мен базалар, автопарктер, тағы басқа мекемелер міндетті түрде шеткері аймақтарға жоспарланды. Мұның өзі қала тұрғындарына көптеген тұрмыстық тауқыметтерді туғызып, жұмыс орындарына барып келуі үшін бұларды қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін күн сайын ондаған (кейде одан да көп) шақырымдық жерлерге қатынауға мәжбүр етті. «Жасыл бақылау» мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да жолға қойылған өркениетті елдерде қалаларды зоналарға бөлудің мұндай ерсі жүйесі жоққа тән. Мысалы, өркениетті елдерде ет комбинаты орналасқан жерден 20-30 метр алшақтықта ешқандай иіс сезілмей тұрса, кеңестік осындай комбинаттардың иісі шақырым жерден аңқып тұрды. 6.

Кеңестік шаруашылықты ұйымдастырудың салалары тәрізді, Қазақстан қалаларының арнайы зоналарға бөлінуінің абсолюттендірілуі, жаңа мәдени білгірліктерді туғызды. Атап айтқанда, уақыт өте келе қала зоналарының аралықтарында «стихиялы» түрде жаппай жеке секторлық үйлер пайда бола бастады. Әміршіл-әкімшіл жүйе шенеуніктері ондай «өзіндік» құрылыстарға жол бермеуге тырысып баққанымен, тұрғын үй мәселесінің өткір болғаны сондай, «халықтық» құбылыстар тегеурініне тосқауыл қоя алмады. Осылайша, халық аузында «Шанхай», «Нахаловка», «Самостройка», «Қырық кепе», «Копай» сияқты атауларға ие болған қала аудандары дүниеге келді.

Мұндай аудандардағы әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету құрылымдары төменгі дәрежеде болып, қала транспорты жұмысын, тәртіп сақтау органдарының қызметін шиеленістірді.

Қалалардағы қылмыстық көрсеткіштерде осы аудандардың өкілдері алдыңғы шептерді алды. 50-жылдардың аяғы 60-жылдардың басында мұндай құрылыстардың қарқыны жоғары болғаны сондай, 1959 жылы Қазақстан сәулетшілерінің ІІІ съезінде Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс мекемесі бас мамандарының бірі Т.Иванова қалыптасқан жағдайды «стихиялық апатқа» балады. «...»Самостройка» мен «Шанхай», «Нахаловка» және оған ұқсас өз бетінше салынған үйлердің маңайы көркейтілмеген, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз етілмеген... қала салудағы «стихиялы апаттың» мөлшерін мынадан-ақ көруге болады: Алматыда соңғы 2-3 жылдың көлемінде өз бетінше – 1170, Өскемен, Лениногор, Зайсан, Зырян қалаларында 1955-1959 жылдары – 1053, Павлодарда – 547, Қарағандыда – 693, Шымкентте-257, Жамбылда – 221 үй салынды». 7

Қазақстан сәулетшілерінің қызметі әлеуметтік мәселелерді тез шешуге бағытталғанымен, тұрғын үй, қоғамдық ғимараттар (әсіресе, оқу-ағарту мекемелері) салу мәселесі 1946-70 жылдары, тіпті Кеңес империясының соңғы күндерінде де (1991) шешілмей, терең ішкі қайшылықтарға тап болды.

Әміршіл-әкімшіл жүйенің барлық салалары сияқты, сәулет пен құрылыста да кеселді, тығырықты тенденция байқалды.

Қазақстан сәулет өнері мен құрылысындағы күрделі қиыншылықтар, типтік жобамен салынатын үйлердің өзіне, сәулетшілік бақылаудың қамтамасыз етілуімен одан сайын шиеленісті. 8 Тұрғын үй мәселесінің тегеурінімен, әкімшіл-әміршіл жүйе сәулеттік бақылау жүйесін жасауға дәрменсіздік көрсетті. Қазақстан құрылыс практикасында сәулеттік бақылаудың болмауы, сәулетшілерді «босана салып» бөбегін балалар үйіне тапсырып кеткен көкек-анаға ұқсатты, алайда, өздерінің «мейірімсіздігіне» сәулетшілер кінәлі емес еді.

ХХ ғасырдың ұлы архитекторы Ле Корьбюзе «архитектура кәсіп емес, бұл ойлау салты» десе, Қазақстан сәулетшілерінің «ойлау салты» осылайша қасіретті сынақтарды басынан кешті. 9

Мәдениет жүйесіндегі астананың орны зор болғандықтан Алматыға жеке тоқталған жөн. 60-жылдардың басылымдарынан Алматы туралы шетелдіктердің қошаметті сөздерін жиі оқимыз. Мұның барлығы Алматының «мінсіздігі» жайлы қазақстандықтардың қоғамдық пікірінде өзіндік стереотиптерді қалыптастырды. Алматының әсемдігі жайлы ресми, бейресми марапатты сөздердің тұрақты нөсері, оның архитектуралық кемшін тұстарына кәсіптік тұрғыда қарауды қиындатып, Қазақстанға қазақ болып келген шетелдіктердің этикалық нормаларына сәйкес, лексикондарында ұнамсыз сөздердің болмайтындығы ұмытылды.

Сәулет осы құрылыстан көркемдік міндеттердің ығыстырылуы, типтік ірі панелді үйлердің бастырмалатып салынуы құрылысшылар мен инженерлердің сәулеттік талаптарды ескермеуі, бас жоспарларының үнемі өзгеріп отыруы, сәулет өнерінің өзімен іргелес өнер салаларымен шығармашылық байланысының болмауы, әміршіл-әкімшіл жүйенің кедейшілігі және дөрекі озбырлығы, элементарлық сәулеттік бақылаудың жоқтығы жағдайында Алматының «мінсіз» салынуы күмәнді еді.

Алматының әсемдігінде төңкеріске дейінгі сәулетшілердің де қомақты үлесі, әрі ғажайып табиғи компоненттердің (тау, жасыл желек, өзен, т.б.) жарасымды ұштасуына табиғат ананың үлесі зор. Соны сәулеттік шешімдердің ғажайып мүмкіндіктеріне қарамастан, Кеңес тұсында көркейтілген Алматының сәулеттік композициялық діңгегі, орталығы, орталық сәулеттік ансамблі, оған жапсарлас жатқан шағын құрылыс ансамбльдері болған жоқ. Ең бастысы, сәулеттік ескерткіштердің табиғи компоненттермен синтезі байқалмайды. Сондықтан, Алматы қаласы көбіне-көп киімі мен сымбаты келісіп, бет әлпеті келіспеген әйелге ұқсайды. Оның ажарын тілгілеген сұрақай сәулеттік жобалар мен құрылыс ісінің дөрекі «хирургиялық күректері» еді.

Соғыстан кейінгі, тың және тыңайған жерлерді игеру, социалистік индустрияландыру жылдарындағы Қазақстан қалалары санының геометриялық прогрессия қарқынымен өсуінің прогрессивтік маңызымен бірге қазақ этносы үшін жаңа мәдени мәселелер тудырды. Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының 98,8 проценті ауылдарда орналасып, ауыл шаруашылығымен айналысты.10 Қазақстанда 17 шағын қала, 13 жұмысшы поселкесі болып, онда бүкіл халықтың 7 проценті мекендесе, 1967 жылы республикада 70 қала (оның 53-і мүлде жаңа қала) және 171 жұмысшы поселкесі болды. Революцияға дейінгі қазақ жерінің үлкен аймағы – Орталық Қазақстанда бір ғана шағын Қарқаралы қалашығы болса, Кеңес өкіметі жылдарында мұнда 9 жаңа қала салынып, 1959 жылғы санақ бойынша, қала халқы өлкеде тұрғындардың 79 процентін құрады, ал тың игерген өлкелердегі қалалардың саны 15-ке, 7 жылдың ішінде (1959-65) жаңа совхоздар мен қыстақтардың саны 830-ға жетті11.

Жаңа қалалардың халқы, негізінен, көшіп келген орыс тілді тұрғындардан тұрып, республиканың этнодемографиялық картасы солардың пайдасына өзгерді.

Ғасырлар бойы отаршылдықтың бұғауында болған, 30-жылдардағы сталиндік геноцид саясаты мен 1941-45 жылдардағы соғыстан кейін мүлде кеміп кеткен онсыз да аз халық қалаларды «игеріп» үлгере алмай жатты. Оның үстіне қалаға барып тұруға бағдар алған қазақ халқының ең белсенді өкілдері нақ сол жылдары құрбан болды.

Тоқырау жылдары дейтін кезеңде, Қазақстандағы қалалар салу саясатының табыстары мен республикалық этнодемографиялық құрылымында орыс тілділер сан жағынан басым болып қана қойған жоқ, негізінен қалаларда орналасуы арқылы олар алдыңғы мәдени-саяси позицияларда тұрды. Мұның өзі орыс тілділердің мінез-құлқында «қожайын» халықтың элементтерін күшейтсе, ауылдан келген қазақ халқының бір бөлігінде «кембағалдық» элементтерді күшейтті.

Сан жағынан аз, әрі қалалары шашыраңқы орналасқан қазақтардың ұлттық мектептерде балаларын оқытуы қиындай түсіп, саяси жүйенің идеологиялық ықпалымен олардың балалары орыс тілді мектептерге барды. Кеңестік қалалар салу саясаты, қазақтардың формальды түрде орыс тілді қазақтар және дәстүрлі қазақтар болып бөлінуінің материалдық алғышарты болды.

Қазақстандағы жалпы сәулет пен құрылыстар ісінің құрамдас бөлімін аудандық және ауылдық құрылыстар құрады. Әсіресе, КОКП Орталық Комитетінің 1953 жылғы қыркүйек Пленумының «КСРО-дағы ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың шаралары туралы» қаулысынан кейін колхоздар мен совхоздардың шаруашылық қуатын арттыру қолға алынды. Колхоздар мен совхоздар іріленіп, олардағы халықтың өсу тенденциясы байқалды. 1960-70 жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздарында тұрғындардың саны 3-5 мыңға жеткен ауылдар жиі кездесті. Ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріндегі оң өзгерістерде Қазақстан сәулетшілерінің еңбегі аз болған жоқ.

Алайда, ауылдардың іріленуі, халық санының өсуі, оның төңірегінің жаппай мемлекеттік шаруашылыққа бейімделуі ауыл адамдарының жеке қосалқы шаруашылығына да, дәстүрлі ауыл мәдениетіне де соққы болып тиді. Қазақтың дәстүрлі ауылына өте шағындық, шаруашылыққа икемділік, адамдарына өзара қарым-қатынас тән болса, іріленген ауылдар жеке шаруашылыққа қолайсыз келді. Ірі ауылдар тұрғындарының өзара қарым-қатынастарында салқындық, немқұрайлылық тән болды.

Шаруашылық мүдделеріне сәйкес ауылдарды шамадан тыс ірілендірудің, қосалқы шаруашылыққа, дәстүрлі ауыл мәдениетіне кері салдарлары болып, әсіресе, ауыл жастарының әлеуметтік мінезіндегі люмпендік 12 элементтердің дамуының алғы шартын құрады.


1-Мастера советской архитектуры об архитектуре. М., 1975 2-т, 37-38 бет.

2- Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 41-с, 9- п.

3-Бұл да сонда. 10-п

4-Градостроительства. Казахстан А, 1973, 62-бет

5-В.В.Курбашов. Советское архитектура. М.,1994, 110-бет

6-Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 355-с, 86 парақ

7-Қазақстан архитекторлары 111 съезінің стенографиясы. 1959 жыл

Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 149-с, 22-23парақтар

8-Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 210-с, 19 парақ

9–Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 299-с, 69-70парақ

10-Градостроительства. Казахстан А, 1973, 65-бет



11. –Кр. ОМА. 1773-қор, 1-тізбе, 318 -с, 7,8,12 парақтар

12.люмпен-неміс сөзі. Адамдардың күн-көріске қажет қам-қарекеттің жоқтығының азғындаған, қоғамдық еңбекке қатыспайтын, қайыршыланған тобы деген мағынаны білдіреді.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:




©melimde.com 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
Сабақтың тақырыбы
Сабақтың мақсаты
бойынша жиынтық
жиынтық бағалау
Сабақ тақырыбы
ғылым министрлігі
рсетілетін қызмет
тоқсан бойынша
Жалпы ережелер
қызмет стандарты
бағалауға арналған
бекіту туралы
Сабақ жоспары
Қазақстан республикасы
жиынтық бағалаудың
тоқсанға арналған
жиынтық бағалауға
Әдістемелік кешені
бағалау тапсырмалары
арналған жиынтық
республикасы білім
арналған тапсырмалар
туралы хабарландыру
білім беретін
Қазақстан республикасының
бағалаудың тапсырмалары
мерзімді жоспар
пәнінен тоқсанға
арналған әдістемелік
Қазақстан тарихы
Реферат тақырыбы
Жұмыс бағдарламасы
Қазақ әдебиеті
болып табылады
Мектепке дейінгі
нтізбелік тақырыптық
бағдарламасына сәйкес
біліктілік талаптары
әкімінің аппараты
мамандығына арналған
туралы анықтама
оқыту әдістемесі
қойылатын жалпы
әдістемелік ұсыныстар
Конкурс туралы
жалпы біліктілік
республикасының білім
жалпы білім
мемлекеттік әкімшілік
білім берудің
қазақ тілінде