Тілдердің жіктелім белгілерінің моделі
Тілдердің айырым белгілері олардың жіктеліміне негіз болып қана қоймай, кейбір пікір-талас тудырып жүрген мәселелерді шешуге де септігін тигізеді. Ең бастысы қазақ тілтанымында орнығып қалған «еуропацентристік» ұстанымдардан арылуға мүмкіндік береді.
Жоғарыдағы кестеде келтірілген тілдерді жіктеудің кез келген айырым белгілерін модельдеп шығуға болады. Алайда бүгінгі зәру зерттелім сөз просодикасының моделін жасау болып отыр. Өйткені қазақ тілтанымындағы «еуропацентризм» орыс тілінің сөздік екпінінен басталып отыр. Өйткені «қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынына түседі» деген жаңсақ ереже қазақ тілінің оқулықтарында әбден қалыптасып қалған.Сөздік екпін немесе акцент тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни орыс тілінің құрылымына ғана тән. Ендеше, сөздік екпінді, мысалы, қазақ не қытай тілінің құрылымынан іздемеу керек.
Әуен немесе тон тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни қытай тілінің құрылымына ғана тән. Ендеше, тонды, мысалы, қазақ не орыс тілінің құрылымынан іздемеу керек.Үндесім немесе сингармонизм тілдерді жіктеудің айырым белгісі болғандықтан, ол тек бір тілдің ғана, яғни қазақ тілінің құрылымына ғана тән. Ендеше, сингармонизмді, мысалы, қытай не орыс тілінің құрылымынан іздемеу керек.
Олай болса:
- сөздік екпін бар жерде тон мен сингармонизм болмайды;
- тон бар жерде сөздік екпін мен сингармонизм болмайды;
-сингармонизм бар жерде сөздік екпін мен тон болмайды.
Әлем тілдеріндегі белгілі сөз просодикаларының (сөзқұрауыш) моделі үшбұрыш үлгісінде болып шығады Үшбұрыш моделінің басты сипаты оның бұрыштары еш уақытта бір нүктеде қиылыса алмайды. Ал сөз просодикалары үшбұрыштың әр басына орналасқан. Олай болса, олар да бір тілдің құрамына жинала алмайды.Әрбір сөз просодикасының көрнекі моделі олардың фонетикалық құрылымының да бір-бірінен мүлдем өзгеше екенін дәлелдейді. Син-гармонизмнің тілдік мәртебесі тең төрт әуезі (суреттегі бірінші топ сызба: жуан езулік, жіңішке езулік, жуан еріндік, жіңішке еріндік) болса, сөз құрамындағы екпін түрлерінің қарқыны (суретте екінші топ сызба: екпінді, жоғары екпінді, орта екпінді, екпінсіз) еш уақытта тең болмайды, ал тонның көп сатылы деңгейлері (суретте соңғы топ сызба: төмен, жартылай төмен, жартылай жоғары, жоғары) буын-сөздердің айтылымын түрлендіріп отырады. Әр тілге тән сөз просодикасы өзінше көпқұрылымды болады екен. Сингармонизм сөз әуезі мен сөз құрамындағы буындардың айтылым
қарқынын біркелкі ұстайды. Сондықтан да сөз бастан-аяқ тек біркелкі әуезбен айтылып, белгілі бір буынның басым айтылуы кездеспейді.
Типологиялық жіктеуге сәйкес тілдер олардың туыстық қатынасына тәуелсіз болатын маңызды құрылымдық белгілердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына байланысты түрлерге бөлінеді. Тілдің түрі – бұл тіл құрылысының ең жалпы және қысқаша сипаттамасы, жекелеген белгілерге (морфологиялық құрылымға, грамматикалық мағынаны білдіру тәсіліне, әрекеттің объектісі мен субъектісін білдіру тәсіліне және т.б.) сүйенетін тілдердің негізгі түрлері туралы жалпыланған түсінік. Бұл анықтама жалпы қабылданған болып табылмайды, бірақ ол тіл түрінің ең маңызды ерекшеліктерін қамтиды: тіл типологиялық ұқсастықтың болуына немесе болмауына байланысты анықталуы керек. Тіл білімінде қолданылатын түр ұғымын жалпылай отырып, оның кейбір сипаттамаларын анықтауға болады:
Достарыңызбен бөлісу: |