37. Ежелгі дәуір әдебиетінің зерттелу тарихынан (Б.Кежебаев, М.Жолдасбеков, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов)
Кезінде бұл дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі керектігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проблема етіп қойып берген ғалым Б.Кенжебаев екендігін айтқан А.Қыраубаева ежелгі әдебиетіміздің бұл дәуірін тұтас қарастыратын қазақ тілінде басылып шыққан арнайы зерттеудің жоқтығына тоқталған еді. Ол аталған дәуірдің жекелеген ескерткіштері 1967 жылы «Ертедегі әдебиет нұсқаларында», Б.Кенжебавтың «Қазақ әдебиет тарихының мәселелері» (1974) атты кітабында, Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасуы кезеңдерінде» (1969), «Ғасырлар поэзиясында» (1987) сөз болғандығын, сондай-ақ, ежелгі әдебиетіміздің айырым дәуірлерін арнайы зерттеген М.Мағауин, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков еңбектерінде құнды пікірлер кездесетіндігін алға тартып, аталмыш ғалымдардың еңбектерінің қатарын өзінің «Ғасырлар мұрасы» (1988), «Шығыстық қисса-дастандар» (1997) атты ғылыми зерттеулерімен, «Ежелгі әдебиет» (1996), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (2001), «Махаббатнама» (1985), «Түркі әдебиеті» (1988) деген оқу құралдарымен толықтыруы өзіне кеңесші аға, кемел ұстаз болған профессор Б.Кенжебаевтың көне түркі әдебиетін зерттеуге қатысты айтқан ғылыми ұстанымының жалғастырушысы екендігін дәлелдеуі болса керек. Бұл туралы өзі де: «Еңбегімді проф Кенжебаевтың жадымда мәңгі сақталатын жарқын бейнесіне арнаймын» деген болатын.
Профессор Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерін зерттеу мақсатында бірнеше дарынды шәкірттер дайындады. Соның нәтижесінде М.Мағауин 1967 жылы «ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясы», М.Жолдасбеков 1969 жылы «Орхон жазба ескерткіштерінің көркемдік мәні», А.Қыраубаева 1974 жылы қыпшақ әдебиетінің жазба мұрасы «Мұхаббат-нама» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Көп ұзамай М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» (1968) монографиясы мен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1970) атты анатологиялық кітаптары, Б.Кенжебаевтың «Қазақ әдебиетінің көне дәуірі» (1970), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1973), М.Жолдасбековтің «Асыл арналар» (1986), Х.Сүйіншәлиевтің «Ғасырлар поэзиясы» (1987), Н.Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986) атты еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ осы топтағы бірнеше зерттеуші қатысқан «Ертедегі қазақ әдебиеті» (1967) хрестоматиясы да өз кезеңі үшін елеулі жаңалық болып саналды.
Достарыңызбен бөлісу: |